Күңірентіп кең даланы дүбірлетіп,
Төгілді ат Ерейменнің саласына...
Бәйгеге бәсекемен бақ сынасқан
Қалың ат көлді айнала кетті қайнап.
...Жарықшақ, үні тозған қаңсыған шал
Іріңдеп екі көзі, қол дірілдеп,
Аузынан азу тісін аршыған шал,
Көз сорасы томар боп...
Осы жолдардағы курсивпен берілген сөз тіркестерін қарасақ бұрын-соңды қазақ тілінде қолданылмаған, тек Ілияс Жансүгіров поэзиясында тұңғыш кездесіп отырғанын көру қиын емес. Осы жаңа да соны сөз образы мағыналық та, сырттай ұқсастық, жақындық жағынан да оқушының ойына (ассоциациясына) ауырлық тудырмайды, қайта жарастығы мен қадір-қасиет алып отыр. Тау жотасынан төмен қарай түсіп келе жатқан атты қазақ төмен қарай, ойға қарай құлдырап келеді десе, немесе қырдан келе жатқан көшті «қырдан көш құлады» деп айтатын болса, Ілияс «төгілді» деген етістікті алады. Ерейменнің саласына құлаған қара құрым аттылы кісілер бейне бір төгіліп жатқан су сияқты елестеп кетеді. Көлді айнала қаптап кеткен қалың атты ақын «кетті қайнап» дейді. Сапырылысқан аттылар бір сәт қазандағы бұрқ-сарқ қайнаған су сияқты.
Ілияс адам портретін жасағанда оның барлық сипатын бір жолға үйіп-төгіп береді де, екінші бір жаймен үнемі салыстырып отырады. Жоғарыдағы «қаңсыған шал» деген сөзді алайық. Қаңсу сөзінің тікелей мағынасы көбіне күбіге, меске, сабаға байланысты айтылады. Ішінде қымызы немесе шалабы таусылған саба мен күбілер қаңсиды. Күбі қаңсығанда ағаштарының арасы ашылып, екінші рет шалап құйғанда оның жарығынан ағып кетеді. Ал, саба, мес қаңсыса, қиқы-жиқысы шығып, қатып қалады да, бірдеңе тиіп кетсе тез сынып, қайтадан қажетке жарамайды. Ендеше, қартайған шалдың жайы да сол қаңсыған, сынған, енді қажетке жарай қоймайтын саба мен күбі сияқты. Сондықтан да ақын «қаңсыған» деген сөзді шалға өте орынды, ұтымды қолданып отыр.
I.Жансүгіров творчествосына тағы бір тән әдіс бейнелеу әдісі. Ақын мұнда геройдың ісін, қимылын, психологиясын суреттегенде қазақ халқының әдетіндегі бар екінші бір қылықтар, ғұрыптармен теңеп отырады. Қара балуанмен белдесуге жан табылмай, өзінше кеудесін соғып жүрген, көптеген балуансымақтардың жүрегі дуаламай тұрған кезеңін:
Достарыңызбен бөлісу: |