Тапсырғанмын... үкімет
Шығарсын деп декрет.
Тепсінгем, тастай түйілгем81, –
дегендегі ақынның «мені» тек I.Жансүгіровтің өзі ғана емес, бұл «мен» болат темірдің асыл сынығындай бұқара халықтың бір бөлшегі. Халқының азамат ұлы халық атынан өз «менін» көрсетсе, сол «мен» арқылы халықтың өзі лирикалық геройға айналып кетеді. «Мен» кейде «бізге» де айналып отырады.
Қайсыбір шығармаларында ақынның «менін» көре алмаймыз. Ақын өзінің орнына басқа бір кейіпкерді енгізіп, өз атынан айтуға болатын сезімді кейіпкері атынан айтады. Мысалы, «Орақ науқаны» өлеңінде еңбек туралы ойын Жоңқабайдың Сайлаубекке айтқан ақылы арқылы береді.
Совет жазушылары мейлі «мен» деп айтсын, мейлі «біз» деп көпшілік атынан сөйлесін, мейлі «мен» мен «бізді» қойып, лирикасына жаңа герой енгізіп, соның атынан айтсын, ол алдымен өзіндік және қоғамдық мәселелерді бір тұтастықта алып жырлайды. «Қоғамдық» пен жеке бастың арасында өткелсіз асу жоқ, бірлік сақталуы керек. Өйткені дарынды ақын, шыншыл ақын жеке бастық бола алмайды, ол көптік, ол қоғамдық. Оның ойы, сезімі, тілек-арманы өз атынан айтылған қоғамдық ой, сезім, тілек пен арман.
Қоғам мен ақын арасына жік қойылмайтыны сияқты, лирикалық поэзия мен тақырыптар арасына да эстеттерше жік қоймаймыз. Ақындарымыз табиғат туралы жырлап отырып, отаны туралы айтады. Олардың махаббат сезімінен халыққа деген сүйіспеншілікті аңғарамыз, қоғамдық мәселелерді жырлап отырып адамға деген сүйіспеншілікті сезінеміз. Тақырыбының жанжақтылығы, сезімінің молдығы, бояуы, өрнек-нақыштарының әр алуандығы, лирикалық поэзияның асыл қасиетін айқындайды.
Қазақ әдебиетінің қалыптасу дәуірінде әдебиеттің басқа түрлеріне қарағанда поэзия басым болды. Поэзияның ішінде азаматтық (саяси, публицистикалық) лирика ерекше орын алды. Өйткені халық өміріндегі ұлы өзгеріс, таптық тартыстың шиеленісуі, революциялық күрестер себеп болды. Талай жылдардан бері қанаушылық көрген халық бостандық үшін, өз тағдыры үшін аянбай күресті, сондықтан халық өмірінің күрделі мәселелерін көтеруде азаматтық, саяси лириканың маңызы айрықша болды. С.Сейфуллиннің «Жас қазақ марсельезасы», «Жолдастар» атты өлеңдерінің халық арасына кең таралып, жатқа айтылуы соның айғағы.
Азаматтық лирика мотиві барлық халықтардың классиктерінде болып келген. Өйткені әрбір ақын – өз дәуірінің ұлы. Ол қоғамнан тыс бола алмайды, олай болса, қоғамдық мәселеге араласпай тұра алмайды. Ендеше, өрелі ақындарда азаматтық мотив күшті болып келеді.
Азаматтық лирика қазақ әдебиетінде революциядан бұрын туған. Абай Құнанбаев, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың көптеген лирикалары өз дәуірінің, өз қоғамының көкейкесті мәселелеріне арналды. Ескілікті, қанаушылықты, кертартпалықты аяусыз әшкерелеп отырды. Осы сыншыл дәстүрдің өзі олар үшін үлкен жаңалық, әдебиет үшін үлкен олжа болды.
Абай мен Сұлтанмахмұтта да азаматтық лирикалар аз жазылған жоқ. Бірақ олар мұның жанрлық ерекшеліктерін толық меңгеріп, азаматтық лириканың үздік үлгісін жасап еді деп айту қиын. «Абай мен Сұлтанмахмұтта сыншыл реализмнің сатиралық сазы қалың, әжуалағыш саяси лирикалары болғаны рас, ал жаңаны орнықтыруға, күрес жолына үндеген лирика болды деудің өзі қиын. Міне осы арада совет әдебиетіндегі саяси лириканың жалпы поэзияның ескі аңызында өніп шыққан тың, соны өнім екендігі аңғарылады»82. Абай мен Сұлтанмахмұтқа жаңаны орнықтыруға үндеген лирикасы болмады деп кінә арту әділдік болмас еді. Олардың ескілікті, халық өмірінің ілгері дамуына кедергі болған зиянды әдеттерге қарсы болуларының өзі жаңалықтьі іздену ниетінен туғандығын ұмыттырмайды. Ал, жаңа идеяны орнықтыруды жырлау совет әдебиетінің үлесіне тисе, бұл жерде уақыт факторын да естен шығармаған абзал. Социалистік революция жеңіп, билік еңбекші бұқараның қолына көшкен кезде жаңа мақсат, жаңа тілекті орнықтыру үшін күресуге саяси, экономикалық жағынан да бірден- бір мүмкіндік туды. Әрбір құбылысқа баға берерде, уақыт пен жағдайды естен шығармай, табиғи тұтастықта қарасақ, совет дәуірінде азаматтық лириканың революциялық күреске ерекше үндеп, жаңа идея, салт-сананы орнықтыру үшін барды салып, ашына күресуіне жағдай туғанын, мұның өзі совет әдебиетінде саяси лириканың дамуына айрықша мүмкіндік жасағанын көреміз. Өйткені жаңа дәуірде қоғамдық, мемлекеттік мүдде мен жеке азаматтық мүдде қабысты. Әрбір азамат қоғамдық құрылыстың социалистік түрін жасауға ат салысты. Міне, дәуір ұлы – озат идеялы ақындар әр құбылысқа өзінің қатынасын, көзқарасын, азаматтық сезімін айқын білдірді, бұл социалистік лириканың уақыт тудырған жаңа бір қасиеті еді.
Буржуазияшыл декаденттер лириканың қоғамдық мәнін төмендеткісі келіп, лирика өмірдің кең тынысын, мол шежіресін танытып бере алмайды, сүйіспеншілікті, махаббатты ғана жырлайды деп уағыздамақ болды. Және өздері осы үлгіде өлеңдер жазды. Бірақ, өмір олардың бұл пікірлерін жоққа шығарды. Әлеуметтік мәселелерді лирика барынша кең көлемде жырлай алатындығын, лирика да көркем образ жасай алатындығын іс жүзінде дәлелдеп берді.
Жас совет әдебиетінің алғашқы дәуірінде азаматтық, саяси лириканың үгіттік сипаты басым болғаны рас. Жалпы алғанда әдебиеттің өзі қоғамдық категорияға жататын болғандықтан да ол белгілі бір қоғамдық идеяларды қоштап, белгілі бір қоғамдық идеяларға карсы күрес ашады. Шынтуайтқа келгенде, мұның барлығы идеологиялық қару. Бірақ осы үгіттің адамға әсерлі болатын жолдарын табу бар. Бұл үгітті саясат адамдары дәлелмен сендіріп айтады. Жазушылар көркем образ арқылы бейнелеп, типтендіріп жеткізеді. Саяси лирикада осы типті образдар жасау арқылы келетін жайлары бар. Мұның өзі үгіт дедік. «Қазақ кедейлері әлі оянып болған жоқ, - деп жазды С.Мұқанов 20-жылдары, – байдың ықпалынан әлі шығып кеткен жоқ. Оларды саналандыру үшін әртүрлі тәсіл керек. Соның біреуі іс болса, біреуі үгіт, онсыз болмайды. Елдің қанын қыздырып үгіттеу деген нәрсені меніңше әзір түгелімен тастауға болмайды. Кішкене үгіт те, кішкене айғай да керек, сондықтан да көркем әдебиеттің қазіргі міндеті – үкімет пен партияға көмектесу, іспен қатар үгіт те жүргізу. Кедей, жалшы, жұмыскерлердің қышыған жерін тауып, соны қасу. Осыдан үгіт те шығады, көңілдену де шығады, тұрмысты суреттеу де шығады, әдебиеттің алатын бағыты да табылады»83.
Сәкен «Жас қазақ марсельезасы» деген өлеңінде:
Азамат жүнжіме, жүрме бос,
Қол ұстас, бірігіп тізе қос,
Ту ұстап дұшпанға барайық,
Теңдіктің ұранын салайық84, –
десе, Ілияс «Жалпы жасқа» өлеңінде:
Топтан, тұтас, туғандас,
Жасасын еркің! Жоғалмас.
Жамырас, үлес, жалпы жас,
Қосыл, қозғал, коғамдас!85 –
деп ұран тастайды.
Былай қарағанда осының бәрі де ұран тастау, үгіттеу. Ту ұстап дұшпанға барған, кек алған, еңбек етіп, өнер білімді игеріп жатқан кедейлердің, жарлы-жақыбайдың нақты бейнесі әлі жоқ еді. Өйткені революцияның алғашқы жылдары ақындарымыз нақты бейнені көрсетпей, жоғарыда айтылғандай, ұран, үгіт өлеңге жиірек барды.
Бұл ретте тағы да уақыт факторына соқпай кете алмаймыз. Еңбекші халықтың басым көпшілігі әлі саяси санасы толық жетілмеген, қазақ кедей-жалшылары әлі оянып болмаған кезде ақындарымыз олардың ой өрісінің өресін де ескерді. Бір сәтте образ арқылы берсе, енді бір сәтте тура үгіт айтуды дұрыс деп тапты. Белгілі бір кезеңде, белгілі бір дәрежеде мұндай ұран үгіт өлең үлкен қызмет атқарды. Сөйтіп, үгіт өлеңдер совет әдебиетіндегі саяси лириканың алғашқы дәуіріне тән құбылыс болды. Уақыт озып, халықтың санасы өсіп, мәдениеті жетілген уақытта ақындарымыз ондай үгіттік өлеңдерді әдейі жазған жоқ. Мысалы, Ұлы Отан соғысы жылдары Отан қорғау идеясына толы патриотизм рухында жалаң үгітпен даурықпай, патриотизм идеясы нақтылы адам образы арқылы, лирикалық кейіпкердің жан толқынысы арқылы берілді.
Сонымен қазақ әдебиетіндегі азаматтық лирика, үгіт ескілікті сынаушы сатиралық мотивті өлеңдерден басталып, бірте-бірте жаңа дәстүр тудыра бастады.
Өзі кедей ортасынан шығып, еңбекші халықтың басынан кешірген ауыртпалығын, қанаушылығын сезінген Ілияс Жансүгіров жаңа қоғамды орнату жолында аянбай күресті. Халық бағыты үшін бар күшін салды. Сондықтан да ол әйел теңдігі мәселесі болсын, оқу-ағарту, мәдениет жайы болсын, тап тартысы, халықаралық жағдай т.б. толып жатқан мәселелерге өз үнін қосып, азаматтық сезімін білдіріп отырады. I. Жансүгіров өлеңдерінің азаматтық лирика негізінде болып келуі де осы себептен.
Тараумыздың алғашқы бөлегіндегі талданған өлеңдердің барлығы да азаматтық лирикаға жатады. Ақынның қоғам алдындағы өзінің азаматтық борышын қалай өтегендігі, нендей мәселелерді көтергендігі және қандай образ жасағандығы туралы жоғарыда толығырақ айтылғандықтан біз бұл жерде оны қайталамаймыз.
I.Жансүгіров революциядан бұрын-ақ азаматтық лирикамен шұғылданды. Ақынның 1916-1917 жылдары Абай үлгісінде жазған өлеңдеріндегі: ауыл пысықтарын, жемқор жуандарды түйрейтін лирикалары оның толық дәлелі.
Жиырмаға жетер-жетпес жасынан бастап Ілияс табиғат, махаббат туралы көп жырламай, әлеуметтік мәселелерді жырлайды. Міне, оның творчествосындағы осындай азаматтық пафос соңғы «Правдаға», «Май жыры» атты лирикаларына дейін арқауын үзбей, созыла береді. Тіпті бірлі-жарымды махаббатқа арналған өлеңдері мен табиғат туралы жырларының өзінде оны эстеттерше өмірден, қоғамнан бөліп алмай, керісінше, бірге, тұтас алып жырлайды. Бұдан ақынның араматтық үні естіледі. Сонымен I. Жансүгіров азаматтық лирикасында сатиралық мотивпен үгіттік түрге, одан публицистикалық мотивке көшіп отырады.
* * *
Лирикалық шығармада ақын өзін қоршаған өмір шындығынан алған түйсіктерін образбен жеткізу арқылы шындық өмірдің сәулесін береді.
Өмір құбылысының қайсысы болсын адам сезіміне әсер ететін болса, ол ақынның сезім дүниесінде поэзияға айналады. Сондықтан да лирика өмірдің адамға қатысын, яғни өмір картинасын сол сезім, терең ой арқылы көрсетеді. Әрине, адамның сезімі, ішкі жан дүниесі әдебиеттің басқа түрлерінде де (эпос, драма) көрінеді. Бірақ лирикадан басқа түрлерінде адам сезімі тек екінші бір уақиғаға байланысты, адамдардың өз қарым-қатынасы арқылы беріледі. Ал, лирикада өмір картинасы ешбір уақиғасыз субъектінің сезімі, ойы, толғанысы арқылы беріледі. Олай болса, лирикада ой, сезім жатады да, лирикалық геройдан басқа (немесе ақынның өзі) басы артық адам, белгілі бір оқиға болмайды. Мысалы, жоғарыда талданған 1. Жансүгіровтің лирикалары, негізінен алғанда, осы анықтамаларға сай келеді. Лирикалық жанрдың негізгі шарттары күні бүгінге дейін сақталып, пәлендей өзгеріске түскен жоқ. Бірақ, қоғам дамып, әдебиет есейген сайын оның жанрлары да дамып, өсіп, байып отыратыны даусыз. Әсіресе, совет дәуірінде лирикаға ене бастаған бір жаңалық – ол лириканың сюжеттілігі.
Әдеттегі сюжет тек эпостық шығармада ғана болады деген тұжырымға бұл пікір қиғаш келуі мүмкін. Себебі, поэмалардың барлығы бірдей сюжетті бола бермейді. Мәселен, В.Маяковскийдің «Жақсы», I.Жансүгіровтің «Дала» атты белгілі поэмаларында тұтас бір сюжет, ұласқан оқиға жоқ. Ал, кейбір шағын өлеңдеріндегі белгілі бір ойды оқушы зердесіне жеткізу үшін ақын өлеңін кіші-гірім сюжетке құрады. Бірақ, ол сюжетке құрылғанмен поэма дәрежесіне көтеріле алмайды. Поэмада болатын көптеген шарттар оның бойында болмайды. Эпостық шығармаларда лирикалық элементтердің мол жүретіні сияқты лирикалық шығармаларда да эпостық элементтердің болуына осы шағын сюжетке құрылған өлеңдер дәлел бола алады. Лирикалық поэмадағы эпостық элемент кейде көтерген үлкен тақырыбы, эпостық мотив, бейнелеу, сөз сараптауы арқылы да сезіледі.
«Әдетте, эпостық дастандардан лирикалық сырлар, нәзік нақыштар тапқанға қуанамыз. Эпостағы жарқ ете көрініп қалған лирикалық геройға сүйсінеміз. Бірақ, қысқа жырларда эпикалық сарын кездессе, қысылып қалғандай, әлде нені араластырып, бүлдіріп алғандай сезінеміз. Ондай, өлеңдерді лирика деуге аузымыз жуыспайды. Бұл дұрыс емес»86.
Лирика жанрына эпостың қосылуы жаңа тақырыпты меңгеріп, жаңа адамның характерін ашу үшін өте-мөте қажетті. Бұдан лирикалық жанр өз қадір-қасиетін жойып алмайды. Мұндай шығармаларда өмір, негізінен алғанда, субъективтік ой арқылы көрінеді. Ал, лирикада эпостық сарынның жүруін лириканың ішкі формаларының дамуы деп білеміз. Міне, қазақ ақындарының тілінде өзінің лирикасына эпостық серпін бере жырлайтын ақынның бірі – Ілияс Жансүгіров. Оның «Отарба» өлеңі қысқа-қысқа бес бөлімшеден тұрады. Ақын поэма үлгісінде әуелі поездың өзін суреттеп бір қайырады да, екінші бөлімде ауылдың табиғатын, үшінші бөлімде көшкелі жатқан қазақ ауылының сипатын, төртінші бөлімде отарба келгендегі қазақ даласына келетін жаңалықтарды, бесінші бөлімде сол жаңалықтарды әкелетін жаңа заман, жаңа адамдар екені айтылады. Өлеңнің сюжеті де, айтып отырған ойы да лирикалық сезім шегінен асып, үлкен көріністі ғана сездіріп отырған жоқ, көз алдымызға елестетіп те отыр. Мұнда сезім бар, сезімнен көрі суреттеу, әңгімелей айтып беру бар.
«Орақ науқаны» атты лирикасын алайық. Мұнда лирикаға тән қасиеттерді байқаумен бірге оның бойына сыя бермейтін эпостық элементтерді де көреміз.
Достарыңызбен бөлісу: |