Күн шығып, жалпақ егін кетті пісіп,
Ораққа жан жабырлап жатыр түсіп,
Қым-қиғаш қыруар жұрт орып жатыр,
Жел шықса, күн бұлттанса зәресі
ұшыпI, –
дегенде, осы шумақ лирикаға емес, эпостық баяндауға алып келеді. Осыдан кейін ақын лирикалық жылылықпен сұлы, бидай, қонақты, күнбағысты бейнелей келіп, төрт-бес шумақтан кейін тағы да эпостық баяндауға ауысады, толып жатқан ақыл, кеңес, үгітке ойысады. Міне, бір өлеңнің ішінде лириканың да, эпостың да элементі, терезесі тең түсіп жатады. «Баспаханада қыр қазағы» атты өлеңінде де ақын Нұрқадыр мен Байқараны қалаға алып келіп, баспахананы көрсетеді, таныстырады. Олар бұған қызығып, біздің ауылымызға да осындай баспахана қашан келер екен дейді. Осы ой эпостық үлгіде беріледі.
Ілияс өлеңдерінде кейде ой мен сезім ұласып, сюжет арқылы берілсе, кейде лирикалық герой ақынның «мені» арқылы көрінеді, болмаса кейіпкердің өзі жүреді. Бұл, әсіресе сюжетке құрылған өлеңдерінде кездеседі. Мысалға Ілиястың «Көктемде» деген өлеңін алайық. Ақын өлеңінде лирикаға тән сезім лебін өз атынан білдіреді. Жауыны жауып, жасылы жарқылдап, өзені толқып, қазы қаңқылдаған жазғытұрымғы уақыттың бейнесі жып-жылы суреттеледі. Одан әрі қыстан қысылмай шыққан ауыл шаруалары, аузы аққа жеткен балалар, салбөксе жалқауы азайған, еңбек еткен адамдарды байқаймыз. Кооперативтен кездеме алып, құнтиып киінген бала-шаға, кемпір-шал, келін-кепшектерді де көргендей боламыз. Одан кейін ақын кешегі жалшы, бүгінгі диханшы – Қоқанға келеді. Байдан ақысын алған Қоқан ақырында жер жыртып, тұқым шашып жүреді.
Шын лирикалық поэзияның сюжетін айтып беру мүмкін емес, оны тек оқу керек, ал сюжетін айтамын десең, оны бүкіл эмоциялық әсерінен жұрдай етесің деген пікірді Белинский айтқан. Сюжеті жоқ, мазмұнын өз сөзіңмен айтып жеткізе алмайтын, тек сезініп қана қоятын шығармалар қазақ әдебиетінде сол 20-жылдарда бар-ды. Ондай лирикалар Ілияста ғана емес, Сәкенде, Сәбитте де болды. Сонымен қатар осы ақындардың қай-қайсысының болса да, жоғарыда сөз еткен «Көктемде» өлеңінің үлгісінде жазылған шығармалары көп кездеседі. Әрине, лирика мен эпостың өзара байланысында қатып қалған белгілі бір меже жоқ, ақынның шеберлігіне, стиліне оның өзі әртүрлі дәрежеде байланыса береді. Және ақын айтайын деген ойын негізінен эпостық планда алып, оған лирикалық толғаныс, жылылық қоса ма, болмаса лирикалық планда алып оған эпостық серпін бергісі келе ме, ол жағы ақынның өз еркінде.
Ілияс лирикасындағы эпостық серпін өлеңнің кейде сюжетке, кейде әңгімелей баяндама немесе термелей толғауында ғана емес, өлең түрі лексикалық құрылысы, екпін, ырғақ жағынан да сезіліп жатады. Мысалға «Ауылдың алды» атты небәрі төрт шумақ өлеңді алайық:
Достарыңызбен бөлісу: |