Жағда Бабалықұлы (әңгіменің жалғасы): – Біз Қоңырабасазға шығып, Барлықтың Жайырға қараған бетіне күн еңкейе жеттік. Мұнда қыста бөлініп қалған бойдақ қойды бағып Балқаштың ағасы Закария отыр екен. Біз озып барып сол үйге түстік. Атшымыз бар, ол сыртта қалды. Закария шалқасынан жатыр екен. Сәлемді де алмады. Балқаштың жеңгесі елпелектеп шәй қойды. Қара шәй. Тістейтін де мардымды ештеңе жоқ. Балқаш ашуланып, шыны-пынысымен дастарханын теуіп жіберіп жеңгесіне: «Әкет!», – деп ақырып жіберіп, сыртқа кетіп қалды. Амалсыз мен де сыртқа шықтым. Екеуміз өзара сөйлестік. Сол екі ортада қой да әкелінді, Балқаш бата жасамай қойды. Түнде атымыздың жабуын жастанып сыртта, ауылдан аулақ жерде жаттық. Балқаш таң атпай шолғынға кетті. Закария таңғы дәретін алуға шыққанда алдынан шығып: «Иә! Менің түрмеден қашқаным рас. Оның үстіне партизан құрамыз деп шықтық. гоминдаңға қарсымыз», – деп түсіндірдім. Сонда ғана Закарияның қабағы ашылды. Сөйтсек, мені Балқаштың соңына түскен гоминдаңның тыңшысы екен – деп түсініпті. Елдің қандай шәй ішкеніне қарап: «Кеңес одағымен байланысың бар», – деп елдің зықысын әбден шығарып болыпты. Содан секемденіп отырған жайы бар екен. Сол арада Балқаш та: «А, құдай! Ақ түйенің қарыны жарылды! Ел көтерілісті қолдайтын болды!»,– деп шауып келді. Қабанбайдың ұрпағы, атақты Сүлейменнің ұлы Перішше бар қасында. Қой сойылды. Қабақ түзелді. Сарбаздар жинала бастады. Енді қару ғана керек еді.
Атымды көк жарау атқа айырбастап алдым. Перішшені ертіп кеңестің – Қазақстанның шекарасына өттік. Алакөлдегі постқа келдік. Күні-түні олар бізден жөн сұрады. Біз қару сұрадық. Ертеңінде: «Біз қару бере алмаймыз», – деп кері қайырды. Дегенмен де өтініш жазып кеттік. Закарияның үйіне екі қондық. Қоңырабасаз бен Майбұлаққа гоминдаңның 40 әскері келіпті. Майлының адамдары жасырынып жатып, 4 мылтықпен атысып, 2-3 адамды шығынға ұшыратып, жүк артқан түйелерін тартып алыпты. Түнде үрейленген әскерлер Барлықтың ішіне қашып кетіпті. Олардың алдын орап өтіп Закария отырған кезеңнен тостық. Бір шалдың атын тартып алып, өзін байлап кеттім. Әйтпесе бөгет жасайтын болды. Әскер қайқаңға шыға бергенде атысты бастадық. Әскерлердің үріккен аттары бізге қашып келді, өздері де бытырай қашты. Еңсеміз көтеріліп Ұзынбұлаққа келгенде Балқаш: «Мен Қызылтұздың партизандарына барып мылтық пен көмек сұрайын», – деді. Астыртын ұйымның атынан хат жаздық. Ол да кетті, Перішшені алып шекараға мен де кеттім. Жасақ бар. Тек қару және қару керек.Олар тағы да мылтық бермеді. Мал өткізіп, қоласты сауда жасап жұрген 40 адамға бізді қосып қайтарып жіберді. Олар да: «Мыналар гоминдаңның тыңшысы, айтып қояды», – деп бізді өлтірмекші болды. Теректінің ауызын жеткенде бұйра-бұйра еспе құм бар. Аттың айылын тартқан боп артта қалдық та, қайтадан шекараға қарай шаба жәнелдік. Төрт-бес адам қуды. Жеткізбедік. Теректінің аяғынан кесіп өтіп талдың ішіне келіп қондық. Қалың тау сарымсақ өседі екен. Күтірлете шайнап, тойып алдық.