Жағда Бабалықұлы (әңгіменің жалғасы): – Сен осы мәселені қадалып сұрап, барлық құжаттарды салыстырып, алдыма әкеп қойғандықтан да, бұл оқиғаны бірінші рет саған ашық айтып отырмын. Мен де бетімді теріске қаратып, сендерге сыртымды беріп, келмеске кетіп бара жатқан адаммын. Сондықтан да шындығымды айттым. Әрине, сөз бе сөз айта алмағыным, бұдан да көрі терең талдау жасай алмағаным өкінішті. Енді бұдан әрі мені қинама. Шаршап кеттім. Қалғанын ана сөредегі архивтен өзің іздеп тауып ал. Тізімдеп беруге мұрша болмай, 300 килограмдай құжатты архивке тапсырдым. Сен іздеген Шығыс Түркістанның архиві соның ішінен табылуы мүмкін. Мен саған денім сау, жадым мықты кезінде сол мұрағаттарды жиып, тізімдеп алып кет деп сан рет айттым. Маған сыралғысыз адамды жібердің. Ол да нәтиже шығара алмады. Мына Дидахмет Әшімханұлы та келіп-кетіп жүр. Ендігісін өзің ана қағаздардың ішінен ізде. Қажетіңе жарағаны – сенікі. Саған қырық жыл бойы әңгіме айтып келемін. Соның жаңғырығы миыңда қалған шығар. Әйтпесе, ертең кел. Жалғастырайық, – деді Жағда Бабалықұлы.
Ү.
Дегбірсіз уақыт, діттеулі тіршілік, қағулы тізгін менің мұршамды ертеңге қарайлатуға жібермеді. Бірақ, ең басты сұрағымның бір куәгерінен жауап алдым. Сонда ойыма: «Тағдыр! Тағдырдың жазмышы бұл. Жазмыштан озбақ жоқ!», – деген халық сөзі есіме түсті. Өзім танысқан он томдық, өзім құрастырған осы үш томдық жинақтың түйіні – тағдыр деген қорытынды жасауға, менің сұрақтарымның жауабын – тарихи әфсаналардан емес, көркем шындықтан табатыныма көзім жетті.
Дүниедегі ең жанкешті, ең әділетсіз, ең қасіретті, ең опасыз, отаныңнан айырып, тозаққа бергісіз тағдыр кешуін басыңнан кешіртетін және ешқашанда тарихи шындығы ашылмайтын соғыс – азамат соғысы. Деген ауыр оймен мен де орынымнан көтерілдім.
2009 жыл, 12 қазан. Астана.