Жағда Бабалықұлы (әңгіменің жалғасы): – Осындай әскери майданда жүріп, азамат соғысының да шалығын көрдім. Оспан батыр 1946 жылдан бастап гоминдаң жағына шықты да, олардан қару-жарақ, азық-түлік, күш-көлік алып, арнайы әскери жаттығу өткізіп, Шығыс Түркістанның ұлт-азаттық армиясына қарсы соғысты. Мақсатымыз – біреу, ұлт азаттығы. Ұлтымыз – біреу, қазақ. Өзінің ата жауымен неге, қалай тіл табысты?
Хасен Оралтай: «...Тарбағатай аймағының орталығы Шәуешектегі орыс (совет) консулы өзінің Қалибекке совет үкіметі атынан келгенін ашық айтқан-ды. Оның өз сөзі бойынша, ол Қалибекті «Үш Аймақ үкіметін» қостап отырған орыстарға (совет үкіметіне) сендіруге келген. Бұл оған дейін осыншама ашық айтылған жағдай емес-ті... Орыс консулы Қалибек хакімге: қытаймен ымыраласудан бас тартуын, «Үш Аймақ үкіметіне» адал болуын, Тарбағатай аймағының уәлиі болуы үшін Шәуешекке келуін ұсынды. Қалибек хакім: «Үш Аймақ үкіметінің» – бұрынғы Шығыс Түркістан үкіметі емес екендігін, оның советтің куыршағына айналғанын айта келіп, Тарбағатай аймағының уәлиі бол деген ұсынысқа рахымет деді.<...> Орыс консулы Алтайдағы Оспан батырдың және Үрімжідегі қазақтардың іс-бағыттарына сілтеме жасап: «... Сіз қазақтар, осыншама белсенділікпен Шығыс Түркістанды құтқарамын деп ойлайсыздар ма? Босқа әуре болмаңыздар. Олай ете алмайсыздар. Айталық сіз – Шығыс Түркістанның тәуелсіздігін алыңыз, онда да сіздер, қазақтар, билік басында болмайсыздар. Ұйғырлар сізден көп. Сіздердікі босқа маңайға жексұрын болудын басқа ештеңе емес...» – деген. Қалибек хакім совет консулының ол сөзіне былай деп жауап қайырады: «Біз тәуелсіздік үшін күресудеміз. Біз ұйғыр, қазақ деп бөлектеніп отырғамыз жоқ. Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін, билік басына арамыздан кім шықса, оны қабыл етеміз...»