Жағда Бабалықұлы (әңгіменің жалғасы): – Шығыс Түркістан республикасының аты «Үш паймақ төңкерісі» деп өзгертілуі, үкімет төрағасы Әлиханның ізім-қайым жоғалуы, ұлттық-азаттық армиясының 30 мың жауынгерінің 25 мыңға жуығы қазақ болса да басшылардың, армия қолбасыларының басқа ұлт өкілдерінен тағайындалуы, гоминдаңмен келісімге баруы, онда тек ұйғыр автономиясы, ұйғыр тілінің мемлекеттік тіл ретінде кәдеге асуы, ішкі армияның құрамын есепте жоқ ұйғыр полкі ретінде жасақтауға ұмтылуы, әрине, майдандағы жанкешті соғысты басынан кешіп жүрген офицерлер мен майдан командирлеріне күмән туғызып, күдік ұялатты. Бір қазақты бір қазаққа қырғызып қойып, өздері саяси саудада жүргендей әсер де қалдырды. Әсіресе, сондай бір өзара шайқастан соң құрбандардың өлігін көрген Балқаштың түңіліп тұрып: «Біз күткен азаттықтың сыбағасы осы ма еді? Ертең осылардың орынында біздің өзіміз қырылып жатпаймыз ба? Бізді де күтіп тұрған осы болмасын. Құтылдырып жіберсек қайтеді?», – дегендей емеуірін танытқаны бар. Кейін сол сөзі үшін елуінші жылы қолға алынып, ату жазасына үкім дайындалды. Әминә екеуіне өздерінің көрін өздеріне қаздырған күннің ертеңінде, әйтеуір, кездейсоқ амалмен аман қалып, Пекинге кетіп, дайын ажалдан құтылып кетті. Осындай пікірлерді кейде ашық айтып қалып жүрдік. Қалибектің төңкерістен сырт айналып, шет елге ысырыла көшуі де сол тұс.