Жағда Бабалықұлы (әңгіменің жалғасы): – Ұзамай Оспан да ұсталып, Үрімжінің түрмесіне әкелінді. Шинхай, Ганьсу, Тибет жоталарын паналаған Оспан мен бұрыннан сол жерге ауып барғандардың өзі бір-бірімен қақтығыс жасап, берекесі кеткен соң қайдан жеңіске жетсін. Оспанды көбі тастап кетті. Ақыры оқыста, адам сенбейтіндей жағдайда қолға түсті. «Ісің кері кетейін десе, сары майға тісің сынады» деген осы.
Мен ол кезде Қытай халық азаттық армиясының Шыңжаң әскери округінің саяси басқармасының орынбасары едім, қосымша СУАР партия мектебінің орынбасар бастығы болатынмын. Бұл дегеніңіз – генералдың шеніндегі қолбасылық қызмет. Сол құқымды пайдаланып, тергеу бітіп, сот аяқталып, үкім шыққан соң, үкім енді орындалады – дегенді естіген соң саяси партия ұйымына барып: «Мен Оспанмен қарама-қарсы майданда қанды қырғын боп соғысқан әскербасымын. Сондықтан да бір тіл қатысып, арыздасып қалуға қақым бар», – деп қасарысып жүріп арнайы рұқсат алып, Оспанмен түрменің сұрақ-жауап бөлмесінде оңаша жолықтым. Тым құрығанда үйіне, ұрпағына айтар соңғы аманатын алып шықсам деген де дәме болды. батыр десе – батыр тұлғалы,түсі жылы болғанымен мысы басым, сөзі ауыр, емеуірінмен сөйлейтін, иманы қатты, ашылып сөйлеспейтін тұйық, зілді адам екен:
– Жағдамысың. Білемін. Ақыры осылай бетпе-бет көрістік пе?, – деді салмақтап.
Бұл сөз біздің осы бет көрісуіміздің себептерін толық ашып беретін және бәрін түсіндіріп беретін емеуірін еді. Енді өткенді әңгіме етудің қажеті жоқ болатын. Қарама-қарсы жанкешті майданда тұрып бетпе-бет соғысқан қолбасылардың арасында осындай үнсіз түсінісу болады. Өйткені екі жаққа да екі жақтың да сыры мен сипаты мәлім. Арамызды мыңдаған құрбанның әруағы бөліп тұр. Сонда олар не үшін құрбан еттік? Мен жолына құрбандық атаған Шығыс Түркістан тәуелсіз мемлекеті де жоқ, Оспан соғысқан елестегі қазақтың тәуелсіз мемлекеті де жоқ. Екеуміз де ұлтымыздың азаттығы үшін жан алып, жан бердік. Ал қазір екеуміз де тұтқынбыз. Айырмасы, ол – соғыс тұтқыны, мен – уақытша бостандықта жүрген саяси тұтқынмын. Ол өз тағдырының атумен аяқталатынын біледі. Ал мен күдіктің құрсауындамын. Қашан кісен салатынын кім білсін: «Оспанмен, Қалибекпен астыртын байланысты», – деп өзім құрысқан Шығыс Түркістан мемлекеті сегіз ай тұтқында ұстағанда, мына мемлекеттің маған жаны ашуы мүмкін емес. Қанды шеңгелі тарылып келе жатқан. Өйткені, қызыл қытай мемлекеті Балқаш сияқты жеті полковник пен подполковникті ұстап, өлім жазасына кескелі отырған тұс. Мұны екеуміз де айтпай түсіністік. Екеуміздің ашық сөйлеспеске, ашық жауап бермеске мұршамыз да жоқ еді.
Ол мені әуелде: тыңшы, сыр тарту үшін әдейі қытай үкіметі жіберді, – деп күдіктенуі мүмкін еді. Мен сол күмәнді сейілту үшін бірден:
– Сізге қоятын үш-ақ сұрағым бар Соның жауабын естиін деп әдейі рұқсат сұрап келдім, – дедім тура сөзге көшіп.– Бірінші сұрағым: «Үш аймақ»» көтерілісін әуелі өзіңіз бастап алып, ұлт-азаттық мүддесі бір, діні бір, ұлты бір Шығыс Түркістан мемлекеті құрылған соң, сол мелекетке неге қарсы шықтыңыз? Неге ата жауыңыз гоминдаңмен бірігіп кеттіңіз? Мен соны түсінбедім. Ұрпақтар да түсіне қоймас. Айтып кетіңіз», – дедім.
Ол маған ауыр да салмақты жанармен қарады. Әрине, сөзін сөзбе-сөз жеткізе алмаспын. Тоқсан екі жаста сөз түгіл, ойды жинақтау да оңай емес. Бірақ түйіп айтқан аз сөздің мазмұны мынадай. Мен тек түсінікті болу үшін әдібін жазып баяндаймын. Ол менің сұрағыма.:
– Әлихан өлі ме, тірі ме? Атаусыз тындым болды. Алладан тірлігін тілейміз бе, жоқ, дұға бағыштаймыз ба? Жаназасыз кетті ме? Оны кеңес өкіметі ың-шыңсыз дымын құртты. Сол құрық кезі келгенде қазақтың, әуелі біздің басымызға түспей ме? Мұның себебін сұрағанда менің кеңесшілерім: бұл – кеңес өкіметінің кесірлі саясаты. Өзбекстанда, Қазақстанда, Қырғызстанда, Мәскеуде арнайы дайындалып келген коммунистерді үнсіз ғана үкімет басына әкелді. Олар социализмді, коммунистерді, орыстарды жақтайды. Дінді жояды, қатын-бала ортаға салынып, ортақ меншік болады. Мал-мүлік тәргіленеді. Мешіттер құлатылады», – деп жеткізді. Оған сенбеске амалым қалмады. Шың дубан да соның жолмен жүріп, қырғынға ұшыратты емес пе. Сондықтан да ұлттық армияға қарсы соғыстым. Қытайдың өзінен қару алып, түбінде өздеріне қарсы жұмсамақ болдым. Оған Америка да дем берді, – деп жауап берді.
Мұның астарында: «Шығыс Түркістан мемлекетінің төрағасы Әлиханды орыстың екі жансызы ұстап, кеңес одағына жасырын әкетіпті. Ол – мемлекет басшысы. Жазалса да, орынынан алса да, мемлекет басшысы ретінде жұртқа жариялап істемей ме? Әлиханның үнсіз кеткені қалай. Лақ құрлы құны болмады. Сонда, ауызына ел қарап, ұранына құрбан болған боздақтардың да жоқтаусыз кеткені ме. Бұл қай қорлығы? Демек, бұл мемлекет қуыршақ мелекет болғаны ғой. Ертең кеңес өкіметіндегі топалаң біздің басымызға туады. Мешітіміз – қамба мен атқораға айналады. Сондықтан да азат туып, азат күйімізде қан майданда өлуді таңдадым. Амалы табылса, үйреніскен қытаймен қойындасып, соғысып, Ауғанстан арқылы Америкамен жалғассам, мүмкін...», – деген жанқилы үміт жатыр еді.
Мен бұған не деп уәж айта аламын. Адамдық тұрғыдан алғанда өте қисынды, ал геосасясат, қарулы майдан, экономикалық қуат тұрғысынан алғанда мүмкін емес жай болатын. Біз де орыстың дінін, тілін, ділін қабылдайық деп соғысып жүрген жоқ едік. Мақсатымыз – империялар өзара қырқысып, жансыраған тұстағы тарих берген мүмкіндікті пайдаланып, халықаралық қауымдастық мойындаған дербестікке қол жеткізіп алу еді. Азаматтық мәселені содан кейін реттеуге болатын еді. Егер кеңес өкіметіне сүйенбесек, қалың қытай әскеріне қалай қарсы тұрасың. Сол Оспанның қолындағы қарудың өзін кеңес үкіметі бермеп пе еді? Егерде: Оспан жасақтарына қарсы ұстап отырған Алтайдағы Дәлелхан Сүгірбаевтің дивизиясы Манас өзеніндегі қанды қырғыннан кейін тоз-тозаласы шығуға дайын тұрған гоминдаң әскерінің ту сыртынан шабуыл жасаса және Оспанның өз жасағы Үрімжінің желкесінен соққы берсе, Үрімжі – Шығыс Түркістанның қолына өтіп кететіні сөзсіз еді. Үрімжі алынса, гоминдаңмен де, кеңес өкіметімен де, тіпті, америкамен де сөз басқа болатын еді. Оның есесіне, біз уәлилігін өз еркімен тастап тауға шығып кеткен Оспанның аңысын аңдып, өз ішіміздегі азаматтық қақтығысқа алаңдап, алты ай уақытты бос өткізіп алдық.
Бұл арада ірі империялардың арасындағы геосаясат өзгерді. Ұлы отан соғысы кезіндегі СССР – Америка – Англия одағы «қырғи қабақ» соғысқа ұласты. СССР – Жапония – Қытай (гоминдаң мен гуньсаңдан үкіметі) арасындағы саяси, әскери күштің салмағы ауысты. Бұрын кеңес өкіметі: Шығыс Түркістанды – өзіне қауіп төндіріп отырған, қытайға билік жүргізген жапон әскеріне қарсы плацдарм ретінде қарастырып, қоластына қаратуға мүдделі еді. Жапондар жеңілді. Шығыстан коммунистік қытай бас көтерді. Олардың да араны кең, қарымы қуатты еді. Солардың ауызынан сыртқы Монғолияны жырып алды да, Шығыс Түркістанды қытайдың екі өкіметінің ортасына додаға тастай салды. Ұлт-азаттық армиясының Манас өзеніндегі шабуылының екпінін қатаң бұйрықпен тоқтатты.
Біз кешігіп қалдық. Әйтпесе, сол кездегі ұлттық армияның күші мен рухы, соғыс тәжірибесі сыртқы Монғолияның әскерінен үстем еді. Бір күнде ауыр, жеңіл қару жарақты, әскери офицерлерді кері шақырып алып, барлық үміттің жолын кесіп тастады. Біз азаматтық майданның шырмауында қалдық. Оспанмен келісу үшін бар мүмкіндікті жұмсадық. Тіпті олардың өзі кейін сырт аймақта – Шинхай мен Тибет үстіртінде, Ганьсуде, шет елдің шекарасында бір-бірімен соғысып, ақыры тоз-тозаласы шықты.
Менің бірінші сұрағымның астарында осындай мән бар еді. Оспан қысқа жауап қайырды, мен де қанағаттандым. Бұдан артық ол да өзінің күресінің мәнін түсіндіріп бере алмайтын: «Алтайдың жергілікті тұрғындары үшін ғана, яғни, халықтың айтуындағы Керейстанды құруға ұмтылдым. Өз билігімді орнатуға тырыстым», – деп қайтып айта алсын. Әттең, сауатсыздық-ай! Қастаншықпағыр орысша, ағылшынша білетін діни кеңесші –ай, кімнің ырқымен бұл кеңесті берді екен? – деген ащы өкініш өзегімді қарып өтті де екінші сұрағымды қойдым.
– Сізге қоятын екінші сұрағым мынадай. Сіз-ғой, батыр адамсыз, діни парыз бен иманның обал-сауабын, кешімін, соғыстың заңдылықтарын жақсы білесіз. Ашық майданда қаза тапқандардың құнын екі жақ та жоқтамайды. Олар – шейіт. Ал тұтқындалған әскер – сіздің дәргейіңіздегі әскер. Соғыс жолында да, дін жолында да олар сіздің қарауыңыздағы мүсәпірлер, әскери мейман. Оның үстіне олар және олардың үй-іші, туыстары, рулары – сіз күресіп жүрген мемлекеттің азаматтары. Бәрі қазақ. Оның ішінде сіздің өз руластарыңыз да бар. Сіз қоршауда қалған бір полкті түгелдей қырып жібердіңіз. Онымен қоймай қолға түскен 236 тұтқын әскерді сапқа тұрғызып қойып неге бауыздап өлтірттіңіз? Сондай-ақ 36 офицерді неге мойынына тас байлап Ертіске ағызып жібердіңіз? Қалай көтерілістің құрбандығына шалдыңыз? Олардың руы керей болмағаны үшін ғана ма. Олар да қазақ, олар да мұсылман еді ғой? – деп сұрадым.
Мүмкін дәл осылай қадалып, қадап айтпаған болармын. Бірақ осы сұрақты қою үшін келдім. Бұл сұрақты қоюға менің толық қақым бар еді және дауысымның салмағы осы мағынаны білдірсе керек. Оспанның партизандық әрекеттерінің қолынан қаза тапқан 4 000 жауынгер мен 236 тұтқынның, 36 офицердің нақты тізімі, аты-жөні, қай жерде, қалай қазаға ұшырағаны жөнінде әскери барлау қызметінің толық мәліметі бар. Олардың мәйіттерінің орыны да бар. Куәлардың жазбалары да бар. Одан бас тартуға Оспанның мүмкіндігі жоқ еді.
– Ақиқатты оқпен өлшейтін соғыс қой бұл. Біз де қырылдық. Ол – ашынғандықтың салдары. Енді не істеуім керек еді?, – деді.
Шындығында да не істеуі керек еді? Бұл сұрақ жасанып келмеген, іштен шыққан жасанды, бауыры бөлінбеген бауырлас «жауларды да, жауынгерлерді де» қатты толғандырса керек.Оспанның тоғыз қолбасының бірі Нұрғожай батыр «Құз қияда өткен 72 жыл» атты естелігінде:
«Көп өтпей: «Бес жүз әскермен Бәделхан шығыпты», – деген хабар дүңкілдеп тұрды. «Біз – үш аудан елі соғыстан қорықпаймыз. Он жыл соғысып, соғыс дегеніміз әбден әдеттегі істерге айналып алған. Өлтіріп тұрсақ, өліп тұрсақ, ол біз үшін – қазылық пен шәйіттік», – деп қоятын едік. Бұл жердегі ең жаман іс мынау болды. Екі жағымыз да қазақ едік. Бауырдың – бауырды өлтіруі біздің санамыздан өтпеді. Оның ішінде менің санамнан тіпті өтпеді. Мен жатсам, тұрсам да: «Енді не істеу керек? Жау десе – жарғақ құлағым жерге тимейді. Жауды құртып, жеңіп болғанша тамақ ішпейтін әдетім бар еді. Мына жау деп отырғанымыз – қазақ еді. Қазақ ішінде өзімізбен абақ керейдің ұл-қызы еді. Япырай, орыс пен монғолдың өзімізді өзімізге саолып кеткені неткен сқмдық еді! Неткен жәдігөйлік! Неткен аянышты тірлік! Неткен бақытсыздық! Неткен надандық! Неткен қараңғылық! Он жыл соғысып, қазақ үшін қан кешілгенде, енді бауырдың оғынан өлеміз бе?, – деген ойлардың бірі кіріп, бірі шығып, тынышымды кетіріп жатты. Дәл осы кезде 30 адаммен Бәделханның алдын тосып, жер шолып кел деп маған бұйрық келді…<...> Ежен Бейсі кезіге кетті… «Ертіске кетіп барамыз», – деді. Мен: «Ертіске баратын ретің көрінбейді. Жер шалып, Дәлелханға шпион болып, тың тыңдап жүрсің ғой. Атаң істемеген істі Оспан істесе жаман болмаған еді. Ең аяғы Дәлелханың болып, Мәми ауылы болып Оспанның қадірін біле алмадыңыздар. Мен: қазақты – қазақпен соғыстырмай, Оспан мен Дәлелханды татуластырсам, – деп жүрмін», – деп қинала еске алады (Азаттықтың өшпес рухы. А.Сардар. 2008, 146-147-беттер).
Бірақ, Оспан батыр айтқандай, «ақиқатты оқпен шешетін» қатал да қатыгез, жанкешті заман бауырдың бауырын тілуге жанұшыра жанталастырған. Осы ретте сол Нұрғожай батырдың жаңағыдай тебіренісінен кейін, араға қас қағым уақыт өткендегі қанды оқиғаны:
«... Қапасқа айттым: – Қазақ өзімізбен өзіміз соғыспалық. Қазақтың қанын төкпелік. Бұл ел – қашанда біздікі. Қойларын қоздатып жата берсін. Дәлелхан елдің ылғи соғыс көрмеген жас баласын алып келеді. Олар біздің бір шарпуымызға келмейді де босқа қырылады, – дедім. Қапас мақұл болды. Біз қайтып кеттік. Бәделхан ілгерілеп келмеді.Қайтып барсам, Бектұров, Моготнов саяси комиссар болып, Іледен Түсіпхан жынды, шпион әскер бастап, Бурылтоғайдан түсіп өрлеп келеді, – деген хабар келіп жатыр екен. Оспан 200 әскермен Түсіпхан шпионды қарсы алуға тағы да мені жіберді... <...>... Сол қойнауда өзенге жақын тұрған ескі бір қорған бар екен. Сол қорғанның ор жағына біз барып, бұрын қарауыл орынын алып қойдық. Біз аз адам болғандықтан бір үлкен қорғанның ығына сыйып кеттік. Олар қалың әскер болғандықтан кішігірім жерге сыймайды. Қарауыл бізде болғандықтан елу атар пулеметтен төгіп-төгіп жіберіп едік. Бүкіл бір үлкен қойнау жарым сағат ішінде адам мен ат өлігіне үйіліп қалды. Қырылғаннан қалғаны қайта қашты. 80 адам өлген екен, 80 адамды тірідей қолға түсіріп алдық. Бізден бір адам – ителі Дәлелхан Қасенұлы жАаралы болды. Біздің артымыздан Оспанға бағынып келген Борбыжаптың әскерлері жәрдемге келді. Түні бойы шпион, сатқын қызай Түсіпханның әскерін өзенге де, жыраға да, тоғамға да қамап алып, аяусыз қырдық. Бастықтары орыс екен. Таң ата қашты. Жау қашқан соң біз шегініп, Дүреге келіп, бас-аяғымызды жинап, адамдарды түгендедік <...> Қолға түскен 80 адамды атын, азығын беріп, жеріне қайтарып жібердік. Қазақ пен қазақтың соғысқаны, соншама қазақ жастарының қырылғаны менің идеяма сыймады. Мен Оспанға барып: « – Бәйтікке шығып кетелік», – деп едім. Оған көнбеді. Сұпты Күртіге қарай көшті. Мен елге: «Қош!», – айтып, өзіме қараған туыстарымды алып, Үрімжіге қарай көштім» (сонда, 147-148-беттер), – деп еске алады.
Сөйтіп, Шығыс Түркістан ұлт-азаттық армиясының құрама полкінің көзі жойылады. Содан сескенген Нұрғожай батыр да Оспаннан іргесін ажыра бастайды. Мен бұл оқиғаның баянын оқығанда көп естіген, бірақ лақап ретінде қабылдаған бір сұмдық оқиғаның жайын Жағда Бабалық ұлынан сұрадым.