Септік жалғаулары – кейде өзі, кейде белгілі бір септік жалғауымен қосылып, сөзге біртұтас бір грамматикалық мағына үстеп түрлендіруші.
Екіншіден, үшін, сайын, сияқты, туралы, арқылы, бойы септеуліктері атау септігінде тұрған сөзге тіркеспейді, бұлар тіркескен сөздердің құрамында ешқашан атау септігі болмайды. Атау септігі – зат баяндауышта айтылған қимылдың, жай-күйдің иесі екенін білдіретін септік. Сондықтан атау септігіндегі сөздер бастауыштық мағынаға ие болып тұрады. Ал жоғарыда аталған септеуліктердің алдында тұратын сөздер мұндай мағынаға ие емес, тек атауыштық (номинативтік) мәнге, қызметке ие. Бұл қасиет – кез келген толық мағыналы сөзге тән қасиет. Сөздің атауыштық мағынасы мен қызметін атау септігіндегі сөздің мағынасы мен қызметімен шатастыруға болмайды. Сондықтан аталған септеуліктер – атау септігіндегі сөздерді түрлендірмейді, атауыштық мәнге ие, басқа тұлғалармен түрленбеген сөздерге (яғни түбір күйіндегі сөздерге) әралуан гүрамматикалық мағына жамайтын шылаулар. Кейде есімше, қимыл есімі тұлғалы етістіктердің құрамында келетін кездері бар. Мысалы, келген сайын, келетін сияқты, бару үшін, барған бойы.
Үшіншіден, септеулік шылаулар – зат есімнің септеу категориясының мағыналарын беретін аналитикалық тұлғалар. Бұл – оқулықтарда айтылмай жүрген тұжырым.
Септеулік шылаулардың сөзге жамайтын грамматикалық мағыналары сан алуан және ол мағыналар, негізінен, сөздің басқа бір сөзбен белгілі бір синтаксистік қатынаста байланысуы үшін қажет. Бұл тұрғыдан септеулік шылаулардың мағыналары септік жалғауларының мағыналарына сәйкес болып келеді: кейбір септеулік шылаулардың мағыналары септік жалғауларының мағыналарына синонимдес болып келеді, кейбірі септік жалғауларының мағыналарымен ұштасып жатады. Ендеше септеулік шылаулар ойды дәл құрауға қажетті грамматикалық мағыналарды білдіріп, сөйлемде сөздерді түрлі қатынастарға түсіріп, септік жалғаулары сияқты қызмет атқарады.
Сияқты (секілді, тәрізді, сынды)септеуліктері зат есімге және заттанған сөздер мен сөз тіркестеріне тіркескенде, өзі жалғанған сөзге зат басқа затқа ұқсас, тең екенін білдіретін грамматикалық мағына жамайды. Заттардың қай қыры ұқсас екендігі байланысқан сөздермен кейде бірге қолданылатын, кейде жасырын келетін, бірақ тіркестен байқалып тұратын сын есімдер (адъективтенген сөздер) арқылы белгілі болады. Мысалы, Көсеу секілді (имек) таяқ таяқ ілінді қолына. Сапсыз пышақ сияқты (қырлы) таспен ұрғылай бастады. Күләш, Роза сынды әнші қыздар – қазақтың мақтанышы. Басыңқы сыңары сын есімнен және етістіктен болған, бағыныңқысы басыңқымен жоғарыдағы септеулік шылау арқылы байланысқан сөз тіркестерінде септеулік шылау зат есімге (заттанған сөздер мен сөз тіркестеріне) зат қимылдың, немесе жай-күйдің (сындық белгінің) ұқсас, тең объектісі екенін білдіретін грамматикалық мағына жамайды. Мысалы, тау секілді үлкен, тас сияқты қатты, қоңыз сияқты тырбаңдау, ит секілді ырылдау, т.б.