124. Ілекеш ойыны Ілекеш ойынында адамдар тобықты ашатаяқпен ұрып ойнайды. Кім тобықты қатты алысқа ұрса, сол ойынды бастайды. Қазіргі гольф ойнына ұқсас (Махмуд Қашқари).
125. Көшірме Көшірме ойын – көшірме ойын. Бұл өте ерте кездерде ойналған ойын, қазір ұмытылған ойынға жатады. Тағы бір аты «он төрт» деп ойналады. Жерге қорғанға ұқсатып төрт сызық сызып, оған он есік ашылып, малақ тас, жаңғақ, соған ұқсас нәрселерді тастап ойнайды. Бұл ойын қазіргі кездегі балалар ойнайтын «Мак» ойынына ұқсас болуы да мүмкін.
126. Атпен табақ тарту Өте ертеден келе жатқан көне ойындардың бірі. Бұл ойын ат үстінде ойналатын болған. Ойын негізі өмір шындығынан туған. Үлкен тойларда немесе атақты кісілердің асында халық көп жиналып, көп үй тігілген. Сол жиылған көп халықты тамақтандыру, ас беріп күту қажеттігі туған. Ол үшін сандаған мал сойылып, тай қазандар көтеріліп, ет асылған. Сол асты ұлан-ғайыр жұртқа, жаяу тасып жеткізу мүмкін болмаған. Сондықтан етті үйді-үйге (киіз үйлерге) салт атты жігіттер жеткізіп беріп тұрған. Ал шауып келе жатқан аттың үстінде, қолына табақ толы ет көтеріп, оны төкпей-шашпай, апаратын жеріне дұрыстап жеткізіп берудің өзі де үлкен өнер. Осыны дұрыс орындап шығу үшін, той болардан көп бұрын, той, не ас беретін елдің азаматтары әзірлік ретінде табақ алып қашу ойынын ойнап, жаттығу ретінде ойнайтын болған. Келе-келе ол жалпы халықтық ойынға айналған. Ойынға қатынасушылардың санына шек қойылмайды. Салт аттылар алаңға жиылып, араларынан біреуін табақ алып қашушы етіп тағайындайды. Ол табаққа салынған затты алып қашады. Қуып жеткен ойыншы одан табақты алып өзі бұрын белгілеген жерге жеткізуге тырысады. Табақты белгілеген жерге кім бұрын жеткізсе, сол жеңіске жетеді. Табақты бермес үшін бұлтарма шабу сияқты түрлі амал-айла қолданылады. Табақ қолдан-қолға ауысады. Бірақ табаққа салынған зат түспеуі керек. Ол әлденеше қайталанып ойналады.
127. Тауқырықайдан Ойнаушылар иықтарымен жақындаса бірінің қолы, бірінің басына жетерліктей мөлшерде дөңгеленіп отырады. Ойын бастаушы басына тақия киіп отырады, басқасы жалаң бас болулары керек. Ойын бастаушы:
– Тауқырықайдан-тауқырықайдан, – деп қайталап айтып отырады да, өз басындағы тақияны оң жағындағы көршісінің басына кигізе қояды. Көрші де сол сөзді қайталап, оң жағындағы көршісіне кигізеді. Ойын осылай жалғасып кете береді. Бір мезетте ойын бастаушы көзін жұмып отырып:
– Тау-тау, – деп айтып, басын өзі қолымен баса қояды. Тақия кімнің басында қалса, соған айып салынады.