299. Үрлеп құлату Ауызбен үрлеп тігілген затты құлату, ермек ойыны ретінде де қолданылады. Ойынға бір-біріне жастары шамалас адамдардың қатысқаны дұрыс. Ойын өкпе жұмысын жақсартып, демді жылдам шығаруына көмектеседі. Ойын үшін қағаздан жасалған немесе басқа жеңіл заттар дайындалады. Өзара келісім бойынша үрлеуге белгіленген қашықтыққа заттарды қатарластырып тізіп қояды. Кезек алған ойыншы жылдам үрлеп дем шығару арқылы заттарды орындарынан жылжытулары немесе құлатулары қажет. Кім көп затты құлатса, сол жеңімпаз аталады.
300. Көз қарастыру Көз қарастыру ойыны балалар арасында жиі ойналады. Ойын шарты бойынша екі ойыншы бір-біріне жақын келіп бірінің көзіне бірі қадала қарап тұруы керек, осы кезде көз кірпігін қақпай және көз жанарын басқа жаққа аудармай ұзақ қозғалмай тұру, ойын шарты болып саналады. Кім кірпігін қағып қалса, жанарын басқа жаққа аударса немесе қозғалып, сөйлеп, күліп жіберсе, сол жеңілген болып саналады.
301. Саусақ жазу Саусақ жазу ермек ойыны болып табылады. Ойын шарты бойынша саусақтарын қатты жұмып тұрған баланың саусақтарын қолмен жазу керек. Саусақты жазу кезінде тырнауға, шымшуға не бұрауға болмайды. Кей жағдайда алақанға қысып ұстаған затты, саусағымды жазып алсаң ғана беремін деген шарт қойылуы ықтимал.
302. Қарыс жарыстыру Қарыс жарыстыру балалар арасында жиі ойналатын ойын. Бұл ойынды саусақ жылдамдығын арттыру үшін немесе бір нәрсеге алдыңғы кезек алу үшін де қолданады. Қарыс жарыстыруды екі адам арасында жазық жерге немесе үй қабырғасына белгіленген қашықтықты кім бірінші қарыстап жылдам өтуге арнап өткізеді. Қол саусақтарының дұрыс қарысталғандығын анықтайтын адам тағайындалады.
303. Өрден домалау Өрден домалау жаз, қыс айларында балалар арасында кеңінен тараған ойын түрі. Бірнеше бала биіктеу қыраттың үстіне шығып, төменгі етегіне дейін кім жылдам домалап барады деп жарысады. Домалау қыратқа көлденең жатып дененің қырымен айналып домалау арқылы орындалады. Домалау барысында қолды қусырып алуға болады және екі аяқты бір-біріне қыса ұстап домалау тиімді болып келеді. Ойынды екі-екіден немесе барлығы қырат төбесінен бірдей бастайды, кім қырат етегіне бірінші домалап түседі сол жеңген болып табылады. Ойын тепе-теңдікті сақтау, жылдам домалау, шыдамдылықты арттыру сияқты қажетті дене қаблеттерін дамытады.