174. Тырау-тырау тырналар Бұл ойынды ойыншылар тең екі топқа бөлініп ойнайды. Ойын алаңы ұзындығы 100 м дейін, ені 20 м болғаны жөн. Екі топ құрамында 5-10-ға дейін ойыншы жасақталады.
Алаңның басынан бастап әрбір 10 м сайын көлденең сызық сызылады да, әр топтан бір-бір ойыншыдан сызыққа орналасады. Мәре сызығы басына екі топтың басшысы бір-бірінен 10 м қашықтықта тұрады. Алаңның сөресі тұсына екі төреші тұрады. Басшылардан басқа ойыншылар қолдарын жандарына созып «тырау-тырау» деп дауыстап тұрады.
Төрешінің белгісімен бірінші тұрған басшылар жүгірген бетте өзінен 10 м қашықтықта тұрған өз ойыншысына қолын тигізеді де өзі сол ойыншының орнында қалады, қолына тиген ойыншы өз кезегінде жүгірген бетте өзінен 10 метр ара қашықтықта тұрған өз тобы ойыншысының созылған қолына қолын тигізеді. Осылай тырналарға ұқсап тізбек құрған ойыншылардың соңғысы сөре сызығын қияды. Ойын ережесі бойынша ойыншы созылып тұрған қолына өз ойыншысының қолы тимей жүгіруіне болмайды. Ережені бұзбай сөреге бұрын жеткен топ жеңіске жетеді.
175. Cүзісу «Сүзісу» ойыны балалардың төрт түлік малдың сүзісулеріне еліктеп қайталауларынан туған ойындары. Ойынды балалар бір-біріне қарама-қарсы төрттағандап отырып, қолдары мен тізелерін жерге тіреп, бастарымен-бастарын түйістіру арқылы бастайды. Мақсаттары бастарымен бір-бірін итеру арқылы шегіндіру. Ойын барысында балалар малдардың дыбыстарына еліктеп дауыстар шығарып итерулеріне болады. Бұл жерде кімде шыдамдылық пен күштілік басым болса, сол қарсыласын басымен итеріп жеңеді.
176. Түйе жарыс Бұл ойынға тек түйелі жігіттер ғана қатысады. Ойнаушылар сөредегі сызықтың бойына қатарға тұрып, жүргізушінің белгісі бойынша барлығы бірдей жарысуға шығады. Ойынның шарты бойынша, шамамен 5-10 шақырымға дейінгі белгіленген аралықты жылдам түйемен жарысып өтулері керек. Көмбеге бұрын келгені жеңімпаз атанады.
177. «Түйе-түйе» Жануарлар дүниесімен байланысты ойынның бірі – «Түйе-түйе» ойыны. Мұнда өнерге баулитын саналы әрекеттер бар.
Ойын көгалды алаңда өтеді. Ойнаушылар жиналып екі топқа бөлінеді. Бірінші топта ойнаушылардың үштен екісі, екінші топқа үштен бірі болуы керек. Екінші топ ойнаушыларының бірі – «інген», қалғандары – «боталар». Бірінші топтың ойнаушылары жан-жаққа тарап кетеді. Көгалда «інген» «боталарын» жайбарақат ертіп жүргенде жаңағы жан-жаққа тарап кеткен ойнаушылар (немесе ұрылар) байқатпай келіп бір-бірлеп «інгеннің» «ботасын» ұрлай бастайды және әрбіреуін әкеткен сайын «ботаңды әкеттік», – деп дауыстап отырады. «Ботасын» ұрыларға қимаған інген артынан қуалап жете алмай дымы құриды. Осылайша біреуінің артынан қуып жүргенде, екіншісін ұрлап кетіп жатады. Оны көрген «інген» оған жүгіргенде, үшіншісін ұрлайды. Сөйтіп, бір-бірлеп бір «ботасы» қалғанша ұрлай береді.
Енді барлық «ботасынан» айрылып, жалғыз «ботасымен» қалған «інген» екі көзінен жасы ағып, боздап, не істерін білмей, дал болады. «Інгеннің» қатты күйініп, қиналып отырғандығын пайдаланған ұрылар жалғыз «ботасын» да қағып кетеді. Бір кезде «ботасына» үн қатса, жауап бермейді. Содан үрейленген інген жан-жағына қарап, жүгіріп, іздеп таба алмай қалады. Жалғыз «ботасынан» айрылған «інген» есінен танғандай бір орнында айналып жүгіре береді. Сөйтіп, есеңгіреп жүгіріп келе жатып, анадайда тұрған ботасын ұрлаған топқа тап болады.
«Інгенді» көрген ойнаушылар жүрелерінен дөңгелене отырысады. Сол кезде қолында таяғы бар «інген» өзінің «боталарын» ұрлаған ұрылардың қолына түскендігі үшін жазалай бастайды, одан ұрыларды жазалайды. Ойын жалғаса береді. Осы ойын арқылы халық даналығы жасөспірімдерге өмір сүрудің көзі малда екенін, оны бағып қағудың қажеттігін байқатады.