178. Қармақ ойыны Ойынға он шақты бала қатыса алады. Ойын суда ойналады. Ортаға «балықшы» шығады. Қолында бір ұшына доп байлаған ұзын жіп болады. Балалар жіп жететін қашықтықта «балықшыны» айнала тұрады. «Балықшы» допты төбесінен айналдыра үйіріп баланың басына тигізуі тиіс. Балалар «балықшының» қармағына ілікпес үшін суға сүңгіп немесе тез жүзіп кетуі керек. Бірақ жіп жететін қашықтықтан алыстауға болмайды. «Қармақ» басына тиген бала «балықшы» болып ортаға шығады. Ойын жалғаса береді.
179. «Қырықаяқ» Бұл ойын тегіс алаңды жерде, мектеп ауласында, дене шынықтыру, спорт залдарында ойналады. Ойнаушылар орталарынан басқарушы тағайындап алады. Басқарушының талап етуіне орай ойынға қатынасушылар тең екі топқа бөлінеді. Екі топтағы ойнаушылар да бірінің белінен бірі құшақтап қатар тұрысады. Олар тұрған жерден 25–30 метр қашықтықта көмбе белгіленеді. Басқарушының командасы бойынша екі топ та сол қалыптарымен аяқтарын тепе-тең алып жүгіре жөнеледі. Қай топ көмбеге бұрын жетсе, сол жеңіске ие болады. Басқарушы ойын тәртібінің бұзылмауын қадағалап тұрады. Ойын қайталанып отырады. Ойынды әбден игергеннен кейін басқарушыны жаңадан сайлап алады. Ойын жастарды қимыл бірлестігіне, жауапкершілікке, ұйымшылдықка тәрбиелейді.