170. Көк сиыр Көгалға жиналған ойыншылар бір сызықтың бойына малдастарын құрып отырады. Осы кезде ойын жүргізушінің өзі «көк сиыр» болып ойнаушылардың топ ортасына келіп:
– Бұзауымды жоғалтып алдым, көргендерің бар ма? – дейді.
«Көк сиыр» кетіп қалып, тағы бір айналып келеді. Ештеңе көрмеген, білмегенін, мүсәпір болып: «Мені құшақтайтын балам жоқ, киім тігетін инем жоқ», – деп шағым ете бастайды. Содан ойнаушылар бұзаудың қайда екенін біле тұра айтпайды да, әркім ізінше садақаларын береді. Содан «көк сиыр» тапқан табысын жинап алып, бұзауын таба алмай кете барады. Артынан, ізінше қатардың артында көрінбей отырған «көк сиырдың» «бұзауын» жібереді. «Көк сиыр» «бұзауына» келген беттен:
– Мен іздегенде қайда болдың? – деп ашуға басып, қуып жібереді. «Бұзау» баяғы өзінің кеткен жағына қайта келеді, осы сәтте, ізінше артынан «көк сиыр» келеді. Ойнаушылардың барлығы қайтадан өз орындарына жайғасып отырған соң, «көк сиыр» бағанағы жинап алған заттарын бір-бірлеп шығара отырып, иесін ортаға шығарып, көпшіліктің ұйғаруымен, болмаса өзінің айтуы бойынша оған өнер көрсетеді. Осылайша барлық ойнаушылар ортаға шығып өнер көрсетіп біткеннен кейін, «көк сиыр» мен «бұзау» өздерінің орындарын көңілі ұнатқан адамдарға береді. Сөйтіп ойын ары қарай жалғасады.