167. Ит пен қоян Жазық алаңда балалар бір ойыншыны «ит» етіп тағайындайды. Қалған ойыншылардың барлығы да «қоян» болады. Мұнан кейін белгі бойынша ит «қояндарды» қуа жөнеледі. Оның ұстаған ойыншылары «итке» айналады. Сөйтіп "иттер" көбейе береді, барлық «қояндар» «итке» айналғанша ойын жалғаса береді.
168. Қарлығаш Ойынға катысушылар екі топқа бөлінеді. Ойын жасырынуға болатын ойлы-қырлы жерде өтеді. Ойыншылар бір жерді меже етіп белгілейді де, екі топ өзінің ойын кезегін таяқты кезектесіп ұстасу арқылы анықтайды. Кезекті бірінші алған топ аулағырақ барып жасырынады. Екінші топ оларды іздеуге шығады.
Іздеушілер келе жатып «Қарлығаш орныңнан тұра қаш» деп үздіксіз дауыстап отырады. Олар жақындап қалғанда жасырынған топтың ойыншылары межеге қарай тұра жөнеледі. Іздеуші топ жасырынған топтың бір ойыншысына жетіп ұстап алатын болса, онда тығылушылар қуушыларды межеге дейін арқалап баратын болады. Ойыншылардың арасында қыз балалар бар болса, жазаның орнына ән салып, би билеп өз өнерін көрсетеді.