169. Ақ байпақ Жануарлар дүниесін елестетіп ойнайтын ойындардың бірі – «Ақ байпақ» ойыны. Ойыншылар санына шек қойылмайды. Ойыншылардың барлығы жүресінен дөңгелене отырып орталарына бір ойыншыны «бота» деп, көрсетпей жауып қояды. Бір ойыншы «інген» болып тағайындалады. Алыстан боздап, «ботасын» іздеп «інген» келеді де, отырған ойыншылардың біреуінің иығына отырады.
Ойыншы: – Ақ иығымның үстіндегі кім?
«Інген» – Ақ байпақ.
Ойыншы: – Нең жоқ?
«Інген» – «Ботам» жоқ.
Ойыншы: – «Ботаң» көлде бетін жуып жатыр.
Осы кезде «інген» орнынан тұрып 4–5 адымдай жерге барып келіп: «Бө-ө-ө-ө, «Ботам» жоқ қой», – деп иығына, арқасынан ұрып кетеді. «Інген» екінші ойыншының иығына барып отырады. Ол да солай: «Ботаң шөпшек теріп жүр», – дейді. Келесі ойыншы: «Ботаң ұйықтап жатыр», – дейді.
Осылайша барлық ойыншының иығына отырып болған кезде, ойнаушылардың әрқайсысы «ботаға» не бергендерін айтып, біреуі су бердім, екіншісі шөп бердім, үшіншісі тамақ бердім, тағысын тағы деп барлығы айтып болысымен «ботаны» тастай сала жан-жаққа барлығы бытырай қаша жөнеледі. Жаны жай тауып «ботасын» көрген «інген» не берді?» – деп ботасынан сұрай бастайды. Ботаның айтуымен оған жөндеп тамақ бермегендер «інгеннің» бұйрығымен жазаланады, демек өнер көрсетеді. Жаза біткеннен кейін «інген» мен «ботаның» орнын басқалар ауыстырады да, ойын қайта жалғаса береді.