174. Тырау-тырау тырналар Бұл ойынды ойыншылар тең екі топқа бөлініп ойнайды. Ойын алаңы ұзындығы 100 м дейін, ені 20 м болғаны жөн. Екі топ құрамында 5-10-ға дейін ойыншы жасақталады.
Алаңның басынан бастап әрбір 10 м сайын көлденең сызық сызылады да, әр топтан бір-бір ойыншыдан сызыққа орналасады. Мәре сызығы басына екі топтың басшысы бір-бірінен 10 м қашықтықта тұрады. Алаңның сөресі тұсына екі төреші тұрады. Басшылардан басқа ойыншылар қолдарын жандарына созып «тырау-тырау» деп дауыстап тұрады.
Төрешінің белгісімен бірінші тұрған басшылар жүгірген бетте өзінен 10 м қашықтықта тұрған өз ойыншысына қолын тигізеді де өзі сол ойыншының орнында қалады, қолына тиген ойыншы өз кезегінде жүгірген бетте өзінен 10 метр ара қашықтықта тұрған өз тобы ойыншысының созылған қолына қолын тигізеді. Осылай тырналарға ұқсап тізбек құрған ойыншылардың соңғысы сөре сызығын қияды. Ойын ережесі бойынша ойыншы созылып тұрған қолына өз ойыншысының қолы тимей жүгіруіне болмайды. Ережені бұзбай сөреге бұрын жеткен топ жеңіске жетеді.
175. Cүзісу «Сүзісу» ойыны балалардың төрт түлік малдың сүзісулеріне еліктеп қайталауларынан туған ойындары. Ойынды балалар бір-біріне қарама-қарсы төрттағандап отырып, қолдары мен тізелерін жерге тіреп, бастарымен-бастарын түйістіру арқылы бастайды. Мақсаттары бастарымен бір-бірін итеру арқылы шегіндіру. Ойын барысында балалар малдардың дыбыстарына еліктеп дауыстар шығарып итерулеріне болады. Бұл жерде кімде шыдамдылық пен күштілік басым болса, сол қарсыласын басымен итеріп жеңеді.
176. Түйе жарыс Бұл ойынға тек түйелі жігіттер ғана қатысады. Ойнаушылар сөредегі сызықтың бойына қатарға тұрып, жүргізушінің белгісі бойынша барлығы бірдей жарысуға шығады. Ойынның шарты бойынша, шамамен 5-10 шақырымға дейінгі белгіленген аралықты жылдам түйемен жарысып өтулері керек. Көмбеге бұрын келгені жеңімпаз атанады.