166. Торы бие Жиналған балалар ортасынан ең ұзын бойлы үлкенін және ең кішкентайын таңдап алады. Үлкені «бие», кішісі «құлын» болады. Қалған ойыншылардың барлығы аулағырақ барып отырады. Бұдан соң бір ойыншыны биенің құлындағанын біліп келуге жұмсайды. Ол барып «биенің» желіндеп тұрғанын айтып келеді. Отырғандар екінші адамды жібереді, ол барып биенің құлындағанын, бірақ биенің құлынға ешкімді жақын жібермейтінін айтады. Барлық балалар құлынды көруге тұра жүгіреді, бірақ «бие» ешкімді де құлынға жақындатпайды. Балалар барып: «Менің бием жуас», «менің бием жуас», – деп жылы сөзбен алдандырады.
Осыны пайдаланып «құлын» біресе балаларға, біресе «биеге» қарай жүгіреді. Бие құлынын қызғанып, ойыншыларды қуып жақындатпауға әрекет етеді. Ойыншылар мақсаты – «биені» алдап, «құлынды» жетектеп әкету.