213. Секіртпе жіп Ойыншылар саны: 10-25 адам.
Өткізетін орын: спорт зал, спорт алаңы.
Керекті құрал-жабдықтар: баған, ұзындығы 2 м жіп.
Ойынға дайындық: ойыншылар теңдей топқа бөлініп, қашықтықты сақтап лек құрып тұрады. Қатарда тұрған ойыншылардың арасы бір метрден кем болмауы тиіс. Әрбір қатардың алдына 8 м қашықтықта баған қойылады. Лектің алдында тұрған ойыншылар секіртпе жіп алады.
Ойын мазмұны: жетекші белгісі бойынша лектегі бірінші тұрған ойыншы секіртпемен секіріп жүріп, алдында тұрған бағанды айналып өтіп, өз орнына келеді де екінші тұрған ойыншыға секіртпенің бір ұшын береді. Екеуі секіртпенің екі ұшынан тартып ұстап, лектегі тұрған ойыншылардың аяқтарының астынан өткізе соңына қарай жүгіреді. Лектегі ойыншылар секіртпеден секіріп отырулары тиіс. Бірінші жүгірген ойыншы лектің соңында қалады да, екінші ойыншы секіртпемен секіріп жүріп, бағанды айналып, келесі ойыншымен ойынды жалғастырады. Ойын барлық ойыншылар секіртпемен жүгіріп болғанша жалғасады. Қашан ойынды бастаған бірінші ойыншыға секіртпе келгенде, ол қолын жоғары көтеріп ойынның аяқталғандығы туралы белгі береді. Ойынды қатесіз, бірінші аяқтаған топ жеңіске жетеді.
Ойын ережесі: әрбір ойыншы секіртпемен бағанды айналуы қажет; егер екі ойыншының бірі секіртпенің ұшын босатып алса, ойынды сол жерден қайта бастау керек.
Ойынның педагогикалық маңызы: ойын, оқушылардың шапшаңдық дене қабілетін дамытып, биік секіруге, ұйымшылдыққа, достыққа, тәрбиелейді.