23. Хан талапай (1 түрі)
Екі немесе үш, төрт бала таза, жарық жерге орталарынан орын қалдырып, қарама-қарсы отырысады. Ойын бастаушы бала бір уыс асықты ортаға шашып жібереді. Екінші бала шашылған асықтың арасынан топтасып түскен, ойын шартына қиындау жерден «хан» асықты сайлайды. Ойынды бастаған бірінші «ханнан» басқа асықтардың алшы түскенін алшыға, тәйкесін басқа тәйкеге, бүгесін бүгеге, шігесін шігеге арақашықтығының жақындығына қарай ыршытып, біріне-бірін тигізеді. Тигізе алса, тиген бір асықты өзіне алады. Алған асықтарын әр бала ойынның ақырына дейін, яғни сайланған «хан» жалғыз қалғанға дейін сақтайды. Осы ретпен кім көп асық жинаса, жеңіс сонікі болады.
Ыршытқан асығын көздеген асығына тигізе алмаса, немесе басқа түрдегі көрші асыққа соқтықтырып алса, ол бала жеңіліп, өзге бала ойынды әр қарай жалғастырады.
Ал ыршытқан асықтары байқаусызда «ханға» тиіп кетсе, онда ойынға қатысушы балалар тұс-тұстан лап қойып, асықты талапайлап алады. Кім көп асық олжаласа сол жеңеді.
Хан талапай(2 түрі)
Асық ойынының бір түрі. Асықтың да «ханы» болады. Ол – әрі оңқай, әрі қошқар сияқты үлкен қойдың асығы болады. «Ханды» балалар қынаға бояйды. Ойынға қатысатын балалар сан мөлшерін бірдей ғып асық шығарады. Ұтыстың тәртібі: әуелі ойынға қатысатын балалар «ханды» жағалай иіріп шығады да, кім алшы түсірсе, ойынды сол бастайды. Ойын бастаған бала, балалардың ойынға салатын асықтарын жерге шашып жібереді. Тәртіп: бүкті бүкпен ғана, шікті шікпен ғана, алшыны алшымен ғана, тәйкіні тәйкімен ғана, шомпыны шомпымен ғана ату және бір ғана үсік саусағымен ату. Бала ең алдымен «ханды» атып алады. Асықты алғаш шашқанда, «хан» алшы түссе, «хан талапай» болады, онысы – шашылған асықты үлгергенше талап алу. Бұл «талапай» да, әр бала өз қолына «ханды» түсіруге тырысады.
«Хан талапай»(3 түрі)
Ойынға 2-10 адамға дейін қатысады. Асықтың көп болғаны жақсы. Көп асықтың ішінен біреуін қызыл түске бояйды. Сол асық “Хан” деп аталады. Ойынды бастайтын бала асықтың бәрін қос уысына жинап алып, отырған балалардың алдына шашып жібереді. Балалар ханның қалай түскенін бақылап отырады. Егер хан бүк, шік, не тәйке түссе, ойын бастаушы бала ханның түсуіне қарай жақын жатқан асықтарды бас бармақтың көмегі арқылы сұқ саусағымен итере ыршытып, бір-біріне дәл тигізуі қажет. Тигізген асықтарды ол өзіне алады. Асықтарды атқан кезде есепке, дәлдікке, мергендікке жүгінуге тура келеді. Ойын бастаушы баланың қолы басқа асықтарға тисе, сондай-ақ атқан асығы басқа асыққа барып тисе, ойынды келесі бала жүргізеді. Ал «Хан» алшы түссе, балалар жарыса “Хан талапай” деп дауыстап, ханды өз қолына түсіруге тырысады. Хан кімнің қолына түссе, сол бала жеңіске жеткен болып есептеледі. Онда ойынды сол бала қайта бастайды.
24. Төрт асық Ойынға түрлі-түсті бояумен боялған төрт асық алынады. Ойын кезегі асық иіру арқылы болады. Асықтың төрт қырының аттары: алшы – жылқы, тәйке – түйе, бүк – қой, шік – ешкі деп атайды. Егер ойыншы асықтарды иіріп тастағанда төртеуі де алшы түссе, ойыншы 4 ұпай алады, тәйкесі – үш, бүгі – екі, шігі – бір ұпайды көрсетеді.
Ойыншы төрт асықты бір уысына алады да, қолымен ішке қарай айналдыра иіріп еденге шаша тастайды.
Ұтылған адам ұпай төлейді, яғни асық береді немесе ән айтып, өнер көрсетеді.
25. Алшы Асықтың алшы жағынан жиі түсетін салмақтысы сақа болады. Ойын басталар алдында әрбір ойыншы сақасын иіреді. Кейде барлық ойыншылардың сақасын бір адам уыстап алып жерге шашады. Кімнің сақасы алшы түссе – бірінші кезекті, тәйке түссе – екінші, бүк түссе – үшінші, шік – төртінші кезекті алады. Ойынға қатысушылар көнге келісім бойынша (әдетте, әр ойыншы екі-үш) асық тігіп, кезегімен ата бастайды. Сақа мен асық бірдей жағымен түскен болса, асықты алып, ары қарай ата береді. Сақа алшысынан түсіп, асық басқаша жатса да, асықты алады. Сақа мен асықтың жатысы сәйкес болмаса, асықты алуға болмайды. Кезегін келесі ойыншыға береді. Осылайша асықтарды тауысып, қайтадан тігеді де, ойынды жалғастыра береді.