Монография оқытушы-ұстаздарға, студенттер, магистранттар, докторанттар мен ғылыми зерттеушілерге, тәрбиешілерге, спорт жаттықтырушыларына және жалпы ұлттық халық ойындары мен спорты туралы білгісі келетін көпшілікке арналған



бет8/240
Дата21.02.2022
өлшемі481,78 Kb.
#132651
түріМонография
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   240
Байланысты:
ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ойындары

Тоғызқұмалақ. Егемен Қазақстанда қарқынды дамып келе жатқан спорттық ойындардың бірі – тоғызқұмалақ ойыны. Тоғызқұмалақ зияткерлік ойындар тобына жатады.
Зияткерлік ойындар тарихы өте көне уақыттан басталады, мысалы тоғызқұмалақ ойыны тарихын төрт мың жыл десе, 1970 жылы қазіргі Алматы облысы Алакөл ауданы жерінен табылған 64 шаршыдан тұратын шахмат тақтасын осыдан үш мың жыл бұрын болғандығын дәлелдеп отыр [113].
Тоғызқұмалақ ойынының және осы ойынға ұқсас ойындардың таралу аймақтарына қарасақ оған Таяу Шығыс, Орта Азия, Үнді, Европа, Ресей, Монғолия, Қытай деп тарата беруге болады. Осы географиялық атаулардан тоғызқұмалақ ойыны және оған ұқсас ойындардың Ұлы Дала жерінде көршілес жатқан елдердің бәрі білетіндігін байқауға болады [101, Б.4-5].
Орта Азия көлемінде тоғызқұмалақ туралы алғашқы құнды еңбекті жазған түркітанушы С. Аманжолов болды. Оның 1936 жылы шыққан «Тоғызқұмалақ» кітабында, ғалым ойынның қазақ пен қырғыз халықтарының арасында көп ұшырасқанын, көшпенділердің салт-дәстүрінінің негізінде шыққанына тұжырымды деректер келтіреді.
С. Аманжоловтың «Асыра сілтемей айтқанның өзінде, бұл ойын шахмат ойынынан кем емес, әрі қызықты әрі маңызды. Сонысына қарағанда, бұл тез араның ішінде жалғыз Қазақстан емес, бүкіл Кеңестер одағына тарап кетуіне күмәніміз жоқ», – деп ХХ ғасырдың басында жазған еді [112, Б.5-10].
Бірақ Кеңестер одағы кезінде тоғызқұмалақ ойыны басқа ұлттық ойындар сияқты теріс идеологияның салдарынан тоқырауға ұшырады.
Ресей зерттеушілерінің ішінде тоғызқұмалақ туралы жазған этнограф Н. Пантусов болды. Оның «Киргизская игра тогузкумалак» атты мақаласы 1906 жылы Қазан қаласында жарыққа шықты. Бұл еңбек туралы түркітанушы С. Аманжолов: «Пантусовтың жазған ойыны тым жабайы, кей жері дұрыс емес, сондықтан да ол бұрын көңілін тартпаған, тарта алмаған болуы керек», – деп ойынның мазмұнын дәл бере алмағандығын атап өтеді.
Бұдан кейінгі ресейлік этнографтардың ішінде тоғызқұмалақты зерттеген Асия Попова болды. Ол Монғолияның шығысындағы Баянөлгейдегі қазақ ауылдарын аралап, Қазақстанға беймәлім тугулаах, есонкоргоол және тоғызқұмалақ ойындары туралы материалдар жинақтады, еңбек кейін Францияда жарияланды [119, Б.11-16].
Ресейлік И. Зелинская өзінің «Домино, нарды, кости» атты еңбегінде тоғызқұмалақ ойынын египеттегі калах ойынына ұқсас, осы ойыннан шыққан болуы мүмкін деген пікір келтіреді [60,С.36-39].
Зерттеушінің тоғызқұмалақ ойынын египеттіктердің калах ойынынан шыққан деген болжамын біз мүмкін керісінше қазақтың тоғызқұмалақ ойынынан калах шығуы ықтимал деген болжам айтқымыз келеді, оған себеп Египет фараоны Тутанхамонның бала кездегі ойнаған ойыншықтары арасында асықтардың болуы, осы асықтар туралы қазіргі мысырлықтардың түсініктері болмауы, асық ойынының Тутанхамон кезінде болғандығын және оның сырттан келгендігінің көрінісі болып табылады деген болжам айтқымыз келеді.
Мысырдың Каир қаласындағы тарихи мұражайында Тутанхамон тұтынған заттар бөлімінде «Тутанхамонның ойыншықтары» бөлмесінде тұрған асықтарды көрген белгілі журналист Нұртөре Жүсіп, мұражайды таныстырып жүрген жетекшіден – «Сіздерде мына затты не деп атайды? деп сұраса, ол бізде бұл заттың атын білмейді» деп жауап берген екен. Қазақстан делегациясы бұл заттың аты «Асық» деп аталады, бізде оны барлық адамдар біледі ол біздің ұлттық ойынымыз деп таныстырған екен [116].
Тоғызқұмалақ – ең алдымен халықтың дүниетанымы, одан кейін ой шығармашылығы, спорт, ғылым. Ресейлік және америкалық зерттеушілер тоғызқұмалақты этнографиялық ерекшелік ретінде қарастырса, еуропалықтар ұлттық мұраны ой шығармашылығының бір түрі ретінде, ешбір халыққа бұрмаламай, әділ бағасын беріп отыр, – деп жазады зерттеуші «Тас тас үшін: тақта ойындарының экзотикалық әлемі» атты кітабында.
Кітаптың ұлттық өнер туралы бөлімінде: «Қазақстан мен Қырғыстанда «боб» ойындары – «тоғызқұмалақ» деген ұлттық атаумен танылған және республикада ресми тіркелген. Бұл ұлттық ойынды осы жерді мекендеген тұрғындар осыдан 4 мың жыл бұрын да ойнаған» деп тұжырым жасайды [106, С.56-59].
А. Алмашидің «Азия жүрегіне саяхатым» атты кітабындағы тогузкоргоол туралы деректері тоғызқұмалақтың табиғатын түсінуге көмектесетін құнды еңбек ретінде бағалы. Ғалым тогузкоргоол тақтасының суретін келтіріп, оның ережелерін жазады. Бұл кітаптағы ойын ережелері тоғызқұмалақ пен тогузкоргоол ойындары бір-бірінен бөлек ойын болғанын көрсетеді [14, Б.102].
Тоғызқұмалақ ойынының даму тарихын ғылыми-теориялық, педагогикалық, әдістемелік тұрғыдан қарастырып, өз үлестерін қосқан Ә. Марғұлан, C. Аманжолов, Т. Сұлтанбеков, М. Тәнекеев, Б. Төтенаев, Ә. Ақшораев, Н. Жүнісбаев, С. Тілеубаев, Е. Иманбаев, Е. Қазбеков, М. Ноғайбаев, Ә. Байменов, С. Шарипов, М. Шотаев т.б. айта келіп, қазіргі кезде тоғызқұмалақ ойыны барлық ұлттық ойындар ішінде халық арасында таралуымен, жақсы жүйеленіп ережесінің қалыптасуымен және халықаралық аренада жақсы танылуымен ерекшелінеді.
Тоғызқұмалақ ережелерінің қалыптасуын қазақ халқының тарихы мен дүниетанымы, салт-дәстүрі ерекшеліктерімен байланысты қарау орынды. Бұл ретте ойын ережелерінің шығуы және тақта құрылысының өзгеруін бір- бірімен сабақтастық түрде қарау керек деп тұжырымдайды белгілі тоғызқұмалақшы Ә. Ақшораев [18, 78 б].
Қазақ халқы өздерінің көшпелі тұрмысында қалыптасқан әдет- ғұрыптарын, салт-дәстүрлерін рухани азық ретінде қолданып келеді. Осы рухани байлыққа ұлттық ойындар да кіреді. Ұлттық ойындарды зерттеуші ғалым Б. Төтенаев ұлттық ойындардың пайда болуы мен оның мазмұнын қазақ халқының шаруашылық жүргізу ерекшеліктерімен тікелей байланыстырады, бұл тұжырымы тоғызқұмалақ ойынының шығу тегіне де қатысты деп қолдайды.
Ежелгі көшпенділердің тұрмыс-тіршілігі көшпелі мал шаруашылығына негізделгендіктен, төрт түлікті бағу, оны ерекше күтімге алу басты еңбек түрі болып табылады. Өйткені малының арқасында адамдар тұрмыста мұқтаждық көрмей өмір сүреді. Сондықтан малдың аман-есен төлдеуі үлкен табыс болса, төрт түлігінің қысыр қалуы, қоздамауы шығын болып саналады. «Бұзаулаған сиыр» ережесі С. Аманжоловтың 1936 жылы жазылған «Тоғызқұмақ» кітабында «қойым қоздады» ережесі түрінде ұшырасады. Яғни ежелгі көшпенділердің табыс туралы ұғымы ереже түрінде кездеседі [10, Б. 5-10].
Одан кейінгі уақытта 5 отау, 25 құмалағы бар бестемше (әр ойыншыда), 7 отау 49 құмалағы бар қоздату ойындары қалыптасқан. Сонымен қатар А. Попова Баянөлгейден тапқан 6 отау 54 құмалағы бар есонкоргоол ойыны да тоғызқұмалақ тақтасы мен ережелерінің қалыптасуындағы бір саты болып табылады. Аталған ойындардың барлығы бақташылық дәуірде қалыптасқан болу керек деп тұжырымдайды Ө. Еркебұлан [119, Б.186-188]. Осы ойындардың жетілген түрі – тоғызқұмалақ болса керек. Бестемше және есонкоргоол ойындарында тұздық ережесі кездеспейді. Соған қарағанда тұздық бақташылық дәуірден батырлық дәуірге ауысу кезінде пайда болған болу керек және ол ғұндардың дүниетанымымен тығыз байланысты.
Ғұндар жорыққа шығар алдында тәңірге құрбандық шалып отырған. Құрбандық шалатын орын далалық жерде орналасқан. Міне, осы ерекшелік тоғызқұмалақта ереже түрінде жүр. Тоғызқұмалақта – «тұздық» деген ереже бар. Қырғыз бауырларымыз – «Туз» дейді. Орта ғасырда тұздықты – «тұзды үй» деп атаған. Ал одан тереңдей берсек, бұл сөздің түбірін – «тұз» емес, «түз» деген сөзден шығаруға болады. Яғни «түздегі үй». Сонда түздегі үй не болуы мүмкін? Бұл, әрине, далалық жердегі көпшіліктің құрбандық шалатын орны екендігін байқауға болады. Сонда тоғызқұмалақтағы ойын кезінде жүріс жасалған сәтте тұздық алынған отауға бір құмалақ тастап отыру (малды құрбандыққа шалып отыру) ережесі, ғұндардың құрбандық шалу салтын елестетеді. Бүгінгі күні бұл ғұрып сахаларда «тюселге» деген атпен сақталған. Сондай-ақ оларда құрбандық шалу сәтінде айтылатын салттық өлеңдер де бар. Саха халқының тілінде қазақ сөзіне ұқсас сөздер көптеп кездеседі.
Тоғызқұмалақ тақтасында екі қарсыластың отаулары қарама-қарсы орналасқанымен, шахмат, дойбыдағыдай жоғары не төмен жүре алмайсың, тек қана ортада оңға ғана жүруге мүмкіншілік бар. Өйткені жоғарғы тәңірдің мекені төмен аруақтарға тиесілі, адамдарға тиесілі жер тек орта. Яғни тоғызқұмалақта жүріс бағытқа негізделген. Ойын ережелеріне көнедегі ғұндардың сенімі әсер еткен. Сондай-ақ тоғызқұмалақ ойынында ғұндардың таңдап алған соғысу стратегиясына сәйкес, тактикалары да көрініс тапқан. Мәселен, шабуылдау, қорғану, торуылдау өз жеріне тереңдей енгізу арқылы тұтқиылдан шабуыл жасау деп таратады [32, Б.175-179].
Тоғызқұмалақ ойынына ұқсас басқа елдерде ойналатын «унее тугулаах», «бестемше», «есонкоргоол», «қоздату» т.б. ойындары ерте уақытта пайда болып біздің дәуірімізге жетті. Бұл Үндістанда «чатранш» деген атпен қаланған, бүгінгі шахмат ойынының әр түрлі кезеңдерді басынан кешіргені секілді құбылыс. Бір ерекшелігі шахмат ойынының қалыптасуына азиялықтар, европалықтар да атсалысса, тоғызқұмалақ ойынының қалыптасуына тікелей көшпенділердің әсері болды деген қорытынды шығаруға болады. Тоғызқұмалақ ойыны «малшылар» ойыны деп те аталуының себебі бекер болмас.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   240




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет