87. Марламқаш Марламқаш ойыны жаздың жылы айларынды ойналады. Қараңғы түскенде ойыншылар жиналып екіге бөлінеді. Ойын алаңының бір жерін «Орда» деп белгілейді. Ойыншылардың тығылатын бөлігі сырт киімдерін алысырақ жерге барып, тек өзі білетін жерге тығып, өзі басқа жерге жасырынып жатады. Қалған екінші топтағылар жасырынғандарды іздеп ұстауға шығады. Іздеушілер іздеп шығысымен барлығы айқайлап жүгіріп айтатындары: Марламқаш, Марламқаш, мені көрсең,тұра қаш!
Жасырынған балалар іздеушілер үстіне жақындап келіп қалғанша жата береді. Жанына тіпті жақын келгенде өздерінің киімі тығылған жерге қарай тұра қашады. Қуатын балалар мақсаты жасырынғандарды киімдері тығылған жерге жеткізбей қуып жетіп ұстау болып табылады, егерде қуып ұстап алса, онда «Ордаға» дейін арқасына мініп келеді. Ойынды барлық тығылғандар ұсталғанға дейін жалғастырады. Ойын қайта басталғанда қуған жағы жасырынып, қашқан жағы енді қууға шығады. Ең жүйрік баланың жүйріктігіне арналған мойнында тұмары да болады. Сондықтан жүйрік болып, осындай атақ алу үшін жаздыгүні балалардың сүйіп ойнайтын ойындарының біреуі осы «Марламқаш» болып саналады.
88. «Айқұлақ» Айқұлақ, көктемнен бастап жаз айларында балалардың ойнайтын ойыны. Айқұлақты ойнау үшін кешқұрым, қараңғы түсе бастаған кезде ойыншылар жиналып, өздерінің арасынан үш баланы шығарады, бірін – «қасқыр», бірін – «қойшы», бірін – «ит» деп белгілейді.
«Қасқыр» болатын баланың екі шекесіне екі тақияны тікейтіп, орамалмен маңдайын байлап, арқасына киім-кешекті тығып томпайтып, белін буып «қасқыр» бейнесін жасап болған соң, балалардан аулақтау жерге бір бұтаның тасасына жатқызады.
Қойшы болатын баланың үстіне шапан, басына бөрік кигізіп, қолына таяқ беріп, «ит» болған баланы қасына ертіп, «қойлардың» қасына жатқызады. Қалған көп балаларды «қой» жасап көгендеп қояды. «Қасқыр» өзін байқатпай көгендегі «қойларға» келіп бір-бірлеп алып кетуге тырысады, ал «қойшы» айтақтап жүріп, «лақ-қозы, қойларды» айырып қалуға тырысады. Сөйтіп «қасқыр» бірде құр кетіп, бірде алып кетіп жүріп, ақырында сол «қойлардың» бәрін де тауысады.
89. «Біз де...» Ойынға қатысатын балалар, қаз-қатар отырады. Ойын бастаушы бала жұрт алдына шығып, әңгіме айта бастайды.
Егер бастаушы балалар қосылатын сөз айтса, басқалар «біз де» деп қосылып айтады да, балалардың қосылмайтын сөзі болса, «біз де» деуге болмайды. Байқамай қосылып, әлгі сөзді айтып қалған бала ойынға қатысушылардың тілегін орындап, айып тартады. Айыптан ән салып, не тақпақ айтып, не би билеп құтыла алады.
Мысалы ойын жүргізуші:
– Мен көлге барам, десе
Отырған балалар:
– Біз де!
Ойын жүргізуші:
– Көлден үйрек ұстап алам.
Балалар:
– Біз де!
Ойын жүргізуші:
– Үйректің жарымын күшігіме берем.
Балалар:
– Біз де.
Ойын жүргізуші:
– Күшігім жейді.
Осы кезде біреулер: «Біз де», – деп қалса, ойын тоқтайды.
Әлгі қателескен балалар айып тартады. Бұдан соң ойын қайта басталады. Ойын жүргізуші сөздерді ары қарай өзі құрап түрлендіре береді.