6.3. Тәрбие заңдылықтары мен принциптері
Педагогика тәрбие үдерісінің негізіне алынған жалпы заңдылықтарды ашып, біршама принциптерді нақтылайды.
Педагогикалық міндеттерді шешуде тиімді нәтижелерге қол жеткізуші педагогикалық үдерістің тұрақты әрі мәнді байланыстары - тәрбие заңдылықтары деп аталады.
Бұл заңдылықтар қатарына енетіндер төмендегілер:
1) Тұлға тәрбиесі сол тұлғаның іс-әрекетке араласу барысында іске асады. Әрбір адамның тәлім игеруі оның танымдық іс-әрекетке қатысуынан болады. Еңбекке араластырмай, тұлғаны аралық қатынастарға түсірмей, ұжымдық мәселелерді шешуге қатыстырмай, адамды еңбеккерлікке, ұжымшылдыққа тәрбиелеу мүмкін емес. Осыдан тәрбие нәтижесі құрғақ уағыз, сөзбен емес, өскелең әулет өкілін жасына сәйкес қоғамдық қатынастарға келтіріп, еңбек әрекетіне қосудан болады. А.С.Макаренко пікірінше, тәрбие нәтижесі – тәрбиеленушілердің өмірі мен іс-әрекетін мазмұнды ұйымдастырудан.
2) Тәрбие - бұл қалыптасушы тұлғаны нақты іс-әрекетте белсенділікке ынталандыру. Тұлғаның тиімді дамуы мен қалыптасуы оның нақты іс-әрекеттегі жоғары белсенділікке ие болуынан. Егер адам өз қызметіне селқостықпен қараса, нәтижеге жетуде енжарлық танытса, тәрбие ісі қай уақытта да ақталмайды. Ал белсенділік болу үшін тұлғаның қажетсіну аймағын дамыту керек. Қажеттікті сезінуден тәрбиеленуші іс-әрекетке өз белсенділігімен араласуға ынталы болады.
3) Тәлім және тәрбиенің ажырамас бірлігі. Тәлім, білім әрқашан адамның жалпы мәдениетінің қалыптасуына бағытталады. Осының негізінде қоғам өкілі дамиды, қажетті білімдер мен қабілеттер орнықтырушы әлеуметтік тәжірибені игереді. Тәлім мен тәрбие әрекеттестігінен тұлға жетіледі. Тәлім игере отырып, адам дамиды. Даму барысында ол өз қызметтері мен қарым-қатынастары аймағын кеңейтеді, ал ол өз кезегінде жаңа білімдер мен ептіліктерді игеруге ынталандырады.
4) Тәрбиелік ықпалдардың біртұтастығы - тәрбие мақсаттарының мазмұны мен әдістерінің бірлігі, әлеуметтік ұстанымдар мен педагог талаптарының ұштастығы, тәрбиелік үдеріс субъекттері тарапынан қойылатын барша талаптардың өзара байланыстылығы.
5) Тұлғаға деген адамгершілік қатынас және сыйластықтың жоғары талаптармен бірлесе жүруі.
6) Тәрбие үдерісінде шәкіртке болашақтағы жетістігін аша көрсетіп, табыс қуанышына бөленуге жәрдемдесу.
7) Тәрбие үдерісінде жастардың ұнамды сапа қасиеттерін таба біліп, оларға арқа сүйеу. П.П. Блонский пікірінше, оқу-үйретімде кемшілігі бар шәкіртпен күресу керек емес, ал оның өзімен бірлікте ондағы кемшіліктерге қарсы реттеу әрекеттерін жасаған орынды. Осыдан баланы сынап, таптамай, оған деген мейір көрсетіп, кезіккен қиыншылықтарды жеңуге көмек көрсету қажет.
8) Тәрбиеде шәкіртің жас және даралық ерекшеліктерін ескеру қажет.
9) Тәрбие үдерісінде баланы өзіндік тәрбие іске асыруға баулу қажет.
Аталған заңдылықтар негізінде тәрбие принциптері іске асырылады. Тәрбие принциптері - бұл тәрбие мазмұны мен оны іске асыру жолдарын анықтайтын тәрбиелік үдерісті ұйымдастырудың негізгі талаптары.
- Тәрбиенің адамгершілікке бағыттау принципі - адамаралық қатынастар жүйесінде баланы негізгі құндылық ретінде қарастыруды талап етеді. Осыдан әрбір адамға сыйластық қатынас жасап, оның ар-намыс, рухани сенімі мен көзқарас еркіндігі сақталуын қамтамасыз ету қажет. Бұл принцип тұрғысынан баланың тән-дене, әлеуметтік және психикалық салауаттылығына қамқорлық - басты міндет. Бұл принциптің орындалу шарттары: баланың іс-әрекет, еңбекке араласу еркіндігі; мақсатқа жету жолында балаға болған сенім; тәрбие міндеттерін анықтауда тек жақсылықты көздеу; бала қызығулары мен даралық талғамын ескеріп, оның жаңа ұмтылыстарына дем беру; педагогикалық ықпалдардың болымсыз салдарының алдын алу; балаға өзінің әлеуметтік қорғанысты екенін сезіндіріп, оны өз мүдделерін қорғауға баулу.
- Тәрбиенің әлеуметтік жағдайларға сай келуі. Бұл принциптің іске асу шарттары: тәрбие міндеттері мен демократиялық қоғамның әлеуметтік даму міндеттерінің өзара байланысы; бала тұлғасына ықпал жасаушы әлеуметтік мекемелер әрекеттестігін үйлестіру; балаларға арналған әлеуметтік-педагогикалық жәрдемді қамсыздандыру; педагогикалық үдерісті қоғамның нақты мүмкіндіктеріне сәйкестендіру; қоршаған әлеуметтік ортаның әрқилы жағдайларын (ұлттық, аймақтық, ауыл-қалалық, оқу-үйретім орны ерекшелігі және т.б.); сабақ барысында қабылданатын ақпараттарды реттеу.
- Тәрбиені дараландыру принципі: әрбір шәкіртің әлеуметтік даму бағытын айқындауды көздейді. Осыдан әр баланың жеке ерекшелігіне сәйкес арнайы міндеттер белгіленеді, бала өз мүмкіндіктеріне сай келетін қызметтерге қатыстырылады, тұлғаның оқу-үйренім, танымдық, сабақтан тыс білім топтау қабілеттері ескеріледі, әр шәкіртке өз мүмкіндіктерін танытып, оларды іске асыруға жол ашылады.
Достарыңызбен бөлісу: |