Мұғалімдік қызметіңізге сәттілік тілейтін:
Автор
1. МҰҒАЛІМНІҢ ТҰЛҒАЛЫҚ ТӘРБИЕ ІСІНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ ҚАРУЫ - ПЕДАГОГИКА
1.1Тұлғалық. педагогика пәні және нысаны
Педагогика – бұл адамның тұлғалық қалыптасуы мен дамуының мәнін зерттеп, соның негізінде арнайы ұйымдастырылған педагогикалық үдеріс есептелетін тәрбие және оқу-үйретім теориясы мен әдістемесін нақтылап, құрастырушы ғылымдар саласы.
Педагогикалық білім саласы ежелден келе жатқан әрі өз мәні тұрғысынан қоғам дамуының бір бөлігі. Адамзаттың қоғамдық ілгерілеуі де өмірге қадам атқан әр жаңа әулет өкілінің өзінен бұрынғылардың өндірістік, әлеуметтік және рухани тәжірибесін меңгеріп, оны байытып, жоғары дәрежеге көтеріп, өзінен соңғы ұрпаққа жеткізуінен болып отыр. Өндіріс неғұрлым дамып, күрделенген сайын, ғылыми білімдердің қомақты жинақталуынан, өсіп келе жатқан ұрпақты тұрмысқа арнайы дайындау қызметтері үлкен маңыздылық ала бастады, осыдан арнайы ұйымдастырылған тәлім, яғни жаңа ұрпаққа адамзат тәжірибесін нақты мақсат бағытында жеткізу коғамның көкейкесті қажеттерінің қатарынан орын иеледі. Қоғамның даму сатыларында, әсіресе құл иеленушілік дәуірдің соңғы кезеңдерінде,өндіріс пен ғылымның елеулі дамыған шағында тәлім ісі ерекше қызмет саласы мәнін иеледі, яғни арнайы тәлім-тәрбие мекемелері пайда болып, балаларды оқыта, үйрету мен тәрбиелеу кәсібін иелеген адамдар тобы да жасақтала бастады.
«Педагогика» термині өз бастауын ежелгі Грекиядан алып, тәрбие жөніндегі ғылым атамасына айналды.
Ежелгі Грекияда «педагог» деп балалар тәрбиесімен шұғылданып, оларды мектепке жетектеп апарып, алып келетін құлдарды атаған. Грек сөзі пейдагогос (пейда-бала, гогос-жетектеу) бала жетелеуші дегенді білдіреді. Кейінірек педагогика атауы бала оқып үйренуімен, және тәрбиесімен шұғылданатындардың баршасына таңылды. Тәрбие жөніндегі ғылым-педагогика да осы сөздер тіркесі негізінде өз бекімін тапты.
Сонымен, педагогика тәрбие, тәлім, оқу-үйретім/үйренім, білім игерту/игеру, білім заңдылықтары, принциптері, мазмұны, әдістері және формаларының басын біріктіруші педагогикалық үдерісті нақтылайды және зерттейді.
Педагогикалық таным нысаны – тәрбиелік қатынастар нәтижесінде дамушы Адам. Педагогика пәні – адам дамуын қамтамасыз етуші тәрбиелік, тәлімдік қарым-қатынастар.
Педагогика – бұл тәрбие, тәлім, білім игеру және оқу-үйретімнің, өзіндік тәрбие, өзіндік білім игеру және оқу-үйренімнің тығыз байланыстары үдерісінде пайда болатын әрі адам дамуына бағытталған адам аралық қатынастар жөніндегі ғылым. Сонымен бірге, педагогиканы бір әулет тәжірибесін екінші ұрпаққа жеткізу ғылымы деп
түсіндіруге де болады.
Педагогика – сондай-ақ, қоғам мүшесін қалай тәрбиелеу қажет, қалайша оны рухани бай, шығармашыл белсенді, өмірінен толық қанағат тауып, табиғат және қоғаммен үйлесімді жасауға үйрету қажеттігі жөніндегі ғылым.
Педагогика кейде ғылым ретінде де, өнер ретінде де қарастырылып жүр. Тәрбие жөнінде әңгіме болғанда, оны екі қырынан - теориялық және тәжірибелік тұрғысынан таныған жөн. Тәрбиенің теориялық бағыты ғылыми -педагогикалық зерттеулер аймағында шешімін тауып жатса, оны ғылым ретінде қабылдап, тәрбие мәселелеріне бағышталған теориялық және әдістемелік пайымдар жиынтығы деп қарастырған жөн.
Тәжрибелік тәрбие іс-әрекеттері басқаша түсінімге ие. Мұндай іс-әркеттерді орындауда педагогтан қажетті тәрбие-тіләмдік ептіліктер мен дағдыларды меңгеру талап етіледі. Дегенмен, меңгерілген ептіліктер мен дағдылар әрқилы деңгейде жетіліп, педагогикалық өнер дәрежесіне дейін көтерілуі мүмкін.
Педагогика пәні адамның тұлғалық қалыптасуы мен дамуының мән-мағынасын зерттеп, осының негізінде арнайы ұйымдастырылған педагогикалық үдіріске арқау болатын тәрбие және тәлім теориясы мен әдістемесін нақтылайды.
Педагогика келесі оқу-үйретім, тәрбие мәселелерімен шұғылданады:
• тұлғаның дамуы және қалыптасуының мәні мен заңдылықтарын зерттеп, олардың тәрбиеге, тәлімге болған ықпалын анықтау;
• тәрбие, тәлім мақсаттарын айқындап, белгілеу;
• тәрбие, тәлім мазмұнын нақтылыққа келтіру;
• тәрбие, тәлім әдістерін зерттеу, олардың жаңа жобаларын табу және жетілдіріп бару.
Достарыңызбен бөлісу: |