12-апта
МОӨЖ мазмұны:
Ғ.Мұсабаев, Р.Барлыбаевтың семасиологияға қатысты пікірлері.
Семасиология термині тек кеңестік тіл білімінде 20-ғасырдың сексенінші жылдарына дейін қолданылып, 90-ншы жылдары жаппай қолданыстан шыға бастайды. Мәселен, кеңес дәуіріндегі бұл терминнің қолданылуы жайында Ғ.Мұсабаев: «Совет тіл білімінде кейінгі кезде семасиология делініп жүр. Өйткені марризм тұсында аталған семантика деген атауға асыра сілтеушілік байланысты болды. Бұл – бір. Екіншіден, семантика деген атау бұрынғы терминдік мәнін жоғалтып, мағына деген сөздің синонимі болып барады. Сондай-ақ, бұл термин шет елдерде, әсіресе, капиталистік елдерде, идеалистік ағымдағы логикалық позитивизмнің бір саласының аты болып жүр», – деп жазған еді. Кеңес Одағы ыдыраған кезеңнен бастап, семасиология ономасиологияға қарама-қарсы дара сөздердің мағынасын зерттейтін ғылымның аты ретінде қабылданып, екеуі де семантиканың бір құрамдас бөліктеріне айналды. Ал семантика атауы кеңейіп, жалпы алғандағы әртүрлі мағыналар мен мәндерді зерттейтін ғылымдардың атауы ретінде жалпы ғылымға белгілі болды. Семантика атауының бұрын кең орын алмау себебі, кеңестік дәуірдегі батысқа деген қатаң идеологияға байланысты болса керек, сондықтан тек жиырмасыншы ғасырдың 80-нші, 90-ншы жылдары ғана орыс, қазақ тіл білімдерінде семантика термині қолданысқа ие болды. Мәселен, К.А.Левковская бұл туралы: «Кеңестік және неміс тіл білімінде семантика емес, семасиология терминін таңдайды, себебі бұл термин ғылым атауын дәл береді», – деп жазған болатын [12]. В.А. Звегинцев тілдің семасиологиялық деңгейінің негізгі бірлігі ретінде моносема терминін енгізіп, оны әлеуетті сөзтіркестік үлгі ретінде анықтап, семантика-синтаксистік құрама деп атайды. Дегенмен, бүгінде семантика термині кең қолданысқа ие болды деп кәміл айта аламыз. Мысалы, Ю.Д.Апресян. Лексикалық семантика; Л.А. Новиков. Орыс тілінің семантикасы; М.Оразов. Қазақ тілінің семантикасы; М.А.Кронгауз. Семантика т.т. Енді семантика ғылымының таралу шеңбері, сондай-ақ, басқа ғылым салаларымен байланыстарына келейік, яғни философия, логика, семиотика, психология т.т.
Р. Барлыбаев Р. Қазақ тілінде сөз мағынасының кеңеюі мен тарылуы
Сөз мағынасының кеңеюі.Сананың дамуына байланысты ұғым өрісі де ұлғаяды. Бұл процесс сөз мағынасының дамуына әсер етеді. Мағынаның нақтылықтан дерексіздікке, жалқылықтан жалпылыққа ауысуы сөз мағынасының кеңеюі деп аталады.Яғни сөз мағынасының кеңеюі деп сөздің тұлғасын өзгертпей-ақ, бұрынғы мағынасының үстіне жаңа қосымша мағыналарға ие болуын айтамыз.
Сөз мағынасының кеңею жолдары әр түрлі:
1. Бұрынғы мағыналарын сақтай отырып, мағыналарының кеңеюі. Қазақ халқында мал сойып, оны мүшелеп, қонақтарды сыйлау дәстүрі болған. Біздің заманымызда осы негізгі мағынаның үстіне жаңа мағына қосылды. Мысалы, комиссия мүшелері, үйірме мүшелері. Т.б. Тілімізде бұрынғы мағынасынан гөрі соңғы мағынасы көбірек пайдаланылады. Күрес, қуат, қозғалыс, топ, кеңес т.б. сөздер осы тәсілмен пайда болған.
2. Жіктелу, сұрыпталу арқылы сөз мағынасының кеңеюі. Бұрын алып сөзі «батыр, қаһарман» мағынасында қолданылса, қазір «үлкен, зор» деген мағынада жұмсалады. Сол сияқты үлгі, өнеге, оқиға, қайраткер, еңбекші сөздері де мағыналық сұрыптауға ұшыраған.
3. Туынды түбірдің мағынасының кеңеюі. Қазақ тілінде туынды сөздер бұрын тар, қарапайым мағынада ғана қолданылатын. Өркениеттің өсуіне сәйкес олар қазір мағынасын кеңейтіп, қолданылу аясын ұлғайтты. Мысалы, құрылыс сөзі ілгеріде «адамның құрылысы, үй құрылысы» сияқты тіркестерде ғана жұмсалса, қазір атом құрылысы, қоғамдық құрылыс сияқты тың, соны тіркестерде пайдаланыла береді. Өндіріс, ағым, ұйым, байланыс, қатынас сияқты толып жатқан туынды сөздер бұрынғы мағынасын кеңейтті. Жаңа ұғымды көрсетуге байланысты тілімізде бірсыпыра жұрнақтардың қызметі, тіркесу қаблеті де артты.
4. Сөз мағынасының бір жағынан тарылып, екінші жағынан кеңеюі. Тілімізде кейбір сөздердің бұрынғы қарапайым, тар мағыналары қолданудан шығып қалса да, олар жаңа жағдайға байланысты жаңа мағына алып, өрісін ұлғайтуда. Мысалы, құн сөзінің бұрынғы мағынасы (құн алу) қазіргі өмірге қажеті болмағандықтан қолданылмайды. Заттың, тауардың «бағасы, құны» ретіндегі жаңа мағынасы арнаулы термин болып, әдеби тілге сіңіп кетті. Сол сияқты сайыс сөзінің де ескі салтқа байланысты мағынасы ұмытылған. Бұл сөз әсіресе спортқа байланысты жаңа ұғымға ие болған. Шымылдық, парыз, желі, дәулет сияқты сөздердің бұрынғы мағыналары тарылып, кеңейген мағынада қолданылып жүргенін байқаймыз.
5. Сөздердің тіркесу арқылы мағынасының кеңеюі. Тіркес арқылы сөз мағынасының кеңеюін екі топқа бөлуге болады: 1. байырғы сөздердің тіркесі, 2. аралас тіркес. Демалыс үйлері, балалар бақшасы, жарыс сөз, қоғам дәулеті, тұрғын үй, қол еңбегі, ұдайы өндіріс, дене тәрбиесі сияқты тіркестер байырғы сөздердің есебінен жасалса, бас инженер, бас агроном, бас бухгалтер, аға зоотехник, аға инженер, тахникамен жарақтану сияқты тіркестер кірме сөздердің араласуы арқылы жасалып тұр.
Сөз мағынасының тарылуы. Бұл сөз мағынасының кеңеюіне қарама-қарсы құбылыс. Ұғымның дәлденіп жіктелуіне байланысты мағынаның дерексіздіктен нақтылыққа, жалпылықтан жалқылыққа ауысуы сөз мағынасының тарылуы деп аталады.Яғни, тарихи, қоғамдық, әлеуметтік т.б. жағдайларға байланысты сөздің кейбір мағынасының қолданыстан шығып қалуын білдіреді. Сөз мағынасының тарылу жолдары төмендегідей:
1. Сөз мағынасының дәстүрлі тілдік жолдармен тарылуы. Сөз мағынасы тарылғанда кейде кең ұғымды білдіретін сөздер тар ұғымды білдірсе, кейде сөздің жекелеген мағыналары ұмытылады. Мысалы, жылқы бұрын жалпы мал мағынасында, тары- астық мағынасында, киік-барлық жабайы аң мағынасында қолданылған.
2. Сөз мағынасынң тарыла келе, көмекшіге айналуы. Қазақ тілінде алды, арты, асты, үсті, қасы, маңы, арасы, тұсы, іші, бойы сияқты көмекші есімдер бар. Бұлар тілімізде көпшілік жағдайда дербес мағыналы сөздердің жетегінде ғана жұмсалады. Бұлардың барлығы да зерттеушілердің пікіріне қарағанда, ілгері заманда толық мағыналы сөздер болған. Мағыналары бірте-бірте тарылып, көмекші элементке айналып кеткен.
3. Мағынаның толық тарылуы нәтижесінде сөздің қосымшаға айналуы. Жұрнақтар мен жалғаулар тарихи жағынан алып қарағанда, ертеректе дербес мағыналы сөздер болған. Бірақ кейбір қосымшалардың төркінін табу қиын, өйткені олардың алғашқы негізі туралы ешқандай із қалмаған. Дегенмен –мен, (-пен, -бен) көмектес септігінің бирлан шылауынан, -тын, (-тін) жұрнағының тұрған есімшесінен, -ша жұрнағының шақ сөзінен шыққандығын түркологтар дәлелдеп отыр. Бұлар мағынаның толық тарылғандығына мысал бола алады
Барлыбаев Р. Қазақ тілінде сөз мағынасының кеңеюі мен тарылуы. –А., 1968).
2. Орыс семантикасы мектептерінің қазақ семантикасының дамуына тигізген әсері.
«Семантика» термині, алдымен, логика және философия ғылымдарынан тіл біліміне ауысқан себепті екі мәнде қолданыла береді. Біріншіден, «семантика» сөзі тіл білімі термині болса, екіншіден, логика термині болады. Логиктер «семантика» терминін семиотикадағы мәнде түсінеді де, оны хабар беру қызметі, яғни синтаксиспен байланысты қарастырады. Осыдан келіп, семантика логика мен лингвистикада зерттеледі. Бұлай болуының басты себебі, «мағына, мән» терминдерінің қолданылуында жатыр. «Мән» логикалық термин болғанымен, тіл білімінде, ал «мағына» лингвистикалық термин болса да логикада қолданылады. Міне, осындай объективтік себептерге байланысты, семантика ғылымының шартты түрде екі концепциясы шығады: семантиканың тар концепциясы және кең концепциясы. Бұлардың әрқайсысы семантиканың зерттеу нысаны бола алады, сондықтан семантика екі жақты ғылым деп ұғынсақ қате болмайды. Семантиканың тар тұжырымдамасының (концепция) зерттеу нысаны – тіл бірліктері, олардың көрінуі болса, кең концепциясының зерттеу нысаны – осы бірліктердің нақты қолданыс кезіндегі мәні болады. Бұлар бірлесе келе семантиканың зерттеу нысаны болады. И.М.Кобозева: «Мағына мен мән – мазмұнның екі жағы (ипостасы), сондықтан бір контексте бұл сөздер таңбалайтын әртүрлі ақпарат түрін анықтау үшін сол контекске талдау жүргізу қажет», – деп дәл анықтайды [18]. Мазмұн кең категория болғандықтан көптеген ғылымдардың бірлігі ретінде қаралады. «Мән» мәселесі логикадан семантикаға тарап кеңігенде семантиканың пән ретінде зерттейтін ауқымы үлкейіп, оған тілдің барлық салаларының бірліктері ене бастады.
Бүгінде шетел, орыс тіл білімінде фонетика, морфология, синтаксис, сөзжасам ғылымдарының бірліктерінің мәндері семантика ғылымында зерттеле бастады. (Орыс тіл білімінде, мәселен, мынадай зерттеулер жарық көрді: А.П.Журавлев. Фонетикалық мағына. С.В.Воронин. Фоносемантика негіздері. Н.Д.Арутюнова. Сөйлем және оның мәні. И.М.Богуславский. Л.М. Васильев. Орыс етістігінің семантикасы). А.Е.Кибрик семантика шекарасы туралы: «Семантика аумағына сөйлеу кезіндегі сөйлеушінің ойындағы барлық ақпарат пен сол сөйленген сөздегі ақпаратты дұрыс түсіну үшін тыңдаушының қалпына келтіру қажеттігі енеді», – деп жазған болатын [19]. Осы тұрғыдан келгенде, семантика философия, логика, семиотика, психология, теология, прагмастилистика, лингвомәдениеттану, мәтін лингвистикасы, когнитивті лингвистика, контрастивті лингвистика, әлеуметтік лингвистика, нейрофизиология т.т. ғылымдармен тығыз байланысты болады. Осы ғылымдармен өзара бірлестікте зерттеу жүргізілгенде семантика ғылымы бірқатар жаңалықтар ашып, ерен нәтижелерге қол жеткізуі әбден мүмкін. Алайда күні бүгінге дейін семантика мәселелерінің басқа шектес ғылымдармен тығыз бірлестікте зерттеліп, бірге қарастырылған ірі, көлемді еңбектер тіпті, дамыған шетел, орыс тіл білімінде кездеспейді. Сол себепті, бұл мәселелерді қазақ тіл білімінде өзге пәндермен бірлесе зерттеу, келешекте қолға алар ірі жобалардың бірі деп білеміз.
Белгілі ағылшын философы және ойшылы У. Куайн логикалық тұрғыдан семантикалық зерттеулер мен семантикалық мектептердегі талдаулардың негізінде семантиканы қуатты (сыртқы) және әлсіз (ішкі) деп шартты түрде екіге жіктейді. Қуатты семантикаға логикалық семантика, яғни тілдердің мәнін, көріну түрлерін ғаламның тілдік бейнесі не әлем моделі тұрғысынан түсіндіретін ғылым жатады. Бұл ғылым өкілдеріне орыс семантикасы өкілдері шетел логиктері У.Куайн, Д.Дэвидсон, С.Крипке, П.Стросон, З.Вендлер, Г.Грайс т.т. ойшылдарды жатқызады. «Қуатты» семантиканың ең ықпалды мектебі – американ ойшылы Ричард Монтегю ойларына негізделген формалды семантика. Формалды семантиканың басты зерттеу нысаны – логикадағы шын мен жалғандық категорияларының әлем моделіне қатысты сөйлемдердің мағынасының шын не жалған тұрғысынан бағалануы. Формалды семантика шетелде, И.М.Кобозеваның көрсетуінше, АҚШ, Германия, Нидерланды мемлекеттерінде орналасқан, ал Ресейде Е.В.Падучева, Н.Д.Арутюнова, Т.В.Булыгина сияқты зерттеушілер мен олардың шәкірттерінің еңбектері «қуатты» семантикаға жатады. М.А.Кронгауз «қуатты» семантикаға Дж.Барвайстің еңбектерінде алғаш зерттелген ситуациялық семантиканы жатқызады. Бұл ағымда тілдік бірліктердің мағыналарын тек контекстен ғана емес, сөйлесу жүріп жатқан ситуацияға (жағдай) қатысты деп зерттеу жүзеге асады. «Қуатты» семантикаға қарсы семантика саласы – жалпы семантика деген атқа ие болды. М.А.Кронгауз жалпы семантиканың басталуын 1933 жылы американ ғалымы А.Кожибскийдің тұңғыш еңбегінің шығуынан бастайды және бұған А.Рапопорт, С.Хаякава, С.Чейз сияқты және т.б. зерттеушілерді қосады [8, 43]. А.Кожибский ұлы орыс ғалымы И.П.Павловтың шартты рефлекстері туралы ілімін дамыта келіп, «қуатты» семантика өкілдері ұсынған ғаламның тілдік бейнесі сол ғалам бейнесін бұзып, тіпті, ауыстыратынын байқайды. Оның ойынша, шын объективтілікке жету үшін қоршаған заттарды тек саусақпен нұқу қажет, сөйлеуге болмайды, сөзбен жарыққа шыққан ой жалғандық категориясы не оның жартысы болады.
Әлсіз семантика тілдік бірліктердің мағынасын әлем моделін сипаттайтын категория емес, адам санасындағы ойлар бірліктерінің мағынасы деп ұғынып, тіл аумағынан шықпай, қарастырады. Бұл ағым, негізінен, тілшілердің еңбектерінде орын алған. Әлсіз семантикада тілдік мағыналар – әлем туралы үзіктер емес, керісінше, олардың адам санасында бейнелеу әдісі, яғни санадағы бейне. Бұл семантика бұрыннан семасиология аясында сөз болған мәселелерді бүгінгі дамыған ғылым тұрғысынан, сонымен қатар, әртүрлі ғылымдар тоғысында зерттейді. Соның бірі – мағынаны ойлаудың бірлігі ретінде зерттейтін когнитивті семантика. Семантиканың бұл түрі АҚШ-нда Дж.Лакофф, Ч.Филлмор, М.Джонсон, Р.Лангакер, Л.Талми, Р.Джекендофф т.т. ғалымдардың еңбектерінен басталып, басқа мемлекеттерде өз ізбасарларын тапты. Мысалы, Ресейде Р.М.Фрумкина, Е.С.Кубрякова, Е.В.Рахилина, А.Н.Баранов, И.А.Стернин, З.Д.Попова, т.т. ғалымдардың мектептерін атауға болады. Когнитивті семантиканың маңызды сұрақтарына И.А.Стернин, Н.Ф.Алиференко т.т. ғалымдар концепт пен мағына, концепт пен сөздің ішкі формасы, тілдік бейне мен концепт, концепт пен тілдік сана, сөз және концепт синергетикасы, концепт және таным, ойлау т.т. жатқызады.
Когнитивті семантикада мағына жеке адамның психологиялық аспектісімен бірлесе зерттеледі. Осыған орай, әлсіз семантикаға мағынаның тілдік категория ретінде психологиялық ерекшелігін ашу сияқты мәселелер енеді. Сол себептен, дәстүрлі семантиканың біраз сұрақтары психолингвистика ғылымымен байланыста қарастырылып, осының негізінде психосемантика ғылымы пайда болып, қалыптасуда.
Сөздің тілдік мағынасын, оның ішінде, лексикалық мағынасын, оның тілдегі көрінуі, актуалдануы, құбылуы ерекшеліктерін басқа тілдермен салғастырмалы түрде зерттейтін трансляциялық семантика түрі де «әлсіз» семантика аясына кіреді. Лингвистикалық семантика, оның ішінде, тілдегі лексикалық мағынаны семантикалық теория бойынша, компонентті талдау әдісі арқылы зерттеуді Дж.Катц, Дж.Фодор, Э.Бендикс, Ю.Найда, М.Бирвиш, А.Вежбицкая сияқты көрнекті зерттеушілер бастап, әрі қарай дамытты. Бұл теорияны Ресейде Мәскеу семантикалық мектебі атына ие болған семасиологтар Ю.Д.Апресян, И.А.Мельчук, А.К.Жолковский, Н.Н.Леонтьева т.т. сықылды ғалымдар дамытып, семантикалық зерттеулерді «Мән – Мәтін» үлгісі бойынша зерттеуді және семантикалық тіл бойынша зерттеуді ұсынды. Айта кету керек, бұл зерттеулер бойынша Ресей ғалымдары есімдері әлемдік семантикаға аян болды. Семантиканың шығу, қайнар көздері туралы пайымдаулар барлық зерттеушілерде деңгейлес болып келеді.
Н.Ф.Алиференко семантиканың басты көздерін: «Семантика үш негізге сүйенеді, ойлау мен сөйлеуден тұратын тілдің үш бірлестігі мыналар деп көрсетеді: қоршаған шындық дүние, адам (индивид) миы және тіл. Осының негізінде тілдің үш құрамдас бірлігі шығады: (тіл жүйесі – сөйлеу – сөйлеу қызметі). Бұдан тілге ауысып шығатын үш шексіздікті кеңітіп, таратсақ, бірінші, денотаттар тұрады (шындық болмыстың өкілдері); екінші, адам миы көріністерінің бөліктері: ойлау, сана, таным; үшінші, тіл бірліктері (сөздер)», – деп анықтайды [20, 28]. Міне, осылардан бастау алып, осы мәселелерді зерттеуге байланысты семантика әртүрлі жеке ғылым салаларына бөлінеді. Осы ғылым салаларының ішінде тіл мәні – лингвистикалық семантика ғылымының басты зерттеу нысаны. Л.А.Новиков «Семантика – мағыналар туралы ілім» деп анықтайды да, оның басты саласы лексикалық семантиканың басты екі аспектісін көрсетеді: семасиология (лексикалық мағынаны таңба – мағына бағыты бойынша зерттейтін семантика аспектісі) және ономасиология (лексикалық мағынаны мағына – таңба бағыты бойынша зерттейтін семантика аспектісі) [21]. Ал белгілі ғалым М.А.Кронгауз семантика ғылымының зерттеу нысанын былай деп анықтайды: «Семантика – тілдің тұтас мазмұнын, әртүрлі тілдік бірліктердің мағыналары мен олардың тіл мен сөйлеуде атқаратын қызметін зерттейтін ғылым» [3]. В.А.Звегинцев семантиканы ертегідегі «Золушкаға» теңейді: «Тіл туралы ғылымдардың түкпірінде жүрген семантика – «Золушкадан», бүгінде барлық лингвистер құрмет белгісін көрсетіп жүретін әміршіл, сұлу ханшайымға айналды» [6].
Лингвистикалық семантика даму барысында мынадай бөлімдерге бөлінеді:
а) лексикалық семантика;
б) сөйлем және сөйлеу не сөйленіс семантикасы;
в) грамматикалық семантика;
г) мәтін семантикасы;
д) когнитивті семантика;
е) стилистикалық семантика;
ж) аспектуалды семантика.
Бұл бөлімдер лингвистикалық семантиканың құрамдас мәселелерін егжей-тегжейлі зерттейді.
Достарыңызбен бөлісу: |