Еліктеуіш сөздердің синтаксистік қызметі Еліктеуіш сөздердің синтаксистік қызметін сөз еткенде, екі түрлі мәселе баяндалуға тиісті: оның бірі – еліктеу сөздердің өздерінен басқа қандай сөздермен тіркесетіні, екіншісі – еліктеу сөздердің сөйлемде қандай мүше болып қызмет атқаратыны. Ал бұл екі мәселе жайында айтылатын қағидалар мынадай:
1. Еліктеуіш сөздің жалаң түрі мен күрделі (қосарланған) түрінің қай-қайсысы болса да өздеріне тән атау формада тұрғанда бірең-сараң жағдайда ғана болмаса, тек етістіктермен тікелей тіркеседі. Бірақ еліктеу сөздер кез келген етістікпен тіркеспейді, оларды таңдап тіркеседі.Мысалы: Қорыққаннан ба, тоңғаннан ба урядниктің иегі иегіне сақ-сақ етті.
2. Еліктеу сөздер толық мағыналы дербес етістіктердің бәрімен де бірдей тіркесе бермейді.Мысалы: Абай селк етіп жалт қарады.
3. Еліктеу сөздердің сөйлемде қандай мүше қызметін атқаруы олардың өздерінен басқа қандай сөздерге тіркесуімен байланысты.Мысалы: Шаң-шұң дауыс шықты. Сарт-сұрт төбелес басталды.Берілген сөйлемдерде анықтауыш қызметін атқарып тұр.
Дербес мағыналы негізгі етістіктермен тіркескенде, еліктеу сөздер қимыл мен іс-әрекеттің сын-сипатын білдіреді де, әрқашан пысықтауыш мүше болады. Мысалы: Атшы жігіт мырс-мырс күледі.
Еліктеуіш сөздер заттанып, есім формаларында жұмсалуы мүмкін.Аспандағы жарқ-жұрықтан үрейі ұшты.
Бақылау сұрақтары:
1.Еліктеу сөздердің сөз табы ретінде қалыптасуы.
2.Еліктеуіш және бейнелеуіш сөздер.
3. Жалаң және күрделі еліктеуіштер.
4.Еліктеу сөздердің қызметі.
Пайдаланылатын әдебиеттер:
1. Ысқақов А.. Қазіргі қазақ тілі. -Алматы 1991 жыл.
2. Маманов Ы.Қазіргі қазақ тілі. -Алматы 1966 жыл
3. Қазақ тілі грамматикасы. -Алматы 1967 жыл.1 том.
4. Қазақ грамматикасы.-Астана.2002.
5. Сарыбаев Ш. Қазақ тіліндегі еліктеуіш сөздер. –Алматы, 1960.
6. Катембаева Б. Еліктеуіш сөздерді оқыту.- Алматы.1973.
7. Сыздыкова Г. Қазіргі қазақ тілі морфологиясы. –Алматы, 2012