Мұрын қуысының


Мұрынның қосалқы қойнаулары



бет3/5
Дата28.05.2023
өлшемі77,57 Kb.
#177841
1   2   3   4   5
Байланысты:
Ì?ðûí ?óûñûíû?

Мұрынның қосалқы қойнаулары.
Мұрынның қосалқы қойнаулары мұрын қуысының айналасында орналасқан және онымен тек жіңішке тесіктер арқылы байланысады. Барлық қойнаулар жұп болып келеді және бұлар мұрын қуысынан сүйекті пластинкалар арқылы бөлініп тұрады. Ауамен қамтамасыз ететін қосалқы қойнаулар-жоғарғы жақ, маңдай, торлы және сына тәрізді сүйектердің қалың ішінде (денесінде) орналасқан. Ауамен қамтамасыз ететін төрт жұп қойнаулар бар: жоғарғы жақ, торлы лабиринттің жасушалары, маңдай және негізгі (сына тәрізді). Олар жыбырлағыш эпителилері бар жұқа сілемейлі қабықпен қапталған, сілемейлі бездері жоққа тән және тамырлармен өте аз жабдықталған. Клиникалық тұрғыдан алдыңғы қосалқы қойнаулар (жоғарғы жақ, маңдай, торлы сүйектің алдыңғы және артқы жасушалары) және артқы қосалқы қойнаулар (негізгі және торлы сүйектің артқы жасушалары) деп бөледі. Бұндай бөлудің қолайлы болу себебі алдыңғы қойнаулар зақымдалу спецификасының артқы қойнаулар зақымдалуынан әжептәуір айырмашылығы бар. Өйткені алдыңғы қосалқы қойнаулардың мұрын қуысымен қатынасуы мұрынның ортаңғы жолы, ал артқы қосалқы қойнаулар мұрынның жоғарғы жолы арқылы жүзеге асады. Сол сияқты бұның диагностикалық маңызы бар, себебі алдыңғы қойнаулармен салыстырғанда артқы қосалқы қойнау аурулары сирек кездеседі, әсіресе сына тәрізді қойнаудың.
Жоғарғы жақ (гаймор) қойнауы.
Жоғарғы жақсүйектің қойнауы жұп болып келеді және олар жоғарғы жақсүйектердің денесінде орналасқан. Бұлар ең үлкен қойнаулар – әрқайсының орташа көлемі 10,5-17,7см³ тең. Қойнаудың алдыңғы және артқы, жоғарғы және төменгі, сол сияқты медиалды қабырғалары деп бөледі.
Алдыңғы немесе беттік қабырғасының сыртында шұңқырлау жер бар – ит шұңқыры (fossa canina) және оны ұрттың жұмсақ тіндері жауып тұрады, fossa canina үстінен сүйектен бірден n.infraorbitalis шығады. Ит шұңқырының тереңдігі әртүрлі болуы мүмкін (орташа 9-12мм дейін), егер шұңқыр терең болса, онда қойнаудың алдыңғы және жоғарғы қабырғалары қойнаудың медиалды қабырғасына тым жақын болады. Бұндай жағдайда қойнауға мұрынның төменгі жолы арқылы пункция жасау кезінде ине дәрігерге білінбей алдыңғы немесе жоғарғы қабырғасы арқылы көзге немесе ұрттың жұмсақ тініне кіріп кетіп, іріңді асқынуларға әкелуі мүмкін. Тәртіп бойынша, радикалды операция кезінде қойнауды ит шұңқыры арқылы ашады, өйткені бұл қабырға анағұрлым жұқа, сол сияқты осы жерден қойнауға оның қандай көлемі және конфигурациясы болсада баруға болады.
Қойнаудың медиалды (мұрынды) қабырғасы сүйекті, тек оның жоғарғы бөлігінде сүйектің болмауы мүмкін, онда бұл жерде ол тек сілемейлі қабықтың қосқаттамы (екі сілемейлі қабаттың қосындысы) болып табылады. Медиалды қабырға мұрынның төменгі және ортаңғы жолдарына сәйкес келеді. Оның алдыңғы бөлігінде көзжас-мұрын каналы өтеді, ал жоғарғы бөлігінде яғни мұрынның ортаңғы жолында көз шұңқыры жиегінің астында қойнаудың мұрын қуысына ашылатын тесігі бар. Ол кейде жай тесік емес, ал ұзындығы 1см дейін канал болады. Қойнаудан шығатын тесіктің – оның жоғарғы бөлігінде орналасуы, ол тесіктің енсіздігі (диаметрі 2-6мм дейін), ал кейбір жағдайда тесік емес каналдың болуы қойнаудан бөліністің сыртқа ағуына қолайсыз жағдай туғызады, сөйтіп бұл жерде қабыну процесінің пайда болуына итермелейді. Қойнаудың медиалды қабырғасы өзінің жоғарғы бөлігінде торлы сүйектің жасушаларымен шектеседі, бұның өзі қабыну процесінің екі бағытта таралуына әкеледі.
Жоғарғы жақсүйек қойнауының жоғарғы қабырғасы біруақытта көз шұңқырының төменгі қабырғасы болып есептеледі, бұл ең жұқа сүйекті қабырға және осы қабырғада көзасты нервісінің
каналы орналасқан. Кейде бұл қабырғада тек сілемейлі қабықпен жабылған дегисценция (туа біткен сүйектегі жарық, яғни сүйек саңылауы) кездеседі. Осыған байланысты операция кезінде бұндай дегисценция арқылы байқаусыз көз шұңқыры ішіндегілерін зақымдап алуға болады. Кейбір кездерде қойнаудың жоғарғы және медиалды қабырға аралығы бір-біріне тым жақын тұрады, бұндай жағдайда қойнауға мұрын жолы арқылы пункция жасау қауіпті, өйткені иненің көз шұңқырына өтіп кету мүмкіндігіне және ондағы іріңді қабынудың пайда болуына байланысты.
Жоғарғы жақсүйектің альвеолалық (ұяшығы) өскіні – қойнаудың түбі немесе төменгі қабырғасы болып табылады, көп жағдайларда үлкендерде қойнаудың түбі мұрынның түбінен төмен болады. Атап айту керек үлкендерде қойнау түбіне барлығынан жақын 2-ші кіші азу тіс және екі бірінші үлкен азу тіс орналасқан, кейбір жағдайда тістер түптерінің ұштары қойнауға кіріп тұрады және тек сілемейлі қабықпен жабылған. Бұның өзі сол тістерден қабыну процесінің қойнауға жиі таралуын түсіндіреді.
Қойнаудың артқы қабырғасы қалың, жоғарғы жақсүйектің тығыз сүйекті төмпешігінен құралған, ол таңдайқанат шұңқырының алдын жабады, онда жоғарғы жақсүйек нервісі, таңдайқанат түйіні, ішкі жақсүйек артериясы, таңдайқанат веноздық өрімі орналасқан.
Торлы сүйектің қойнаулары.
Торлы қойнаулар (торлы лабиринт) торлы сүйектің ауа жүретін (тасығыш) жасушалры болып саналады, бұлар маңдай және сына тәрізді қойнаулардың аралығында орналасқан. Торлы жасушалар сыртынан көз ұясының жұқа қағазды пластинкасымен шектеседі, ал торлы қойнаудың медиалды қабырғасы мұрын қуысының латералды қабырғасының бір бөлігі болып табылады. Торлы жасушалардың (клеткалардың) саны, көлемі және орналасуы әртүрлі болып келеді (бірталай вариацияларға ұшырағыш), орташа олар әр жақтарында 8-10 болады. Торлы қойнаудың үстіңгі қабырғасы әртүрлі ұзындықта бассүйектің алдыңғы шұңқырымен шектеседі. Сонымен қатар жиі вариант болып торлы лабиринттің жасушалары тесік- тесік пластинканың сыртында, оның екі жағында орналасуы: бұл жағдайда бассүйек қуысымен және мұрын қуысы аралығының шекарасы lamina cribrosa және торлы сүйек күмбезі болады. Бұл кезде хирургиялық тұрғыдан айтып ескерту маңызды, lamina cribrosa көбінесе торлы сүйек күмбезінен гөрі төмен оның жанында жатыр. Сондықтан торлы лабиринттің жасушаларын ашу кезінде бассүйек қуысына кіріп кетпес үшін қатал түрде тек латералды бағытты ұстау керек.
Маңдай қойнауы.
Маңдай қойнауы (sinus frontalis) маңдай сүйектің қабыршағында (чешуесінде) болады. Қойнаудың төрт қабырғасы бар: алдыңғы (беттік) – ең қалыңы; артқы (милық) қабырға – мидың маңдай бөлігімен шектеседі; төменгі (көздік) қабырға – ең жұқа қабырға, бұл өзінің үлкенірек бөлігінде біруақытта көз шұңқырының жоғарғы қабырғасы болып есептеледі және аз аралықта торлы сүйектің жасушаларымен және мұрын қуысымен шектеседі; ішкі (қойнау-аралық) қабырға кейде болмауы да мүмкін, бұл қабырға әдетте төменгі бөлігінде ортаңғы сызық бойында тұрады, жоғарғы бөлігінде бір жағына қисаяды. Қойнаудың төменгі қабырғасында қойнау-аралық қабырғаның жанында маңдай-мұрын каналының тесігі бар, бұл каналдың ұзындығы шамамен 1-1,5см болады, бірсыпыра жағдайда қойнау мұрын қуысына каналмен емес, тесікпен ашылады. Әдетте канал мұрынның ортаңғы жолындағы жарты ай тәрізді саңылаудың алдыңғы бөлігіне ашылады. Маңдай қойнауының орташа көлемі 4,7см³ -қа тең, конфигурациясы (пішіні) және көлемі әртүрлі болады. Кейде бір немесе екі қойнауда жоқ болады, бұны диагностикалық тұрғыдан ескеру маңызды.
Сына тәрізді немесе негізгі қойнау.
Сына тәрізді қойнау сына сүйектің денесінде орналасқан. Қойнау далда (ішкі қойнау-аралық қабырға) арқылы көлемі бірдей емес екі жартыға (қойнауға) бөлінген. Әрбір қойнаудың алдыңғы, артқы, үстіңгі, төменгі, сыртқы және ішкі қабырғасы деп ажыратады. Әрбір қойнау (жарты) ең жұқа алдыңғы қабырғаның шығарушы тесігі арқылы мұрынның жоғарғы жолымен жалғасады. Қойнаудың мұрын қуысымен бұндай байланысы, қойнаудан шығатын бөліністің мұрын-жұқыншаққа ағуына себепші болады. Қойнау аралық далда алдына қарай мұрын далдасына жалғасады. Қойнаудың төменгі қабырғасы жарым-жартылай мұрын-жұтқыншақтың күмбезін құрайды. Қойнаудың жоғарғы қабырғасы түрік ершігінің төменгі беті болады, бұл қабырғаның үстінде гипофизден басқа иіс сезу қыртысымен бірге мидың маңдай бөлігі жатады. Артқы қабырға ең қалыңы және шүйде (желке) сүйектің базилярлы бөлігіне өтеді. Негізгі қойнаудың латералды қабырғасы өте жұқа (1-2мм), бұнымен ішкі ұйқы артериясы, үңгірлі қуыс (пещеристі; sinus cavernosus) шектеседі, бұл қабырғаның бойымен көз қимылдатқыш, шығыршықтық (блоковой), кері әкетуші нервтер және үшкіл нервтің бірінші тармағы өтеді (III, IV, V, VI бассүйектің жұп нервтері).
Жаңа туған нәрестелерде тек екі ғана қойнау болады – жоғарғы жақсүйек және торлы лабиринт, ал маңдай және сына тәрізді қойнаулар болмайды, олардың қалыптасуының басталуын 3-4 жасқа жатқызады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет