Мұсағалиева Арайлым Сәбитқызы
тарих ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры
Солтүстік Қазақстандағы "АЛЖИР" әйелдер лагерінің тарихы: тарихнама және мұрағаттық деректер
"АЛЖИР" аббревиатурасымен тарихта қалған Ақмоладағы "Отанын сатқандар" әйелдерінің лагері болатын. 1938 жылы Қарағанды еңбекпен түзеу лагерінің Солтүстік Қазақстандағы №26 нүктесі, Ақмоладағы "Отанын сатқандар" әйелдерінің лагері ашылды. Аталған лагерьде 1937-1938 жылдардағы "халық жауы" атпен қудаланған зиялылар мен мемлекеттік, партиялық қызметте болған адамдардың жұбайлары ұсталынды.
Кеңес өкіметі жылдарында аталмыш тарих мүлдем зерттелмеді. Тіпті, адамдар әйелдер лагерлері бар екенінен хабарлары да болмады. Сондықтан ресми тарихнамада зерттеу жұмыстары мүлдем болмады. Тек қана эмиграцияға кеткен қайраткерлер еңбектерінде алғаш рет тарихи шындық айтыла бастады.
АЛЖИР туралы ақпараттарды белгілі орыс жазушысы А. Солженицыннің еңбегінен алуға болады. «Архипелаг ГУЛАГ» кітабы 1958 жылдан 1967 жылдар аралығында жазылды, ол сталиннен кейінгі кезеңдегі, яғни "жылымық" жылдарының құжаттық әдебиеттік шығармалардың шыңы болып табылады. 1980 жылы Вермонт-Парижде А. Солженыциннің шығармалар жинағы шықты, кейінгі жариялануы да осы мәтін негізінде басылды. Автор кітаптағы тарихты бейнелеу тәсілі мен жанрын «әдеби зерттеу тәжірибесі» деп атады. Жазушы Александр Солженыциннің кеңестік репрессиялар кезіндегі тағдыры Қазақстанмен тікелей байланысты. Ол Жезқазғандағы Далалық ерекше лагердің тұтқыны, Кеңгір көтерілісіне де қатысқан болатын. Лагерь тұтқынының естелік әңгімелері еліміздегі лагерлер жүйесінің тарихы туралы дерек бола алады. Ол өз көргендері арқылы ГУЛАГ жүйесі түрмелері жағдайын ашып көрсетеді. Оның ішінде, әйелдер түрмелеріне де арнайы тоқталып өтеді. Ол еңбегінде әйелдердің лагердегі жан-тебіренісін врач-гинеколог Н.И. Зубовтың сөзін арқылы келтіреді: статистикалық жағынан әйелдерге қамауға алыну ер адамдармен салыстырғанда тез әрі ерекше әсер етеді, себебі ең басты мәселе – отбасын жоғалту болып табылады [1].
Елдегі саяси өзгерістерге байланысты 1980 жылдардың аяғы мен 1990 жылдардың басында отандық тарихшылар саяси репрессиялар тарихын зерттеуге белсене араласты. Мерзімді басылым беттерінде материалдарды жариялау көбейді. Бұрын белгісіз болып келген құжаттарды ғылыми айналымға енгізу үдерісі басталды.
Әрине, алдымен қарағандылық тарихшылар лагерлер тарихын жазуға кірісті. Бұл мәселе түсінікті болатын. Себебі Қазақстандағы еңбекпен түзеу лагерлерінің басым көпшілігі елдің орталығы мен солтүстік өңірлерінде орналасты.
Бірінші кезекте Қарағанды еңбекпен түзеу лагерінің тарихы туралы мақалалар жарық көрді. Зерттеуші В. Диктің мақаласы алғашында «Казахстанская правда» газетінде шығып, үлкен қоғамдық пікір тууына алып келді. Кейін «О чем не говорили» жинағына енгізілді [2]. Автор жеке адамдардан сұрастырып, лагерлер тарихы жайлы жазды. Бұл материал Қарлаг туралы очерк болатын. Осыдан кейін лагерде болған адамдардың естеліктері, құжаттары, хаттары табыла бастады. Аталмыш лагерь тұтқындары Кеңестер Одағының түпкір - түпкірінде өмір сүретін.
1989 жылдары Қарағандыда қазақстандық «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының мүшесі Е. Кузнецованың ұйымдастыруымен «Индустриальная Караганда» газетінде «Мемориал памяти» деген рубрикамен саяси репрессиялар тақырыбы туралы мақалалар жариялана бастады. Осылайша Қарлаг мәселесінің зерттелуі күн тәртібіне қойылды [3].
Осыдан кейін лагерлер тұтқындары естеліктерді үздіксіз жариялай бастады. «Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері» туралы көптеген деректер де адамдар ойлары арқылы айтылады. Себебі лагерде болған әйелдер сол жылдардағы өмірлерін еске түсіру арқылы жазып жүр. Мәселен, Е.Гинзбург «Крутой маршрут», Е.Олицкая «Мои воспоминания», Н. Суровцевая, О. Адамова, Х. Волович, А. Войтоловская мемуарлары, Г.Степанова–Ключникова «Казахстанский АЛЖИР» [4] еңбектерін атауға болады.
Ал қазақ әйелдері туралы деректі материалдарды жарияланған журналист А.Тасымбеков болып табылады [5]. Армиял Тасымбеков мерзімді басылымдарда көптеген мақалалар және «Жан дауысы: АЛЖИР архипелагы» атты еңбегін шығарды. А.Тасымбеков «Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері» түрмесінің әйелдерінің естеліктерін жазды. Олардың ішінде Күләндәм Қожанова, Дәмеш Жүргенова, Бибіжамал Сырғабекова, Мәдина Оразова, Майқұр Сарымолдаева, Сағадат Таштитова, Сақыпжамал Темірбекова, Уәзипа Күленова, Әсимә Шоманова, Баршын Кәлменова, Зұпнүн Нұрмақова, Мәриям Есенгелдина, Күнжамал Майлина, Шәкітай Тәтімова, Елизавета Тухачевская, Азиза Рысқұлова, Сұлуқан Бағызбаева, Әйіш Құлымбетова, Елена Верещагина-Кельмансон, Елизавета Сәдуақасова, Варавара Курачева, Загфи Тналина, Мария Есқараева және т.б. Еңбекте әйелдердің естеліктері бойынша күйеулерінің қалай ұсталғандығы, өздерінің қалай ұсталғандығы, балаларының тағдырлары кеңінен айтылады. Сонымен қатар, түрмелерде болған әйелдердің психологиялық жағдайы суреттелген.
Автор Ақмоладағы «Отанын сатқандар» әйелдері лагерінің тұтқындары және басқа да репрессияға ұшыраған партия - кеңес қызметкерлерінің отбасы мүшелері естеліктерін жинақтау арқылы жеке адамдар өміріндегі большевиктік террордың ізін журналистік ізденістер арқылы ашып береді. Еңбекте тек қана жазаланушылар тағдыры емес, сонымен қатар ІІХК жүйесінде жұмыс жасаған қызметкерлер туралы да ақпараттар бар. Кітаптың басты құндылығы - бұрынғы тұтқындардан соңғы естеліктер алынуында екені даусыз.
Жоғарыда аталған естеліктер мен мемуарлар үлкен дерек көзі болып табылады. Мемуарлар, естеліктерді жеке адамдар жазады, әдеби-көркем шығарма болғанымен, мәліметтер белгілі бір дәрежеде тарихи оқиғаларды ашып береді. Бұл деректердің ерекшелігі ресми құжаттарда көрсетілмеген фактілер анықталады. Сондықтан да олар көптеген қызықты деректерді алуға көмектеседі. Деректер жазып отырған адамның ойын білдіреді, оның ішінде автордың жеке пікірі, саяси көзқарасы мен дүниетанымының кеңдігі әсер етеді.
1990 жылдары Мәскеуде ашылған Андрей Сахаров атындағы музей және қоғамдық орталығы "Воспоминания о ГУЛАГе и их авторы" атты электронды мәліметтер базасын құрастырды. Құрастырушылары Сахаров қоры (АҚШ), Джексон қоры (АҚШ), халықаралық даму бойынша АҚШ агентігі (АҚШ) қолдауымен Андрей Сахаров атындағы музей мен "Мир, прогресс, права человека" қоғамдық орталығы болып табылады [6]. Бұл қорда көптеген Ақмоладағы "Отанын сатқандар" әйелдерінің лагері тұтқындарының көптеген естеліктері бар.
Аталған мәселенің күн тәртібіне қойылуына тоқсаныншы жылдардың ортасындағы өзгерістер игі әсер етті. 1996 жылы 30 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «1997 жылды жалпыұлттық келісім және саяси репрессия құрбандарын есте сақтау жылы деп жариялауы туралы» жарлығы шықты. Бұл саяси репрессиялар тарихын зерттеуге үлкен қызығушылық тудырды.
Осы кезде қарағандылық тарихшы Д.А. Шаймұханов алғаш рет Қарағанды еңбекпен түзеу лагерінің тарихына қатысты деректерді жинақтап, «Қарлаг» деп аталатын кітабын [7] шығарды. Бұл кітапта Орталық Қазақстан өңіріндегі лагерлер тұтқындары тағдыры, ұсталу жағдайы, олардың ауылшаруашылығы мен өндіріс орындарында жұмысқа тартылуы баяндалды. Сонымен қатар, кітапта Ақмоладағы «Отанын сатқандар» әйелдерінің лагері, әскери тұтқындар лагерлері мен ерекше лагерлер қатарындағы Далалық лагерь тарихы анықталады. Сол кезең тұрғысынан қарағанда, еңбек деректік материалдарға толы, талдауларға негізделген болатын.
Сонымен қатар, С.Ділманов пен Е. Кузнецованың «Қарлаг» атты брошюрасы да тақырыпты зерттеудегі бір қадам болып табылды. Авторлар кітабында Қарлаг жүйесі тарихына жалпылама сипаттамалар береді. Сонымен қатар, Қарағандыда да сексенінші жылдардың аяғындағыдай «Индустриальная Караганда» газеті беттерінде көптеген мақалалар жарық көре бастады. Бұрынғыдай емес, бұл кезде мақсат айқындалған, яғни саяси қудалау тек Қарлаг төңірегінде ғана емес, сонымен қатар басқа қырлары анықталды [8].
Ресейде де 1990 жылдардың аяғынан бастап, КСРО-дағы ГУЛАГ (Лагерлер Бас Басқармасы) жүйесі туралы еңбектер көптеп шыға бастады [9]. Әрине, бұл еңбектерде Ақмоладағы "Отанын сатқандар" лагерлер туралы көп деректер болмаса да, кейбір құжаттар кездесетін.
Тоқсаныншы жылдардың соңында саяси репрессиялар тақырыбы ғылыми тұрғыда қаралып, кандидаттық диссертациялар жазыла бастады. Зерттеуші А. Кукушкина диссертациялық жұмысында алғашқылардың бірі болып Лагерлер Бас Басқармасының Ақмоладағы «Отанын сатқандар» әйелдері лагері тарихын жаңа деректерді ғылыми айналымға енгізе отырып, талдады. Автор еңбегінде негізінен Ақмоладағы «Отанын сатқандар» әйелдері лагері құрылуы мен өмір сүруінің ерекшеліктеріне тоқталды. Кеңестік заңдық актілер арқылы лагердің ашылуын анықтайды. Сонымен қатар, тұтқындардың ұсталу жағдайын да беріп өткен. Кейін автор диссертациясын монография ретінде жариялады [10]. Жалпы алғанда, еңбекте Қарағанды облыстық мемлекеттік мұрағаты мен ҚР Бас Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есептер бойынша Комитетінің Қарағанды қаласындағы филиалы мұрағатының сол кездегі қол жетімді деректерін қолданған. Сондықтан да шығар, зерттеуші аталған лагерьде 4 482 тұтқын болды деген қате ақпарат береді [10, 15 б.]. Онда аталған лагерге байланысты көптеген мәселелер талданған, оның ішінде тұтқындардың ұсталу жағдайы және еңбекке пайдалану дәрежесі, балалары туралы мағлұматтар беріледі.
Кейінгі кезде Қазақстандағы еңбекпен түзеу лагерлері туралы зерттеу жұмыстарын шетелдік тарихшылары да жазуда. Оның ішінде, неміс тарихшыларының қызығушылық білдіргенін айта кетуіміз қажет. Олар Қазақстандағы Қарағанды еңбекпен түзеу лагеріне қатысты зерттеулер жасап жүр. Оның ішінде, Бонн университеті зерттеуші ғалымдары Владислав Хеделер мен Мейнхард Штаркты айтуға болады [11].
Алғашында Мейнхард Штарк Лагерлер бас басқармасының әйелдер лагерлері туралы еңбегінде қазақстандық тұтқындар туралы қысқа мәліметтер берсе, Владислав Хеделер 1929-1940 жылдар аралығындағы Қарағанды лагерінің әкімшілігі мен күзет қызметі туралы мақалалар шығарды. Кейінгі жылдарда ғалымдар біртіндеп терең зерттеулерге көшті. Неміс тарихшылары 2007 жылы қарағандылық мұрағаттық құжаттарды қолданып, «Могила в степи. Жизнь в ГУЛАГе. История одного советского ИТЛ. 1930-1959», «Карагандинский ИТЛ. 1930-1959. Документы об истории лагерей, узников и надзирателей» деп аталатын екі кітап шығарды. Еңбектерде 1930-1959 жылдардағы Лагерлер Бас Басқармасының Қарағанды еңбекпен түзеу лагері туралы материалдар сарапталып, талдаулар жасалған. Владислав Хеделер мен Мейнхард Штарк Қарағанды облыстық мұрағатының және ҚР Бас Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есептер бойынша Комитетінің Қарағанды қаласындағы филиалының кейбір құжаттарын ғылыми айналымға енгізген. Тарихшылар Қарлаг мұрағатынан тұтқындардың 800 мың карточкасын, 60 мың жеке істерін, қызметкерлердің 20 мың жеке істерін қараған. Әсіресе, лагерь құрылымы, жұмыс істеу барысы, тұтқындардың азапталуына ерекше мән берілген.
Бүгінгі күні Қазақстан территориясында болған отандастары туралы басқа мемлекет елшіліктері қолдап, еңбектер даярлауда [12]. Мәселен, Қазақстандағы Белорусь Республикасы елшілігінің басшылығымен «Возвращенные из небытия» деп аталатын кітап шығарылды. Онда ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ҚР Бас Прокуратурасынан сұраныс хат арқылы алынған 1931-1958 жылдар аралығындағы саяси репрессияға ұшыраған адамдар тізімі жасалған. Тізімде арнайы қоныс аударушылар да, еңбекпен түзеу лагерлерінде, оның ішінде Қарлаг пен «Отанын сатқандар» әйелдерінің Ақмола лагерінде болғандар да аталып өтеді. Қудаланған адамдар Қазақстанның барлық облыстары бойынша бөлініп-бөлініп беріледі. Отанын сатқандар» әйелдерінің Ақмола лагері тұтқындары бөлек анықталған.
Сонымен қатар, АҚШ - тың Вирджиния штатында Фейрфакс қаласында орналасқан Дж.Мэсон университетінің тарих және өнертану тарихы кафедрасының қызметкері Стивен Барнес Қарлаг тақырыбына байланысты монография шығарды [13].
2003 жылы Мәскеуде "Мемориал" халықаралық қоғамы мен Астана қаласы мен Ақмола облысы заңсыз репрессиялар құрбандары ассиоциациясы бірігіп "Узницы АЛЖИРа" (Список женщин - заключенных Акмолинского и других отделений Карлага) [14] атты еңбек шығарды. Еңбекте Ақмоладағы "Отанын сатқандар" әйелдерінің лагерінде болған әйелдердің тізімі жарияланған. Бұл кітапта 1938-1940 жылдардағы Қарағанды еңбекпен түзеу лагерінің 7259 тұтқындары туралы қысқа анықтамалықтар берілген.
Осы тұста лагерь тарихына өзекті мәселені айтып өту қажет. Ақмоладағы "Отанын сатқандар" әйелдері лагерінде 1938-1953 жылдар аралығында 18 мың әйел тұтқында болған. Әрине, барлығы бір уақытта емес, бірі келіп, бірі басқа лагерьге кетіп жатқын. Жоғарыда айтылған жинақта соның тек қана 8 мыңға жуығы берілген. Сондықтан да тұтқындарды анықтау жұмысы әрі қарай жүргізілуі керек. Астанадағы АЛЖИР саяси репрессиялар музейінің ақпараты бойынша, 2007 жылдан бері лагерь тұтқындарының 50-ден астамы анықталып, "Стена памяти" деп аталатын музей жанындағы қабырғадағы тізімге аттары енгізілген.
Енді аталған тақырыптың деректік негізіне тоқталайық. Ресей мұрағаттық жүйесімен салыстырғанда қазақстандық мекемелерде айырмашылықтар көрінеді. Ресейде кеңестік лагерьлер туралы құжаттар мемлекеттік мұрағатта болса, бізде кеңестік еңбекпен түзеу лагерлері құжаттарының басым бөлігі - ҚР Бас Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есептер бойынша Комитетінің Қарағанды қаласындағы филиалы мұрағатында. Өкінішке орай, КСРО да үшінші орын алған қазақстандық лагерлер жүйесінің көлемді деректік базасы ведомстволық мұрағат еншісінде қалып отыр. Оның үстіне, жаппай саяси репрессияларға қатысты мұрағаттық құжаттарға ғылыми-техникалық өңдеу жүргізілмегендіктен, зерттеушілерге берілмеуде. Бұл материалдарға қызығушылық тек қана қазақстандық тарихшылар тарапынан ғана емес, сонымен қатар шетелдік, қала берсе ресейлік зерттеушілер де қызығушылық білдіріп отыр. Әрине, өз азаматтары Қарлаг тұтқындары болғандықтан, олардың тағдыры туралы білгісі келеді.
Бүгінгі таңда 1929 жылдан 1942 жылға дейінгі кезеңдегі КСРО НКВД ІІМ Қарағанды лагері қамау орындарында болған сотталғандардың 22 768 жеке ісі өңделген. Сонымен қатар, Қазақстанда 1990 жылдардың ортасынан бастап еңбекпен түзеу лагерлері құжаттары құпиясыздандырылған. Ал лагердің басқарушы, ұйымдастырушы құжаттары туралы мәліметтер тәртіпке келтірілмеген. Және де бұл ҚР Бас Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есептер бойынша Комитетінің ведомстволық мұрағаты болғандықтан зерттеушілерге жұмыс істеуге рұқсат шектеулі. Осы себептердің барлығы бүгінгі таңда қазақстандық еңбекпен түзеу лагерлерінің тарихының зерттелуіне кедергі келтіріп отырғанын айтып өтуіміз керек.
ҚР Бас Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есептер бойынша Комитетінің Қарағанды қаласындағы филиалында жүйеленбеген құжаттарды ғылыми- техникалық өңдеуді Қарағанды облыстық мұрағатының қызметкерлері жүзеге асыруда. Сондықтан да, лагерьлер тарихын зерттеу жұмысы 2000 жылдардың ортасынан бастап уақытша тоқтап тұр деп айтуға болады.
Дегенменен, қазақстандық мұрағаттардан Ақмоладағы "Отанын сатқандар" лагерінің тұтқындары туралы жанама деректерді табуға болады. Саяси репрессиядан зардап шеккен адамдардың өздері мен балаларының естеліктерін жинақтап отырған мұрағаттар бар екенін айта кетуіміз қажет.
КСРО саяси репрессиялар құрбандары мен туыстары туралы естеліктер мен мемуарларды жинақтауды ҚР Президентінің мұрағаты жылдар бойы жүргізген. 2001 жылы «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының белсенді мүшелері С.Р. Айтмамбетова, Л.Ф. Варшавский, И.Х. Сүлейменовалар репрессия құрбандары мен туыстарының естеліктерінің аталған мұрағатқа өткізді. Бұл құжаттар негізінде «Страницы трагических судеб» [15] кітабы даярланды және мұрағатта №122-Н - «КСРО - дағы саяси репрессиялар дан зардап шеккендер және құрбандар құжаттары коллекциясы (1988-2006 жж.) деп аталатын қор [16] жасалды.
ҚР Президентінің мұрағаты қорындағы естелік айтушылар ішінде республиканың әртүрлі партия-кеңес саласының қызметкерлері бар. Мәселен, Х. Досмұхамедовтың қызы Қ. Досмұхамедованың, Д. Ермекованың, В. Майжолова-Күленованың, З. Тіналинаның, З. Төреғожиннің баласы М. Баймахановтың, Ғ. Куватовтың баласы Б. Аюхановтың, Т. Рысқұловтың қызы С. Рысқұлованың, І. Жансүгіровтың баласы С. Жансүгіровтың және т.б. естеліктерін кездестіреміз. Естеліктер - кеңестік саяси репрессияның жеке адамдар тағдырында қандай роль атқарғанын анықтап беретін дерек көзі болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда, қазақстандық мұрағаттар ішінде ҚР Президентінің мұрағаты үлкен жұмыс жасағанын айта кету керек.
Қарағанды облыстық мұрағатында №1487 - өлкетанушы Ю. Поповтың қоры жасақталған [17]. Қорда саяси репрессияларға байланысты мерзімді басылым беттерінде жарияланған әртүрлі тақырыптағы мақалаларды кездестіруге болады. Атап айтсақ, 389-істе А. Карпенчуктің «Узники «Совхоза НКВД», Ю. Поповтың «С экскурсоводом по Карлагу», Ә. Абдакимовтің «Нашу дружбу проверило время», Ю. Поповтың «Они были первыми», В. Диктің «Карлаг», Р. Нарешевтің «Такое забыть нельзя», Е. Кузнецованың «Дети геноцида», В. Голышкин, К. Минкинтердің «Назвать всех поименно», А. Горячевтің «Я ничего не забыл...» атты жарияланымдарын көреміз.
Ақмола облыстық мемлекеттік мұрағатында “Отанын сатқандар” әйелдерінің лагерінің тұтқындары туралы мәліметтер беретін №1277 - «30-40 жылдардағы репрессия құрбандары және олардың туыстары туралы құжаттар жиынтығы. Целиноград қаласы. 1991-2000» қор бар. Қор көбінесе мұрағатқа келіп түскен анықтамаларды жинақтау нәтижесінде жүзеге асқан. Бұл материалдар негізінен «Отанын сатқандар әйелдерінің» Ақмола лагері тұтқындарының және әр жылдарда осы өңірге жіберілген арнайы қоныс аударушылардың өздерінің немесе туыстарының сұрау шағымдары мен естеліктері, оларға қайтарылған жауаптары болып табылады. Сондықтан да, құжаттар Ақмола өңіріндегі еңбекпен түзеу лагерлерінің тарихын толық ашып бере алмайды. Әрине, деректік әлеуеті төмен екенін жоққа шығармаймыз, бірақ лагерлердегі адамдардың тағдырын ашып беруде осы сипаттағы құжаттар қажет деп білеміз. Сондықтан да, жергілікті мұрағат тарапынан қабылданған бұл шаралар дер кезінде мәліметтерді жинауға мүмкіндік берді.
Қордың құрылу тарихын көрсетелік. 1991 жылдың 17 маусымдағы шешіміне сай мемлекеттік мұрағат дирекциясының саяси репрессия құрбандары және олардың туыстары туралы құжаттар коллекциясы [18] деп аталатын қор жасала бастады. Олар ресми “Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері” деген атаумен белгілі болған, Р-17 (КСРО ІІМ Қарлагының Ақмола бөлімшесі) еңбекпен түзеу лагерінің кейбір тұтқындары туралы өмірбаяндық анықтамалықтар және сонымен қатар Целиноград облыстық мемлекеттік мұрағатына келіп түскен сұраныстар ретінде хаттар коллекцияны толықтырып тұрды.
Сонымен қатар, Ақмола облыстық мемлекеттік мұрағатынан сұралған облысқа арнайы қоныс аударушылар ретінде жіберілген азаматтарды ақтаумен байланысты мәселелер бойынша жекелеген құжаттар кірді. Тізімдемеде 1992-1993 жылдарда арыздар, репрессияға және депортацияға ұшыраған азаматтар мен олардың отбасы мүшелерінің хаттары енгізілген. «Отанын сатқандар әйелдерінің» Ақмола лагерінің тұтқындары Н.Б. Воронкова, Е.В. Безумова, Г.М. Савчукова, А.А. Косталевскаялардың естеліктері бар. Онда олардың бүкіл өмірі мен лагерде көрген қиыншылықтары түгел тізіліп жазылған. Сонымен бірге, депортацияға ұшыраған отбасылар Молдавиядан келген Кислюктар, поляк Гурчинскилер, Төменгі Волга аймағынан келген Поповтар, Донецкіден келген Лесиктер, Челябі облысынан келген Ремдер туралы анықтамалар мен олардың қалай келгендерін баяндаған хаттары жинақталған. Осындай құжаттарды жинақтап, қор жасау қазақстандық мұрағаттарда сирек кездеседі. Сондықтан да, бұл мәліметтер тақырыпты ашуға өзіндік үлесін қоса алады.
Ақмола қаласының мемлекеттік мұрағаты 1995 жылғы 1 маусымдағы Ақмола облыстық әкімшілігі мұрағат және құжаттама басқармасы бұйрығымен және Ақмола қаласы әкімінің шешімімен құрылды [19]. Кейін Астана қалалық мұрағаты деп аталынды, мекемеге көптеген қорлар Ақмола облыстық мұрағатынан алынды. Саяси репрессияларға қатысты қорлар да басқалар сияқты екі мұрағатқа бөлініп кетті. Бізге Ақмола облысының тарихына байланысты материалдарды зерттеу үшін екі мекемені толық қарауға тура келді.
Бұл лагерь тарихына байланысты Астана қалалық мұрағатында да қор бар. Ол бұрын Ақмола облыстық мемлекеттік мұрағатында №1274, қазір Астана қалалық мұрағатында №370 нөмірмен сақталған М.Т. Юзипенконың жеке қоры (1921-1994 жж.). М.Т. Юзипенко 1940-1941 жылдары Қарлагтың Ақмола бөлімшесінің бастығы, 1941-1943 жылдары аталған лагердің, яғни «Отанын сатқандар» әйелдерінің Ақмола лагерінің бастығының орынбасары болып қызмет еткен [20]. Көріп отырғанымыздай, Қарлагта басшылық жұмыстар атқарған адамның өткізген материалдарын жинақтаған қор. Қорда М.Т. Юзипенконың естеліктері, лагерде болған әйелдермен жазысқан хаттары, редакцияларға, әртүрлі партия - кеңес органдарына, прокуратураға, ІІМ ардагерлер кеңесіне жазған шағым - арыздары жинақталған. Қор авторы естеліктерін 1990, 1991, 1997 жылдары өткізген, жалпы саны 90 - ға жуық іс жасалған. Қордың алғысөзінде М.Т. Юзипенконы «1934 жылдың ақпанынан 1948 жылдың наурызынан дейін Қазақ КСР ІІХК - ІІМ жүйесінде қызмет еткен, оның ішінде, яғни «26 нүкте», «АЛЖИР» деп аталған Қарлагтың Ақмола лагерінің бастығының орынбасары болды» делінген. Басқа түсіндірусіз бергендіктен, оны Ақмола тарихына еңбегі сіңген азаматтардың бірі деп ойлап қалуыңыз да мүмкін.
Қор құжаттарын талдаудан ІІХК-інің қызметкерінің өзін-өзі ақтауы жолындағы соңғы серпінісін байқаймыз. Қайта құру жылдарынан соң мерзімді басылымда жарық көрген журналистердің Қарлаг, АЛЖИР туралы ащы шындықты айтып жазған мақалаларына байланысты М. Юзипенко көп айтысқан. Бірнешеуін көрсетелік. «Казахстанская правда» газетіне шыққан В. Диктің «Карлаг» атты мақаласына байланысты газет редакторы Ф.Игнатьевке, «Ленинская смена» газетіне шыққан В. Комаровтың лагерь тұтқындары Тіналина мен Шубрикованың айтуымен жазылған «Правда Алжира» мақаласына қатысты Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің хатшысы С. Қондыбаевқа, Целиноград облыстық прокуроры В. Варлаковқа, «Труд» газетіне шыққан Е. Головняның «Изменницы» деген интервьюіне және түсірген фильміне байланысты газет редакторы мен М. Горький атындағы киностудияға жазған арыздары бар. Барлық арыздарында ол өзінің кінәсіз екендігін дәлелдеп бағады. Мәселен, В. Диктің «Қарлаг» мақаласына байланысты «Казахстанская правда» газетіне жазған хатында онда өзі мен Бариновтың ғана фамилиясы аталғанына наразылық білдіреді. В. Диктің мақаласына тарихи әділеттілікті көрсете алмады және адамдардың қарым - қатынасын қиындатады деп пікір беріп те қояды. Және де Қарлаг пен ОСӘАЛ тұтқындарының жалданушылар сияқты еркіндікте жүріп жұмыс жасағанын дәлелдеп бағады.
Енді В. Диктің мақаласына тоқталып өтелік. 1988-1989 жылдарда қайта құру мен жариялылықтың арқасында шығып жатқан мақалалардың ішінде аталған автордың жарияланымы ерекше көрініп тұратын. Шындығында, автор алғашқылардың бірі болып, Қарлаг пен АЛЖИР тарихын бұқараға жайып салды. Сонымен қатар, мұрағаттық деректердің, оның ішінде Қарлаг тұтқындары жеке істерін сақталуына байланысты және Спаскідегі атаусыз қалған 15 мың адамның моласына ескерткіш қою туралы өз толғаныстарын білдірген болатын [21].
М. Юзипенконың ақталмақшы болып істеген қарекеттеріне сын - пікірді А. Тасымбековтың «Жан дауысы: АЛЖИР архипелагы» кітабынан алуға болады. Еңбекте «Отанын сатқандар» әйелдерінің Ақмола лагерінде болған тұтқындардың естеліктері мен мемуарлары ішінен аталған лагерь бастығы туралы мәліметтерді кездестіреміз. М. Юзипенконың мұрағатқа өткізген құжаттарында З. Тінәлина туралы біршама айтады. Оны Ақмолада лагерде болған жоқ деген пікірін де білдіреді. А. Тасымбеков З. Тінәлинадан қақтығыстың мән - жайын сұраған. З. Тінәлина төмендегідей жауап берген: «Ойлашы өзің, ол кезде әйелдер лагері бастығының орынбасары болып, бізге тұтқын ретінде қараса, ал ендігі ақталып отырған біздер, мыңдаған аналар оған неге кешірім жасауымыз керек. Уақыт өтті деп кешіріммен қарасақ, қиянатымызды ұмытқанымыз емес пе. Бұл бір де. Екінші, Юзипенко Ұлы Отан соғысына қатысушы ретінде орден - медальдармен наградталып, қолын жылы суға малып отырған қадірменді зейнеткер. Ал біз болсақ, Ұлы Отан соғысы жылдары лагерь тұтқыны болдық. Сонда өзіміз көрген қасіретті өзіміз жасырғанымыз шындықтың тұнба бастауын бітеп тастағанмен бірдей болғаны да. Жоқ, олай болмау керек. Сондықтан Юзипенконың қасірет жылдары істеген ісін қолдай алмаймын, мыңдаған аналардың атынан оның орден, медальмен орынсыз наградталғаны жөнінде жазғаным рас. Юзипенко да қалысқан жоқ. Қорғанып бақты. Мен оны осылай, баспасөз арқылы тұқыртып алдым» [22]. Ал Шубрикованың баласы К. Шубриков та «Әлгі Юзипенко дегеннің сөзіне сене бермеңдер. Зобалаң уақыттың сұрқылтайларының бір сол. Ол «Алжирдің» лагерь бастығының орынбасары болғандықтан өзін - өзі ақтайын деп, бас бостандығынан айрылған аналар өмірін «ұжмақпен» салыстырғысы келеді, нақұрыс. Білемін оны білемін» [22, 82 б.] деп баяндайды.
Ал М. Юзипенко Қарлаг Ақмола бөлімшесінің қалыптасуы туралы жазбаларында «Отанын сатқандар» әйелдері лагерінде соғыс кезінде жағымды жағдайдың қалыптасқанын, әйелдер сегіз сағат жұмыс істеп, балаларымен бірге тұрып, барлық медициналық қызмет көрсету салалары болды деп дәлелдейді. Осы жазбада А. Солженицын туралы мынадай сөздер бар: «Өзі қылмыскер болып табылатын Солженицын кеңес өкіметі мен коммунистік партияға жек көрушілікпен қарайды. Ол өзінің кітабында Қарлагта жексенбі күндерді пайдаланды, онда тұтқындарды соттады және оларға мерзімдерін көбейтіп берді деп жазады. Бұдан өткен ақымақтықты ойлап табуға болмайды» [23]. Лагерлерді былай суреттейді: «Лагерлер репрессиямен ешқашан айналысқан жоқ, олар бір жерлерде репрессияланғандарды алып отырды, олардың міндетіне қалыпты адами, тұрмыстық жағдайды жасау, еңбекте пайдалану және қашып кетпеу үшін күзету кірді» [24]. Ал «Свидетельствую как это было (К истории Карлага)» жазбасында лагерді тіпті одан әрмен керемет етіп көрсетеді: «Қарлагты тұтқындар орны емес, курорт болды деп айта аламын ба? Басқа лагерлермен салыстырғанда – иә!» [25]. Оның қорында тіпті «К воспоминанию о работе в МВД» деген 43 беттен тұратын жазып шыққан еңбегі де бар [26]. Онда Қарағанды еңбекпен түзеу лагерінің шығу тарихы, өзінің әртүрлі лагерлердегі тұтқындармен жұмыс істеу кезіндегі сіңірген еңбегін жан - жақты баяндайды.
М. Юзипенко өзінің лагерь тұтқындары болған әйелдермен хат жазысып тұрғанын тұтқындарға жақсы жағдай жасағандығынан деп түсіндірмек болады. Бірақ хаттардың түпнұсқаларын бермейді, оны ІІМ музейіне тапсырылған деп дәйектейді [27]. Бұл туралы арнайы «Записка о том, как у меня собралось много писем тех женщин, которые были в 1937 году репрессированы и содержались в Акмолинском лагере» жазба қалдырған [28]. А. Тасымбеков былай еске алады: «1990 жылы Малиновка поселкісінде, сталиндік зобалаңда, алжирде қайтыс болған аналарға арнап «Әділет» - «Мемориал» қозғалысының ұйғарымымен және көпшіліктің талап - тілегімен ескерткіш орнатылды. Бұған сондағы Ақмола құс фабрикасының басшылары мұрындық болып, қолдау көрсеткенін атап өткеніміз жөн. Бұрынғы Кеңестер Одағының әр жерінен тірі қалған аналар жиналды» [22]. Осы кездесуге қатысқан сол кездегі Малиновка селосындағы «Алжир лагерінің тарихы» музейінің меңгерушісі Р. Жақсыбаеваның айтуынша, кездесуге тұтқында болған әйелдердің көпшілігі келген. Олар сол жүздесуге қатысқан М. Юзипенконы жек көретіндерін ашық білдірткен. Р. Жақсыбаева оның тұтқын әйелдерден хат алысып тұрғандығын да жоққа шығарады, көптеген құжаттарды М. Юзипенко қолдан жасады деп пікір білдіреді. М. Юзипенконың басшылығында болған лагерь тұтқындары зобалаң жылдары жайлы естеліктерді жариялады. Тарихшылар бүгінгі таңда «Отанын сатқандар» әйелдерінің лагеріндегі соғыс жылдарындағы жан түршігерлік жағдайдың болғанын мұрағаттық деректермен де дәйектеді.
Дегенменен де, осындай жеке адамның өзін ақтауға арналған құжаттарының ешқандай сын-пікірсіз астаналық мемлекеттік мұрағаттың тұтас қорына айналып тұрғаны өкінішті-ақ. Әрине, оның жазған естеліктерінен Қарлагтың жүйеленген тарихы туралы материалдарды ала алатынымызды жоққа шығармаймыз, әсіресе мекеме басшылары, шаруашылық жағдайы мен экономикалық әлеуетіне қатысты мәліметтер кездеседі. Сонымен қатар, қор құжаттарынан сталинизмнің екінші қырын, репрессияны жүргізуші мекеме қызметкерінің толғанысын көреміз. Біздіңше, қордың аты өзгертілуі қажет және арнайы түсіндірме берілуі керек. Жалпы, мұрағат қызметкерлері жеке адамдардың қорларын жасаған кезде отан тарихында қалыптасқан тұжырымдамаларды негізге алғандары жөн деп ойлаймыз.
Қорыта келгенде, Ақмоладағы "Отанын сатқандар" әйелдерінің лагері тарихының тарихнамасы әлі де жаңа деректермен толығары сөзсіз. Негізі 1990 жылдардың аяғында жазылған зерттеу еңбектерін алып қарасақ, көпшілігі Қарағанды облыстық мұрағатының және ҚР Бас Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есептер бойынша Комитетінің Қарағанды қаласындағы филиалында 2000 жылдардың бас кезіне дейін шашырап жатқан, техникалық өңдеуден өтпеген құжаттарды ғылыми айналымға ендірген. Толық, тақырыпты кең түрде аша алатын деректерді ашу болашақтың ісі. Сондықтан да болар, соңғы жылдары аталған тақырыпқа байланысты еңбектер азайып кетті. Ал естеліктер, мемуарларды ғылыми талдаудан өткізіп жазылған еңбектер жоқтың қасы. Бұның барлығы тақырыпқа қатысты жаңа деректерінің анықталып, зерттелуі қажеттілігін анықтайды.
1. Солженыцин А. Архипелаг ГУЛАГ. В 4 т. – Москва: ИНКОМ НВ, 1991. - 432 с.
2. Дик В. Карлаг. История и судьбы // Казахстанская правда. 1989. - №24; Дик В. Карлаг. История и судьбы. О чем не говорили: Докум. рассказы и очерки / Сост. Л.П. Лукина, Е.А. Сатыбалдиев. - Алма-Ата: Жалын, 1990. - С.84-97.
3. Номера судьбы // Индустриальная Караганда. 1989. - 19 января; Ертысбаев Е. Комментарий к комментарию // Индустриальная Караганда. 1989. - 1 апреля; Киселев В. Донос. Случай из жизни // Индустриальная Караганда. 1989. - 14 мая; Е. Кузнецова. Письма из марта // Индустриальная Караганда. 1989. - 25 ноября; Майер К.Так это было…// Индустриальная Караганда. 1989. - 25 ноября; Е. Кузнецова. Заводской переулок, №3 // Индустриальная Караганда. 1989. - 30 ноября.
4. Гинзбург Е. С. Крутой маршрут: Хроника времен культа личности : в 2 т. / обл. С. Тяжелова. - Рига: Курсив: Творч. фотостудия Союза журналистов ЛССР, 1989.; Олицкая Е. Л. Мои воспоминания : в 2 кн. / Обл. Н. И. Николенко. - Frankfurt / Mосква: Посев, 1971., Кн. 2. - 270, II с.; Суровцева Н. В. Колымские воспоминания / биогр. справка Д. Калюжного // Доднесь тяготеет. Вып. 1 : Записки вашей современницы / сост. С. С. Виленский. - Москва: Сов. писатель, 1989. - С. 252-262; Адамова-Слиозберг О. Л. Путь / предисл. Н. Коржавина; худож. Д. С. Мухин. - Москва: Возвращение, 1993. - 254 с.; Волович Х. В. О прошлом // Доднесь тяготеет. Вып. 1: Записки вашей современницы / сост. С. С. Виленский. - Москва: Сов. писатель, 1989. - С. 461-494; Войтоловская А.Л. По следам судьбы моего поколения. - Сыктывкар: Коми кн. изд-во, 1991. - 334 с.; Степанова-Ключникова Г. Е. Казахстанский Алжир / Ассоциация жертв незаконных репрессий. - Москва, с. Малиновка, г. Астана. – 2003. – 64 с.
5. Тасымбеков А. Жан дауысы: АЛЖИР архипелагы. Алматы, 1994.
6. http://www.sakharov-center.ru.
7. Шаймуханов Д.А., Шаймұханова С.Д. Карлаг. - Қарағанды: ГРК ПО «Полиграфия», 1997. - 175 с.
8. Михеева Л. Спецпереселенцы // Индустриальная Караганда. 1998. - 21 января; Григорьева Т. «Баллада о черном солнце» // Индустриальная Караганда. 1998. - 29 января; Михеева Л. Немцы в Карагандинской области // Индустриальная Караганда. 1998. - 3 марта; Чумакова З. Рожденные быть свободными // Индустриальная Караганда. 1998. - 19 марта; Жұмасұлтанов Ә. 30 жылдар қасіреті // Орталық Қазақстан. 1998. - 24 наурыз; Ю. Попов. Караганда и Сарань в жизни Заболоцкого // Индустриальная Караганда. 1998. - 9 июля.
9. Система исправительно-трудовых лагерей в СССР 1923—1960: Справочник / Сост.: М. Б. Смирнов; Редкол.: А. Ю. Даниэль, Л. С. Еремина, Е. Б. Жемкова и др. О-во «Мемориал», Гос. архив РФ — Москва: Звенья, 1998. — 600 с.; Smirnov M., Sigaev S., Škapov D. Il sistema dei luoghi di reclusione in Unione Sovietica. 1929–1960 // Gulag: Il sistema dei lager in URSS / A cura di Marcello Flores e Francesca Gori. — Milano: Ed. Gabriele Mazzotta, 1999 (repr. 2000–2002). — P. 57–84.; ГУЛАГ: Главное управление лагерей. 1918–1960: [Документы] / Сост. А. И. Кокурин, Н. В. Петров; Науч. ред.: В. Н. Шостаковский. — Москва: Фонд «Демократия», 2000. — 888 с.; История сталинского Гулага. Конец 1920-х – первая половина 1950-х годов: Собрание документов в 7 томах / Т. 2. Карательная система: структура и кадры / Отв. ред. и сост. Н. В. Петров; отв. сост. Н.И. Владимирцев. — Москва: РОССПЭН, 2004. — 696 с.
10. Кукушкина А.Р. Акмолинский лагерь жен «изменников родины»: история и судьбы. - Караганда: Болашақ - баспа, 2002. – 184 с.
11. Meinhard Stark. Frauen im Gulag. Alltag und Uberleben. 1936 bis 1956. Hanser: Carl Hanser Verlag, 2003. – 552 s.; Wladislaw Hedeler. Das Beispiel KARLaq. Die Verwaltung eines Besserunqsarbeitlaqer // Stalinscher Terror. 1934-1941. BasisDruck: Verlaq GmbH, 2002. – 371 s.; Wladislaw Hedeler, Meinhard Stark. Das Grab in der Steppe. Leben im GULAG. Die Geschichte eines sowjetischen «Besserunqsarbeitlaqers» 1930-1959. Paderborm: Ferdinand Schoninqh Verlaq, 2007. – 463 s.; Wladislaw Hedeler (Hrsq.) KARLAG. Das Karaqandinsker Besserunqsarbeitlaqer. 1930-1959. Dokumente zur Geschichte des Laqers, seiner Haftlinqe und Bewacher. Paderborm: Ferdinand Schoninqh Verlaq 2007, 363 s.
12. Возвращенные из небытия / Сост. Л.В. Пакуш, В.М. Лившиц. Горки: УП «Конвент», 2004. – 166 с.
13. Steven A. Barnes. Death and Redemption: The Gulaq and the Shapinq of Soviet Society, Princeton University Press, 2010.
14. "Узницы АЛЖИРа" (Список женщин - заключенных Акмолинского и других отделений Карлага). Москва: "Звенья", 2003. - 567 с.
15. Страницы трагических судеб: Сборник воспоминаний жертв политических репрессий в СССР в 1920-1950-е гг. / Сост. Е.М. Грибанова, А.С. Зулкашева, А.Н. Ипмагамбетова и др. – Алматы: Жеті жарғы, 2002. – 448 с.
16. ҚР Президентінің мұрағаты, 122-Н-қор, 1-тізімдеме, 1-іс, 1-2-пп.
17. Қарағанды облыстық мемлекеттік мұрағаты, 1487-қор, 1-тізімдеме, 389-іс.
18. Ақмола облыстық мемлекеттік мұрағаты, 1277-қор, 1-тізімдеме, 1-іс, 1-2-п.
19. Астана қалалық мемлекеттік мұрағаты (әрі қарай - АҚММ), 429-қор, 1-тізімдеме, 1-іс, 1-п.
20. АҚММ, 370-қор, 1-тізімдеме, 50-іс, 1-6-пп.
21. Дик В. Карлаг. История и судьбы // Казахстанская правда. 1989. - №24; Дик В. Карлаг. История и судьбы. О чем не говорили: Докум. Рассказы и очерки / Сост. Л.П. Лукина, Е.А. Сатыбалдиев. - Алма-Ата: Жалын, 1990. - С.84-97., 84-97 бб.
22. Тасымбеков А. Жан дауысы: АЛЖИР архипелагы. Алматы, 1994., 70 б.
23. АҚММ, 370-қор, 1-тізімдеме, 50-іс, 8-п
24. АҚММ, 370-қор, 1-тізімдеме, 50-іс, 9-п.
25. АҚММ, 370-қор, 1-тізімдеме, 51-іс, 13-п.
26. АҚММ, 370-қор, 1-тізімдеме, 49-іс, 1-43-пп.
27. АҚММ, 370-қор, 1-тізімдеме, 70-іс.
28. ҚОММ, 102-қор, 1-тізімдеме, 1-іс, 1-2-пп.
Достарыңызбен бөлісу: |