«Мүсіндеу»
Мақсаты: мектеп жасына дейінгі балалардың мүсіндеу арқылы өзін көрсетуде шығармашылық қабілеттерін қалыптастыру, кеңістіктік ойлауы мен қиялын, сенсорлық және эстетикалық қабылдауын қалыптастыру, қолдың ұсақ моторикасын дамыту.
Міндеттері:
мүсіндеуге арналған түрлі материалдармен жұмыс жасауда қарапайым білімдері мен дағдыларын қалыптастыру;
мүсіндеуге қызығушылығын, шығармашылық қиялын, фантазиясын, бақылағыштығын қалыптастыру;
кеңістіктік түсініктерін қалыптастыру;
заттарды шынайы бейнесіне қарап, елестетіп, ойдан шығарып мүсіндеу дағдыларын дамыту;
мүсіндеудің түрлі техникаларын (конструктивтік, мүсіндік, аралас), мүсіндеуге арналған материалдармен жұмыс тәсілдерін игеру;
мүсіндеу барысында түрлі бейнелерді, олардың сипатының, пішінінің, пропорцияларының, фактураларының, зат қозғалыстарының ерекшеліктерін өздігінен бере білу дағдыларын дамыту;
зат пішіндеріне, олардың кеңістіктегі орналасқан орнына қарапайым талдау жасау дағдыларын дамыту;
эстетикалық талғамды дамыту және бейнеленген образдарға жанашырлық сезімін тәрбиелеу;
қол моторикасын және сенсорлық қабылдауды дамыту;
қазақ халқының ұлттық сәндік-қолданбалы өнер желісін мүсіндеуде қолдану арқылы патриоттық сезімге тәрбиелеу.
«Мүсіндеу» сабағының мазмұны
«Мүсіндеу» сабағының мазмұны оқу бөлімдері бойынша ұйымдастырылған. Оқу бөлімдері әрі қарай жинақталған білім, түсінік және дағдыларды қалыптастыру мақсаттарын көздейтін бөлімшелерден тұрады. Әрбір бөлімше ішінде реттілікпен құрылған оқу мақсаттары педагогқа жұмысын жоспарлауға, балалардың жетістіктерін бағалауға және оларға оқудың келесі кезеңдері туралы ақпарат беруге мүмкіндік береді.
Бөлім
|
Бөлімше
|
Мүсіндеу бағыты
|
1.1 Заттық мүсіндеу
|
1.2 Сюжеттік мүсіндеу
|
1.3 Сәндік мүсіндеу
|
Еңбек гигиенасын, құралдармен жұмыс кезінде қауіпсіздік техникасын сақтау
|
2.1 Мүсіндеуге арналған материалдармен, құралдармен жұмыс
|
2. Оқу мақсаттарының жүйесі
1-бөлім. Мүсіндеу бағыты
Бөлімше
|
Оқу мақсаттары
|
1.1 Заттық мүсіндеу
|
1.1 Затқа қарап және елестету арқылы, ермексаздың, сазбалшықтың және басқа да материалдардың бүтін бөліктерін соза отырып, таныс заттарды, түрлі пішіндегі, көлемдегі жеміс-жидек, жануар, құстардың модельдерін қарапайым геометриялық пішіндер негізінде мүсіндеу
|
1.2 Дененің қарапайым пропорцияларын есепке ала отырып, қозғалыстағы адамның немесе жануардың қарапайым фигурасын мүсіндеу, фигураны тік немесе көлденең орналастыру, фигура бөліктерін өзара қосып, олардың бір-біріне қосылған жерін арнайы кескіш көмегімен тегістеп, жымдастыру
|
1.3 Кейіпкерлерге тән бөліктерді (мұрын, ауыз, көз, құлақ, аяқ, қанат) пропорцияны сақтай отырып, қарапайым әдістерді (жұмырлау, жаю, жалпайту, кескіш көмегімен ойып алу, т.б.) қолданып мүсіндеу, жұмыстың конструктивті және пластикалық техникаларын үйлестіріп, бөліктерді біріктіру
|
1.4 Қарапайым көркем образдарды жасау, образды түрлі ұсақ бөліктермен, сәндік элементтермен толықтыра отырып, көңіл-күйін бере білу, олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарын талдау
|
1.2 Сюжеттік мүсіндеу
|
2.1Балалармен топтасып немесе жекелей біртекті заттардан образдар мен сюжеттік композициялар жасау (мысалы, ертегі, әңгіме, балаларға арналған халық әндері, санамақ, мазақтамалар, аңыздар желісімен)
|
2.2 Бұйымды тұғырға орнату техникасын пайдалану, бір тұғырға бірнеше бұйымды орналастыру
|
1.3 Сәндік мүсіндеу
|
3.1 Пластикалық, конструктивтік және мүсіндеу техникаларын қолданып, түрлі пішіндегі кескіштерді пайдалана отырып, Қазақстанның және әлемнің халық кәсіпшілігі негізінде ойыншықтар, ыдыс-аяқ мүсіндеу
|
3.2 Әлем халықтарының ұлттық ойыншықтарының желісі бойынша затқа қарап, елестетіп және ойдан құрастырып жапсырып мәнерленген образды сәндеу әдістерін пайдалану (рельеф, илеу, кескішпен ойып алу немесе қырып із салу)
|
1.1. Заттық мүсіндеу.
Балалар жануарлар мен адамдардың пішінін алдымен олардың жалпы пішінін, содан кейін бөлшектерін белгілей отырып, бір кесек сазбалшықтан мүсіндеуді үйренеді. Тұтас кесектен мүсіндеу барысында артығын алып тастауы да мүмкін, сонымен қатар пішіннің сол басқа бөліктеріне жетпей тұрған сазбалшықты қосуы да мүмкін. Негізгі жұмыс саусақтардың, кейде екі қолдың саусақтарымен атқарылады. Жұмыста мүсіндеудің көптеген әдістері мен қосымша материалдар қолданылады.Балалар бейнелейтін қозғалыстар: қолын көтеріп тұрған немесе аяғы алшақ қойылған адам мүсіні, алға созылған жануардың табаны. Мүсіндеудің мәнерлі құралдарының көмегімен тірі тіршілік иелерін белгілеріне тән, айрықша ашық түрде береді, ал пішіннің қалған негізгі бөліктері жалпылама түрде қалады. Мүсінделген пішіннің бөліктерін нықтап бекіту, олардың біреуін екіншісіне қыса отырып, бекітілген жерді тегістеу, саусақ немесе кескіштің қимылымен пішіннің бетін жөндеу.
1.2. Сюжеттік мүсіндеу Композиция үшін айрықша мәнерлі заттар таңдап алынатындақтан, мазмұнды мүсіндеу жұмысы балалардың ақыл-ойына айтарлықтай күш түсіреді. Өлшемдік қатынасты, бейненің мәнерлігін беру білуді, адамның қимылына тән мәнерлікті, пішіннің бетін безендіруді; кескішті қолдана отырып, бүтін кесектен мүсіндеу тәсілдеріне үйрету; тұғырда бұйымды орналастыру техникасын жетілдіру; бір тұғырға бірнеше пішінді орналастыра отырып, біртекті заттардан мазмұн құру.
1.3. Сәндік мүсіндеу. Балаларды шығармашылықпен жұмыс істеуге үйрету: алдын-ала тақырыпты ойластыру, сурет түрінде ертерек үлгі құру және жұмыс барысында оған сүйену, заттың және әшекейдің пішінін шартты шешу (мысалы, сауыт гүл түрінде бейнеленеді, құс немесе қоңыздың қанаты өсімдік немесе геометриялық өрнектермен әшекейленген болуы мүмкін).
Сәндік мүсіндеу құралдарымен жұмыс жасауға кейбір әшекейлерді түтік, шаршы, үшбұрыш және т.б. сияқты арнайы таңбалар түрінде қондыруды үйрету.
Мүсіндеудің құрылымдық тәсілін (жеке бөліктерден және конструкторлардан) қолдану. Бір кесектен мүсіндеудің иілгіштік әдісі.Бала сипаттық ерекшеліктерін беруге тырысады – ұзын мойнын, қармауышын, айдарын, құлағын және т.б. Кескіштің көмегімен «қауырсынды», «түкті», «қабығын» үзік сызықпен кесуге, өрнек жасауға, табан, қанат үшін тілік жасауға, пішін бетінің суретін салуға болады.
2-бөлім. Еңбек гигиенасын, құралдармен жұмыс істеуде қауіпсіздік техникасын сақтау
Бөлімше
|
Оқу мақсаттары
|
2.1 Мүсіндеуге арналған материалдармен, құралдармен жұмыс
|
1.1 Мусіндеуге арналған материалдарды үнемді пайдалану
|
1.2 Өткір және кескіш құралдармен жұмыс барысында қауіпсіздік техникасын және еңбек гигиенасын сақтау
|
1.3 Жұмыс барысында жұмыс орнын, құралдарын ретке келтіру
|
2.1. Мүсіндеуге арналған материал және құралдармен жұмыс істеу.
Мүсіндеудің бейнелеу және техникалық құралдарын меңгеру балалар үшін қиындық тудырады, бұл педагогтан мүсіндеуге материалдар іріктеуде, үйретудің мазмұны мен тәсілдерін таңдауда ерекше жауапкершілікпен қарауды талап етеді.
Әдетте, мүсіндеу үшін сазбалшық пен ермексаз қолданылады. Сазбалшық – түстермен жұмыс істеуге арналған бейтарап және ыңғайлы айрықша құнды материал. Ол жасыл және көгілдір реңкі бар жер сияқты қоңыр, ақ, сұр түсті болуы мүмкін. Арнайы дайындалған түрлі-түсті керамикалық сазбалшықты қолдануға болады. Сазбалшықпен жұмыс істеу қолайлы. Сазбалшық жұмысқа үнемі жарамды болу үшін, оны сулы шүберектің астында салқын, дым жерде ұстаған жөн.
Ермексаз – жұмыс алдында арнайы дайындықты қажет ететін созылмалы материал. Ол біртүсті және түрлі-түсті болуы мүмкін. Алғашқысы пішіннің тұтастығы мен заттың құрылысын жақсы түсінуге мүмкіндік береді. Түс жұмысқа алуан түрлі сипат береді, мәнерліліктің қосымша құралы болып табылады.
Мүсіндеудің қосымша материалдарына тірек жатады.
Балаларды мүсіндеуге үйрету үшін тірек ретінде түрлі ұзындық пен жуандықтағы қарапайым таяқшаларды қолдануға болады. Тіректің көмегімен пішіндер айрықша тұрақты және ширақ болады.
Мүсіндеу барысында кескішті қолдана білу керек. Олар өздері жасап алатын ағаштан және металдан жасалған болуы мүмкін.
Қолмен жасау қиын болған жағдайда бөлшектерді жөндеу үшін кескіш қолданылады, оның көмегімен пішіннен артық сазбалшықты алып тастайды, кесік жасайды.
Балаларды мүсіндеуге ойдағыдай үйрету үшін үстелге орналастырылған шағын тақтайша керек.
Педагог балаларды орындайтын тапсырманың бірізділігін алдын-ала жоспарлауға, қажетті материалдарды дайындауға, жұмыс орны мен жұмыс істеу барысында құралдарды өздігінен тәртіпке келтіруге үйретеді: үшкір құралдарды, сазбалшықтарды, ермексаздарды және т.б. өз орнына қою. Жеке бас гигиенасының ережесі (сабақтан соң міндетті түрде қолдарын жуу және әрқайсысы өз сүлгілерін қолдану) туралы үнемі ескертіп отыру қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |