Муртазаева Б. А. ҚАзақстанда тұратын өзбек этносы және олардан алынған әлеуметтік-лингвистикалық сауалнаманың талдауы



бет1/2
Дата12.03.2018
өлшемі0,62 Mb.
#38550
  1   2
Муртазаева Б.А.
ҚАЗАҚСТАНДА ТҰРАТЫН ӨЗБЕК ЭТНОСЫ ЖӘНЕ ОЛАРДАН АЛЫНҒАН ӘЛЕУМЕТТІК-ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ САУАЛНАМАНЫҢ ТАЛДАУЫ
Қазіргі кезеңде бүкіл өркениетті адамзатпен бірге жаңа даму жолына бет түзеген тәуелсіз Еліміз бен оның мемлекеттік құрылысының алдында тұрған міндеттер күрделі, ауқымды әрі алуан түрлі болып отыр. Солардың ішіндегі ең бір өзектісі, рухани-тарихи маңызы мен ұрпақтар сабақтастығы, тәрбиесі мен болашағы үшін орны ерекше проблема – Қазақстанды мекен етіп отырған өзге ұлт өкілдерінің жағдайы. Қазіргі таңда Қазақстан ұлтаралық қатынас саясатында әлемдік кеңістік әрқашан өнеге тұтатын елге айналды. Ал, 1995 жылы құрылған Қазақстан Халқы Ассамблеясы (ҚХА) дүниежүзілік деңгейде, Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым тарапынан өзінің жоғары бағасын алды. Шынында да, ҚХА ерен құбылыс ретінде Қазақстан Республикасының сыртқы саясатындағы проблемасын тиімді шешуге игі ықпал жасап, еліміздің халықаралық беделін көтеруге үлес қосуда. Осылайша, Қазақстанда орныққан этностар менталитетінің ерекшелігі ойластырылған мемлекеттік саясатпен біріккенде, гетерогендік қоғамда дау-дамайсыз өзіндік мәдениетті қалыптастыруға мүмкіндік берді. Оның нәтижесі тәуелсіз Қазақстандағы мәдени-тілдік әртүрлілік қоғамның ыдырауы мен қатпарлануына емес, керісінше, оның рухани баюына және ойдағыдай дамуына алып келді.


  1. Өзбектердің Қазақстанға қоныстану тарихы мен «өзбек» этникалық атауының шығуы

Тарихи деректер көрсетіп отырғандай, өзбектердің Қазақстанға қоныстануының тарихи, саяси, экономикалық алғышарттары бар. Өзбектер (O’zbek, O’zbeklar) – Өзбекстан Республикасының негізгі халқын құрайтын ұлт. Жалпы саны 30 млн-дай, Тәжікстанда, Қазақстанда, Қырғызстанда, Түрікменстанда көп тұрады. Солтүстік Ауғанстанда, ҚХР-да, т.б. алыс шетелдерде де өмір сүреді. Антропологиялық жағынан өзбектер ферғана-памир нәсіліне жатады, моңғол өңдесі аралас. Өзбектер этногенезіне Орта Азияны мекендеген ежелгі соғдылық, хорезмдік, бактриялық, ферғаналық тайпалар мен сақ, массагет тайпалары аздап та болса өз үлесін қосты. Өзбектер ұлтының қалыптасуы ұзаққа созылды, оның құрамы үлкен үш топқа бөлінді: 1) өзбек халқының қалыптасуына, көшпелі өзбек пен өзге де көшпелі тайпаларының отырықшылануына ықпал жасаған, ру мен тайпаға бөлінбейтін, суармалы егіншілікпен, қолөнерімен, саудамен шұғылданып, қалалар мен ірі қыстақтарда тұратын өзбектер, олардың бұл тобы Ташкенттің көгалды алқабы мен Ферғана алқабын мекендеген; 2) Мауереннахрға моңғол дәуіріне дейін және Шыңғыс хан заманында ауып келген түрік-моңғол тайпаларының (қарлұқ, барлас, қалтатай, моғол т.б.) ұрпақтары, бұлар отырықшы халыққа сіңіспей, жартылай көшпелі өмір сүріп, ру-тайпалық дәстүрлерін сақтап қалды. Олардың көпшілігі өздерін «түрікпіз» деп атайды; 3) 15-ғасырдың аяғында Дешті Қыпшақтан ауған өзбек тайпаларының ұрпағы. «Өзбек» атауы осы тайпалармен бірге келді. Бұл тайпалар шежіре деректерінде «92 баулы өзбек» деп аталады. Бұлардың көпшілігі орта ғасырларда-ақ әбден белгілі болған қыпшақ, найман, жалайыр, қаңлы, қытай (хитай), қоңырат, маңғыт, дүрмен, қатаған, қырық, сарай, кенегес, қият, құтты, өзбек, т.б. тайпалар мен халықтар еді. Өзбектердің этнографиялық қалыптасуына (әсіресе Хорезмде) оғыздар да қатысты. 16-ғасырда Бұхар хандығы, Хиуа хандығы, 18-ғасырдың бас кезінде Қоқан хандығының құрылуы өзбектердің ұлт ретінде қалыптасуын ұзақ уақыт тежеді. Олар тек 20-ғасырда Кеңес өкіметі тұсында ғана ұлт ретінде қалыптасты. Кеңестік жүйе олардың әрбір аудандағы өзіндік мәдениетін бір арнаға күштеп түсірді.



Осы жерде Қазақ хандығы мен Өзбек хандықтарының қарым-қатынасына қатысты тарихи деректерге сүйенетін болсақ, жалпы, екі мемлекет те Орта Азия қалаларын алма-кезек иемденіп отырған. Қазақ хандығы күшейген кездері Ташкент, Ферғана, Хорезм, Самарханды жаулап алса, Бұқар, Қоқан хандықтары күшейген кездері Әулие-ата, Сайрам, Түркістан, Ташкент қалаларын өзіне қаратты. 1582-1598 жылдары Тәуекел хан Ташкент, Ферғана, Самарқанды Қазақ хандығының құрамына енгізді. Есім хан билік құрған 1598-1628 жылдары Бұқар хандығы Ферғана мен Самарқанды өздеріне қайтарып ала алды. Бірақ, бұдан кейінгі жылдары екі ғасыр уақыт Ташкент уәлаяты Қазақ хандығының құрамында болды. 18-ғасырдың орта шенінде Хорезмде де Қайып хан мен Кіші жүздің ханы Әбілхайырдың ұлы Нұралы хан билік жүргізді. Алайда, Қазақ хандығы ыдырап, Хиуа мен Қоқан хандықтары күшейген кезеңде, керісінше, оңтүстіктегі қазақтар оларға алым-салық төлеуге мәжбүр болды. Бүгінгі күні Оңтүстік Қазақстанда тұрып жатқан өзбектер, негізінен, Қоқан хандығы тұсында көшіп келе бастады. Осы ретте айта кететін бір жайт, қоқандықтардан бұрын Қазақстанның оңтүстігін 1780 жылдары Ташкент билеушісі Жүніс қожа жаулап алған болатын. Ал, Жүніс қожаға дейін Ташкент пен Ходжент уәлаяты Қазақ хандығының құрамында болды. Бұл айтылған пікірге дерек болатын жайт, 1720-1739 Ұлы Жүздің орталығы Ташкентті Жолбарыс хан билеп тұрды. Ол жоңғар хандығына вассал ретінде мойынсұнып, салық төлеп тұрды. Жолбарыс ханға Ташкент уәлаятымен қатар, Сайрам, Шымкент, Түркістан, Ходжент атырабындағы көшпенділер мен диқандар бағынды [1, 53]. Жолбарыс хан 1739 жылы өлгеннен кейін Ташкент билігін Төле би (1663-1756) өз қолына алды. Төле биден кейін 1780 жылдары Ташкентті Жүніс қожа биледі.  И.Н.Гродековтың айтуына қарағанда, Төле бидің көзі тірісінде Жүніс қожа оған қызмет етіп, ол өлгеннен кейін Ташкент билігін өз қолына алған [2, 298]. Орыс зерттеушісі Ивановтың [3, 92] келтірген мәліметіне қарағанда 1798 жылы Жүніс қожа Ұлы Жүз жерлерін өзіне бағындырған Ал, Ә.Диваев [4] Жүніс қожаға бағынышты халықтар ретінде өзбектермен бірге қазақтың Қаңлы, Шанышқылы, Бағыс және Рамадан тайпаларын атап өтеді. Осы тұста ерекше тоқталатын жайт, Төле биден кейін Ташкентке әкім болған Жүніс қожаның Ұлы Жүз жерлерін билегенімен, өңірдің негізгі билеушісі өзбектер болды деп айта алмаймыз. Себебі, Жүніс қожаның тегі қазақ та, өзбек те емес. Яғни, Жүніс қожа тұсында Ташкентте қазақтың немесе өзбектің мүддесі басым болғандығы жөнінде нақты дерек жоқ.

18-ғасырдың екінші жартысында Ферғана жазығында өзбектің Мың руының (17-ғасырға дейін Мың руы Ұлы жүздің құрамында болған) биі Шахрух өзінің тәуелсіз иелігін құрды. Шахрухтың ұлы Нарбота бидің тұсында Ферғана жазығындағы тәуелсіз иеліктің іргесі кеңейіп, Қоқан қаласын астана етті. Осы кезден бастап бұл тәуелсіз иелік Қоқан хандығы деп атала бастады. 19-ғасырдың басында Қоқан хандығы күшейіп, Ұлы Жүз жерлерін жаулап алды.  Атап айтар болсақ, Әлім хан тұсында (1799-1809) 1808 жылы Ташкентті, 1809 жылы Шымкент, Сайрам, Әулие-Атаны басып алды. 1816 жылы Қоқан билеушісі Омар хан  Түркістанды жаулап алып, жеңістің құрметіне үлкен той жасады [5]. Қоқан билеушілері жаулап алған жерлеріне бекініс салып, онда салық жинаушы Қоқан әскерлерін ұстап отырды. Бұдан Қазақстанның оңтүстігінде өзбектер Қоқан дәуірінде сауда-саттық жасап, сондай-ақ, жергілікті қазақтардан салық жинау үшін жіберілген Қоқан әскерилерінің  келуімен пайда болғанын аңғаруға болады. Себебі, белгілі тарихшы И.Ерофееваның ғылыми еңбектеріне зер салсақ, өзбектердің 19-ғасырдан бастап Оңтүстік Қазақстанда қоныстана бастағанын байқаймыз. Оның келтірген деректеріне қарағанда 1800-ші жылдарға дейін Шымкент, Сайрам, Түркістанда өзбектер көп тұрмаған. Болса да, аз мөлшерде тұрған болуы мүмкін. Мысалы, 1785 жылға дейін Сайрамда билік құрған Тұрсын ханның ұлы Күшік ханның кезінде Сайрамда негізінен Найман тайпасынан 1700 отбасының (15-20 мыңдай халық) тұрғандығын, ал, Иқанда 1717 жылға билік құрған Құдаймеңде сұлтанның ұлы Тұрсын ханның иелігінде Қоңырат, Найман, кейбір Ұлы Жүз руларының өмір сүргендігін, Тұрсыннан кейін Иқанда оның ұлы Барақ ханның 1750 жылға дейін билік құрған кезінде 10 мыңдай Найманның және Қоңырат, Арғын, Дулат руларының қоныстанғандығы айтылады [6, 76-80]. Түркістан аймағында 19-ғасырға дейін өзбектер көп шоғырланбағандығы хақында И.Ерофеева:  «1738 жылға дейін Орта жүздің ханы болған Сәмекенің тұсында Түркістан аймағында тек Қоңырат, Арғын, Найман рулары ғана өмір сүрді.  Сәмеке ханнан кейін оның ұлдары Түркістан аймағын (Қарнақ, Сауран, Отырар, Созақ, Өгізтау) Әбілмәмбет хан (1739-1771) мен Сейіт хан (1741-1745) және Есім хан (1750-1798) билеп, бұл хандардың иелігінде Арғын, Қыпшақ, Қоңырат, Уақ рулары болды. Тіпті, Түркістанның соңғы ханы Әликеннің тұсында (1858-1860) бұл өлкеде Қоңырат, Қыпшақ, Сарыүйсін рулары өмір сүрді» [10, 95], - деп баяндайды. Яғни, И.Ерофееваның 18-ғасырда Сайрам, Иқан, Түркістан өлкесінде өзбектердің қоныстанбағандығын көрсетуі, олардың Оңтүстік Қазақстанға кейін, Қоқан хандығы кезінде көшіп келгендігін дәлелдейді. Мәселен, 17-ғасырда Оңтүстік Қазақстанда болған Тобыл саудагері Тауыш Мерген [7, 172] де өз естелігінде: «Түркістан қаласын 1000-ға жуық қазақтардың мекендейтінін» жеткізеді. Егер, Түркістан аймағында өзбектердің үлкен шоғыры қоныстанған болса, саяхатшылар оны да жазып қалдыратын еді. Ал, тарихшы-археологтар К.Байпақов пен А.Нұржанов [8, 54-56] Сайрам қаласы туралы зерттемесінде 16-ғасырдан бастап Сайрам қаласында қазақтардың санының тұрақты түрде өсіп отырғандығын айтады

Ал, Самарқан, Хорезм өзбектері Оңтүстік Қазақстанға қашан көшіп келді дегенге келетін болсақ, оларды 19-ғасырда көшіп келді деуге толық негіз бар. Тарихшы-археолог М.Тұяқбаевтың айтуына қарағанда, Иқан мен Иба атаға өзбектер 19-ғасырда көшіп келген. Себебі, мұндағы өзбектердің қорымы 19-ғасырға тән. Ал, оған дейінгі Иқан төңірегіндегі қорымдарда қазақтар жерленген. Түркістан төңірегіндегі өзбек ауылдарына жасағалған экспедиция деректері бойынша, иқандық өзбектер ары кетсе бесінші атасының ғана моласын көрсете алаған. Одан бұрынғы ата-бабаларының қайда жерленгендігін нақты нұсқай алмайды.



Жалпы, Қазақстанның оңтүстігіне Қоқан хандығы өз үстемдігін жүргізген кезде оларға қазақтың 150 000 отбасысы бағынған. Бұл - 150 000 отбасы дегеніміз адам санына шаққанда шамамен 600-700 мыңға жуық халық болады. Әйтсе де, Оңтүстік Қазақстан тұрғындары Қоқан езгісіне ұдайы өз қарсылығын білдіріп келген. Мысалы, 1821 жылы қоқандықтардың езгісіне шыдай алмаған 12 мың қазақ Тентек төренің басшылығымен Сайрам мен Шымкентте көтеріліс жасады. Омар ханның көтерілісті басуға жіберген әскербасысы Абулқалым атлақ өзінің айлакерлігінің арқасында Сайрам мен Шымкентті басып алып, көтерілісті жаншыды [9, 312]. Осыдан кейін, Қоқандықтар өз билігін нығайту үшін Мәдәлі хан билік (1822-1842) жүргізген жылдары Оңтүстік Қазақстанда көптеген жаңа бекіністер сала бастады. Өзбекстанның мемлекеттік архивіндегі деректерде бұл бекіністерді: «Жаңақорған, Қошқорған, Дыңқорған, Шымқорған, Қамысқорған» деп көрсеткен. Бұл жаңа бекіністерге өзбектердің келіп қоныстанғандығын В.А.Каллаур да өз жазбасында баяндайды [10, 11-18]. Ал, Өзбекстанның мемлекеттік арихивінде бұл жаңа бекіністердің әрбірінде шамамен 250 өзбек отбасысының қоныстанғандығы айтылады. Яғни, сонда қоқандықтардың әрбір бекінісінде 1000-нан астам өзбектің қоныстанғандығын шамалауға болады. Шынында, Оңтүстік Қазақстанды Қоқан билігінен азат ету мәселесі Қазақ билеушілерінің  назарынан бір сәт те тыс қалған емес. Мысалы, Кенесары хан 1841 жылы Ресеймен арадағы уақытша бейбітшілік келісімді пайдаланып, Оңтүстік Қазақстанды Қоқан езгісінен азат ету үшін 4 мың қолмен келіп, Жаңақорған, Жүлек, Ақмешіт бекіністерін шапты. Созақ бекінісін 18 күн қоршап ұстап, соңынан басып алды. Бірақ, Ресей  патшалығы Кенесары ханның күшейіп кетуінен қорқып, уақытша келісімді бұзуына байланысты, Кенесары хан Арқаға қайтуға мәжбүр болды [11, 254-255]. Шерәлі хан (1842-1845) мен Хұдаяр хан (1845-1875) тұсында Қоқан хандығы әлсіреп, ыдырау және жойылу кезеңін басынан кешірді. Қоқан хандығының екі бүйірінен, бірі Арал теңізінен Сырдың бойын жағалай Орынбор генерал-губернаторлығының әскері, бірі Жетісудан Омбы генерал-губернаторлығының әскері келіп, бар-жоғы бес-он жылдың ішінде Қоқан хандығын жаулап алды. Осы кезде жергілікті қазақтар дені қоқандықтарға емес, Ресей әскерінің жағына шықты. Себебі, қоқандықтар өздеріне бағынышты жергілікті қазақтарды аяусыз азаптап келген еді. Оны Мәшһүр Жүсіптің мына естелігінен көруге болады: «Кеше 19-ғасырдың ішінде қазақ уалаятында «Қоқан заманы» деген заман болды. Сонда қазақта мақал болып қалды «Ақ жалау барда малым бар деме, Әзірейіл барда жаным бар деме» деген сөз. Ол ақ жалау деген Қоқан хандарының ел шабатұғын қосыны екен. Ол ақ жалау ат үстінде жүргенде қазақтың малында, басында, қатын-қыздарында ерік болмады. Қазақты шапқанда қалай шапты, атқа мінер, сойыл ұстарын тегіс қырып, бесіктегі балалардың ұят жерін қаратып, еркек кіндіктен дәнеме қалдырмай, мал-жан, үй-мүкәмалын қосындағыларға олжалы қылып, қатындарын апарып күң орнына жұмсады. Жалғыз-жарым еркектерді ақ жалаудың үстіндегілергі хандарынан, қолбасыларынан жасырып, ұрлап, өлтірмей тірі алып кетіп, Ташкентте Қоқанның ар жағында Қанбағыс, Досбағыс деген еліне жиырма бес ісек-тұсаққа сатады. Сонан өлмей, тірі құтылып келген шалдармен сөйлесіп, осы әңгімені өздерінен естідім...» [12].

Негізі Қоқан хандығы осы өлкені басқанда 1814-ші, 1842-ші, 1856-шы жылдары сонау Ферғана өңірінен Шымкентке, Сайрамға, Қарабұлаққа, Түркістанға, Иқанға, Созаққа, Шолаққорғанға, Әулиеатаға өзбектер топтарын үш дүркін көшіріп әкелген. Бұл жайында Қоқан хандығының хаткерлері әдемі жазып кеткен («Қоқан хандығына қатысты жазбалар», тізім, Ферғана меммұрағаты).  Хандар әр көште ірі шаһарларға 100, кішірек қалашықтарға 50-60 отбасын жіберіп отырған. Мақсаттары – қазақ даласын өзбектендіру-тін. Олардың көпшілігі 1864 жылы орыстар Түркістан мен Шымкентті басқанда, Ташкентке қарай қашқан қоқандықтарға ілесіп, ата қоныстарына қайтып кеткен. Осында қалғандары – қазіргі Қазақстанда тұрып жатқан өзбектердің ата-бабалары. Оңтүстік Қазақстандағы өзбектердің басым көпшілігі Қазақтың Арғын, Найман, Қоңырат, Қаңлы, Қатаған-Жайма руларынан және түбі араб болып табылатын Қожалар мен Сунақтардан тұрады. 16-ғасырдың басында Мұхаммед Шайбани хан көшпелі өзбек тайпаларын бастап барып Мәураннахрды жаулап алғанда, көшпелі тайпалардың түрі мен тілі өзгеріске ұшырап, кейін Қоқан хандығы кезінде қайта көшіп келген. Үш ғасыр уақытта өзге жерге қоныс аударған кез-келген ұлттың өзгеріске ұшырары анық. Тіпті, кешегі 30-шы жылдары Ауғанстан мен Иранға үдере көшкен қазақтар, бар-жоғы 50-60 жылда аздап болса да парсыланды. Сол секілді 16-ғасырдың басында Мәураннахрға ауған көшпелі жұрт, жергілікті отырықшы халықпен біте-қайнаса араласуының нәтижесінде біртіндеп сарттанып (өзбектеніп) кетті. Бұған тағы бір мысал, 16-ғасырға дейін Ұлы жүздің құрамында болған Қазақтың Қырық, Жүз, Мың секілді рулары бүгінде өзбек ұлтының құрамында өмір сүруде. Сондықтан, біз бұл мәселеде Мәураннахрдағы табиғи түрде өзгеріске ұшыраған бұрынғы өзбектер 16-ғасырда Қоқан хандығының Оңтүстік Қазақстанды жаулап алуымен Түркістан, Сайрам аудандарына келіп қоныстанды деп тұжырымдаймыз. Рас, кейбір тарихты терең білмейтіндер Сайрам селосында 100 пайыз өзбектердің тұруына байланысты, Ақсукент өңірін өзбектердікі деп айтып қалып жүр. Бұл түбірімен қате пікір. Сайрам қаласы Қасым хан билік құрған (1509) кезден бастап қазақтардың қаласы болып келді. Мұны өзбек зерттеушілерінің өзі де мойындайд. Әз-Тәуке хан билік құрған 1680-1715 жылдары Сайрамдағы «Мөртөбе» (Тарихшылар «Мәртөбе» деп қате атап жүр. Негізінде «Мөртөбе» хан жарлығына мөр басылатын жер мағынасын береді) хан ордасы болып келген. Тәуке ханнан кейін Тұрсын хан мен Күшік хандар 18-ғасырдың аяғына дейін Сайрамды билеп келді [6, 76-80]. Бүгінгі Сайрам селосын мекендейтін тұрғындардың басым көпшілігі арғы аталары арабтан шыққан қожа әулеттері. Сайрамнан табылған шежірелер мен ескі кесенелер осылай деуге негіз болады. Ал, аракідік кездесетін руы жоқ сарттар болса, Қоқанның бекіністердегі салық жинаушы әскерилер және сауда-саттық жасап келгендер. Қоқан дәуірінде мұндай көші-қон үдерісінің болғандығын тарихи деректер негізінде жоғарыда айтып өттік. Еліміз егемендікке жеткеннен кейінгі уақытта, қазақ еліне қоныстанған өзбектер тарихына жаңаша көзқарас білдіру уақыттың қойған талабы болды. Отандық тарихтың өткен кезеңдеріндегі шындығы бұрмаланып, ақиқаты айтылмай келген оқиғалары мен құбылыстарын ой елегінен өткізуге деген қажеттілік туындаған пікірлер осылайша өрбіді.

Сондай-ақ, Шымкент өңірінде қоқандықтардың шариғатта жоқ «қыз салығын аламыз» деген ісіне Сапақ би, Мәдәлі қожа, Телқожа батыр, Ырысқұлбек батыр, Мұсабек батырлардың қарсы шығып, Ордабасы тауында Қоқанның наместнигі Мырза биді әскерімен бірге жойып жіберген. Егер, Қоқан билеушілері шариғатқа сай халықты әділетті басқарған болса, Сапақ би, Мәдәлі қожа, Мұсабек батыр, Сыпатай батыр, Байзақ датқа, Қанай датқалар діні басқа Ресей әскеріне болысып, Қоқанға қарсы соғыспаған болар еді. Қоқандықтардың қазақтарға жасаған шектен тыс зорлық-зомбылығына қарсы күрескен батырлар туралы хикаялар халық аузында әлі айтылады. Мұны Мәдәліқожа, Майлықожа, Құлыншақ, Жамбыл, Сүйінбайлардың жырынан көре аламыз.

Қазақ пен өзбек ежелден Орта Азия кеңістігінде қоян-қолтық араласып, қатар күн кешіп келе жатқан туыс халықтар болып табылады. Географиялық орналасуында және кейбір мәдени ерекшеліктері болмаса, қазақ пен өзбектің тілі, діні, ділі бір деп қарастыруға болады. Түрік халықтарының ішінде бір-бірінен кеш ажырап, енші алған халықтар қазақ пен өзбек десек, сірә, қателеспейміз. Бір кездері бір халық болған қазақтар мен өзбектер бірқатар себептерге байланысты, 15-ғасырдың екінші жартысында бір-бірінен бөлініп, бөлек отау тікті. Осы бөлінуге түрткі болған тарихи себептер мен өзбектердің көші-қон процестері туралы Х.Вамбери, В.Д.Греков, А.Ю.Якубовский, А.А.Семенов, Б.Ахмедов, Т.Сұлтанов, Б.Кәрібаев сынды ғалымдар зерттеп, зерделеді. Осы тұста айта кететін бір жайт, «өзбек» атауының шығуын ғалымдар бірауыздан Алтын Орданы билеуші Өзбек ханның (1312-1342) есімімен тығыз байланыстырады. Тарихтан сыр шертер болсақ, Алтын Орда империясы ыдырағанда Жошы ұлысының сол қанатындағы көшпелі тайпалар кезінде Өзбек ханның ұлысы болғандықтан, олар өздерін «өзбекпіз» деп атағанын білеміз. Осы ұлан-ғайыр аймақта 1428 жылы билік құрған Әбілқайыр ханның ұлысы «Көшпелі өзбектер мемлекеті» деген атпен тарих сахнасына шықты. Кейін, Әбілқайыр ханның өмірінің соңында (1469 ж.ө) көшпелі өзбек мемлекетінен өзбек, қазақ, ноғай ұлыстары бөлініп, жеке-жеке мемлекеттерге немесе ұлттарға айналды.

Ал, Маураннахр халқының «өзбек» аталуының себебі, Әбілқайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбани хан 1500-1510 жылдары өзіне қарасты Дешті-Қыпшақ тайпаларын (көшпелі өзбектер) тайпаларын бастап келіп, Маураннахрдың билігін Темір әулеттерінен тартып алды. Бұдан кейін, Маураннахрда Шайбаниттер әулеті басқаратын өзбек мемлекеті пайда болады. Тарихшы Т.Сұлтанов бұл туралы: «өзбек» сөзі Шибан ұрпағымен бірге Мауреннахр мен Хорезм аумағына өткен тайпалардың атына айналды» [13, 56], - деген тұжырым жасайды. Алайда, өзбектердің ұлттық құрамы бір текті емес, бірнеше құрамнан тұратындығы айтылып та, жазылып та жүр. Ал, тарихшыларымыз өзбектердің «Орта Азиялық бөліктегі ежелгі отырықшы халық (сарттар), кезінде дербес мемлекеттер болған қарлұқ, оғыз, моңғолдар (Селжүк, Қарақан, Темір мемлекеттері) және қазақпен қаны да, тегі де бір көшпелі өзбектер» [14, 212] секілді әлеуметтік-ұлттық топтардан тұратындығын айтады. Осы пікірді тарихшы М.Тынышбаев былайша баяндайды: «Өзбектер қышлақтарда тұрса, сарттар қалаларда өмір сүреді. Өзбектен «руың не» деп сұрасаң, «Кеңегес, Қыпшақ, Қатаған, Барын» деп жауап береді. Ал, сарттан ру сұрасаң, тек «қалалықпын» деп жауап қатады» [3, 178]. Жоғарыда келтірілген деректерге сүйенсек, өзбек ұлтының тілі де біркелкі еместігіне көзіміз жетеді.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет