Көрнекілік принципі – оқытудың оқушылар қабылдаған нақты бейнеге негізделуін талап ететін дидактикалық ұстаным. Оқытудың көрнекілігі оқушылардың байқампаздықтары мен ойлау қабілеттерін дамытады, оқытуды неғұрлым түсінікті етеді, оқу материалдарын терең меңгеруге септігін тигізеді. Қоршаған ортаны тануда, соның ішінде музыканы қабылдауда адамның сезім органдары қатысады. Көрнекілік принципі оқушылардың ұғым, түсініктерін заттар мен құбылыстарды сезімдік қабылдау негізінде қалыптастыру қажеттігін көрсетеді. ЮНЕСКО-ның мәліметтері бойынша адам, тыңдау арқылы ақпараттың 15 %-ін, көру арқылы – 25 %-ін, ал кешенді түрде қабылдағанда - 65%-ін, есте сақтайды. Сондықтан музыкалық білім беруде «көрдім-естідім-орындаймын» тізбегін ұстанудың практикалық маңызы зор болып есептеледі.
Бірізділік принципі – музыкалық білім беру бойынша теориялық және практикалық мәселелердің бірізділікте белгіленуін талап етеді. Музыка пәні мұғалімі музыкалық білім беру жұмысының әр кезеңінде белгілі бір міндеттерді лайықтап шешу үшін оның алдыңғы кезеңдерінде дайындық жұмыстары жүргізіліп отырды.
Жүйелілік принципі – музыкалық білім беруді және музыкалық білімдерді меңгертуді белгілі бір ретпен, жүйелі түрде жүзеге асыруды көздейді. Ол музыкалық білім мазмұнының, сонымен бірге оқу-тәрбие процесінің логикалық түрде құрылуын ұстануды қарастырады. Сөйтіп, музыкалық білім берудің мазмұндылығы мен процессуалдық жақтарының бірізділігін ,сабақтастығын сақтай отырып әрбір сабақтың, тәрбие шараларының, өткендігі материалдың логикалық жалғастығын қамтамасыз етеді. Жүйелілік принципі оқу материалының музыкатану ғылымының ішкі логикасына, сонымен бірге оқушылардың жас ерекшелігі мен психологиялық ерекшеліктеріне сәйкес келуін талап етеді.
Музыканы оқыту барысында жеке тұлғаны тәрбиелеу, музыканы оқыту, жалпы даму міндеттерін оңтайлы жүзеге асырудың маңызды шарттарының бірі музыкалық білім беруде ізгіліктілік, эстетикалық адамгершілік бағыттылығы принципінің қатаң сақталуы болып табылады.
Музыканы оқыту принциптері музыкалық білім берудің мақсаты мен міндеттерінің мәнін, мазмұны мен процестерінің сипатын ашып көрсететін бастапқы қағида ретінде түсіндіріледі. Э.Б.Абдуллин музыкалық білім беруде музыканы оқыту принциптерінің ізгіліктілік, эстетикалық, адамгершілік бағыттылығын; музыкалық-эстетикалық бағыттылығын; музыкалық-психологиялық бағыттылығын; музыкалық-педагогикалық бағыттылығын ұстануды қарастырады.
Музыкалық білім беруді ізгілендіру бағыттылығы оқушылардың музыкалық қабілеттерінің дамуына, қоғам өміріне толыққанды араласуына, өзін-өзі айқындауына, өзін-өзі көрсете алуына жағдай жасауға, оған тұлға ретінде сыйластықпен қарауға, талап-тілегі мен мүддесін есепке алуға көмектеседі.
Музыка өнері өзінің табиғаты жағынан рухани өмірмен, тарихпен, басқа да өнер түрлерімен тығыз байланыста. Сондықтан музыкалық білім беруді ізгілендіру талаптары мәдени мұралардағы өнеге-тағылымдары оқушылардың белсенді іс-әрекетіне ұластыру қажеттігін туындатады. Музыкалық білім беру процесінде музыкалық білімдердің құндылығын ашу оның ізгіліктілік бағыттылығын қамтамасыз етеді.
Музыкалық білім берудің танымдық бағыттылығы музыка өнерін халықтық, классикалық, діни-рухани, жаңа кезең музыкасының тығыз бірлігіне сүйене отырып зерделеуде көрініс табады. Музыкалық білім беру музыкалық іс-әрекет практикасында қалыптасқан музыка мәдениетінің интонациялық тәжірибесін зерделеп, музыка құрылымының ішкі заңдылықтарын айқындайтын ілімдерге, теориялық тұжырымдамаларға сүйенеді. Оқушыларға музыкалық білім беруде музыка пәні мұғалімінің нақты педагогикалық міндеттерін шешуде интонациялық тұрғы, жанрлық тұрғы, стильдік тұрғыдан келу музыка өнерінің адам мен қоғам өміріндегі алатын орнын, қоршаған дүниені көркемдік тұрғыдан меңгерудің ерекше формасы ретінде оның мәнін салмақтауға көмектеседі.
Музыкатанымдық бағыттылығы. Жеке тұлағының музыка өнеріне кірігуі музыканы тыңдау, орындау және музыка шығару сияқты іс-әрекеттер арқылы жүзеге асырылады. Музыканы тыңдаудың музыкатанымдық бағыттылығы өнер туындыларымен таныстыру ғана емес, оқушылардың музыкалық шығармаларды толыққанды қабылдау іскерліктерін, дағдыларын қалыптастыру, музыкалық, шығармашылық қабілеттерін, музыкаға қызығушылығы мен музыкалық талғамын дамыту міндеттерін шешіп отырады. Ол үшін оқушыларға музыкалық образдардың мәнерлігі, мәнерлеу құралдары, музыкалық ойдың өзегі болып табылатын интонация жөнінде түсініктер музыкалық шығармалардың формалары туралы мағлұматтар беріп, музыкатанымдық білімдерге икемдеу қажет.
Музыкалық-психологиялық бағыттылығы музыка пәні мұғалімінің оқушылардың музыкалық қабілеттерін мақсатты бағыттылықпен дамыту процесінде және оның өзіндік принциптерін жүзеге асыруда қамтамасыз етеді. Ондай принциптерге сана мен іс-әрекеттердің бірлігі принципі музыкалық білім берудің психологиялық және педагогикалық проблемаларын әдіснамалық таңдауды іс-әрекеттік тұрғыдан жүзеге асыруды көздейді. Музыкалық қабілеттердің кейбір аспектілерінің дамуын, музыкалық сананың динамикасын сипаттайтын музыкалық-танымдық процестерді (музыкалық қабылдау, оәлау, ес және т.б.) зерттеу музыкалық қабілеттердің іс-әрекетін ұйымдастыру негізінде дамып қана қоймай, оның қалыптасатындығы, жаңадан пайда болатындығы жөніндегі қағидаларға жүгінеді.
Музыкалық-педагогикалық бағыттылық музыка өнерін меңгертуде еліктіргіштік, бірізділік, жүйелілік, музыкалық білім беру мен тәрбиелеудің бірлігі, образдылық және тұтастық, музыкалық-педагогикалық мақсаттар мен құралдардың диалектикасы, көркемділік пен технологиялықтың бірлігі, музыкалық-шығармашылық процеске өзін сәйкестендіру принциптері негізінде қамтамасыз етіледі. Тұтастық және жүйелілік бағыттылығы оқушылардың музыкалық қабілеттері мен дарындылығының табиғатын түсінумен анықталады. Музыкалық білім берудің музыкалық-психологиялық бағыттылығы, адамның музыкамен өзара әрекеттестік үстінде өзіндік жеке сапа-қасиеттері жиынтығы түрлі деңгейлердің көрінісі ретінде, нышандар мен қабілеттердің өзара байланыстары проблемаларын зерттеу қажеттігін туындатады. Сондықтан, А.В.Торопова пайымдағандай, музыкалық білім беру жеке тұлғаның сенсорлы-перспективті, когнитивті, құндылықты, шығармашылық сияқты біртұтас психологиялық жүйелерінің жиынтығы ретінде музыканы тану процесінің ерекшеліктерін есепке алуы тиіс. Музыка сабағының тұтастық бағыттылығы музыка сабақтарының мазмұны мен ұйымдастыруының ең күрделі проблемаларының саналады. Д.Б.Кабалевский тұжырымдамасы бойынша, музыка сабағының тұтастығына қол жеткізудің негізі оның тақырыбы болып табылады.
Оның пайымдауынша, сабақтың жекелеген элементтері тек мұғалімнің санасында ғана бекітіледі, ал оқушылар үшін музыка сабағы оның құрамына кіретін элементтері бір ұғымға сиятындықтай тұтастықта болуы керек.
Музыкалық білім берудің беріктігі мен ықпалдылық принципі музыкалық білім берудің беріктігі ғана емес, оның тәлім-тәрбиелік және дамытушылық тиімділігін талап етеді. Сөйтіп білім алуды ғана емес, алынған білімнің сапалылығын, білім, іскерлік, дағдылардың және мінез-құлық амалдарының ықпалдылығын, яғни олардың практикалық және өмірдегі проблемаларды шешуге бағыттылығын қамтамасыз етеді.
Музыкалық білім берудің образдылығы мен тұтастығы принципі. Музыкалық білім беру музыкалық білім, іскерлік, дағдыларды меңгертуді ғана емес, музыкалық шығармалардың идеялық-образдық мәнін жете түсінуді және музыкалық білім мен тәрбиенің тұтастығын, сонымен бірге музыкалық іс-әрекеттердің жүзеге асырылуының тұтастығын талап етеді.
Музыкалық білім беруде көркемдік пен технологияның бірлігі принципінің мәні музыкалық білім мазмұнының сабақта, сыныптан және мектептен тыс тәрбие жұмысындағы музыкалық іс-әрекеттердің, оларды ұйымдастырудың көркемдігі мен қолданылатын жаңа оқу технологияларының, ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың (бейнежазбалар, электронды музыкалық аспаптар синтезаторлар және т.б.) бірлігін көздейді.
Достарыңызбен бөлісу: |