«Бастауыш мектепте «Қазақ тілі» пәнін оқытудың тиімді жолдары»



Дата08.02.2022
өлшемі15,7 Kb.
#121619
Байланысты:
Эссе (қазақ тіл)


Эссе
«Бастауыш мектепте «Қазақ тілі» пәнін оқытудың тиімді жолдары»
Қазақ тілін оқытуда оқытушының бірнеше ескеретін мәселелері бар.Олар бірінші басшылыққа алатыны - оқыту әдістемесін жетік меңгерудегі 1) мақсаттары (не үшін оқыту керек?); 2) мазмұны (нені оқыту керек?); 3) ұйымдастырылуы (қалай оқыту керек?); 4) құралдары (ненің көмегімен оқыту керек?); 5) оқыту кезінде оқушылардың білімді меңгеру деңгейі, ақыл-ойының дамуы мен тәрбиеленуі арасындағы мәселелері. Бұл проблемаларды шешу мектепте тәрбие мен білім берудің жалпы мақсаттарын көрсетеді.Екінші басшылыққа алатыны-әр сыныптың жас ерекшелігіне байланысты білім көлемінің бір жүйеде берілуі.Бағдарламада берілген материалдың орналасу жүйесі бастауыш сыныпта, орта және жоғарғы сыныпта көрсетілген. Берілген материалдар сабақтаса отырып, толықтырылып, кеңейтіліп, сатыдан сатыға өткен сайын тереңдеп ғылыми жағынан байып отырады. Қазақ тілінде жүйелілік принципі жаңа материалды түсіндіруде, білім мен дағдыларды бекітуде, біріккен сабақ құрылымында, білім мен дағдыларды тексеруде, пысықтау мен қайталауда, үй тапсырмасын беруде және оны тексеріп, еске түсіруде іске асырылады. 
К.Д.Ушинский жүйелілік қана өз білімімізді толық меңгеруімізге мүмкіндік береді деп санаған. Бірімен-бірі байланыспаған әр түрлі мәліметтердің үзінділері түріндегі білімнен адам өзіне керегін тез таба да, пайдалана алмайды деген болатын. Сондықтан оқушыға оқытылуға тиісті тілдік мәліметтер әбден ойластырылған, тілдің табиғатына сай, олардың бір-бірімен байланыстылығының негізінде берілуі керек.Сондай -ақ көрнекілік принципінің де күтілетін нәтижесі жоғары.Көрнекілік принципі пәнді оқыту ісінде өте маңызды орын алады, тілді оқытуда ерекше қызмет атқарады.
К.Д.Ушинский таныс емес бес сөзді қаншама қайталап қиналатын оқушы сурет арқылы көрсетілген жиырма сөзді лезде үйреніп алады деп бекер айтпаған. Он рет айтқаннан бір рет нақтылы көрсеткеннің пайдалы екеніне ешкім де таласпайды. Сондықтан мұғалім қазақ тілі сабағында көрнекілікті өте ұтымды қолдануы қажет.
Көрнекілік принципі оқушылардың қазақ тілінен берілген білімді көрнекілік арқылы оқытуға бағыт береді. Ең алғаш оқытудағы көрнекілік туралы айтып, құнды пікір қалдырған Я.А.Коменский болатын. Оның көрнекілік туралы айтқан "Алтын ережесінде": "...бала сезімі қабылдай алатын нәрселердің барлығын сезім әсерлерін туғыза білдірген жөн: көруге болатынды көзге көрсет, естуге болатын нәрсені құлақ қойып тыңдасын, иісін иіскеп білсін, дәмін татып көрсін, қолына ұстап нәрсенің қатты, жұмсақтығын, т.б. байқасын..." - деген болатын Я.А.Коменский. "Ұлы дидактика" еңбегінде. Оқушы казақ тілінен берілген білімді (схема, таблица, плакат, сурет т.б.) көріп қана қоймайды, арнаулы сұрақтарға жауап іздеп, ең маңызды қасиеттерін білуге ұмтылады. Көрнекіліктің түрлері көп. Әр тақырыптың ыңғайына қарай көрнекілікті таңдауға болады.
Оқытуда психологиялық ерекшелігін ескеру бұл өте маңызды себебі әр сыныптың өз білім деңгейі болатыны белгілі. Сонымен қатар оқушының өзіндік жас ерекшелігі мен психикалық ерекшелігі бар. Сондықтан да қазақ тілін оқытуда осы ерекшеліктер ескеріліп, тілдік материал соған лайықталып беріледі. Оқушының психикалық ерекшелігі мен білім деңгейінен оның білімді қабылдау мүмкіндігі туады. Ал ол оқу материалының оқушының қабылдау мүмкіндігіне сәйкес болуын талап етеді.
Қазақ тілін оқытуда осы тиімді принциптер сақталса, ол оқушының тақырыпты меңгеруіне қолайлы жағдай болып табылатына күмәнсіз сене беруге болады .Өйткені осы аталған принциптерді осы күнге дейінгі тәжірибелерімде анализ жасап, саралаған болатынмын,және бұл өз нәтижесін берді.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет