Н. Дауенов ДӘСТҮрлі қазақ этнографиясы



бет26/93
Дата15.12.2021
өлшемі1,96 Mb.
#101400
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   93
Байланысты:
574 artikhbaev j.o. sabdanbekova a.a. elemesov a.kh. dauenov e.n. dasturli khazakh etnografiyasi
9 с 4саб, 574 artikhbaev j.o. sabdanbekova a.a. elemesov a.kh. dauenov e.n. dasturli khazakh etnografiyasi, ессе Айгерім, Сыйынар ем ана деген тәңірге
Зергерлік өнер. Қазақ зергерлері, негізінен, түсті металдардан сан алуан әсемдік бұйымдар жасады. Әсіресе, күмістен соғылатын көптеген сәндік бұйымдар — сәукеле әшекейлері, сырға, шолпы, шекелік, алқа, өңіржиек, қолтықша, тұмарша, білезік, сақина, жүзік, белбеу, қапсырма, түйме, тана, тіс шұқығыш ертеден-ақ кең тараған заттар. Сондай-ақ, ерлерге арналған — кемер белбеу, кісе, ер-тұрмандарының күмістелген, алтынданған әшекейлердің неше түрлісі өте әдемі жасалды. Ал, жағлан, кебеже, сандық, асадал, төсағаш, адалбақан, піспек, тегене, ожау сияқты үй жиһаздары мен ыдыс-аяқ бетіне орнатылатын күмістелген әшекейлер мен түрлі түсті шыныдан не болмаса асыл тастардан орнатылған көздері бар заттарды кез келген үйден кездестіруге болатын еді. Қару-жарақ беттерін күмістеу сияқты істермен де айналысты. Жоғарыда көрсетілген сәндік бұйымдар, негізінен, орыс немесе қытай күмісінен жасалды. Шетелдермен сауданың дамуына байланысты қазақ даласына жайылған Россияның күміс және алтын ақшасы, қытайдың қой тұяқ, тай тұяқ жамбылары, поляк күмісі іскерлердің қолына түсісімен, олардан сан түрлі сәндік бұйымдар жасалды. Күмісті, әсіресе, алтынды, асыл тастарды, көбінесе, сәндік бұйымдар жасатушылардың өздері тауып берді. Кейбір қала маңында мекендейтін зергерлер өз күмісінен де сәндік бұйымдар жасап сататын болған.

Халық шеберлері сәндік күміс бұйымдарды жасауда көптеген зергерлік тәсілдерді қолдана білді. Соның ішінде, ең кең жайылған тәсілдер: отқа қыздырып соғу, балқытылған металды қалыпқа құю, кептеу, тыныкелеу, қаралау, темір бетіне күміс шабу, сымкәптеу, сіркелеу, жұқа күміс әшекейлердің астынан бедерлі қадаубастармен батыра ұрып бедерлеу, бізбен безеу, күмістеу, алтындау, дәнекерлеу, оймалау, асыл тастардан көздер орнату және тағы басқалары.



Зергер теңгелер мен жамбыларды балқытып құю арқылы өзіне қажетті мөлшерде күміс кесектерін дайындап алатынды. Оны отқа қыздырып, төс үстінде балғамен жайлап соғу арқылы әр түрлі зергерлік бұйымдар жасауға немесе күміс кесегін әбден қақтап, жұқартқан соң қиып, темір әшекейлер бетіне күмістеуге болады. Құйма бұйымдарды жасау үшін күміс кесектерін шойын ожауда балқытып, арнайы қалыптарға құяды, содан ол суыған соң, өңдеуге кіріседі. Қалып, әдетте, иі қанған балшықтан жасалып, алдын ала мұқият кептіріледі. Құю әдісімен тек күміс бұйымдар ғана емес, сонымен бірге мыс, жез, қола, қалайы және қорғасыннан неше түрлі заттар жасалады. Күміс бұйым бетіне түрлі түсті тыныке жүргізу әдісі Қазақстанның орталық, оңтүстік және оңтүстік-шығыс аудандарында жиірек кездеседі. Зергерлердің айтуынша, тыныкені көбінесе шыны үгіндісін еріту арқылы алады екен және оны күміс бұйым бетіндегі бізбен безенген іздерге құйып, суығаннан кейін егеумен өңдейтін болған.

Күміс бетіне қарала жүргізуді қазақ зергерлері ертеден білген. Әсіресе, Қазақстанның батыс, солтүстік, солтүстік-шығыс және орталық өңірлерінде қаралау тәсіліне көп мән берген. Күміс бұйым бетін қаралауды «қара бағдар», «қара алтын» кейде «қарала кавказ» жүргізу деп атайтын болған. Бұлай деудің мәні, әрине, кавказ зергерлерінің әсеріне байланысты болса керек. Жазба деректерге қарағанда, Батыс Қазақстан өңіріне Кавказ зергерлерінің өнері XIX ғасырдың бірінші жартысында келе бастағанға ұқсайды. Бұған қосымша қазақ этнографы Э. А. Масановтың зерттеулері бойынша, күміс бетіне қарала жүргізу өнері Орта Азия зергерлеріне XIII— XVI ғасырдан бері белгілі екен. Автор содан бері зергерліктің бұл тәсілі қазақ даласына XIX ғасырға дейін беймәлім болып келуі шындыққа үйлеспейтіндігін ескере келіп, қаралау тәсілін зергерлердің кавказдықтар әсерінен, яғни XIX ғасырдан, әлдеқайда бұрын білгендігін дәлелдейді. Оның үстіне, қазақ зергерлерінің айтуынша, олар қараны өздері жасапты. Оның құрамы — күміс, мыс, қорғасын және күкірттен тұратын көрінеді. Бұл құрамдардың арасалмағы әр түрлі болады. Мәселен, күміс пен мыс бір-бір есе болса, қорғасын мөлшері күмістің жартысына тең болады, күкірт металдардың балқуына байланысты көз мөлшерімен қосылады. Осы құрамды шойын ожаушаға салып ерітіп, әбден араластырған уақытта қап-қара қоймалжың пайда болады. Мұны көбінесе осы күйінде қара жүргізетін күміс бұйымның бетіне жағып, суытады. Артық қалған қара қоспаны суытып алып, майдалап үгіп қояды да, керек болған уақытта қара ұнтақты күміс бұйымның бетіне жүргізілген ою-өрнек үстіне себеді. Ал, отқа қыздырғанда ол қайта еріп, күміс бетіндегі іздерге жабысып қалады. Оны әбден суып, кепкен соң егеумен өңдеп, былғары және киіз ысқыштармен жалтырата ысады. Қарала жүргізілетін күміс бұйымға түсірілетін оюды алдын ала сызып алып, өткір біз үшімен безейді, содан кейін оның үстіне қарала жүргізеді.

Қараланы, көбінесе, әйелдерге арналған күміс білезік, қапсырма, сырға, жүзік, белбеу, еркектердің кіселеріне, кейде ер-тұрман әбзелдеріне, тағы басқа да үй бұйымдарын көркемдеуге де жиі пайдаланады. Темірден соғылатын әр түрлі әшекейлер бетіне күміс шабу тәсілін, көбінесе, ер-тұрман әбзелдерін көркемдеу үшін қолданады. Мұнымен бірге белбеу, кісе және ағаштан жасалатын көптеген үй бұйымдарын безендіретін оюлы темір әшекейлердің беттеріне, көбінесе, күміс шабылады. Ол үшін темір әшекейлердің беттері өткір шапқымен өте жиі шекіліп, оның бетіне бөлек қақталған жұқа күмісті жеңіл балғамен жайлап, кіріктіре соғу арқылы орындалады. Бұл тәсіл Қазақстанның барлық ай-мақтарына ежелден бері кеңінен тараған. Күміс шабылған темір әшекейлердің бетінен әр түрлі ою-өрнектер ойылып, оның бетіндегі күміс қабық сыпырылғанда ар жағынан қара темір көрініп тұрады. Оны жалған қаралау дейді. Күмістелген темір әшекейлердің беттері бізбен безеу, алтындау, қаралау, тас орнату тәсілдерімен де қосымша көркемделеді.

Сымкәптеу тәсілімен әйелдерге арналған қапсырма, шолпы, түйреуіш, білезік сияқты шағын күміс әшекейлер жасалады. Ол үшін таза ақ күмістен жіңішке сымдар арнайы темір қалып арқылы созылып, сол сымдардан жоғарыда көрсетілген әшекейлер жасалады. Әдетте, күміс сымдарды төске салып жазады, содан кейін оларды арнайы жасалған күміс шеңбердің ішінде, арасынан саңылау қалдыра қырынан қатарластыра ор-наластырып, ұштарын шеңбердің ішкі жиегіне дәнекерлейді. Мұндай әшекейдің дәл ортасына асыл тастардан көздер орнатылады. Әдетте, сымкәптеу тәсілімен жасалған әшекейлер қызылды-жасылды бағалы тастармен үндесіп, әсем көрінеді. Сымкәптеу тәсілімен жасалатын әр түрлі күміс әшекейлер Қазақстанның барлық өңірлерінде кездеседі. Соған қарағанда, бұл бұйымның орындалуы асқан шеберлікті қажет еткенімен, оны қазақ зергерлерінің көпшілігі-ақ жақсы меңгергендігі байқалады.

Қазақстанның батыс, оңтүстік-батыс және оңтүстік аймақтарында әйелдерге арналып жасалатын алтынданған үлкен білезік, жүзік, сақина, алқа, өңіржиек, қолтықшалар беттеріне сіркелеу тәсілімен геометриялық өрнектер жүргізіледі екен. Құйылған не қақталған күміс бетіне сірке түсіру үшін, темір қалып арқылы күмістен жіңішке сым жүргізіп созып, оны өткір пышақпен ұсақтап турайды, содан оларды тегіс бетті екі жалпақ темірдің арасына салып, айналдыра домалатудың нәтижесінде күміс кесінділерін біркелкі домалақ сіркеге айналдырады. Күміс бұйым бетіне «бура» деп аталатын ақ үгінді — дәнекер — себеді. Оның үстінен белгілі тәртіппен қажетті әр түрлі өрнек жасайды. Күміс сіркелер отқа қыздырған уақытта себілген орнында дәнекерленіп, бұйым бетіне біте қайнасып, жабысып қалады. Сірке түсірілген бұйым бетіне үлкенді-кішілі асыл тастар, маржандар, түсті шынылар орнатылып көркемделеді. Сонымен бірге, көпшілік жағдайда бұйымның бет жағы түгелдей алтынмен буланады, оны «алтындау», «алтын жалату» деп те атай береді. Күміс тана, сырға салпыншақтары, түйме және үй бұйымдарының бетіне шегелейтін күміс әшекейлерді жасау үшін, көбінесе, ақ күмісті жұқартып қақтайды, оны арнайы жасалған қалыпқа қорғасын кесегімен қоса балғамен соғу арқылы, яғни кептеу тәсілімен дайындайды. Қалыптың өзін екі түрлі етіп темірден жасайды. Бір түрі — қыздырылған қалың темір кесегіне белгілі күміс бұйым формасын бере темірді батыра соғып, қуыс қалып жасау болса, екінші түрі — дәл осы тәсілмен қорғасын кесегіне белгілі форманы батыра ұрып, қалып жасау. Кейде қорғасын кесегіне қойылған қақталған күмістің үстінен жұмыр басты қадаубастармен батыра соғып, күміс әшекейлердің бетіне бедерлі ою-өрнектер де жасайды. Мұндай әдіспен, көбінесе, күміс таналар мен шашбау шолпыларын дайындайды. Төске салу не құю арқылы жасалатын білезік, жүзік, сырға, тана сияқты күміс бұйымдардың бетіне кішкене шапқы немесе ұшында әр түрлі өрнектері бар қадаубастармен шеку тәсілімен де оюлар түсіріледі. Кейбір үй бұйымдарының, әсіресе, ердің алдыңғы және артқы қастарының бет жақтары қақталған таза күміспен қаптала көркемделгенде, оған оймалы оюлар ойылумен бірге сызу, безеу арқылы да ою-өрнектер жүргізіледі.



Қазақ зергерлері таза алтыннан білезік, сырға, сақина, жүзік соққан, сонымен қатар құю әдісімен де жасаған. Бірақ, таза алтыннан жасалатын сәндік бұйымдар өте қымбатқа түсетіндіктен, оны тек ірі байлар ғана жасатқан. Қазақстанның батысы мен оңтүстігіндегі күміс әшекейлердің бетіне алтын жалату, алтынмен булау немесе қақталған жұқа алтынмен көркемдеу жиірек кездеседі. Зергерлердің айтуынша, күміс бетіне алтын жалату мен алтын булаудың айырмашылығы болмаған. Бұл тәсілді «алтынмен аптау» деп атаған. «Аптау, булау, жалату» деген ұғымдар бір-бірімен үйлеседі. Бетіне сынаппен араластырылған дәнекер себілген күміс бұйымға алтын ұнтағы қоса себіліп, отқа қыздырылғанда, алтын жылдам ериді. Алтын ерітіндісін түтікпен үріп, күміс бетіне түгел жаюды алтын жалату, алтынмен аптау не булау дейді. Алтынмен булау деудің де жаны бар. Өйткені, қыздырылған сынаптан бу шығарады да, алтынның күміс бетіне берік жабысып қалуына жағдай жасайды. Күміс бетіне алтын жалатудың тек қана отқа қыздыру арқылы орындалатындығы туралы бұдан бұрын жарық көрген әдебиеттерде де деректер бар. Күміс бетіне жағылатын алтынның жұқалығы сондай, оның астындағы күміс бетіне сызу, безеу арқылы жүргізілетін өрнектер анық көрініп тұрады. Ал, темірден не шойыннан жасалатын үй бұйымдарының бетін жалату тәсілімен алтындауға болмайтындықтан, оларды тек қақталған алтынмен ғана көркемдейді екен. Онда да қақталған алтынның буына қорғасын құю арқылы темір бетіне дәнекерленеді.

Кез келген күміс бұйымдардың беттеріне әр түрлі асыл тастар мен түсті шынылар орнату тәсілін қазақ зергерлері жиі қолданды. Ол былай жасалады: көз есебінде орнатылатын дөңгелек, сопақ не төрт бұрышты тастарға күмістен жүргізілген жиектер арқылы дәнекерленіп орнатылады. Қазақ зергерлері жиектерге орнатылатын тастың түсіп қалмауын ойластырумен бірге, оның әсемдігін де мұқият ескеріп отырған.

Әр түрлі бұйымдарды көз салып әсемдеу үшін қолданатын асыл тастардың түрі көп. Оның ішінде гауһар, лағыл, інжу, сутас (хрусталь) сияқты аса бағалы тастармен қоса, ел ішіне кеңінен тараған ақық, маржан, меруерт, сыңғыр, перезе және түрлі түсті шынылар, көгілдір тыныке жиі қолданылды. Бұл тастардың көпшілігін сатып алып отырған, ал кейбіреулері қазақ даласынан да табылып жатты. Әшекейге көз салатын асыл тастар мен түсті шынылар болмай қалғанда жай түссіз шынының астына қызылды-жасылды мата төсеп, немесе көзді күмістен жасап, оның бетіне қарала жүргізген көрінеді.

Негізінен, қазақ зергерлерінің ісі әйел әшекейлерін жасауға байланысты болса, сол әшекейлердің ең бастыларына жеке-жеке тоқталуымыз артық болмас.

Әйел әшекейінің ең қымбаты ұзатылатын қыздың үйінен киіп шығатын бас киімі — с ә у к е л е. Оның негізін ақ киізден биік конус тәріздендіріп жасайды. Сыртын қызыл шұға немесе қам-қамен тыстап, алтыннан, күмістен, әр түрлі асыл тастардан, түсті шынылардан әшекейлер тағып құндызбен жиектеледі. Сәукеле ұзатылатын қыз әкесінің тапсыруы бойынша алдын ала дайындалады. Алтын, күміс әшекейлері, гауһар-інжу тастары мол сәукелелердің құны тіпті қымбат болады. Мәселен, осындай қымбат сәукелелердің Бөкей ордасында кездескен бір түрінің құны күміс ақшамен 1000 сомға бағаланған екен. Ал, Семей төңірегінде 2000 сомға жеткен көрінеді. Өткен ғасырдың орта шенінде Жетісу атырабында жасалып, Ленинградтағы Антропология және этнография музейіне сыйланған бір сәукеле жүз жылқының құнына бағаланғаны да белгілі. Әрине, мұндай қымбат сәукелелер сирек кездеседі.

Сәукеленің жалпы кескінінің, жасалу принциптерінің біркелкілігін қолда бар деректер дәлелдейді. Негізгі айырмашылық — олардың әшекейленуінде ғана.

Әйелдерге арналатын әшекейдің ең көбі — білезік. Оны қыз-келіншектер де, орта жастағы әйелдер мен үлкендер де салады. Білезік көбіне күмістен, кейде таза алтыннан да жасалады. Тек күмістен соғылған білезіктердің өзі Қазақстанның әр өңірінде әр түрлі болады. Жергілікті өзгешеліктер оның жасалу, әшекейлеу тәсілінен де, көлемінен де, сыртқы мүсінінен де байқалады. Мәселен, Қазақстанның шығыс, оңтүстік-шығыс аудандарына, негізінен, жұмырланып және төрт қырланып соғылатын білезіктер тән болса, солтүстік және орталық Қазақстанға жұқартыла соғылған жіңішке білезіктер тән, оңтүстік өңіріне құйма сом білезіктер, ал батыс пен оңтүстік-шығысқа өте көлемді сырты алтынмен буланатын көзді білезіктер тән. Әрине, осы келтірілген білезік түрлерінің әрқайсысының ішінде айтарлықтай өзгешеліктер байқалады. Ол, негізінен, әр атырапта көптеген шеберлер мектебінің болғандығының айғағы. Бұған қоса бірнеше асыл тастардан тұратын үзбелі білезіктер де кездеседі. Олардың негізі күмістен жасалады да, сырты алтындалып, әр үзбенің үстіне әр түрлі тастардан көздер орнатады. Мұндай білезіктерге жиі қолданылатын тастар — ақық, перезе, ағат, т. б. Қазақстанның батысы мен оңтүстік-батысында жасалатын көлемді білезіктерге арнайы тағылатын шынжырлар ұшына 2—3 сақина, жүзіктер ілінеді. Мұндай білезіктердің сыртына сіркелеу әдісімен, негізінен, геометриялық өрнектер жүргізіледі.

Білезіктің бауыры топса арқылы ашылып-жабылатын да түрі болған. Мұндай білезіктерді білекке салу да оңай, олардың көркемділігі де айтарлықтай әдемі болады. Қаралаған топсалы білезіктерді біз Маңқыстау, Көкшетау және Қазақ ССР-інің Орталық музейлерінен (қазіргі Қазақстанның Мемлекеттік Орталық музейі) кездестірдік деп жазған екен Х. Арғынбаев

Қазақ зергерлерінің өте көп жасайтын әшекейінің бірі — әйелдерге арналатын әр түрлі сақина мен жүзіктер. Сақинаны, көбінесе, күмістен, кейде алтыннан жасатады. Сақинаның жасалуы жүзікке қарағанда оңай. Өйткені, оның сыртына шапқымен шеку, бізбен безеу әдісімен орындалатын қарапайым ою-өрнектерден басқа ештеңе жүргізілмейді, кейде тіпті, ешбір ою-өрнексіз жасалатындары да аз емес. Ал, жүзік жасау анағұрлым күрделі және оның сан алуан түрлері болады. Жүзіктің үстіңгі бетіне әр түрлі асыл тастардан, түсті шынылардан немесе күмістің өзінен көз, балдақ, отау, құс тұмсық орнатылады. Бұл қосымша мүсіндер жүзік сақинасының үстіңгі жағына дәнекерленеді.

Қазақстанның батысы мен оңтүстік-батысында құдағи жүзік деп аталатын өте көлемді және аса сәнді жүзік жасалады. Мұның бауырында екі саусаққа бірдей кигізетіндей қосарланған екі сақинасы болады. Ал, жүзік беті көлемді келеді. Сонымен бірге асыл тас, түсті шыныға қоса, міндетті түрде, алтындалып әсемделеді. Мұның құдағи жүзік аталу себебі де бар. Әдетте, оны ұзатылған қыздың енесіне, яғни құдағиларына бір жылдан соң тарту ету үшін арнайы жасатады. Бірақ, барлық құдағиларға бірдей мұндай дәстүрлі тарту жасалмайды. Құдағи жүзік жаңа түскен келініне аналық мейірім шуағын төге білген парасатты құдағиларға ғана сыйға тартылатын дәстүрлі сыйлық. Оны, әдетте, оң қолының ортаңғы екі саусығына кигізгенде, төрт саусақ сыртын түгелге жуық жауып тұрады.

Әйелдердің құлаққа салатын сырғалары әркелкі болып жасалады. Сырғаны бой жеткен қыздар, жас келіншектер тағады. Ал, жасы келген әйелдердің сырғалары болғанымен, оны құлақтарына тақпайды. Өйткені, революцияға дейінгі қазақ әйелдері жаулық тартып, кимешек киген. Кимешек құлақты жасырып тұратындықтан, сырға тағудың қажеті де болмаған.

Сырғаның айшықты сырға, ай сырға, тұмарша сырға, салпыншақты сырға, қозалы сырға, тасты сырға, алтын сырға, күміс сырға, қарала сырға, иықты сырға, қоңырау сырға, күмбезді сырға, сояу сырға деп аталатын түрлері бар. Сырғалардың атаулары, негізінен, олардың сыртқы көрінісіне, қандай металдан жасалғандығына немесе жасалу тәсіліне қарай қалыптасқан.

Бой жеткен қыздар шолпы тағатын болған. Шолпыны күміс теңгеліктердің бірнешеуін бір-біріне кішкене шығыршықтар арқылы жалғастырып жасайды, ең үстіңгісіне күміс шынжырдан немесе матадан ызылған бау тағады. Бауды, әдетте, бұрыммен қоса өріп қояды. Кейде шолпыны сымкәптеу тәсілімен ортасына тас орнатып немесе қолдан соғылған дөңгелек күміс таналардың бетіне тыныке, қарала жүргізіп, шекіп-өрнектеп жасайды.

Қазақ әйелдерінің сәндік бұйымының бір тамаша үлгісі — а л қ а. Алқаның аса көркем әрі күрделі түрі Қазақстанның батыс және оңтүстік-батыс өңірінде кездеседі. Оны өңіржиек деп те атайды. Бұл алқалар бір-біріне шығыршық арқылы жалғасады және бірнеше төрт бұрышты әшекейлерден құрастырылады. Әр әшекейдің ортасына, жиектеріне асыл тастар орнатады. Мұндай әшекейлер әбден жұқартылған және іші қуысталған күміс қабатынан жасалады, арасына ақ балшық толтырылады.

Мойынға тағып жүретін әшекейдің бірі — тұмарша. Оны шебер зергерлер күмістен не бұрыштап, не жұмыр түтікше тәріздендіріп жасайды және мойынға іліп жүретін әсем шынжыр бау тағады. Бұлардың іші қуыс болады, онда дұға сақталады. Мұның өзі ерте кездегі қараңғы халықтың дінге деген нанымынан туған. Тұмар адамды пәле-жаладан, тіл-көзден сақтайды деп білген. Сондықтан, тұмаршалардың осындай «қасиетіне» табынған жұрт оны күмістен жасатып, сыртына неше түрлі зер жүргізіп, алтынмен булатқан. Мұндай тұмаршалардың өте әсем түрлері Қазақ ССР-інің Мемлекеттік орталық (қазіргі Қазақстанның Мемлекеттік орталық музейі) және Ә. Қастеев атындағы Қазақ ССР-інің (Қзақстан Республикасының) Мемлекеттік өнер музейлерінде сақталуда.



Қазақ әйелдерінің киімге тағатын күміс әшекейлері де мол болған. Бұлардың қатарына: қапсырма (қаптырма), тана және әр түрлі түймелер жатады. Қапсырма екі бөлек жасалады да, бір-бірімен ілгек арқылы жалғасады, түйме орнына қолданылды. Қапсырманың өңірге тағылған екі бөлігінің сыртқы формасы да, бетіне жүргізілетін ою-өрнегі де, ортасына орнатылатын тастары да бірдей. Олардың ішінде қарапайым, бір үлгіде жасалған түрлері өте көп кездеседі. Мәселен, Қазақ ССР-інің Мемлекеттік орталық музейінде (қазіргі Қазақстанның Мемлекеттік орталық музейі) сақталған күміс қаптырма. Өсімдік тектес ою-өрнек-термен қарала жүргізу арқылы әсемделген. Осы музей қорында Қазақстанның оңтүстік-батысында жасалған бұдан басқа да өте көркем қапсырмалар сақталған. Бұлар үш бөлек ақық тастарын жеке-жеке күміс негізге орнатып, өзара ілгектермен бірігетін етіп жасалған. Әрқайсысының астыңғы ілгектерінен шынжырлы салпыншақтар және екі шеткісінің жанынан қос шынжыр ілінген. Мұның бәрі әдемілік үшін жасалған. Қапсырманың сымкәптеу тәсілі арқылы оймалы өрнектермен сәнделіп, ортасына асыл тастар орнатылатын өте күрделі және әдемі түрі болған, Мұндай қапсырманың үлкен талғаммен жасалған данасы Ленинградтағы Антропология және этнография музейінің қорында сақтаулы тұр. Қапсырманың бұлардан басқа да кескінде жасалатындары аз емес.

Әйелдер үшін зергерлердің көп жасайтын әшекейлерінің бірі — үлкенді-кішілі түймелер. Оны, көбінесе, ішін қуыстап, әр түрлі кескін бере күмістен жасайды, сыртына зер салады. Мұндай түймелерді торсылдақ түйме деп атайды. Шағын түймелерді, көбінесе, асыл тастарды тесіп, оған күміс өткізу арқылы, кейде түсті жұмыр тастарды қоршауларға орнатып та жасай береді.



Зергерлердің әйелдерге лайықты дөңгелек күміс тана, күміс оймақ, тіс шұқығыш, құлақ тазалауыш, қолтықша сияқты әшекейлерін көптеп кездестіруге болады. Ендігі бір зергерлік өнер туындылары — кісе, кемер белбеу. К і с е — жасы келген еркектерге арналып жасалады. Оны әдетте сырт киімнің сыртынан буынады. Сондықтан, олардың ұзындығы 1,5—1,8 метр, ені 4—5 сантиметр шамасында болады. Мұндай кіселердің негізі қалың былғарыдан екі қабатталып жасалады да, сыртына күмістен, алтыннан және асыл тастардан сан алуан әшекейлер орнатылады. Кісеге былғарыдан жасаған үлкен қалта (кісе) пышақтың қыны және бірнеше жалған қалталар, яғни шағын салпыншақтар ілінеді. 1733—1737 жылдары жасалған осындай кісенің бір тамаша данасы СССР Ғылым академиясының Ленинградтағы Антропология және этнография музейінің қорында сақтаулы болғандығын Х. Арғынбаев жазады. Бұл кісе музейге бұрынғы Қостанай уезінен келіп түскен. Оны тапсырушының айтуынша, кісе Уәлихан балаларының бірінікі болса керек.

Орта жастағы не жігіт ағасы болған сал-серілер кезінде қамзол сыртынан кемер бел-беулер буынған. Кемер белбеу адам белін бір ғана орайтындай қысқа болады, екі басына темірден қапсырма орнатылады, сырт жағының өн бойы күміс, асыл тас әшекейлерімен безендіріледі. Мұндай белдіктерді әйелдер де пайдаланды. Еркектерге арналған кемер белбеулердің негізі жібек, барқыт немесе шұғадан жасалды.

Ұзатылатын қыздарға арналған үзбелі күміс белбеудің бір тамаша үлгісі Қазақ ССР-інің Мемлекеттік орталық музейінде сақтаулы тұр. Ол белбеудің бастарына, яғни қапсырмасына өте көркем өрнектер жүргізумен бірге үш бірдей ақық тастар орнатылған. Қапсырманың екі жағынан күміс шынжырлармен жалғастырылған 14 дөңгелек күміс таналардың орталарына перуза тастары орнатылып, күміс сыртына алтын жалатылған.

Кісе болсын, кемер белбеу болсын, олардың өн бойына орнатылатын күміс әшекейлердің беттеріне ою-өрнектер безеліп, қарала, тыныке жүргізіледі, кейде алтынмен де апталады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   93




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет