Киіз үйдің түрлері. Төмендегі киіз үйдің түрлері туралы деректерді белгілі ғалым, этнограф Ө. Жәнібековтың «Үйлесімі жарасқан» деп аталатын мақаласынан алынды.
Қазақтың, халық болып қалыптасуына байланысты ресми пікірге жүгінсек, X—XII ғасырлардан бастап Оңтүстік Сібір мен Сарыарқаны, оларға іргелес жатқан ұлан-ғайыр кеңістікті мекендеген «қыпшақтардың моңғол үстемдігінен кейінгі дәуірде қазақ халқынын негізін құрағаны» (В. Бартольд) белгілі. Әйтсе де, әзірге жазба деректерде X ғасырдан бастап кездесетін «қазақ» этнонимінің ел арасында «қыпшақ» деген атаумен қатар пайдаланылып келгенін, жат жұрттық авторлардың дала тайпаларын, олардың тұрпатына, бет пішініне, тілінің бірегейлігіне, күнкөрісінің, тұрмыс-салтының, мінез-құлқының ұқсастығына қарап, бөле-жара атамай «қыпшақтар» деп есептегенін ескерсек, бұл екі атаудың екеуі де тектестік тамырын тереңге жайған бір халықтың есімі болып шығатыны даусыз. Мұны көрмеу — қазақтың «түйе өз өркешін көрмейді» дейтінінің кебі.
Құрастырылып-ажыратылатын тұрғын жайдың сол түркі-қыпшақ үлгісіне жататын «қазақтың киіз үйі құрылымдык, жағынан осы уақытқа дейін көшпелі халықтардың бірде-біреуі асып түсе алмаған, жылжымалы баспананын ең жетілдірілген түрі болып табылады» ( Руденко).
Моңғолдың үйімен салыстырғанда керегесі биіктеу, уығының төменгі жағы иіңкі болатындығынан күмбезі көтеріңкі, келбеті сымбатты болып келеді.
Академик Әлкей Марғұланның айтуына қарағанда, қазақтың киіз үйі ағаштан қиыстырылатын немесе балшықтан соғылатын баспаналармен салыстырғанда өзінің о бастағы нұсқаларының негізгі элементтерін бойына сіңірген жылжымалы тұрғын жайдың біршама кейінгі түрі болған (Маргулан).
Киіз үй қазақпен көршілес Орта Азия халықтарында да кездеседі. Олардағы киіз үйде де құрылымында немесе кескінінде ішінара кездесетін, бұрын көшпелі, жартылай көшпелі өмір кешкен қырғыз, түрікпен, қарақалпақ елдерінің тарихи дамуы арқылы енген кейбір ерекшеліктер ғасырлар бойы қалыптасқан құрылғыны түбегейлі өзгерістерге түсіре алмағандықтан, түркі халықтарына тән бірегейлік сақталып қалған.
Қазақтағы киізбен жабылатын баспананың алғашқы түрлерінің бірі — қос. Сырты жонылып, тәртіпке келтірілген, ұштарында басын қосып байластыратын қайыс, жіп өткізетін арнайы тесіктері бар, 2,5—3 метрдей сырықтардан құрастырылатын болған. Сырықтарды іштен дем тартатын түтікпен қоса байластырып орнынан тұрғызғаннан кейін, араларын ашып жерге тіреп, екі туырлықпен немесе арнайы пішілген үзікпен жауып, ірге жағын бел арқанмен бастыра салады екен. Киіз баспананың бұл түрінің оңтайлылығы сонша, көшіп- қонғанда сырықтарын жалғыз түйеге тендеп, үстіне киізін, малшының көрпе-төсегін, қазан-ошағын артып кете беретін болған.
Қосты көбіне жылқы, сиыр малын жазда қысқы қоныстан 2—3 күндік өріске шығарып бағатын жылқышылар мен бақташылар уақытша баспана ретінде пайдаланған. Ал көшпелі ауылдың құрамында киіз үйге қосалқы ретінде қазан-ошақ, ыдыс-аяқ қоятын, астық сақтайтын, құрт, ірімшік қайнататын орын немесе қойшы-қолаң үшін баспана ретінде пайдаланылған.
Кеңес өкіметі орнағаннан кейін ұжымшарлардың мал фермаларында кеңінен пайдаланылғанымен, көп ұзамай тұрмыстан шығып қалған.
В. В. Востров пен И. В. Захаров Жетісуда қос терминімен қатар жаппа деген синонимнің өмір сүретінің жазған(Востров В: В., Захаров И. В).
Күрке ─ қостын даму барысында оның қаңқасында кереге мен уықтың пайда болу үрдісін аңғартатын, көшіп-қонуға бейімделген тұрғын жайдың ен көне нұсқаларының бірі. Үш қанат керегенің әр жерінен көтерілетін, құрылғыға мінсіз күмбез сұлбасын бере қоймайтын тіке уықтардың басын қабыстыру жолымен құрастырылатын болған. Күрке киізбен, тері-терсекпен жабылған. Керегесі шимен қоршалатын күркелер де болғанын ескі суреттерден көруге болады.
Күрке — негізінен бай малын бағысатын, қоңыртөбел дәулеті бар үйел-мендердің баспанасы. Соңғы 30—40 жылда тұрмыстан шығып қалғандықтан, ел арасында кездесе коймайды.
Ортаға шоқ салатыны болмаса, қоста от жағылмаған. Асты жерошаққа қазан асып, далада дайындаған.
Достарыңызбен бөлісу: |