Н. Дауенов ДӘСТҮрлі қазақ этнографиясы


Тері ұқсату мен етікшілік қолөнері



бет28/93
Дата15.12.2021
өлшемі1,96 Mb.
#101400
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   93
Байланысты:
574 artikhbaev j.o. sabdanbekova a.a. elemesov a.kh. dauenov e.n. dasturli khazakh etnografiyasi

3.5 Тері ұқсату мен етікшілік қолөнері

Үй жануарлары мен әр түрлі аң терілерін өңдеу қазақ өмірінде ежелден-ақ үлкен орын алды. Өйткені, революцияға дейінгі қазақ жұртшлығы иленген мал, аң терілерінен сан алуан киім түрлерін тігіп киген. Сонымен бірге, өздері илейтін немесе сатып алатын былғары түрлерінен қазақ шеберлері киімнен басқа көптеген үй бұйымдарын да жасады.



Қазақ шеберлерінің ішінде ел арасында тұрып, тері илеуді кәсіп еткендері де аз болмаған. Ондай ісмерлер, негізінен, Өскемен, Семей, Омбы, Орынбор, Орал, Ақтау; оңтүстігіндегі: Алматы, Тараз, Қызылорда қалаларында тері илеп, былғары жасауды үйренген қазақтар кейінірек ел арасына шығып, өз алдына осы кәсіппен айналысты.

Мал терісін илеудің ел арасына кең тараған екі түрі бар. Біріншісі – ағаш күбіге немесе басқа кең ағаш ыдысқа айранның сары суына, ашыған іркітке, ұн кебек, тұз салып ашытады да, теріні соған салады. Екіншісі – тері бетіне ұн, тұз араластырылған іркіт жағу арқылы орындалатын. Мұны иі жағып илеу дейді.

Мал терілерін өңдеу тәсілдеріне көптеген өзгешіліктер бар. Ол өзгешеліктер қай түліктің терісінен қандай бұйым жасайтынына байланысты. Мәселен, сырт киім, бас киім, тігуге арналған қозы, лақ, құлын терілерінің немесе әр түрлі аң терілерінің жүнін алмай илейтін. Ол үшін әлі кеуіп үлгермеген жас терілерге немесе су бүркіліп жібітілген терілердің өң жағына іркіт жағып, ұн не кебек, тұз сеуіп алып, тері бетіндегі иді араластырып, терінің шеттерін үстіне қарай қайырып, жылы жерге бүктеп қояды. Мұндай әдіспен иленетін терілердің иі қану, яғни дайын болу мерзімі тері түрлеріне байланысты. Қозы, лақ және аң терілері жылдам иі болса, үлкен қой-ешкінің, әсіресе, құлын, жабағы не тай терілерінің иі болу мерзімі әлдеқайда ұзақтау келеді. Орта есеппен 3-5 күн ішінде қандай теріге болсын иі сіңіп үлгереді. Иіден шыққан теріні көлеңкеде кептіріп, талқыға салып жұмсартады, содан соң қырғышпен қырып, өңдейді, жақсылап уқалайды. Елтірі мен аң терілерін талқысыз-ақ уқалап жұмсартады.

Көбінесе, бас киім немесе ішік тігетін аң терілері мен елтірі, сеңсердің боямай-ақ матамен тыстап тіге береді. Ал, қыс киетін тон, шалбар тігуге арналған қой терілерін томар бояу немесе тігуге арналған қой терілерін томар боу немесе қара тал қабығының қайнатындысымен бойды. Жарғақ және тайжақы тігуге арналған құлын, жабағы немесе тай терілерінің жүні сыртына қаратылғандықтан, оларды боямай-ақ матамен астарлап тігеді. Ешкі терісінен тақыр шалбар; серке терілерінен кестелі жарғақ шарбарлар тігу үшін немесе ірі қара терілерінен үй шаруасына қажетті қайыс, аяқ киім тігуге арналған көн илеу үшін теріні суық суға салып, әбден жібітіп алып, жүнін ұстарамен қырып тастайды. Кейде жас теріні бүктеп жылы жерге 23 күн қою арқылы жүнін жидітіп те түсіреді. Жүні алынған терілерді ағаш күбіге салып үстінен иі құяды. Мұндай терілер иіге түгелдей батып тұрады да, бір жетінің ішінде иіге қанады. Иіден шыққан терілерді көлеңкеде кептіріп, талқыға салып жұмсартады. Қайысқа арналған теріні талқыдан кейін өңдемей, сол күйінде кептіріп қояды да, керек болғанда шетінен таспалап, тіліп алып отырады. Ал, аяқ киім не болмаса басқадай үй бұйымын жасауға немесе оларды көркемдеуге арналатын теріні талқыдан соң қолымен уқалап, қырып өңдейді де қара, қоңыр түсті бояулармен бояйды.

Түрлі ас құятын ыдыс жасауға арналған жылқы, түйе, сиыр, серке терілерін, әдетте, илемейді. Өйткені, иленген тері су тисе болды тез жібіп, былжырап кетеді, оған құйылған сұйық тағамға иінің дәмі шығып тұрады. Сондықтан саба, торсық, жан торсық, сүйретпе, көнек жасауға арналған жылқы терісінің жүнін ұстарамен қырып, кейде, тіпті, жүнімен аязға тастайды да, көктемде қайта жібітіп, жүнін алып ыстауға кіріседі.

Қазақ арасында тері асытауға маманданағн ысшылар болған. Саба жаңартқысы келгендер терісін жинап, ысшыға ыстатын. Мәселен, Көкшетау төңірегінен /1970/ жиналған деректерге қарағанда, революцияға дейінгі ысшылар қыстау жанында бірнеше жылқы терілерін бірден ыстау мақсатымен жөртөле қазып, оның төбесін топырақпен түтін шықпайтындай етіп жауып отырыпты. Тек бір шетінен аздап леп шығып, ауа кіріп тұратын саңылау қалдырады. Жөртөле ішіне бірнеше екіден ұзын сырғауы дайындап, біреуін жертөле төбесінің астынан орнатып, оған жіңішке жіптермен терінің әр жерінен ілетін де, төменгі жақ шетінің әр жерінен жіңішке жіптер арқылы астыңғы сырғауылға байлап, сырғауылды жерге тимейтіндей етіп салбыратып қояды. Сырғауылдың салмағымен тері жақсы керіліп тұрады. Теріні ысқа ілер алдында суға салып, жібітіп, мұқият шелдеп, жүнін тегіс қырып тастайды. Осылайша ілінген терілер бір-біріне тимей, әбден сорғып, дегдуді қажет етеді. Жертөле есігі де түтін шықпайтындай болып жабылады. Бұдан, әрине, Қазақстанның барлық өңірінде тері ыстау үшін тек осындай жертөлелер қазылады екен деген ұғым шықпаса керек. Мәселен, кейбір ауылдар терілерін ысшыға бермей-ақ, ені 1 метр ұзын ор қазып, оған әркім белгі салынған терілерін іледі де, төбесін шыммен жауып, арнайы мұржа арқылы тобылғы, қайың түтінін жібереді. Тері ыстаушылар отты кезекпен жағады. Кейбіреулер жалғыз-жарым терілерін шыммен не құрым киізбен жабылған шағын күркелерде де ыстай береді .Тасы көп таулы жерлерде, әсіресе, оңтүстік Алтай атырабында ысшылықты кәсіп еткен адамдар ысты тастан да салатын.

Ыстың жанынан беті жабық жерошақ қазылады да, одан шығатын түтін арнайы жасалған ұзындығы 2-3 метрдей мұржамен жертөле ішіне тоқтаусыз баруы қажет. Жертөле мен жерошақ арасының мұншалықты қашық болатындығы – от жалынының тікелей жертөле ішіне жетпеуін көздегендіктен. Өйткені, ыстық жалын лебі терілерді бырыстырып, күйдіріп жіберуі мүмкін.

Жерошаққа бықси жанған қайыңның не тобылғының түтініне жертөле толғанша от жағылады. Оның өзі жертөлеге толтырылған түтіннің қаншалықты сақталуына байланысты. Тері ыстау үшін қайың мен тобалғыдан басқа ағаштың, әсіресе, май қарағай еш уақытта қолданылмайды. Мұндай отындардың майы сіңген сабаның қымызынан оның жағымсыз қышқыл дәмі шығып тұрады.

Жоғарыда айтылған әдіспен күн сайын ыс салып отырғанда, бір ай шамасында терілер дайын болады. Теріге ыс сіңуі барысын үнемі бақылап отырады. Терілерді күйдіріп алмай, әбден бабына келтірген уақытта тері жұқарып, тығыздалып, артық майы шығып шыңылтырланады. Ар жағынан күн көрінгендей жағдайға жеткенде ыстау жымысы тоқтатылады. Кейде терінің тілген жері ақ жолақтанбай, қара қошқылданып жылтырап тұруы керек. Жеріне жете ысталған теріден тігілген сабаның ішіндегі қымыз деңгейі сабаға жарық түскенде анық көрініп тұратындай болуы керек. Сабыны, көбінесе, 1-3 жылқы терісінен жасатады. Бұрын атаққұмар байлар үлкен астарға көп қымыз апарып, атын шығару үшін 10 жылқының терісінен саба жасататын болса керек. Сабаның түбі шаршыланып, жоғары жағы қусырыла келіп, мойынына піспек басы еркін сыятындай болып пішіледі де, шуда жіппен сырт жағынан жөрмей тігіледі.

Кейде жүні қырылған теріні бірер күн қара тал қабығының не томар бояудың жылымшы қайнатындысына салып, бояу сіңіріп алады да, біраз дегдіген соң, одан саба тігіп , дайын сабаны ыстайды. Сабадан қалған тері кесінділерінен үлкенді-кішілі торосық, жан торсық, сүйретпе сияқты ас құятындар ыдыстар да тігеді. Сүйретпеге түйенің мойнағы да жиі қолданылатын болған. Жан торосықтың көлемі шағын, сыйымдылығы 2-3 литрлік болатын да, әр түрлі тәсілдермен көркемделеді екен. Жылымшы томар бояу қайнатындысынан шыққан тері біраз дегдіген соң, одан бірнеше жан торсық пішіліп, өронектеліп барып тігіледі, сосын ішіне ыстық құм толтырып кептіреді. Торсық кепкен соң құмды төгіп, ысқа іледі. Мұндай әдіспен жасалған жан торсық өз пішінін еш уақытта жоймайды.

Жол жүргенде қымыз құйып алып жүру үшін жасалатын қолайлы ыдыстың бірі – мес. Месті бітеу сойылған семіз серкенің терісінен жасайды. Ол үшін жібітілген серке терісінің жүнін ұстарамен алып, тазалап шелдейді. Бұдан соң оны тал қабығының тұздалған қайнатындысына бірер күн ұстап, түбін шуда жіппен тігіп, біраз дегдітеді, одан кейін уақлап, созғызып жұмсартады. Жел қақтырып кептіргеннен кейін, местің мойынынан тобылғы түтінін жіберіп, 2-3 күн бойы ыстайды. Сөйтіп, оны дайын ыдыс ретінде керегіне жарата береді. Қымыз құйған месті көлікке артып, бір жерден екінші жерге жеткізерде леп шығып тұру үшін, местің аузына іші қуыс қой жілігі қоса байланады. Өйтпесе мес жарылып кетеді. Жолшыбай местен қымыз құйып алғысы келгенде, оны көліктен түсіріп жатпайды, бітеу сойылған серке терісінің алдыңғы аяғының біреуінің ұшын тікпей, шүмек есебінде қалдырады, ол жерді ағашпен мықтап тығындап қояды, соны ашып, местен қымыз құйып алады. Жасалмалы серкенің терісінен жақсылап істеген мес көпке шыдайды. Қымыз біткеннен кейін, оның ішін сумен шайқап, көлеңкеге ілңп, жел қақтырады. Қатырмай керпі-созып, майлап отырады.

Жылқы, сиыр және серке терілерінен өөдері илейтін қалың былғарыны халық көн дейді. Одан тоқым, тебіңгі, белбеу, жағлан жасаумен бірге етік, мәсі тігіледі. Бұрын ауқатты адамдар мұндай заттарды, көбінесе, саудагерлерден сатып алынатын қалың былғарыдан, хромнан /жұқа былғары/ жасататын болған.

Тоқым, тебеңгі, жағлан жасауға арналатын көнді де, қалың былғарыны да ою-өрнектермен көркемдейді. Оның өзі әр түрлі әдістермен орындалады. Қалың көн мен былғарының бетіне ою түсіру үшін, оны, ең алдымен, суға салып, жібітіп алады. Аздап дегдігеннен кейін оның бетіне мүйізден не сүйектен жасалған сызғышпен жүргізетін оюдың ізін түсіреді. Енді бірде тақтай үстіне жайылған былғары бетіндегі өрнек бойымен ұшында кішкене шеңбер ізі бар темір қадаубасты ағаш тақпақпен ұру арқылы болмаса қалың жүзді жалпақ шапқымен терең із қалдырып көркемдейді. Көн не қалың былғары бетіне бедерлі ою-өрнек жүргізу үшін ағаштан арнайы қалып жасалады. Қалыптың бетіне бедерлі ою ойылады, оның үстіне жібітілген көннің не былғарының өңі астына қаратылып төселеді. Сөйтіп, балғаның жіңішке басымен былғарыны таптай ұру арқылы оған бедер түсіреді. Мұндай бедерлі оюдың кепкеннен кейін жойылып кетпеуі үшін, астына желімге иленген балшық қоймалжыңы толтырылады. Желім араласқан балшық былғарыға жабысып қатып қалады да, былғары бетіндегі бедерлі өрнектің ұзақ уақыт сақталауына жағдау туғызады. Кейде осындай қалып арқылы жүргізілген бедерлі оюлардың айнала жиегі астармен қосыла, жіңішке тарамыспен қайылып тігіледі. Бұл әдіс ою-өрнектің былғары бетінде айқын тұруымен бірге, оның көпке дейін жойылмауына көмектеседі. Мұндай бұйымдардың бет жағы әр түрлі тәсілдермен жүргізілген ою-өрнектерге қоса күміс, тас, сүйек әшекейлермен де безендіріледі.

Қазақ арасында жылқы терісінен көн илеп немесе сатып алатын қалың былғарыдан бедерлі ою-өрнек жүргізілген тұс киіздер жасайтын шеберлер де болған. Әрине, мұндай бұйымдарды, көбінесе, ауқатты адамдар сонау 18-19 ғасырда жасата алатын. Мұндай бұйымдарды жасау тәсілі қазіргі күнде ел арасынан мүлдем ізін жойған. Осы үлгідегі былғары тұс киіздің бір тамаша үлгісі Қазақ ССР-ініің Мемлекеттік Орталық музейінің қорында сақталған. Оның көлемі 2×1,5 метр шамасында. Мөлшермен 18 ғасырда жасалған бұл дүниенің ісіне, көркемделу стиліне қарағанда, Жетісу өңіріндегі айтулы өнер иесінің қолынан шыққан туынды деуімізге болады. Музей деректері де соны қуаттайды.

Түс киіз өңіне түсірілген өрнектің композициялық құрылымы әдеттегі киіз, мата, тұс киіздердікіндей дәстүрлі бөліністерден тұрады: ортасы, шеті, жиегі бір-бірімен кестеленіп бөлінген де әрқайсысы өзінше оюланып безендірілген. Ою мотиві, негізінен қазақтың дәстүрлі қошқар мүйіз сыңар мүйіз, өрнектерінің ұнамды үйлесімі арқылы өз көркемдік шешімін тапқан. ТҮс киіз бетіне жүргізілген бедерлі ою-өрнек ыңғайына қарай, симметтриялық заңдылықты сақтай орналастырылған 107 әр түрлі күміс розеткалар бар. Олардың басым көпшілігі күн символы тәрізді дөңгелек розеткалар да, қалғандары ұшқан құс бейнесін не жарты ай кескінін танытатын әшекейлер.

Сөйтіп, бедерлі ою-өрнекпен безендірілген қара-қошқыл былғарыдан жасалған тұс киіз негізінің бетіне тігілген ақ, қызық жібек кестелер, ақ күмістен орнатылған әр түрлі әшекейлер тұс киіз бетінде үйлесім тауып, оның реңін енгізіп тұр.

Мұның өзі қазақ шеберлерінің жоғары талғамдық дәрежесін аңғаруға мүмкіндік бергендей. Олай болса, бұл бұйым бұрынғы өткен қазақ шеберлерінің өнерлі еңбегінің бізге жеткен тамаша үлгісінің бірі екені даусыз.

Қазақ өмірінде ірі қара терісінен иленетін қайыс та үлкен орын алды. Иленген теріден қайыс жасау үшін малмадан иі қанып шыққан теріні көлеңкеде дегдігіп, талқыға салып, жұмсартып алады да, керегіне жарата береді. Қазақта ағаш талқының екі түрі болады. Бірі ағаштың екі айыр жерінен жасалады. Ол үшін айыр ағаштың үстіңгі бетіне кертпе бедер жасалады. Айыр ортасынан келетін білектей қайыңның бір басын топсалап орнатып, оынң астыңғы қырынан кертпе бедерлер түсіріледі. Қайысты осы кертік ағаштардың арасына салып жұмсартады. Талқының екінші, кейінірек қалыптасқан түрі мынадай: оның ұзындығы 40-50 сантиметр, жуан ағаш кесіндісінің ортасынан биіктігі 50-60 сантиметр екі тақтай тігінен орнатылады. Тақтайлардың жоғарғы қырлары жұқартылып жонылады. Иленген теріне осы талқының үстіне көлденең салып, тіземен басу арқылы қайысты жұмсартады. Кейде қайысты ағаш жаңғырық үстіне салып, қол тоқпақпен ұру арқылы да жұмсартатын болған.



Қайыстан қамыттың құлақ бауы, айыл, шілия, жүген, тізгін, шылбыр, қанжыға, қамшы, божы, тұсамыс, шідер, ноқта, тағы басқа да үлкенді-кішілі бұйымдар жасалады.

Қазақ арасында ежелген бері етікшілік өнері де кең дамыған. Семья мүшелеріне түгелдей аяқ киім тіккізгісі келген адамдар, әдетте, етікшіні өз үйінде бірнеше ай бойы ұстайды. Етікшілердің құрал-саймандары онша көп болмайды, олардың бәрі шағын ағаш қобдиға сыяды. Олар – балға, шапашот, шағын, төс, пышақ, түрпі, кергіш ағаш, тістеуік, ине, қаю біз, жуан қайқы біз, шеге біз, әр түрлі қалыптар және басқа да саймандар.

Аяқ киім тігуге қажетті көн, былғары, қайыс, ұлтан, сірі, тоз, тарамыс сияқты заттарды, әдетте, аяқ киім тіккізушінің өзі табады. Тек, ағаш шеге жасайтын кепкен қайың кесіндісін, ұсақ темір шегелерді, үлкенді-кішілі қалып түрлерін еткіші әрдайым өзімен бірге ала жүреді.

Өзіне керекті саймандардың бәрін, сондай-ақ, аяқ киім түрлеріне арналған қалыптарды етікшінің өзі жасап алады. Аяқ киім түрлеріне арнап қалып шабудың бір ерекшелігі – түзу табан болып шабылған бір қалыптың екі аяққа бірдей жарай беретіндігінде.

Ертеректе қазақ етікшілері ер адамдарға арналатын етіктің бірнеше түрін көннен не қайыстан жалаң қабат етіп тігетін. Жаздыгүні ат үстінде жүргенде киетін көн етіктердің басы қайқы, ұлтаны ішінен тігілетіндей жұмсақ келеді. Мұндай еткітерге өкше мүлдем салынбайды немесе өте жұқа болады. Қыста ерлер киетін ұзын қонышты, киіз байпақты еткіті саптама етік дейді. Киіз байпақпен, кейде, тіпті, аяққа шұлғау орап не мәсінің сыртынан киетіндіктен саптама еткітердің басы да, қонышы да кең болады. Мұндай еткітердің байпағы, әдетте, тізеден асады.

ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақ даласына сырттан келетін былғарының тарауына байланысты, саптама етік пен жеңіл етіктерді қалың қара былғарыдан тігу өріс алды. Сонымен бірге, орыс үлгісімен қисық табан жеңіл еткі тігу де біртіндеп берік орын ала бастағандығы белгілі. Әйелдерге арналған жеңіл етікті қара,қызыл, жасыл түсті жұқа былғарыдан сәндеп тігеді. Олардың өкшесі биік келеді, қонышы түсті жібек барқыттармен көркемделеді, сонымен бірге сәнді кестеленеді.



Ер адамдарға арналған кебісті көннен немесе қалың былғарыдан түзу табан етіп тігеді. Бұлардың өкшесі биік болмайды. Әдетте, еркек етіктері мен кебістерінің өкшесіне темірден нәл қағады.Әйелдерге арналған кебістер түрлі түсті жұқа былғарыдан тігіліп биік өкше қағылады,әр түрлі жібек жіптермен кестеленіп көркемделеді. Әрине, мұндай әсем кебістерді ұзатылатын қыздарға арнап жасататын болған.

Кебісті әдетте, ерлер де, әйелдер де мәсімен киеді. Мәсіні көннен, қалың былғарыдан, ал әйелдерге арналатын мәсілерді сатылып алынатын түрлі түсті жұқа хромдардан тігеді.

Мәсі тігудің екі тәсілі болған. Оның ішінде ең көп тарағаны-жалаң қабат ұлтанды мәсінің басын ішінен тігу әдісі. Ол үшін мәсінің қонышына басын, намаздығын тығып алып, теріс айналдырады, сосын қалың былғарыдан ұлтан шегеленген қалыпқа тартылады,ұлтан мен мәсінің басын жуан тарамыспен қайып тігеді, онан кейін қалыпты суырып алып, мәсіні айналдыра салады.

Мәсі тігудің күрделірек тәсілі - қос ұлтандап тігу. Ол үшін қонышына басы мен рамаздығын тігіп болған соң, ішпектелген қалыпқа тартылады. Содан кейін сыртынан ағаш шегелермен қалың ұлтан шегеленеді, оған бір қабат аласа өкше қағылады. Мұны халық шәтік мәсі деп атайды.

Етікшілер етік тігуде олардың өкше сірісін мықтап жасауға көбірек көңіл бөледі. Ол үшін өкшелікті былғарыдан екі қабатттап тігеді, арасына сіріден немесе қайың тозынан өкше сірі салады.

Етік, шетік мәсінің ұлтанын шегелеу үшін қолданылатын ағаш шегелерді әбден кепкен қайыңнан жасайды. Әдетте, етік шегесі ірірек, мәсі шегесі кішірек келеді.

Етікші ісінде орын алатын заттың бірі - тарамыс. Тарамысты соғымға сойылатын ірі қараның сирағындағы сіңірінен дайындайды. Сіңірді кесіп алысымен күлге бір аунатып қораның құмдығына іліп қояды, сөйтіп ол жазға дейін қатып кеуіп қалады. Кепкен сіңір еш уақытта бұзылмайды. Одан тарамыс жасау үшін,алдымен,ағаш тоқпақпен соғып жұмсартады, содан кейін талшықтарға бөле тарамдайды. Міне, осы тарамдалған сіңірдің жіңішке және жуан тарамыстар ширатылады .

Сонымен, революцияға дейінгі қазақ өмірінде аң, мал терілерін ұқсатып, одан әр түрлі киім тігу, үй бұйымдарын, ер-тұман әбзелдерін, ыдыс түрлерін жасау үлкен орын алған. Көрші елдермен сауда-саттықтың артуына байланысты, көптеген дайын былғары түрлерінің қазақ даласына жайылуы көн илеуді азайтып жіберді, сөйтіп одан жасалатын бұйымдар да азая бастады. Дегенмен, сауда-саттықтың күрт өсуі былғары түрлерінің қазақ өміріне берік енуіне қолайлы жағдай туғызды. Бұдан былай қазақ шеберлері көннен, сіріден, тақыр жарғақтан, былғарыдан тігілетін киім түрлерін, жасалатын үй бұйымдарын оюлап, кестелеп, күмістеп көркемдеуге көп көңіл бөле бастады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   93




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет