3.4 Сүйек пен мүйіз қолдану
Қазақ қолөнерінде сүйек пен мүйіз өндеу ісі өз алдына жеке кәсіп ретінде бөлінбеген. Ертеректе сүйектен кейбір еңбек құралдары мен қару-жарақ бөлшектерін жасаған. Ағаштан жасалатын үй жиһаздары мен ыдыс-аяқтарды көркемдеу үшін мал сүйегін кеңінен пайдаланған.
Үй бұйымдарын әсемдеуге жылқы мен түйе сүйектері ғана жараған. Оның өзінде, ең алдымен, олардың жауырын сүйектері мен қабырғалары қолданылса, кейде әсемдеу үшін жіліктің қақ сүйегі іске асқан. Әдетте, қыстыгүні соғымға сойылатын ірі жылқы мен түйе сүйектерінің жарамдыларын тастамай, жинай беретін. Шеберлердің айтуынша, шикі сүйектерден гөрі асылған еттің сүйегі өндеуге қолайлы болады. Семіз соғымның сүйектері тым майлы болған жағдайда, оларды артық майдан арылу мақсатымен өндеу алдында тағы да бірнеше сағат суға қайнатып алады. Сүйекті іске қосу алдында суға қайнатаудың тағы бір себебі, кеуіп тұрған сүйектен гөрі қайнатылған сүйекті өңдеу оңайға түседі.
Алдымен жылқы және түйе жауындарының кеміксіз қақ сүйегінің екіге жаруға келетін жалпық етек жақтары мен қабырғаларының жалпықтауын қол арамен кесіп, кесінділерді шапа-шотпен кеміктен әбден арылтып алады, содан кейін іске кіріседі.
Әсемдейтін бұйымдарының ыңғайына қарай, дайындалған сүйектерден мүмкіндігінше көлемі жағынан біркелкі тік бұрышты, төрт бұрыш, шаршы үш бұрыш, ромбы тәрізденген әшекейлер кесіліп алынады, олардың беттері тегістеледі, мұқият өңделеді. Сүйек бетін өңдеу үшін пышақ, шапашот, егеу, шыны сынықтары қолданылады. Сүйек әшекейлерді ағаш бұйым бетіне шеге арқылы ұстататындықтан, олардың шеге қағылатын тұстарын жіңішке қуысқұлақпен алдын ала тесіп алады. Сүйек әшекейлерді бетіне бедерлі ою-өрнек ойылумен бірге сызу әдісімен әр түрлі геометриялық өрнектер де жүргізіледі. Сүйек бетіне жүргізілген бедерлі оюлардың түрі қызыл, қоңыр, жасыл бояулармен боялады. Кейде сүйек әшекейлердің өзін мүсіндеп, оймалаумен бірге ағаш бетін ойып орналастырады. Сүйек әшекейлерімен әсемделетін үй бұйымдарының түрлері көп. Оның ішінде, әсіресе, жиірек көркемделетіндері – кебеже, төсағаш, сандық, ер, піспек басы, адалбақан, қант тоқпақ және домбыра сияқты музыкалық аспаптар. Жылқы мен түйенің асық жіліктернің жіңішке жағының қақ сүйектері пышақ, қылыш, қанжар, ожау саптарын әсемдеуге кеңінен пайдаланылады.
Сүйекті түзетіп, жонып, тегістейтін құралды бастырақ не қысқы дейді. Жалпы, сүйекті жону, өрнектеу, шегелеу, сүйекке күміс қақтау жұмыстары - асқан шеберлікті талап ететін өте нәзік өнер.
Ірі қара, серке, арқар, арқар, ақбөкен және таутеке мүйіздері мен тұяқтары хас шеберлер өте тиімді пайдаланатын болған. Мәселен, сиыр, серке мүйіздерінен шақша, тарақ; ақбөкен мүйізінен қамшының сабы, шиті мылтықтың сирақтары, арқар және таутеке мүйіздерінен қымыз ожау, қасық сияқты заттар жасалады. Сүйекке қарағанда, мүйіз жонуға, июге, қалыпқа салуға, тесуге, шегелеуге өте ыңғайлы. Және оны оюлап өзге заттарға қиюластыру да жеңіл. Жоғарыда айтылған үй жануарлары мен тағы аңдардың мүйіздерін іске жарату үшін, оларды жастай жинап, ылғи көлеңкеде сақтау қажет. Өйткені, далада көп жатып, қабыршақтанып, әбден қураған мүйіздер іске жарамайды. Мүйізден жасалатын бұйымның ыңғайына қарай, бабымен кептірілген мүйізді қол арамен көлденең кесіп, дайындап алады да, ыстық қоламтаға бие сауым уақыт көміп, әбден жұмсартып, балқытады, одан кейінт ғана шебер іске кіріседі. Айталық, шақша жасайтын болса, мүйіз кесіндісінің сыртқы пішінін қалауынша өзгертіп, суығынша арнайы қысқашпен қысып қояды. Суығын мүйізді пышақпен, егеумен, шынының сынығымен және киізбен мұқият өңдейді. Сосын сүйектен, ағаштан, күмістен, не мүйізден түп, қақпақ салып кейде сыртын күміспен, көздің жауын алатындай етіп әсемдейді.
Сиыр мүйізінің түп жақ кесіндісінен тарақ жасайды. Ол үшін арнайы жасалған әлді темір пышақпен мүйіз кесіндісінің бауырынан жара тіледі, алдымен мүйізді түзетіп, содан соң қысқашпен қысып қойып суытады. Суыған мүйізге тарақ кескінін нобайлап, мұқият өңделген соң оны қысқашқа қысып қойып, бір жақ шетінен «еркек тістер» деп аталатын ірі тістер, екінші жағынан «ұрғашы тістер, деп аталатын жіңішке тістер шығара жұқа қол арамен тілетін. Болмаса екі түрлі – бірі қалың, екіншісі жұқа пышақпен тарақ тісін тіледі. Дайын тарақтар егеліп, ыспаланады, боялып әдеміленеді. Ақбөкен мүйіздерінің қуысы жоқ жіңішке ұштарын қоламтаға салып түзетіп, бірнешеуін жалғастыру арқылы қамшының сабын жасайды. Оның сыртын да әдемілеп өңдеуге болады. Оны жез не күміс әшекейлермен көркемдейді. Арқар не таутеке мүйіздерін қоламтаға көміп, балқытып барып, түзетуге болады. Ал, сыртындағы кедір-бұдырын шаппа шотпен шауып, пышақпен жонып тастайды. Сөйтіп барып, шағын қымыз ожаудың басы мен сабын тұтастыра шығарыды. Бұл аңдардың мүйізінен пышақ, семсер, қанжар, қылыш саптары да жасалған. Ерте замандарда сүйек пен мүйізден жебе, ине, пышақ жасағандығы археологиялық зерттеулерден белгілі. Келе-келе халық өміріне метал түрлерінің енуіне байланысты сүйек пен мүйізден, жоғарыда көрсетілген,құрал түрлерін жасау сирей бастады. Өйткені, қару-жарақ, құрал-сайман ретінде сүйек пен мүйіз металл түрлерінің қайсысымен болсын бәсекелесе алмайтыны айрықша дәлелдеуді, әрине, қажет етпейді ғой.
Осы көрсетілген үй бұйымдарының ішінде сүйекпен көркемделетін беттері көлемдірек келетін кебеже,төсек ағаш сияқты бұйымдардың беттерін әдетте бірнеше төрткүлге бөліп, олардың әрқайсысының беттеріне ою-өрнек ойыған көлемді келген сүйек тақтайлар күміс бүркеншікті шегелерлен қиыстырылатын. Әр төрткүлдің ортасына күмістелген бедерлі темір әшекейлер орнатылатын. Ажурлы әшекейдің астына төселетін қызыл не жасыл шұға,көксауыр былғары, дәл ортасына ақық не перуза тастарынан,яки түрлі шынылардан орнатылатын көздер сүйек түсімен үйлесім тауып, безендірілген бұйым бетінің реңін енгізетін.
Мұқият өңделген сүйек әшекейлермен мейлінше ұқыпты безендірілетін үй бұйымдарының бірі ұзатылған қыздарға арнайы дайындалатын қол сандықтар. Бұлардың хас беттері, екі жаны және қақпақтарының төбесі түгелдей сүйектелген.
Достарыңызбен бөлісу: |