Абылайша.Қостың қаңқасында шаңырақтың пайда болу үрдісін аңғартатын, оның едәуір жетілдірілген және жорық кезінде жауынгерлер уақытша баспана ретінде пайдаланып келген түрі. Көпшілік жұрт қостың бұл түрінің пайда болуын жоңғарларға қарсы бүкіл халықтық қозғалысқа басшылық етіп, талай-талай шайқастарда көзсіз ерлік көрсетіп, ел арасында үлкен абыройға ие болған Абылай ханның (1711—1781) есімімен байланыстырады .
Елге тарап кеткен бұл пікірдің анық-қанығына күмән келтіргіміз келмейді. Әйтсе де, құрылымына қарап, қостың қазақтан басқа да халықтардағы нұсқаларымен салыстыра отыра, абылайшаны (бастапқы аты белгісіз) өте ерте заманнан келе жатқан, бәрімізге танымал киіз үйдің өзін де белгілі бір деңгейде жетілдіре түсуге ықпал еткен баспана үлгісі деп жорамалдауға болады.
Кәдуілгі қостан мұның құрылымдық жағынан айырмашылығы — сы-рықтарының бұрынғыдай байластыра салынбай, кішігірім шаңыраққа қадалатынынан пошымының киіз үйге жақындай түсіп, төбе жабынында үзікпен қатар түндіктің, кигіз есіктің пайда болғанында. Оның үстіне, жорық кезінде баспана етуге ыңғайластырылған абылайшаның тағы бір нұсқасы - қысқа уықтар қадалатын кішкене шаңырағы бар, үш қанатты киіз үй кейпінде болған. Шамасы мұндай үйде қолбасшы әлде ханның өзі тұрған болуы мүмкін.
Абылайша соңғы жылдарға дейін ауыл арасында пайдаланылып келгенімен, кейінгі 20—30 жылда мүлдем көрінбейтін болып алды. Бәлкім, бұл көненің көзіне паңдана қарайтын керенаулықтан туған жағдай болар. Әйтпесе, жақын қашықтыққа көшіп-қонатын малшыларға, шөп шабатындарға, ет комбинаттарына мал айдайтындарға, археологтарға, барлаушы-геологтарға мұнан артық баспананы ойлап табудың өзі қиын.
Туырлық үй. Көшпелі қазақтың бар байлығы — малды жайып бағатын кеңістікке байланысты болғандықтан біздегі маусымдық жайылым атам заманнан бастап қалыптасқан. Сол жаздық, күздік жайылымдарға ығысып, көшіп-қонып жүрген кезде қазақтың екі-үш күннен артық бөгеле тұруға болмайтын, құдығының суы аз, жайылымы мардымсыз жерлерге тоқтағанда тігетін, қызметі жағынан күркеге жақындау келетін баспанасы.
Туырлық үй — негізінен төрт қанатты, уықтары кіші гірім шаңыраққа қадалатын, тек қана туырлықтармен жабылатын жолама, жол үйдің нұсқасы. Бай малын бағатын тақыр кедейлер мұндай қоныс кезінде екі керегенің басын қабыстыра, жалғыз туырлықпен жаба салатын немесе үш сырықтың басын қосып, құрым киізбен күн түсетін жақтарын ғана қымтайтын шайла тігетін болған.
Ақүй.Молшылық пен сәттіліктің белгісі болып есептелген, «қазақтың киіз үйі» деген жалпылама атауды жеке иемденген, таңғыштармен, арқан-жіптермен байластырылатын каңқасы (сүйегі) құрастырылып- ажыратылатын киіз жабынды баспана үлгісі.
Биіктігі 135—140 сантиметрдей 15 басты алты қанат керегеден, күмбезін құрайтын ұзындығы 240—250 сантиметрдей 80—90 уықтан, диаметрі 180—190 сантиметрдей шаңырақтан, босаға, маңдайша, табалдырыққа бекітілетін қос қанатты ағаш есіктен (сықырлауық) құрастырылады. Төрт туырлықпен, екі үзікпен, түндікпен жабылады. Таңғышы шаңырақтың шеңбері арқылы ішке қарай тартылып байланатын киіз есік үзіктің астымен сықырлауықтың сыртына түсіріледі. Киіз есік күндіз мандайшаға дейін түріліп, түндіктің бауымен ішке қарай байланады. Жылжымалы тұрғын жайдың көп тараған және мейлінше жетілдірілген нұсқасы. Бұл оның күмбезінің көтеріңкі болатынынан, негізгі салмақ керегеге түсетіндіктен моңғолдың гэріндегідей шаңыраққа екі жағынан тіреуіш қойылмайтыныңан да көрінеді.
Ақүй деп аталатыны — көбіне шынайы ақ реңк алу үшін бор қосып басылатын ақбоз киізбен жабылатындығынан.
Қараүй(Қараша). Ақ үйдің өзімен қатар тігілетін қосалқысы. Асхана ретінде пайдаланылған. Ақүймен салыстырғанда көлемі кішілеу, төрт қанатты, уығы қысқа, тікелеу болатындықтан бойы аласалау келеді. Көбіне қоңыр киізбен жабылатындықтан қараүй немесе қараша деп аталған.