Н. К. Крупская атындағы №18 орта мектеп Шалкарова Эльмира Утеулиевна Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санатты мұғалімі Оқушыларды шығармашылыққа баулу жолдары



Дата05.01.2017
өлшемі95,47 Kb.
#6370
Атырау облысы

Атырау қаласы

Н.К.Крупская атындағы №18 орта мектеп

Шалкарова Эльмира Утеулиевна

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санатты мұғалімі

Оқушыларды шығармашылыққа баулу жолдары
Шығармашылық-бүкіл болмыстың,

қозғалыстың, дамудың, бір сөзбен айтқанда,

тіршіліктің көзі

Қ.Әбдібекқызы.

Біз қазақ деген мал баққан елміз,

Ешкімге соқтықпай,жай жатқан елміз.

Елімізден құт-береке қашпасын деп,

Жерімізді жау баспасын деп,

Найзамыздың ұшына үкі таққан елміз.

Достықты сақтай білген елміз,

Дәм-тұзды ақтай білген елміз.

Асқақтаған жан болса,хан ордасын

Таптай кірген елміз.

Атадан ұл туса,құл боламын деп тумайды,

Анадан қыз туса,күң боламын деп тумайды.

Ұл мен қыздың арын сақтай білген елміз.

Өзінің ғасырлар бойғы өткен күндері мен тіршілік мұратынан сыр шертетін халқымыздың бейнесі осы өлең жолдарында сыйып тұр емес пе?

Ұлы сөзден ұлағат ала білген халқымыз өзінің сөзімен дау-дамайдың шешімін тауып,мұратына жетіп отырған.

Қаншама өмір нарқын салмақтаған,өрелі жасқа өріс болар асыл ой түйіндері көркем,мәнді сөзден тарап келеді.

«Қыран түлегіне қайыспас қанат сыйлайды,ұстаз шәкіртіне талап сыйлайды» деген халқымыздың қанатты сөзі ұстаз арқылы дарыған талаппен ұрпақтың алысқа ұшатынын меңзеген сияқты.Талапсыз ұланның ертеңгі күні еліне қандай болуы неғайбыл емес пе? «Бала болсаң, болғандай бол, ел-жұртыңа қорғандай бол» дегенді дана халқымыз тереңінен үңіле отырып айтқан ғой.

Еліне қорған,ұлына қамқор болар ұрпақтың қашан да көңілі ояу, айналасындағы өзгерістерге сын көзбен қарай білетіні, пірік, қорытынды айтатын шешім қабылдай алуы қажет.Міне, бұл биік - оқушының шығармашылық қабілеттерін дамыту арқылы келетін іс.

«Көкірегі сезімді, көңілі ойлыға,

Бәрі де анық тұрмай ма ойлағанға»,-деп ұлы Абай атамыздың сөзімен қарар болсақ, шығармашылық қабілеті дамыған баланың көкірегі сезімді, көңілі ояу боларына дау жоқ.

Шығармашылық-әдемілік пен әсемдіктің әліппесі.Мұғалімнің өзі де шығармашылықпен тұрақты айналысатын, дәуір көшінің өзгерістеріне ілесе алатын болуы тиіс. «Өзі шығарма жаза алмайтын мұғалім,жағада тұрып , жүзуді үйреткен су жаттықтырушысына тең». Ұлы адамның осы сөзі-мұғалімнің қазығы,бағыты болуы тиіс.

Ұстаздың жазған пікірлері, мақала, мөлтек сыр, озық әдістері баспасөз бетінде жарияланып тұруы-шығармашылықпен жұмыс істеуінің, оқушымен бірлесе табысқа жетуіне ықпал етеді.

Оқушы-басты тұлға.



І.Сезім іште түлеп,сыртта сымбаттанады.

Бірінші кезең-жаңаны,тың нәрсені дамыту,сезе білу,ойлау,түпкі идеяны табуға ұмтылу.Шығармашылық ой-талдауға бейімділік, ішкі сезімталдық қасиетті оята білу.

Бір сөзбен айтқанда, бұл кезеңді мен былай қорытындылағым келеді. «Сезім іште түлеп, сыртта сымбаттанады». Бұл кезеңге байланысты арнайы әдеби-шығарым тапсырмалар беріледі,бұл тақырыптық,еркін тақырыпқа шығарма, мақала, хат, ойтолғау, эссе сияқты жұмыстар арқылы орындалады.Белгілі тақырыптарды өткеннен кейін төмендегідей талаптар бойынша жұмыстар жүргізіледі:

1.Шығарманың мазмұны, тақырыбы жайында пікір жазу;

2.Кейіпкер тобын ажыратып, олардың арасындағы шиеленісті түсіндіру;

3.Ұнаған эпизодтарды баяндау;

4.Шығарма мазмұнына сай қанатты сөздерді ойлап жазу;

5.Мазмұны бойынша сұрақтар қою;

6.Әңгіменің белгілі бір бөлімінің көркемдік ерекшелігіне талдау жүргізу;

7.Әңгіме кейіпкерінің басындағы іс-әрекетті ,көңіл-күйін өз басымен салыстыра баяндау.



ІІ. «Қиялдамасаң, қызыл тіл сайрамайды».

Екінші кезеңдегі атқарылатын жұмыстар осыған саяды.

Екінші кезең-қиял,ұшқыр ой,ой қызметінің батылдық ерекшелігін қалыптастыратын кезең.Бұл кезеңде оқушыны көркемдік шешім табуға жетелеу үшін ой ұшқырлығы туу қажет.Мұнда оқушының өзіндік ізденісі, пікірі, айтары байқалады.Бұл кезең-оқиға құрудың, образ жасаудың мүмкіндігі бар кезең.Мұнда оқушыға ертегі, әңгіме, мақалаларды жалғастырып жазу және аяқтау тапсырылады. Бұл жұмыста оқиғаға тән көріністер,суреттер, адам портреттері, түрлі сюжеттер орын алады. Оқушы сол көріністерді қиялмен суреттеп, оқиғаны дамыта отырып, шығармашылық жұмыс істейді. Сөйтіп, жанды деталь, мазмұнды ой, қызықты кейіпкер, тың ой туады. Олай болмаған күнде шығарма көркемдік дәрежесіне толық жете алмайды.

Оқушыны шығармашылық жұмысқа үнемі бағыттап отыру- әңгіме,ертегі,оқиға тізгінін өз қолына беру, қиялына мүмкіндік туғызу.

Өз бетінше жұмыс істеу- шығармашылық қабілетті ашудың көзі. Бұл бағытта төмендегідей жұмыстар арқылы оқушының таным көкжиегін арттыра түсеміз:

1.Логикалық ойын дамытатын тапсырмалар (сөзжұмбақ,ребус шешкізу,

жұмбақ, мақал-мәтел,қанатты сөздер құрастыру)

2.Берілген тапсырманы түрлендіру бағытындағы жұмыс түрлері (мәтінді

өңдеу, берілген мәтіннен диалог құру,мәтін бойынша шешендік сөз

құрау)


3.Өз ойынан еркін тақырыпқа құрастыруға берілген жұмыс түрлері(өлең,

ертегі, әңгіме жазу,шығарма,эссе)

Оқушыларға әдеби-шығарым тапсырмалар өтілген тақырыптар бойынша жүргізіліп қоймайды. Еркін және тақырыптық шығармалар, түрлі мақалалар, өлең құрастыру және өлең мазмұнына қара сөзбен жаздырту жұмыстары орындалады.

«Ақындық атасынан үзілмеген» қазақ өлең сөзді өзгеше түсініп, өте биік тұрғыдан көрсетіп келеді емес пе? «Халқымның өлеңі-ортақ қазынасы » демей ме халқымыз? Атадан мұра болып келе жатқан өлеңді түсініп оқу,қабілетті балаларға өлең жаздырту,өлеңді қара сөзбен көркемдеп айтқыза отырып, ақын жайлы түсінуге оқушыларымды баулып отырамын. «Өлеңім-жақсылардың жан азығы» деген аға ақындар үлгісін оқушыларыма алтын көпір етіп келемін.

Оқушының шығармашылық қасиетін дамыту үшін басым міндетті оқушының өз қолынаберіп отырған дұрыс.Мысалы, сыныпты үш топқа бөліп, әр топқа өздерінің қалауларымен ат таңдап, сол таңдап алған атына сай пікір айтып, соған сәйкес айдар ойлап табу және қанатты сөздерді қатыстыра сөйлеу жұмысы тапсырылады.

ІІІ .Тапқырлық пен шеберліктің ұясы.Мұнда өзіндік сын, бастаған ісін аяқтау, дәлелдеу.Бұл мәтіндерді өңдеу,материалдарды сұрыптау, рецензия, талдау,кіші ғылыми жұмыстар арқылы іске асады.Әңгіме жазуға бару- оқушы үшін қиын нәрсе.Әйтсе де, әңгіме жазуға талпыныс оқушылар бойынан көрініп қалуда.Оқушыларға арнайы мәтіндер арқылы оны өңдеу,мағынасын сақтай отырып,тілін өзгертіп жаздырту жұмысының мәні зор.

Осы үш кезеңнен өткен оқушы нағыз шығармашылық тұлға болып дараланады. Ол өзгелерден өз күшіне сенімділігімен, шешімділігімен, сезімінің ұшқырлығымен ерекшеленеді.

«Бала поэзияны толыққанды түсінуі үшін,алдымен, оны өлең жазуға үйрету керек»,- деп В.А.Левин айтқандай,көркем сөз, көркем ой әрбір баланың өз көкірегінен тууы тиіс.Баланы көркем сөз өнеріне үйретудің, баулудың қажеттілігі сол, ол сезім тазалығын, шынайылығын қалыптастырады, адамның психикасын дамытады. Оқыту мен тәрбиелеу процесінде оқушы шығармашылығын дамытудың тағы бір қажеттілігі қоғам талабынан туындайды.Қоғамға әрдайым дарынды, қабілетті адамдар керек.Әсіресе, қазіргі нарық заманында мамандық атаулының барлығы бейімділікті, ептілікті, шапшаңдықты, мол шығармашылық мүмкіндікті талап етеді.Ендеше, қазіргі таңда әрбір педагогтің міндеті де-шығармашылық қасиеттерді кез-келген қазақ оқушысының бойында қалыптастыру.

Егеменді ел болып,өркениетті мемлекеттердің алдыңғы саптарда болу үшін біздің болашағымыз-жас ұрпақты-рухани дүниесі мол, адамгершіліктің тұтқасын берік ұстаған, білімдар етіп тәрбиелеу міндеті тұр.Осы міндетті ұстаз қауымына жеткізуші Қазақстан Республикасы орта білім беру мемлекеттік стандартының талаптарында да оқушының бойындағы іскерлікті, шығармашылықты дамыту мәселелері айқын аталып көрсетілген.Сондықтан оқушыға сөз өнерін меңгерту-қазақ педагогикасының алға қойған мақсаттарының қазығы болуы тиіс.Сол қазықты дұрыс қаға білу міндеті қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің қолында екені даусыз.Оқушыларды шығармашылыққа баулудағы іске асыруға тиісті басты мақсатым:



  1. Оқушылардың логикалық ойлау қабілетін арттыру

  2. Қиялын дамыту

  3. Ойларын жүйелі де көркем жеткізе білулерін қалыптастыру

  4. Өзіндік туынды жаза білулеріне дағды беру

Бұл мақсаттарды жүзеге асыру үшін оқушылардың жас ерекшеліктерін, көзқарастарын, жалпы дүние танымдарын, бақылағыштық қасиеттерін саралап ескеріп отырамын. Және де сынып оқушыларының шығармашылық тапсырмаларды орындауға алдын ала дайындық жұмыстарын жүргіземін.

5-сыныпта «Жұмбақтар» тақырыбын өткенде, қазақ халқының ауыз әдебиетінің асыл мұраларының бірі-жұмбақтар екенін түсіндіре келіп,өміршеңдігін ақындарымыздың тамаша жұмбақ жазудағы шеберлігін «700 жұмбақ» арқылы дәлелдей отырып, өздеріне жұмбақ жазуға шығармашылық тапсырма беріледі.Жұмбақталған нәрсенің мағынасы екінші бір заттың қасиетімен, белгілерімен ұқсастырылып берілетіндігін ескеру қажеттігі түсіндіріледі.Жұмбаққа білімді, мектепті, оқу құралдарын, оқулықтарды алуға болатыны айтылады. Шығармшылық өз бетімен үйде жүзеге асады. Оқушының ой ұшқырлығын, тапқырлығын дамытатын бұл жұмыс түрі де ойдағыдай нәтижесін берді. Олардың ой еңбегін дамытты.

Оқушы жұмбақтарынан үзінділер:

«Барды өзі жиып алған,

Еш нәрсе жоқ одан озған.

Бар адамға қажетті,

Іші қазына толған» 5-сынып оқушысы Әділ Гүлнар.

«Білім нәрін береді,

Саған әр кез сенеді.

Сенімін оның ақтасаң,

Баласындай көреді» 5-сынып оқушысы Балтабаева Дильназ

«Түпсіз терең тұңғиық,

Тереңіне бойлап сүңгиік.

Маржандарын көп терсең,

Ұшарсыз әр кез сен биік» 5-сынып оқушысы Исатай Асылхан.

Оқушыларды шығармашылық жұмысқа баулуды өздері оқыған көркем шығарма мазмұнынан ой түйіндетіп, салыстырмалы тұжырым жасау арқылы іске асыруға болады.Ж.Молдағалиевтің «Сағындым Жайық» өлеңін Жайық өзенінің жағасында өткіздім.Алдын ала берілген үй тапсырмасы бойынша оқушылар Ж.Молдағалиев туралы не білетіндерін, оның қандай шығармаларын оқығандарын ортаға салды.Жайық өзенінің Орал тауынан басталып, Каспий теңізіне құятынын әңгімелеп, ақынның туған жерге деген сағынышын өлең жолдары арқылы түсіндірдім.Венн диаграммасы сратегиясы бойынша оқушыларға төмендегідей шығармашылық тапсырма берілді:


Ж.Молдағалиев-ақын Сен-оқушы

Ақынның туған еліне , сүйікті Жайығына деген сағынышы «Сағындым, Жайық»

Сенің Жайығыңа деген сүйіспеншілігің және мақтанышың

«Мақтанышым-Жайығым»



Сынып оқушысы Ержанова Ұлпан Ж.Молдағалиевтің «Сағындым, Жайық» өлеңінің идеясын, мазмұнын: «Ақын бұл өлеңінде төңкерілген толқыны жарқабақты соғып жатқан , сылдырлап аққан сұлу Жайығын сағынғаны туралы жазған . Өзінің жастық шағы Жайық жағасында өткенін, жебегей түнде құрбыларымен қйнап-күлгенін, талай терең сырлы ойға батқанын шебер суреттеп жеткізген. Ақын жауынгерлердің туған жер үшін, Жайық үшін соғысқанын, жағада жау жүрмесін деп қорғағанын және Жайық үшін штыктардың ұшынан қан сорғалап аққанын шынайы сезіммен көрсеткен.

Мен де ақын сияқты осы сұлу Жайық төсінде дүниеге келіп,жағасында өстім. Егер де жауымыз бізге соғыс ашып, Жайығыма қауіп төнетіндей болса, мен де өз Жайығымды қасық қаным қалғанша қорғар едім»-деп өз толғанысын білдірсе, Изтелеуова Жұлдыз «Мақтанышым-Жайығым» атты шығармашылық жұмысында өзінің балғын жүрегінен шыққан:

Сырдырлап аққан сұлу Жайық өзенім,

Әсемдігіңді мақтанышпен айтар өз елім,

Жағасында шомылып,балықтармен достасқан,

Көргенінде бүлінгенін өртенеді менің өзегім.

Самалы өбіп, аймалайды бәрін де,

Тербетілген толқыны келтірер оның сәнін де,

Байлығы мол,берекелі өзенім,

Тойдырар қарнын ашыққанның әлі де.

Талай ғасыр келеді Жайығымның сақтап атын,

Тарихқа бай беттері көп ақтаратын,

Сылдырыңды келешекке жеткізер,

Ұланың бар бір өзің деп мақтанатын-деген өлең жолдары арқылы жеткізген.

Екі жол өлең жазу тапсырмасында оқушылар:

Мақтанышы қаламның Ақ Жайық,

Көрінеді әп-әсем боп ғажайып.


Әсемдігі өзгеше болып көрінер,

Тербетілген бесігіңде туған жер.


Ыстық маған туған жердің әр тасы,

Елін сүйген мен қазақтың баласы.


Шығармашылық қабілетті ашуда әдебиет пәні сабағының мүмкіндігі мол екендігін ескере, тиімді пайдалана білу аса шеберлікті қажет етеді.Мұғалім мен оқушы арасындағы шығармашылық байланыстың тұрақтылығы ғана оң нәтижеге жеткізері белгілі.Оқушының көркем сөйлей білуін қалыптастыру-біздің алға қойған мақсаттарымыздың қазығы болуы тиіс.Міне, осындай шығармашылық жұмыстар нәтижесінде оқушылар сөз өнерін меңгеруде төмендегідей дағдылары қалыптасады:

1.Сөз мағынасын жете түсініп, сөз сырына үңіле біледі.

2.Белгілі бір тақырып мәнін ашуда өз ойы мен тұжырымын жүйелей алады.

3.Логикалық ойлау қабілеттері дамиды.

4.Өзі көрген оқиғаны көркем баяндайды.

5.Қиялы өрістейді.



6.Поэзияға құштарлығы оянады.

7.Өлең, әңгіме жазу қабілеті қалыптасады.
Каталог: 2016
2016 -> Дәріс №1 Тақырыбы: Саясаттану ғылым және оқу пәні ретінде
2016 -> ОҚУ Әдістемелік кешен пәН «Қазақ Әдебиетін жаңа технология бойынша оқыту әдістемесі» мамандық
2016 -> Жырымен елін қуантқан Т.Әбдірахманова – 95ж
2016 -> Қазақстанның ірі мемлекет қайраткері, ұлт жанашыры, ел қамқоры, халқымыздың біртуар перзенті
2016 -> Сабақтың тақырыбы Үш бақытым. Мұқағали Мақатаев Туған тілім. Дихан Әбілов Жалпы мақсаты
2016 -> «Алаштану негіздері» таңдау курсы Түсінік хат «Алаштану негіздері»
2016 -> Сабақтың атауы Н.Әлімқұлов Қоңырау Мақсаты
2016 -> Силлабус Пән: Педагогика тарихы Курс: 4 Мамандық: 5В010200 «Бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» Кредит саны: 2 Экзамен: 7 семестр Семей-2015 «Педагогика тарихы»
2016 -> Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет