Сурет 20. Этанолдың бауырдағы метаболизмі (1- алкогольдегидрогеназа, 2,4,5- альдегиддегидрогеназа (альдегидоксидаза), 3- ацетилКоА-синтетаза, 6- лактатдегидрогеназа, 8- тиолаза, 9- май қышқылының синтазасы, 10- ацилглицерол-3-фосфаттрансфераза).
Алкогольдің жоғары дозасы қабылданған (2 кг/кг) кезде, цитозолдағы этанол мен ацетальдегидтің тотығу жылдамдығы әртүрлі болғандықтан ацетальдегидтің концентрациясы кенет жоғарлайды. Ацетальдегид өте жоғары реакция,а қабілетті зат. Ол ферментсіз жолмен де жасушадағы протеин мен басқа да қосылыстардың HS –, H2N – топтары бойынша ацетилдену реакцияларын жүргізіп олардың қалыпты қызметін бұзады. Ацетилденген (түрленген) протеиндерде көлденең байланыстар түзіліп нативті құрылымы өзгереді, мысалы, жасушааралық матрикс протеині – эластин мен коллаген, хроматин мен липопротеиндердің (бауырда қалыптасатын) кейбір протеиндері.
Ядролық, цитоплазмалық ферменттер мен құрылымдық протеиндердің ацетилденуі бауырдың қанға бөлінетін протеиндері синтезінің төмендеуіне әкеледі. Мысалы, альбумин қызметінің бұзылысы (альбумин Nа+ ионын байланыстырып коллоидтық-осмостық қысымды ұстайды, қаннның гидрофобтық заттарын тасымалдауға қатысады) және оған қосарланатын ацетальдегидтің мембрананы зақымдаушы әсерінің нәтижесінде натрий ионы мен судың концентрация градиенті бойынша жасушаға түсуі жоғарлайды, жасуша осмотикалық ісінеді және қызметі бұзылады.
Этанол мен ацетальдегид белсенді тотығатын болса НАДН/НАД+ қатынасы жоғарлауына әкеледі, бұл цитозолдағы НАД+ тәуелді ферменттер активтілігін төмендетеді. Нәтижесінде гликолиз бен глюконеогенездің аралық метаболиті глицерол-3-фосфаттың мөлшері жоғарлауына әкеліп бауырда майлар синтезі мүмкіндігін жоғарлатады. НАДН концентрациясының жоғарлауы лактат тотығуы реакциясын баяулатады, лактат/пируват қатынасы жоғарлайды және глюконеогенз жылдамдығы одан сайын төмендейді. Қанда лактаттың концентрациясы жоғарылайды, лактацидоз дамиды.
Этанолдың бауырдағы трансформациясының жылдамдығы негізінен алкогольдегидрогеназа (АДГ) белсендігі бойынша шектеледі. АДГ – димер (бір геннің аллельдерімен кодталатын идентті тізбектер, протомерлік құрылымы, шоғырлануы және активтілігі бойынша ерекшелінетін үш изоформасы анықталған: - АДГ1, АДГ2, АДГ3. Европалықтарда АДГ1 және АДГ3 болуы тән, кейбір шығыс халықтарында АДГ2.
Басқа шектеуші факторға НАД+ болуы жатқызылады. Реакцияның максимальді жылдамдығы этанолдың аздаған концентрациясының өзінде де байқалады. Сондықтан, ағзадағы этанол деңгейі тұрақты жылдамдықпен төмендейді (этанолдың ыдырауы – нольдік ретті реакция).
Созылмалы алкоголизмде бұл ферменттің бауырдағы мөлшері жоғарыламайды. Созылмалы алкоголизмде ЭР гипертрофиясы және Р450 ІІ Е1 изоферменті (МЭТЖ –митохондриялық этанолтотықтырушы жүйе) қатысуымен этанол метаболизмі 50-70% дейін күшейеді.
Достарыңызбен бөлісу: |