Намазалы Омашұлы



Дата29.03.2018
өлшемі166,49 Kb.
#39815
Намазалы Омашұлы

Еуразия ұлттық университеті жанындағы

Журналистика мәселелерін зерттеу

институтының директоры, профессор

«Ұшқын», «Еңбек туы» басылымдарындағы ұлттық мәселелер
Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы кеңестік журналистика тарихы сол кездегі жүйенің талап-тілегі тұрғысынан ғана қарастырылып келгені баршаға мәлім. Өйткені ол кезде шындықты айту былай тұрсын, ол туралы жақ ашқандарды құртып-жоюға бағытталған кеңестік «алып машинаның» қапысыз қырағылықпен жұмыс істеп тұрған кезі болатын. Сондықтан 20-30 жылдардағы журналистика тарихын қайта қарамай болмайды. Кейде кеңестік журналистиканы зерттеуден ұтарымыз қайсы деген ұшқары пікір айтылып қалады. Ол мүлде дұрыс емес. Өйткені, ол ұлттық журналистикамыздың қалыптасуына үлкен үлес қосқан арыстарымыздың жанкешті еңбегін елемеумен бірдей. Кеңестік журналистиканың алғашқы аяқалысында өзіндік ерекшеліктері: ізденістері мен қайшылықтары болды. Сондықтан оны жүйелі түрде зерттеп, әділ бағасын беру парыз. Оған Қазақ радиосының тарихын зерттеген кезде көзіміз анық жетті. Қазақ жерінде радионың дүниеге келуіне бірден бір себеп болған – алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынов екенін құжаттар мен нақты деректер жүзінде дәлелдеп шықтық. Ал, оны кеңестік кезеңде айтуға болмайтын еді. Ел тәуелсіздігін алғаннан кейін тарихи әділеттілік үшін радио тарихын нақты дәлелдермен 10 жылға ұзартып, оның бастауында Ахаңдардың тұрғанын ғылыми айналымға енгіздік.

Журналистика мәселелерін зерттеу институты осыған дейін Алаш баспасөзінің жарияланымдары негізінде он томдықты жарыққа шығарды. Ендігі мақсат – кеңестік кезеңдегі журналистиканы, ондағы ұлттық мәселелердің жазылуын зерттеу. Әсіресе, ашық айтуға болмайтын кездегі революциялық реңк кіргізе отырып жазылған материалдардан ұлттық мүддені майдан қылшық суырғандай аршып алу көзделеді. Ол үшін 1919 жылдың 17 желтоқсанында Орынбор қаласында алғашқы саны жарық көрген «Ұшқынның», оның заңды жалғасы болған «Еңбек туы» газеттерінің бетіндегі материалды қарастырамыз.

«Ұшқын» газеті қаламгерлерінің басым бөлігі бұрынғы Алаш қайраткерлері болған. Баспасөз ісінен бай тәжірибесі бар, оқыған-тоқығаны көп А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытов, М. Сералин, М. Тұрғанбай, С. Сәдуақасов, т.б. мақалаларын жазбай тануға болады. Ол заңды да. Қазақ арасында баспасөз шығармақ түгілі, хат танитындар өзі кем кезде журналист кадрлары, тіпті, жоқтың қасы еді. Сондықтан билік Алаш қайраткерлерін партияның «үгітші, насихатшы және ұйымдастырушысы» ретінде пайдалануға мәжбүр болды. Ал, ұлт мұратын көздеген азаматтар үшін бастысы – қандай жолмен болса да халыққа қызмет ету. Ұлттық тәуелсіздік, халықты ағарту жолындағы күрестерін бұрынғыдай ашық болмаса да, астыртын жүргізе берді. Мұны тереңнен таныған Ахаң бастаған топ большевиктік партия қатарына да өтті...

Газеттің алғашқы саны Б. Күлеевтің «Ұшқынға» атты арнау өлеңімен ашылған. «Оқушыларға» атты бас мақалада басылымның алға қойған мақсаты туралы былай делінеді: «Мінеки, сәті жаңа түсіп, қазақ бас махкемесі атынан жас иіс, жаңа талап «Ұшқын» алдарыңда сәлем беріп, қол қусырады... Революция не һәм оның пайда-зиянын келер нөмірлерде толық һәм түсінікті етіп жазармыз, әзірге жаңа жарыққа шығып, баулыған жас газеттің аты һәм беталысымен оқушыларды таныстырамыз.

Осы болып жатқан өзгерісті бір өрт деп есеп қыламыз. Өрт болғанда бұрынғы зиянды бұталарды жандырып, оның орнына халық дұниясына жаңадан көк шығады деген үмітпен атаймыз. Өзгеріс өрті екі жылдан бері Россияның орталығында, біздің күншығыс жағымызда басталды. Өрт салушы, өрт шыққан жердің адамдары бейнетқор һәм түрлі шаруалар, фабрик-зауыттарда неше жылдай иығы жауыр болған жұмысшылар, рабочийлар. Олар болмаса, олар бастамаса қазақ сияқты бұратана жұрт жетім бала босағадан оза алар ма еді. Солай болған соң біраз ырым көңіл көрсеткеніміз болмаса, біз әзір асқа ортақпыз.

...«Ұшқын» газетасының мақсұты – шаруа халқына бас-көз болу, түрлі хабарлар һәм керек істерді уақытымен жазып, халықты құлақтандыру».

Газеттің алғашқы сандарында революция, жаңа заман тақырыбындағы материалдардың жұтаңдығы, бар болған күннің өзінде мән-мағынасы бұлыңғырлау, әр жердегі үлкенді-кішілі ақпараттардан құрастырылғаны көзге ұрып тұр. Себебі жазушының заман өзгерісін толық түсініп, ой елегінен өткізе отырып жазғаны шамалы. «Сыртқы хабарларға» көбірек орын беріліп, онда көбіне кеңес жауларымен күрес барысы егжей-тегжейлі баяндалады. Алаш баспасөзін оқығандай тап басып, дөп көрсететін, мөлдір бұлақтан сусындағандай шөліңді қандыратын әсері жоқ. Жарық көрген бірді-екілі оқшауша, өлең бар демесек, әдебиет бөлімі мүлде болмады. Әсіре саясиланған басылымның материалдары да салмақты талдау, салиқалы пікір айтудан гөрі көбіне даурықпа ұран, даңғаза пофосқа толы. «Совет хүкіметін жер бетінен жойып, Россияның ескі күндерін қайтарамыз дегендердің ауыздары тығылулы. Енді олар да совет хүкіметін танып, қалай да болса қосылу қамтамасына кірісулі. Дұспаны азайып, соғыс бітіп, совет хүкіметінің алдына алған жұмысы, көз тіккен мақсұты болған құрдастықтың нұры жарқырап, дұнияға шығуы алыс емес.

Бүтін дұния бейнетқорлары бізді көздері күтіп, құшақтарын жайып қарсы шығуға әзірленулі.

Көп қалған жоқ, бүтін дұния бейнетқорлары бірігіп, бүтін дұния байларының бұрынғы күндерін жоғалтуларына!

Жасасын, совет хүкіметі!» (//Ұшқын. – 1919. – 29 желтоқсан).

Басылымның бас мақалаларының көбі осы мазмұндас болып келеді. Бірақ, дәл сол кездегі жағдайда қазаққа «бүтін дұния бейнетқорларының бірігуінен» келетін пайда аз болатын. Себебі бұрынғы жүйенің жолы кесілген, жаңа заманның заңы қолданысқа енбеген кезең. Тап осы аласапыран кезеңді пайдаланып, қазақ жерін бөлшектеп алуға тырысқан жымысқы саясат орын алды. Алаш қайраткерлері бұл жолда аянбай күрес жүргізіп, қазақ жерлерінің Ресей құрамына басы бүтін кетіп қалмауы үшін барларын салған. Мәселен, Ахмет Байтұрсынов өзі бас болып, Қостанай үйезінің Челябі губерниясына қарап кетпеу мәселесін газеттің бірнеше санында көтеріп, Мәскеуде өткен съезде осы мәселенің оң шешімін табуына тікелей әсер еткен. Бұған қоса Қазақстанның солтүстік облыстары – Петропавл, Павлодар, Семей, Омбы, Көкшетау, Орал өңірлерінің де тағдыры қыл үстінде еді. Ол жөнінен де жүйелі жұмыс жүргізіп, оның қазаққа тиесілі жерлер екенін бірнеше мәрте дәлелдеп барып, алып қалған. Бүгінгі ұрпақ Алаш қайраткерлерінің осы өлшеусіз жанқиярлық еңбектері үшін қарыздар. Кеңестік заманның қылышынан қан тамып тұрған кездің өзінде ұлттық құндылықтар жайлы, тіл мәселесіне қатысты батыл қадамдарға барып, мемлекеттік деңгейдегі бірнеше қаулылар қабылдаттырған да – Алаш қайраткерлері екендігіне көз жеткізуге болады. Сол себепті «Ұшқын» газетінде көтерілген бірнеше өзекті мәселелерді төмендегідей жүйелеп қарастыруды жөн санап отырмыз.
Жер мәселесі
«Ұшқын» мен кейінгі «Еңбек туы» газеттерінде жер мәселесі – өзекті тақырыптардың бірі болды. Челябі губерниясына қараған – Қостанай үйезі, Сібір өкіметі өз уысынан шығарғысы келмеген – Ақмола, Семей, Омбы, Көкшетау, Петропавл облыстары, сол сияқты Орал өңірлері үшін де қазақ оқығандары аянбай күресті. Одан бөлек Сырдария, Жетісу, Ферғана, Закаспий облыстары Түркістан республикасының құрамында болған. Ахмет Байтұрсынов, Мәннан Тұрғанбай, Смағұл Сәдуақасов бастаған зиялылар ол туралы газет бетінде ашына жазып қана қоймай, Ресей өкіметімен, сол губерния басшыларымен үздіксіз келіссөздер жүргізді. Жалпы қазақ съезінің талқысына салып, ол жерлердің қазақ даласына қарасты болуы керектігін дәлелдеді. «Танабұға» деген бүркеншік атпен ұлттың жоғын жоқтаған «Қостанай үйезі» (Ұшқын. – 1920. – 21 апрель), «Қазақ жері туралы» (Ұшқын. – 1920. – 24 апрель), А. Әйтиевтің «Өткен күндер» (Ұшқын. – 1920. – 8 шілде), т.б. мақалалар жарияланған. «Қостанай үйезі» атты мақалада: «Өткен жыл декабрь ішінде Ахмет Мәскеуге барғанда Қостанай үйезінің әңгімесін сондағы кіндік хүкіметінің алдына салған екен, ондағы хәкімдер Ахметке: «Әуелі Челябі хәкімдерімен сөйлесіңдер, егер онымен келісе алмасаңдар, бізге келерсіңдер»,– дейді. Ахмет Челябіге барып, ондағы гүбірніский исполкомммен сөйлесіп жүргені сол Мәскеудің ақылы еді.

Челябіге Ахметпен бірге қазақ хүкіметі тарапынан Мұхаметжан Сералин һәм Қостанай үйезінің қазағының сайлап жіберген кісілері: Ысқақ Бекентаев, ... Байқозин, Құрманғали ... барған». Қазақ жерінің іргесі сөгілмеу үшін А. Байтұрсынов пен М. Сералиннің тізе қосып, Челябі билеушілерімен келіссөз жүргізгені оқыған кісіні ерекше толқытатыны рас. Ұлттың жоғын жоқтау жолында «Айқап» пен «Қазақты» шығарған екі арыс ел басына күн туған қысылтаң сәтте тағы да іс басынан табылады. Бұл кейбір зерттеу еңбектерінде жазылып жүргендей «Қазақ» пен «Айқаптың» шығарушылары ымырасыз жау болмағанын тағы бір қисынмен аңғартса керек. «Қос басылым белгілі тақырыптарда пікір таласқа барғанымен, ол тақырыптарда араларында дұшпандық жоқ. Себебі екеуінің де түп мақсаттары бір еді» дейтін Б. Майлин пікірі де осы арада нақтылана түседі. Әрине, кеңестік кезеңде зерттеушілер тарапынан орын алған мұндай сыңаржақ көзқарасты заман таршылығымен арашалап алуға болар. Бірақ бүгінгі ұрпақ үшін оны ашалап айту парыз. Сөздің реті келгенде келіссөзге бірге барып, ұлт намысын ортақ қорғаған қос алыптың жеке өмірде де жақсы сыйлас болғанын айта кеткен абзал. Бұл туралы Хазила Рахымжанқызының көзімен көрген мына бір естелігі сыр тарқатады: «1921-192 жылдың бірі. Қысқы боранды күні ауылымызға А. Байтұрсынов, М.Дулатов, А. Байгурин, М. Есполовтар келіп түсті. Оларға Сәлім мен Жұмасейіт қызмет етті. Мұхамеджан ағай қонақтарын жақсы құрметтеп күтті. Риза болған А. Байтұрсынов домбырамен «Жиырма бес енді айналып қайта келмес» атты өлеңін жиналған барша қауымның есінен кетпестей шырқап берген болатын».

А. Байтұрсынұлы мен М.Сералин бастаған топ Челябі ұлықтарымен келіссөзде өткір ой, кесімді дәйектері арқылы өз ұстанымдарын жеріне жеткізе дәлелдеп шығады. Алайда бұған келісе қоймаған Челябі басшылары істі өз пайдасына шешіп, бітіспеген даудың соңы Мәскеуге жетеді. Бұл жөнінде газет: «Екі жақтың айтысқан сөздері, келтірген дәлелдері протоколға жазылып, кіндік хүкіметтің қарауына жіберілген. Кіндік хүкіметтің алдында қазақ хүкіметінің сөзін сөйлеуге Ахмет жақын арада Мәскеуге жүрмекші. Ахметпен бірге осы жұмыс тақырыпты Мәскеуге баруға Қостанай үйезіне қараған қазақ болыстары һәм 5 орыс болысы сайлап жіберген Елдес Омаров та Орынборға келді»,– деп жазады. Көріп отырғанымыздай большевиктердің бұратаналар билігі өзінде болу керек деген уәдесі болғанымен, олардың ішкі отаршылдық, шовинистік пиғылдары патшалық бишікештерден бір мысқал да кем соқпайтын. Жалпы, М. Тынышбаев айтатындай «қазақтың өлі я тірі болу мәселесі» газеттің әр санында жүйелі түрде көтеріліп отырған. Қостанай дауы да А. Байтұрсынұлы бастаған топтың ынта-жігері, қажыр-қайраты арқылы қазақтың териториялық аумағына біріктірілген.

Қазақ жұртының өзекті мәселесі жер жайлы жазылған тағы бір мақала «Қазақ жері туралы» деп аталады. Онда: «Мұжықтың қазақты олжа қылатұны, әсіресе, жер арқылы. Мұжық өзінің жақсы жерін тың қалдырып, қазақтың жерін сатып алады. Бұл қазақтың жерінің молдығы мес, қазақтың өзінің бейшаралығы: қазақ мұжыққа жерді ғана емес, өзінің еңбегін де сатады. Мұжық қазақтан сатып алатыны – бұрын айдалмаған тың жер емес, қазақтың өзінің һәм көлігінің еңбегі сіңген жұмсақ жер. Мұнан мұжықтың қандай пайда қылатұны һәм қазақтың зиянының қандай екені мұжыққа да, қазаққа да мағлұм. Қазақ егін салатын жұмсақ жерін мұжыққа берген соң өзінің егін шаруасын бұзбау үшін қазақ өзіне жаңадан тың жер айырып, егін салу керек. Тың жерді айырып, егін салса, малдың өрісі тарылып, мал шаруасы бұзылмақшы. Сөйтіп, қазақтың мұжыққа жер сатқаны өзінің егін шаруасына да, мал шаруасына да кесір. Қазақ бұрынғы қалыпты мұжыққа жұмсақ жерін сата берсе, өзі егін егуден де, мал бағудан да айырылып, тың жерді айырып, жұмсатып сататын, дұрысы, пролетариат болып, онан кейін көліктен де айырылып, нағыз пролетариат болып шықпақшы еді» делінген. Бұл мақаланың негізгі айтар ойы – қазаққа қауіп өз ішіндегі байлардан емес, отаршыл, өктем пиғылдағы, қазақ жерін тапа тал түсте баса-көктеп иеленіп жатқан көрші мемлекеттен дегенді меңзейді. «Ұшқын» газеті ревкомның «тілі» болғанымен, осындай ұлт тағдырына қатысты ащы пікірлерге де орын берілді. Әрине, мұның тікелей себебін ревкомның басында ұлтжанды А. Байтұрсынұлы сияқты азаматтардың болғандығынан деп тұжырымдасақ еш қателеспейміз.

«Ырғыз үйезінің жайы» атты мақалада қазақ халқының өтпелі кезеңдегі ауыр күйі сөз болады: «Өткен 19-ші һәм 20-ші жылдарда қыс күндері Ырғыз үйезінің қазақтарының жайлары бек нашар болды.

1919-ші жылдың жазында атты казак әскерлері келіп, елді зәбірлеп, шауып қойған пішенін жиып кеткендіктен пішен жоқ болып, жұтқа ұшырап, малдары көп өлді.

Ырғыз үйезінің жері құмақ, егіске нашар болатын. Сондықтан астық жағы да жоқ болды.

«Жұт – жеті ағайынды» деп, мата жоқтықтан ел жалаңаш-жалпы. Совет хүкіметінің жұртқа үлестіріп жатқан азын-аулақ матасы болса да, өзі сайлап жіберген адамы болмаған соң кедей сорлыларға тиіңкіремей қалды. Ел қаладағы хәкіміне сиынып, хәкімі құдайға сиынып, сонымен құдайдың оларға алып барып беретұғын тауары жоқ, сөйтіп жүріп бос қалады. «Аш бала тоқ баладай ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды» болып тұр» (Ұшқын. – 1920. – 10 июнь). Немесе: «Ал, енді 1920-21 жылдың қысы бұрынғыдай астық жоқтықты сездірмей қоятын емес. Жаздай жаңбыр аз болғандықтан жердің түгі сараң шығып, қазақтың қай елін алсаң да ... арық. Бар үміт етісіп, малдары семіреді деп отырған күздің сиқы мынау: өктәбір басынан қар түсіп, жаңбыр аралас мұздақ болды. Семіреді деген мал азды, соғым семіз болса, көп астықты керек қылмай-ақ қыстан шығармыз деген жуанның зор үміті кесілді. Осы күні қалаға жақын ауылдарда не істерін білмей, қаптап жүрген көшіп келіп жатқан қырдағы елдің адамдары (Ақтөбе үйезінің 1-ші болысында осындай халды көрдім) кірейін десе, үйі жоқ, бұрын да өзі симай отырған сорлы қазақтар деңінде сығылысып, бірінің үстіне бірі жатып, бықсып жатқан қазақ үйлері. Бір жағынан аштық, екінші жағынан жалаңаштық, үшінші жағынан тұрмыста тығыздық, төртінші жағынан жұт қабаттап қысқан соң қазақ халқы алдымыздағы бүтін жатқан сары қыста қалай күн өтіп, келер жазға қандай күймен шығуы белгілі. Аштықтан өлу қазақ ... осы күннен-ақ басталған көрінеді – Орал облысының бірін-саран үйездерінде жас балалар өле бастаған, бір қыстаудан бір күндері 5-6 көмілген де уақыт болыпты. (Бөрте болысында көзімен көрген қазақтар айтты)». (Еңбек туы. – 1921. – 7 желтоқсан). Аштық, жұт туралы жазылған осы материалдарды көре отырып, жергілікті жердегі большевиктік жарылқаудың сиқын ұғынуға болады. Бәлкім, бұл мақалалардан керек қорытынды шығарылып, жәрдем діттеген жеріне дер кезінде жетсе, алаш жұрты ауыр күйзеліске ұшырамас па еді?! Бірақ баспасөзді халық өмірінің шынайы айнасы ретінде емес, тек партиялық биліктің үгіт-насихат құралы деп бағалайтын большевиктер үшін бұл коммунизм жолында берілуге тиісті «бодау» болып есептелетін.

Сол кездегі таласты аймақтардың бірі – Ақмола мен Семей облыстары болған. Оның тағдырына белгілі қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасов араласқан. «Сібірдегі қазақтар туралы» атты мақаласында: «Біздің ниетіміз – автономияшылдық емес. Біз автономия керек дегенде айтатын дәлеліміз мынау: һәр халықтың тілі бөлек, тұрмысы бөлек. Жалпы адамшылық бақытқа жету үшін һәр халық өз тілінде маданиятқа қожа болып, өз шаруасына қарай тұрмысын өзгерту керек (сабасына қарай піспегі). Адамшылықтың шамшырағы болған коммунистердің алғашқы басшысы Карл Маркс осыны айтады.

Ал, енді біз осы күнгідей қазақ халқының жартысын ана арбаның соңына, жартысын мына арбаның соңына тіркесек, әлгі айтылған негізге дұрыс келеміз бе? Бәріне бірдей тілі бар, бәріне бірдей шаруасы бар халықты бөлшектеп, бытыратып жіберген соң, ол қалайша маданиятқа жетпекші, қалайша шаруасын өзгертпекші, қалайша жалпы еңбекшілдер тобына қосылып, адамшылықтың санаулы бір ұлы болмақшы?

...Олардың ойынша қазақ халқы дүлей, қараңғы, меңіреу, жуас, түкті білмейді. Сондықтан олар ұйпалап, сипаларға көне береді. Жоқ, олай емес! Омбыдан шыққан «батырлар» ондай ойларыңның мезгілі өтіңкіреп кетті. Еңбекшіл қазақ халқы ұйқысынан әлдеқашан оянған. Оның көзі бәрін көріп отыр. Қазақ халқы бұрынғыдай жетім емес, ақжүрек, жауынгер ерлері толып жатыр. Олар коммунист болғанда қазақ халқын құл қылуға болған жоқ, ұл қылуға болды. Қазақ халқын баяғыдай біреудің текпісіне салғалы болған жоқ. Бәлки, көгертуге, жалпы еңбекшілдер тобына қосуға болды. Өзімізді өзіміз бауыздау бізге тым-ақ қызық емес. Олай болса қазақтың еңбекшілдері бірігеді, көгереді, жасайды».

Осы мақалада көтерілген мәселенің маңызы өзінің актуальдылығын еш уақытта жоймайды. Ал ондай ойды сол кезде ашық айту көзсіз ерлікпен пара-пар еді. Міне, осы ерлікті өршіл рухты Смағұл жасады. А.Байтұрсынұлы, М. Сералин, аяғы алашшылдардың жас буыны Смағұл жазған мақалалардан біз сол тұстағы өмірдің боямасыз өзін көргендей боламыз. Осы көсемсөздері арқылы алаш арыстары большевиктік билік өздерін трибунадан тайдырғанға дейін еліне қалтқысыз қызмет етті. Батыл жазып, батырып айтты. Сөйтіп, ұлттың көшін аудырмай аман алып шықты.

1920 жылдың 7 желтоқсанынан бастап «Ұшқын» газетінің орнын «Еңбек туы» басты. «Қазақтың атқарушы кіндік комитеті һәм Р.К.П.-ның аймақтық қазақ бөлімінің атынан «Еңбек туы» газетасы шыға бастады. Бұрынғы «Ұшқын» бұдан былай тоқтайды. Жазушылар ұйымы жаңа адамдардан құралды. Тоқталған «Ұшқынның» басына келетін мәселелерге жаңа басқарма жауапкер болмайды» деп жазылды бас мақалада. «Ұшқынға» қарағанда «Еңбек туының» жаңа заманға бейімделгені, ұлттық мәселелерден гөрі төңкеріс заманына көбірек бет бұрғаны байқалады. Ұлттық мәселелерді бұрынғыдай ашық емес, «тігісін жатқыза» отырып сөз етеді. Алаш Орда қозғалысын, қайраткерлерін «ұлтшылдық дертіне шалдыққан» деген айыптаулар әлсін-әлсін айтылып отырды. Бір халықтың ғана емес, бүкіл дүние жүзінің еңбекшілерінің мүддесін ойлауымыз керек дегендей идеялар күштеп таңылды. «Қазақ ішінде дұния жүзінің жалпы төңкерісін ойламай, қазақ жайын ғана ойлайтындар бар. Онысы үлкен қата. Осындай үлкен толқында қосылмай, шеттен қарап тұрудан пайда шықпайды» дегендей пікірлер айтылды.

Алаш қайраткерлері баспасөз бетінде жүйелі сөз етіп, сол үшін күрес жүргізген қазақ жерлері жарым-жартылай болса да ел аумағына қосылды. Бұл оңайшылықпен келе салған жеңіс емес еді.


Оқу-ағарту, ұлттық тіл мәселесі
Оқу-ағарту мәселесі патшалық кезеңде де, кеңес өкіметі тұсында да өте өзекті мәселелердің бірі болған. Кеңес өкіметі жаңа орнаған жылдары ұлт ағартушысы – Ахмет Байтұрсынов Халық ағарту комиссары қызметін атқарғандығы белгілі. Мұндай дәрежелі қызметте жүріп ол өз саласымен ғана емес, жалпы қазақ халқының болашақ тағдырына әсер ететін ірі шаруалардың бәріне бірдей араласқандығын алдыңғы тақырыпта баяндап өттік. Жер мәселесімен қатар Ахаңның оқу-ағарту саласында тындырған сүбелі еңбектерінің ең үлкені – мектеп балаларына арнап ана тіліндегі оқу кітаптарын жазу ісін ұйымдастыруы. Ол «Еңбек туы» газетінің 1921 жылғы 7 желтоқсанында жарияланған «Ашық хатында» былай дейді: «Тіршілікке тамақ, һауа қандай керек болса, оқу сондай керек. Оқусыз адам болмаймыз, оңбаймыз. Бұл – даусыз хақиқат.

Оқудың керегі талай сөйленіп, жазылып келеді. Ел ұққандай болды, ұқты, өмір ұққызды. Қолына тисе, оқудан тартынатын ел жоқ. Енді оқудың шарасына кіріспей, жұртқа «Оқыңдар, талпыныңдар, артта қалмаңдар» деген сөз аттың аяғын тұсап қойып, шу-шулегенмен бір есеп.

Сөздің дәурені өтті, енді жұмыс керек. Саңлаулы азаматтың борышы – халықтың керегіне тірек болу. Елді надандықтан құтқарып, ағарту үшін қандай шаруа істеу керек – гәп осында.

Бостандықтан бері қазақ азаматтары оқу ісін қолға ала бастаса да, шындап кіріскені – қазақ автономиясы жарияланып, хүкіметті қолына алғаннан бері. Шабан-шардақ қазақты сүйреп, адам қылуға талай кедергі, нелер қиын асулар жатыр. Ол асулардан өтуге қару-құрал керек. Күшті құралдың бірі – кітап.

Оқытушылар, мектептер қанша көбейгенмен кітапсыз оқу мандымайды, онсыз білім берік болып бойға қонбайды. Кітапсыз оқытушы – құр қол әскер. Оның білімі негізсіз. Көшпелі, әсіресе, осындай аласапыран заманда шала қайнатылып шығып жатқан алдабай оқытушылар кітапқа сүйеніп, білімін тереңдетпесе, баланы да, елді де, өзін де бұзады, кесірі келешекке тиеді. Сондықтан шама келгенше біздің күшті көбірек салатын ісіміз – кітап шығару болу керек».

Ахаң оқу ісіндегі осындай түйткілді мәселені атап қана қоймайды, оны шешуге өзі бас болып кірісіп кетеді. Қандай пәндер бойынша кітаптардың өте қажеттігін, оны кім жазатындығын, болашақта қандай ғылым салаларын қамту керектігін айқындап, «Оқу кітаптарын даярлау туралы» қаулы қабылдауға түрткі болды. Ол қаулы бойынша төмендегі азаматтар оқу кітаптарын жаңа оқу жылына басып шығару үшін маусым айына дайындап, өткізуге міндеттелді. Олар:

а) Есеп: ...

б) Өлшеу: Сәрсенов

п) Жаратылыс ғылымы: Омаров пен Кемеңгеров

т) Физика: Ғалымжанов

ж) Қазақ жағрафиясы: Бөкейханов

х) Денсаулық ғылымы: Тілеулин

д) Бастауыш алгебра: Омаров

р) Тарбия ғылымы: Жұмабаев

з) Үйрету ғылымы: Аймауытов

с) Жалпы тарих: Болғанбаев.



  1. Әр пәнді алушылар сол пәннің үйрету әдісін жазуға міндетті.

  2. Аталған кітаптарды жазу төмендегі жолдастарға тапсырылды:

а) Қирағат кітабы: Сейфуллин мен Аймауытов

б) Сөйлем ғылымы: Байтұрсынов

п) Адабият ғылымы: Жұмабаев.

Бұл қаулыда қарастырылған мәселелерді сол кездегі білім беру ісінің жаңа тұжырымдамасы десе де болғандай.

Қазақ жеріне Кеңес өкіметінің орнауына байланысты тағы бір мәселенің ұшығы шықты. Ол – ұлттық тіл мәселесі. Қазақ оқығандары орыстандыру саясатының зардаптарының алдын алудың қамын жасады. Мәннән Тұрғанбайдың «Оқуға, қатынасқа» атты мақаласы осы тақырыпқа қатысты бірнеше келелі мәселелерді көтерген. Ол былай дейді: «Ендігі жұмыс – сөзден шығып, іске қарай ұмтылуда. Қазақты оқыту қазақ оқығандарының ғана қолынан келеді. Орыс жолдастар қанша көмектес, тілектес болса да қазақты оқыта алмайды. Сондықтан қазақты надандықтан құтқару турасындағы жауапкер кісілер хүкіметтің қазақ мүшелері болмақ. Хүкімет басына отырғызған он шақты қазақ жігіттерін сынап, шеттен қарап жүруді ойлаған қазақ оқығандары болса тарихтың сынына өздері түседі. Қазаққа жаны ашыған, намысы, ары бар оқығандардың беріліп, көздерін ашатын мезгілдері жетті».

Бұл мәселе Кәртай деген автордың «Автономия һәм екі облыс» атты мақаласында да батыл көтерілген.

«Екінің бірі:

я Украина, Әзірбайжан, қазақ, өзбек, башқұрт секілді халықтардың тағдыры тұрмыс жүзінде анық бар нәрселер. Соның үшін ол аймақтарда ұлт мектептерін, соттарын, ел билеу жұмыстарын жергілікті адамдардан жасау керек. Ол уақытта ол аймақтарда совет автономиясы түгелімен һешбір бұлтақсыз жүргізілуге тиіс.

я Украина, Әзірбайжан, қазақ, өзбек, башқұрт секілді халықтардың тілдері тұрмыс жүзінде жоқ, әшейін бір қиял. Соның үшін мектеп, сот һәм басқа хәкімшілік бөлімдері керек емес. Ол уақытта совет автономиясы дегенді сөйлеп те керек емес, тастау керек» (Еңбек туы. – 1921. – 1 наурыз).

Тіл, тұрмыс мәселесіне орай айтылған пікір – қаны шығып тұрған шындық емес пе?! Осындай мақаланы басу үшін де жанкешті болу керек шығар.

«Еңбек туы» газетінің тағы бір жаңалығы – «Оқшау сөз» айдары болған. Онда алғашқы қазақ фельетондары жарияланды. Солардың бірінде Шұға деген автордың «Ендігі тілегім» атты сықақ әңгімесінде мансапқор, өз тіліне мұрнын шүйіре қарайтын жастың жарамсыз мінезі сыналады: «Бір уақытта манағы газета оқып, шалқасынан жатқан адамның қасына бір орындықты сүйрей келіп отырады. Жұлып алғандай:


  • Уай, кешегі заседанияда мен сөйлегенде бар ма едің?

  • Жоқ.

  • Тұуһ! Сен провинцияда обыватель болып кетіпсің ғой.

Тағы біраз олай-бұлай жүргеннен кейін түсін суытыңқырап:

  • Бағана мен қызбен келе жатқанда сен қазақша сөйлеп жібергенің не?

Мені оскорблять етіп... Ақымақ екенсің ғой, тәйірі!

  • Немене?– деп анау басын көтеріп алды.

  • Ол қазақшаны сенен кем білмейтін ноғай қызы...

  • Ноғай қызы болса, мен не жаман сөз айтып едім?,– деп айтқанын ойлай бастады.

  • Бәрібір сені бір ақымақ жігіт еді, малайым (деньшигім) еді дедім...

Сөйтіп, ол жерден де выход тауып кеттім. Жарайды енді ол бітсін. Сен біздің бүгін көрген қызықты білдің бе?» (Еңбек туы. – 1921. – 7 желтоқсан).

Тарихи деректерге көз жүгіртсек, 20-жылдардың басында ұлттық тілге қатысты мемлекеттік дәрежеде бірнеше қаулы-қарарлар шығыпты. Олар:



-    Қазақ АССР Халық комиссарлар комитетінің 1921 жылы 2 ақпанда жарық көрген «Республиканың мемлекеттік мекемелерінде қазақ және орыс тілдерін қолдану туралы» декреті;

-    Қазақ АССР ОАК-нің 1923 жылғы қарашадағы «Қазақ тілінде іс қағаздарын жүргізуді ендіру туралы» декреті;

-    Қазақ АССР ОАК Президиумының «Қазақ тілінде іс қағаздарын енгізу жөніндегі орталық комиссия туралы ережені бекіту туралы» қаулысы;

-    Қазақ АССР Еңбек Халық Комиссириатының 1924 жылғы 21 июльдегі «Қазақ тілінде іс жүргізуді енгізуге байланысты қызметкерлерді жұмыстан босату және оларды қазақ тілінде сөйлеп, жаза алатын қызметкерлермен алмастырудың тәртібі жөніндегі» қаулысы.

Аталған декреттер мен қаулыларға қарап отырып, мұның артында қазақ оқығандарының ұшан-теңіз еңбегі жатқанын бағамдай беруге болады. Онда ұлттық тіл, мамандар мәселесі «Ұшқын» мен кейінгі «Еңбек туы», басқа да басылымдарда үнемі көтеріліп, қоғамдық пікірге әсер етіп отырған.





Каталог: bitstream -> handle -> data
data -> Шындалиева М. Б
data -> Бейсенбай Кенжебаев алаш туы астында (мақалалар мен зерттеулер)
data -> М. Б. Шындалиева Филология ғылымдарының докторы, профессор
data -> Олжабай Нұралыұлының шығармашылық мұрасы хаһында
data -> Оқулық Астана, 2012 Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі
data -> Қазақ очеркі
data -> Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия
data -> -
data -> МЕҢдігүл шындалиева қазақ очеркінің поэтикасы (монография)
data -> МЕҢдігүл бұрханқызы шындалиева уақыт және суреткерлік шеберлік: жанрлар поэтикасы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет