Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің «Бастауышта оқыту әдістемесі» кафедрасының магистранты Ашимова Улжалғастың «Бастауыш сыныпта қазақ тілін дамыта оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері» (Научно-методические основы развивающего обучения казахскому языку в начальных классах) диссертациялық зерттеу тақырыбының НЕГІЗДЕМЕСІ
«Келер ұрпақ алдында зор жауапкершілік жүгін арқалап келеміз» деген Елбасы. Еліміздің болашағы көркейіп, өркениетті елдер қатарына қосылуы бүгінгі ұрпақ бейнесінен көрінеді. Осыдан барып жас ұрпақтың қазақ тілін терең меңгеруге және тілдік білімін жан-жақты дамыту туындайды.
Әрбір мемлекеттің өсіп-өркендеудің, бәсекеге қабілетті болуының ең басты ошағы – ұстаз берген білімде. Сондықтан да дамудың ең биік көкжиегінен көрінгісі келетін кез-келген мемлекет, ең алдымен, білім беру саласын дұрыс жолға қойып, дамыту жолын іздей отырып сапасын көтеруді мақсат етеді. Ендеше осындай бәсекеге қабілетті, рухы биік ұрпақ тәрбиелеу жаңа кезең мұғалімінің еншісіне тиері анық.
XVII ғасырда я.А.Коменский дидактикалық жүйесінің негізгі қағидаларның бірінде де баланың ақыл-ой күшін, қабілеттерін дамыту олардың білімге деген құштарлығын оятып, дамыта түседі делінген. Дамыта оқыту – күрделі құрылымды, бір тұтас педагогикалық жүйе. Оның нәтижесінде әр оқушының өзін - өзі өзгертуші субъект дәрежесіне көтерілуі көзделіп, оқыту барысында соған лайық жағдайлар жасалады.Демек, дамыта оқытуда – оқушы өз іс - әрекетін өзі құруға, өзін - өзі дамытуға, білімді өз бетімен меңгеруге, өз ойын еркін айтуға, дәлелдеуге, шешімнің дұрыс – бұрыстығын қабылдауға, өз бетімен іздену жұмыстарын жүргізуге, өзін - өзі бағалауға үйретіледі.
Тақырыптың теориялық негізі ретінде дамыта оқыту саласын жан-жақты зерттеген философия, психология және педагогикадағы ғылыми еңбектер мен бірге озық тәжірибені жүйеге келтірген, П.Я.Гальперин, С.Л.Рубинштеин, Б.Г.Ананьев, Г.С.Костюк, А.А.Люблинская, Н.А.Менческая зерттеулері қолданылады. Сондай-ақ Ж. Пиаже, Л.С.Выготский, А.Н.Леоньтев теорияларын басшылыққа алады.
Зерттеудің методологиялық базасы ретінде бастауыш мектептің қазақ тілін оқытуда жаңартылған бағдарламамен оқытудың мүмкіншіліктері мен ерекшеліктері, әдіс-тәсілдері баяндалған әдебиеттерді, құжаттар мен материалдарды, нормативті және әдістемелік нұсқаулықтарды оқып-үйрену мен озат мұғалімдердің педагогикалық жұмыс тәжірибелерін зерттеу қолданылады.
Зерттеу қазақ тілін оқыту үдерісінде дамыта оқыту технологиясы арқылы бастауыш сынып оқушыларының тілін дамыту мақсатын қояды. Ол келесі зерттеу міндеттерін жүзеге асыру арқылы орындалады:
Қазақ тілі пәні бойынша жаңартылған білім беру бағдарламасының құрылымын, ондағы материалдардың күрделілігі бойынша өсу немесе спиральді орналасу ретін, мазмұнын, мақсаттарын және пәнді оқыту мүмкіндіктерін зерттеу;
Бастауыш сынып оқушыларын қазақ тілін оқытуда дамыта оқыту технологиясын басқа әдіс тәсілдермен ұштастыра қолдану ерекшеліктерін зерттеу;
Қазақ тілі пәні бойынша жаңартылған білім беру бағдарламасына сәйкес педагогикалық әдіс-тәсілдерді түсіну және дамыта оқыту технологиясын тіл дамытуға қолдану біліктілігін зерттеу;
Зерттеу 3 кезеңнен тұрады.
Зерттеуге сәйкес теориялық материалдарды жинақтау, оларды оқып-үйреніп, тақырып бойынша жүйелеу, диссертацияның теориялық бөлімін жазып, ғылыми жаңалығы негізделеді, тарау қорытындылары жасалады.
а) тақырып бойынша зерттеу эксперименттерін жүргізуге қажетті әдістерді іріктеп, оның құралдарын дайындайды;
ә) зерттеу эксперименттерін жүргізу, алынған материалдарды жинақтау, өңдеу, осы материалдарды қолданып диссертацияның екінші тарауын жазып, тарау бойынша қорытындылар жасайды.
3. Тақырып бойынша зерттеу нәтижелерін жарияланымдарға шығарып, апробациялау және практикалық маңыздылығын негіздеу үшін нәтижелерді оқу үдерісіне енгізу.
Диссертацияның құрылымы.
Диссертация кіріспеден, екі тараудан, қорытынды мен қолданылған әдебиеттер тізімінен тұратын болады.
Кіріспеде зерттеу жұмысының өзектілігі, зерттеудің мақсаты, зерттеудің міндеттері, зерттеу нысаны мен пәні, зерттеу әдістері және зерттеудің ғылыми жаңалығы мен практикалық құндылығы жазылады.
Ғылыми жетекші:
Достарыңызбен бөлісу: |