Негізгі орта білім беру деңгейінің 9-сыныбы үшін «Алаштану» таңдау курсының типтік оқу бағдарламасы



Дата21.04.2017
өлшемі129,3 Kb.
#14335
Қазақстан Республикасы   
Білім және ғылым министрінің 
2013 жылғы 3 сәуірдегі   
№ 115 бұйрығына        
112-қосымша          

Негізгі орта білім беру деңгейінің 9-сыныбы үшін
«Алаштану» таңдау курсының типтік оқу бағдарламасы

1. Түсінік хат

      1. Бағдарлама 2012 жылы 27 сәуірде бекітілген «Қазақстанның ішкі саясатындағы идеологиялық менеджментті қайта жаңғырту жөніндегі


2012-2013 жылдарға арналған Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының» 41 және 42-тармақтарына сәйкес әзірленді.
      2. Алаш қозғалысы – қазақ елі тарихының жарқын бір беті, ұлттық рух пен мемлекеттілік идеясының, отандық ғылым мен білімнің, мәдениет пен руханияттың айқын көрінісі. ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі Қазақстан тарихының «ақтандақ» беттері Алаш қозғалысы, Алаш партиясы және Алашорда тарихымен тікелей байланысты.
      3. Қазіргі уақытта қоғамымызда Алаш идеясы – тәуелсіздік идеясы деген ой-пікір берік қалыптасуда. Білім беру үдерісінде ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі Алаш қозғалысына байланысты құбылыстар, оқиғалар, тұлғалар, еңбектер туралы оқушылардың түсінігін, талдау дағдысын қалыптастыру – ел тәуелсіздігі талаптарымен орайласып жатқан көкейкесті міндет.
      4. Бағдарлама оқушылардың Алаш тұлғаларының мемлекеттік және ғылыми-шығармашылық қызметін білу арқылы отаншылдық қабілетін арттыруға бағытталған.
      5. Курсты оқыту мақсаты:
      Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметінің және оның қайраткерлерінің қазақ жері мен мемлекеттілігі және ұлттық идея мен рухани-мәдени сананы қалыптастыру жолындағы қызметтерін тарихи арнада талдап оқыту.
      6. Оқыту міндеттері:
      1) жаңа замандағы білім беру үдерісінде Алаш қозғалысына байланысты құбылыстар, тарихи оқиғалар, тұлғалар келбеті, сан салалы еңбектер туралы оқушылардың тарихи түсінігін қалыптастыру;
      2) оқушыларды Алаш тұлғаларының мемлекеттік және ғылыми-шығармашылық қызметі арқылы отаншылдық қасиеттерге баулу және тәрбиелеу;
      3) оқушылар бойында тәуелсіздік, ел, жер, ұлттық болмыс, ұлттық таным, ұлттық намыс, ұлттық сана категорияларын Алаш қозғалысы тарихы арнасында қалыптастыру;
      4) қазақ мемлекеттілігінің тәжірибесі санатындағы Алаш қозғалысы, Алашорда үкіметі, Алаш автономиясы және Түркістан автономиясы сияқты тарихи құбылыстар туралы оқушылар санасында жүйелі білімді орнықтыру;
      5) Алаш тұлғаларының отандық ғылым мен білімнің бастауындағы мұраларын зерделеу;
      6) оқушылардың «Алаштану» курсы бойынша тарихи үдерістерді дербес талдай білу біліктілігін дамыту, тарихи фактілер, құбылыстар мен тұлғаларға дербес көзқарас білдіру бейімін жетілдіру және тақырыптық негізде түйінді тұжырымдар жасауды қалыптастыру;
      7) оқушылардың алаштануға қатысты деректермен жұмыс істей білу және осы саладағы білімін шығармашылықпен дамыту дағдысын арттыру;
      8) ізденімпаздық қабілеттерін жетілдіру, тұлғалық әлеуметтену үдерісіне ықпал ету;
      9) мемлекеттік қайраткерлік қызметін қадірлейтін және елдік дәстүр құндылықтарын жете түсінетін саналылық келбетін дамыту;
      10) оқушылардың Алаш тәжірибесіндегі әлем мәдениетіне, зайырлылық пен өркениетке құрметпен қарау дағдысын жетілдіру.
      7. Курсты оқытуда мынадай оқу пәндерімен пәнаралық байланыс жүзеге асады:
      1) «Дүниежүзі тарихы» және «Қазақстан тарихымен»: Қазақстан тарихы – дүниежүзі тарихының құрамдас бөлігі; көршілес мемлекеттердің тарихымен байланысты қарастырылатын ортақ мәселелердің болуы; ХХ ғасырдың басы мен 20-30 жылдардағы Қазақстан тарихының күрделі, «тар жол, тайғақ кешу» беттері;
      2) «Географиямен»: Қазақ КСР мен Қазақстан Республикасы территориясы мен шекарасының анықталу кезеңі; Қазақстан территориясында әлеуметтік-экономикалық реформалардың жүргізілу мерзімдері; Ресей мемлекеттік Думасында, Кеңес өкіметінің бастапқы жылдарында Алаш қайраткерлерінің жартылай көшпелі қазақ шаруашылығын дамытуға байланысты ұстанымдары, тұжырымдамалары;
      3) «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиетімен»: ХХ ғасырдың басындағы тарихи оқиғаларды бейнелеген ақын-жазушылардың шығармалары; ХХ ғасырдың басындағы жүйеленген әліпби, емле, жазу реформалары; білім мен ғылым тілінің қалыптасуы, қазақ тіліндегі алғашқы оқу құралдары.
      8. Жалпы білім беретін мектептің 9-сыныбында «Алаштану» курсын оқытуда оқытушы мынадай жалпыпедагогикалық қағидаларды ұстануы тиіс:
      1) қоғамтану мен тарих пәнін жете меңгеріп, басқа да гуманитарлық пәндерден (әдебиет, тіл, өнер, география т.б. пәнаралық байланыс) қабілетті болу;
      2) оқушымен дербес жұмыс істеу үшін оқушылардың қызығушылығын арттыратын, «мамандандыратын» (мемлекет және қоғам қайраткерлері, мемлекетшілдік ізденіс тарихы, шығармашылық, мәдениет және т.б.) оқу материалына қосымша элементтерді қосу;
      3) оқушыларды нәтижелі және белсенді жұмыс түрлеріне тартатын ізденіс форматтарын (семинар, тренинг, дөңгелек үстел, баспасөз конференциясы, рөлдік ойындар, пікірсайыс, т.б.) тірек ету;
      4) деректерді, оқиғаларды, құбылыстарды, тұлғаларды тарихи пайымдау мен бағалауды қалыптастыратын өзіндік жұмыс түрлерін ұйымдастыру.
      Оқу жүктемесінің көлемі:
      9-сыныпта аптасына 1 сағат, оқу жылында – 34 сағат.

2. Оқу пәнінің базалық білім мазмұны

      10. «Алаштану» оқу пәнінің базалық мазмұны төмендегідей тақырыптардан тұрады:


      1) Кіріспе: «Алаштану» курсының мектеп бағдарламасында алатын орны. «Алаш» ұғымының жаңғыруы мен жандануы. Алаш қозғалысы – ұлт-азаттық күрестің айрықша белесі. Н.Ә.Назарбаевтың «Тарих толқынында» атты еңбегі. Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметі тарихының тарихнамасы мен дерекнамасына қысқаша шолу (1 сағат).
      11. «Алаш қозғалысы және ұлттық мүдде» (6 сағат):
      1) Алаш қозғалысының қалыптасуы мен дамуы. ХХ ғасыр басындағы Қазақстанның қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайы: Столыпин реформасынан кейін Ресей империясының ұлттық аймақтарындағы жер мәселесі. Патшалық үкіметтің қоныстандыру саясатынан туындаған күрделі ахуал. Шет аймақтардағы теңсіздік. Алаш қозғалысының шығуы мен өріс алуы. Ұлт зиялылары – Алаш қозғалысының тірегі. 1905 жылғы Қарқаралы құзырхаты (петициясы). Алаш қозғалысы және Ресей Мемлекеттік Думасы. Қазақ зиялылары және ресейлік саяси қозғалыстар мен ағымдар (2 сағат);
      2) Қазақ мемлекеттілігін қайта жаңғырту бастамалары және Алаш қайраткерлігі: Отаршылдыққа қарсы күрестің жаңа бағыттары. Ұлттық басылымдар. Ана тіліндегі газет-журнал, кітап, мектеп үшін күрес. «Оян, қазақ!» тұжырымдамасы. «Айқап» басылымы және қазақ мәселесі. Баспасөз бетінде саяси жүйе мен отаршылдыққа қарсы сынның күшеюі. Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейханның аграрлық экономика саласындағы бастамашыл істері. «Қазақ» газеті. Автономия туралы ой-пікірлер. 1916 жылғы көтеріліске қатысты Алаш қозғалысы жетекшілерінің ұстанымдары мен қайраткерлік қызметтері (2 сағат);
      3) ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ ұлттық элитасы және идеялық-саяси ағымдар: Ресей отаршылдығы және дүниежүзілік антиимпериалистік күрес аясындағы қазақ оппозициясы. Ресей мұсылмандары қозғалысы. Саяси партиялардың жұмысына қатысу. Коммунистік идеология: интернационализм және пролетарлық тапшылдық. Дербестік және тәуелсіздік идеялары. Қазақ оқығандары арасындағы пікір алуандығы (отырықшылық және көшпелі тұрмыс, мүфтият, әліпби, т.б. туралы). Ұлттық мұраттар. Діни-ағартушылық тұғырнамалар (2 сағат).
      12. «Алаш партиясы, Алаш автономиясы және Алашорда» (10 сағат):
      1) 1917 жылғы Ресейдегі Ақпан төңкерісі және Қазақ өлкесіндегі ұлттық-демокртиялық қозғалыс. 1917 жылғы ақпан төңкерісі және қазақтар. Монархияның құлауы. Уақытша үкімет тарапынан қазақ зиялыларының әртүрлі санаттағы қызметтерге тартылуы. Ұлт қайраткерлерінің көпвекторлы саясаты. Қазақстандағы земство қозғалысы және оның сайлау науқаны. Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы сайлауы және қазақ қоғамы. 1917 жылғы Қазан төңкерісі және Алаштың көзқарасы. Саяси күштердің тоғысуы. Ресейлік азаматтық қарсы тұру үдерісі (2 сағат);
      2) қазақ қоғамы және Алаш партиясы. Қазақ комитеттерінің құрылуы. Алғашқы қазақ облыстық съездері. Өлкедегі жастар ұйымдары және олардың саяси-қоғамдық іс-әрекеттері. Бірінші жалпықазақ съезінің қаулылары және халық мүддесінің тұжырымдалуы. Қозғалыстан Алаш партиясына өту жолы. Қазақ ұлттық-либералдық партиясының бағдарламалық жобасы. Жергілікті баспасөз ісінің жандануы (2 сағат);
      3) Алаш автономиясы және Алашорданың құрылуы. Екінші жалпықазақ съезінің қаулылары (5-13 желтоқсан 1917 ж.). Алаш автономиясы. Елдік құрылым негіздері. Алашорда үкіметінің құрылымы. Алашорда рәміздері. Бүкілресейлік Құрылтайға даярлық және федерация туралы. Ұлттың құқықтық-демократиялық даму бағытындағы іс-шаралар. Съезд шешімдеріне сәйкес Алашорданың негізгі мақсат-міндеттері. Ойыл уәлаяты. Түркістан Мұхтарияты. Алаш автономиясының Уақытша Сібір Облыстық Кеңесі (Г.Н.Потанин басқарған) тарапынан қолдау табуы (2 сағат);
      4) Алашорда және Кеңес өкіметі. 1918 жылдың 28 қаңтарында Алашорда үкіметі қызметінің басталуы (Семей-Алаш қаласы). «Сарыарқа» газеті беттеріндегі Алаш автономиясы мен үкіметі – Алашорда туралы ресми жарияланымдар. Қазақстан аймақтарында Кеңес өкіметінің орнатылуы (1918 ж. ақпан-маусым). Алашорда және Кеңес өкіметі арасындағы келіссөздер нәтижесі. Семейдегі Орталық және Облыстық Алашорда комитетінің Кеңес өкіметімен саяси қақтығысы. 1918 жылғы маусым оқиғалары. Қазақстан аймақтарында Кеңес өкіметінің құлатылуы. Алашорда және Уақытша Сібір үкіметі қарым-қатынастары (2 сағат);
      5) Алашорда үкіметі және оның қызметі. Алашорда билігінің тұрақты сипатқа көшуі (маусым-қараша 1918 жыл). Алашорда үкіметінің қабылдаған қаулылары мен шешімдері. Ішкі саясаттағы ұстанымдары. Земство және Қазақ комитеттеріндегі алашордашылардың қызмет өрістері. Алашорда және Қазақ соты. Алашорда және Алаш атты әскерін жасақтау. Алашорда бөлімдері: Батыс Алашорда (Жымпиты), Бөкей ордасы, Маңғыстау, Ақтөбе, Торғай, Қостанай өңірлері, Ақмола мен Жетісу облыстарындағы Алашорда басқармалары және Түркістандағы оңтүстік қанаты (2 сағат).
      13. «Алашорда және ресейлік әскери-саяси күштер» (8 сағат):
      1) Алашорда және ресейлік саяси күштер азаматтық қарсыласу кезеңінде: Антикеңестік күштермен бірлесіп Кеңес өкіметіне қарсы шығуының тарихи себептері (1918 ж.). Алашорда және облыстық, уездік деңгейлердегі саяси күштер: өзара саяси, экономикалық, әлеуметтік және әскери саладағы байланыстар. Алашорда әскери құрылымдарының Қазақстанның территориялық кеңістігінде ресейлік майдандарға тартылуы (1918-1919 жж.). Алашорда және Түркістан байланыстары (2 сағат);
      2) Алашорданың 1919 жылғы тарихи қалыптасқан жағдайлар барысындағы қызметі: Алашорданың Комучпен, Уфа Директориясымен және Колчак үкіметімен саяси қарым-қатынасы. Өлкедегі Алашорда және Колчак билігі арасындағы саяси күрес. Азаматтық қарсыласу кезеңіндегі саяси-әскери жағдайлар және Алашорда әскері. Алашорда және Кеңес өкіметі (1919-1920 жж.) (2 сағат);
      3) Алашорда қозғалысы қайраткерлерінің кеңестік Қазақстан тұсындағы қоғамдық-саяси қызметтері: Алашорда қайраткерлерінің Кеңес өкіметімен мәмілеге келуі. Кеңес өкіметі тарапынан амнистия жариялануы. ХХ ғасырдың 20-жылдардағы Қазақстанның саяси өмірі және алаш зиялылары. Қазақ зиялыларының кеңестік Қазақстанды қалыптастырудағы қызмет бағыттары (1 сағат);
      4) Большевиктік өкімет тұсындағы Алаш қозғалысын қаралау саясаты (1920–1940 жж.): Кеңес билігінің Алаш қозғалысына қатысушыларға қатысты көзқарасы мен шешімдері. Қазақстандағы «Кіші Қазан» науқаны. Алаш зиялыларының Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінен шеттетілуі. «Байшыл-алашордашылдар», «оңшыл», «ұлтшыл-уклонист» деп айыпталған қазақ қайраткерлері. Эмиграция қайраткерлері (М.Шоқаев, Р.Мәрсеков, И.Жайнақов). «Ұлтшыл-уклонистер» (С.Садуақасұлы, С.Қожанұлы, Ж.Мыңбайұлы, Н.Нұрмақұлы, Ы.Мұстамбайұлы, т.б.). Қазақ қайраткерлерін жіктеуі мен бөлуі және қарама-қарсы қоюы. Орталық пен кеңестік республика арасындағы келіспеушіліктер: Алаш мүддесінің жаңғыруы. Ұлт қайраткерлерін қуғындау, репрессиялау науқаны. 1937 жылғы зұлмат және оның тарихи сабақтары (2 сағат);
      5) Кеңес өкіметі жылдарындағы Алаш туралы таным-түсінік эволюциясы: 1940-1991 жылдар аралығында Алаш жөніндегі пікірлердің әрқилылығы. Эмиграция мен тұтқындағы қайраткерлердің мемлекетшілдік мұраты. Кеңестік жылымықтан кейінгі Алаш тарихына көзқарас. «ЕСЕП» партиясы мен «Жас тұлпар» ізденісі. 1986 жылғы көтерілісті басу науқанында «Алаш әсерінің» сыналуы. 1988 жылы Алаштың 5 тұлғасының «ақталу» үдерісі (1 сағат).
      14. «Алаш құндылықтары және ұлт зиялылары» (8 сағат):
      1) ел тарихында Алаш қайраткерлері есімдерінің жаңғыртылуы. Алаш құндылықтары – демократия және қоғамдық серпіліс бастауы: Алашорда қайраткерлерінің көзқарастар эволюциясы. Алаш құндылықтары мен әлемдік саяси демократиялық қозғалыстар арасындағы ұқсастық пен айырмашылық. Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Шоқай, М.Дулатұлы, М.Тынышбайұлы, Х.Досмұхамедұлы, т.б. қайраткерлердің әлемдік үйлесімділік, ұлт бостандығы, зиялылық, білім мен ғылым хақындағы пікір-пайымдары. Алашорда қайраткерлерінің өмірінен және қызметінен құнды деректер. Алашорда қайраткерлерінің қоғамдық-саяси портреті. Алашорда қайраткерлерінің рухани мұрасы. Алашорда қозғалысы қайраткерлерінің және ұрпақтарының қилы тағдыры (1 сағат);
      2) Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан – ұлттық қозғалыс көсемі: Ә.Бөкейханның қайраткер ретінде қалыптасуы: шыққан тегі, ірі саяси орталықтарда білім алуы, Кенесары көтерілісінің тағылымдары, Ресей және Еуропа азат ойларының ықпалы. Ф.Щербинаның экспедициясына қатысуы. Мерзімдік баспасөз қызметіне араласа бастауы. Қарқаралы петициясын ұйымдастырудағы рөлі. Қазақстанда кадеттер партиясын құрудағы әрекеті. Мемлекеттік Думаға мүшелігі. Абақтыға қамалуы. Абай өлеңдерін жарыққа шығарудағы және қазақ фольклоры үлгілерін жариялаудағы еңбегі. Бірінші дүниежүзілік соғыс тұсындағы қайраткерлігі. Жалпыұлттық пікірсайыстар және Ә.Бөкейханның «Қазақ» газетіндегі публицистикалық мақалалары. Уақытша үкіметтің құрамындағы қызметі. Ұлт автономиясы және мемлекеттік құрылым туралы тұжырымдамалары. 1917 жылғы желтоқсандағы жалпықазақ съезі және Ұлт Кеңесі – Алашорда төрағасы санатындағы мемлекеттік қызметі. Ә.Бөкейханның кеңес билігі кезеңіндегі қайраткерлігі мен шығармашылығы (1 сағат);
      3) Алаш қайраткерлерінің ағартушылық саласындағы қызметі және ғылыми ізденістері: А.Байтұрсынұлының және М.Дулатұлының саяси қайраткерлік, әдеби-көсемсөздік, ғылыми және ағартушылық қызметтерінің бірлігі мен тұтастығы. А.Байтұрсынұлының «Тіл-құрал» еңбегі. Алаш қайраткерлерінің мектепке арналған пән оқулықтарын жазудағы қызметі. Инженер М.Тынышпаевтың тарихи зерттеулері. Дәрігерлер Х.Досмұхамедұлы мен С.Аспандиярұлының әдеби және тарихи еңбектері. Қайраткер-қаламгерлер тұлғасы: С.Сәдуақасұлының, С.Қожанұлының, Н.Төреқұлұлының және т.б. шығармашылығы. Қазақ білімпаздарының 1924 жылғы съезі. Әліпби, терминология, аты-жөн, оқу бағдарламасы, ауыз әдебиеті, т.б. мәселелер төңірегіндегі пікірталастар. 1926 жылы Бакуде өткен түркітанушылар съезі
(1 cағат);
      4) Алаш зиялыларының Түркістан кезеңі: ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы Түркістан. Халық ағарту мен баспасөз саласындағы зиялылардың қайраткерлігі. «Талап» ұйымының қызметіндегі ортақ мәдени бірлік пен ықпалдастық. З.У.Тоған Түркістан тұлғалары туралы. Х.Досмұхамедұлының ұйымдастырушылық қызметі (1 сағат);
      5) Алаш зиялыларының мәдени ұйымдары және олардың маңызы: «Бірлік» – қазақ қоғамының мұраты мен мақсаттарына сәйкес Омбы қаласында құрылған тұңғыш ұлттық жастар ұйымы. Қазақстанда 1917 жылы ашылған мәдени-ағарту ұйымдары: «Еркін дала» (Орынбор), «Жанар» (Семей), «Қамқор» (Торғай), «Жас қазақ» (Орал), «Үміт» (Троицк), «Оқығандар» (Көкшетау), «Ынтымақ» (Атбасар), «Қызмет» (Кереку), «Жас тілек» (Ақтөбе), т.б. Олардың өнер, білім, ғылым саласын дамытудағы миссиясы. «Талап» қауымы және оның қызметі (Ташкент) (1 сағат);
      6) «Алаш» баспасөзі және қазақ қоғамы: «Қазақ» газеті (1913-1918 жж.). ХХ ғасырдың екінші онжылдығындағы қазақ өмірінің энциклопедиясы. Басылымның ұстанымы мен тақырыптық бағыттары. Алаш бағытындағы «Бірлік туы», «Сарыарқа», «Жас азамат», «Ұран» газеттері және «Абай» журналы, олардың жарық көру тарихы және авторлары. «Ақ жол» газеті (1920-1926 жж.) және Алаш қайраткерлерінің публицистік қызметі. Сталиннің Қазөлкекомға осы басылым туралы хаты. «Ескі» интеллигенцияға көзқарас (1 сағат);
      7) Алаш қозғалысы кезеңіндегі қазақ әдебиеті және ұлт азаттығының сарындары: Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Нарманбет Орманбетұлы, Ғұмар Қараш, т.б. көркемсөз өкілдерінің шығармашылығы және ұлттық ояну көріністері. М.Дулатұлының «Оян, қазақ», А.Байтұрсынұлының «Маса» жинақтары – азаттық қозғалысының манифестері. М.Жұмабаев символизміндегі ұлттық және түрікшілдік сарындар. «Алаш» ұранды өлең-жырлар. «Ақ жол» және «Еңбекші қазақ» газеттерінің беттеріндегі әдеби пікірталастар (А.Байтұрсынұлының, С.Сейфуллиннің, С.Мұқановтың, Н.Төреқұлұлының, Ғ.Тоғжанұлының, т.б. мақалалары). Ұлт әдебиетшілерінің «Алқа» тұжырымдамасы және ҚазАПП (2 сағат).
      15.Қорытындылау (1 сағат).

3. Оқушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптар

      16. Пәндік нәтижелер бойынша 9-сыныптың соңында оқушылар:


      1) Алаш қозғалысының тарихын, мемлекеттілікті жаңғырту бойынша қазақ қайраткерлерінің батыл тәжірибесін;
      2) Қазақ мемлекеттілігінің тәжірибесі санатындағы Алаш қозғалысы, Алашорда үкіметі, Алаш автономиясы және Түркістан автономиясы сынды тарихи құбылыстарды;
      3) әлемдік демократия дамуы тарихындағы Алаш автономиясының орны мен рөлін;
      4) Алаш зиялыларының саясат пен экономикадағы, білім-ғылым мен мәдениеттегі пікір-пайымын, тұжырымдамасын;
      5) мемлекет пен ұлттың дамуы туралы Алаш құндылықтарын;
      6) Алаш пен адамзаттың рухани-құндылықтарының сабақтастығын;
      7) ұлт қайраткерлерінің Отанына және елдік мұратқа деген адалдығын;
      8) кеңестік қатаң жүйеде жүріп тәуелсіздік үшін күрескен Алаш зиялылары мен олардың ізбасарларының тағдырын, атқарған қызметін;
      9) Алаш зиялыларының шығармашылық мұрасын, ағартушылық еңбегін білуі тиіс;
      10) жеке тұлғалық, әлеуметтік, қоғамдық құбылыстар мен дәстүрлердің мәдениеттанымдық негізін;
      11) Алаш қозғалысына тікелей және жанама қатысты тарихи оқиғалардың даму заңдылықтары мен себеп-салдарын анықтау әдіс-тәсілдерін;
      12) түрлі деректерден тарихи ақпарат алу жүйесін;
      13) тақырыптық тарихи фактілерді талдап қорытуды;
      14) тарихи карталармен, хронологиялық кестелермен жұмыс істеу тәртібін меңгеруі тиіс.
      17. Тұлғалық нәтижелер оқушылардың:
      1) тәуелсіздік тарихынан тағылым алуынан;
      2) азаматтық жауапкершілігінен;
      3) ұлттық болмыс, ұлттық таным, ұлттық намыс, ұлттық сана категорияларынан;
      4) қазіргі қоғам сұранымына қажет әлеуметтік белсенділігінен;
      5) ұлтжандылық қасиеттерінен;
      6) қарым-қатынас мәдениетін меңгеруінен;
      7) әлем мәдениетіне, зайырлылық пен өркениетке құрметпен қарау дағдысынан көрініс табуы тиіс.
      18. Жүйелі-әрекеттік нәтижелер бойынша оқушылар:
      1) Алаш тұлғаларының отандық ғылым мен білімнің бастауындағы мұраларын зерделеу тәжірибесін;
      2) тарихи үдерістерді дербес талдай білуді, тарихи фактілер, құбылыстар мен тұлғаларға дербес көзқарас білдіру бейімін және тақырыптық негізде түйінді тұжырымдарды жасай білуі;
      3) алаштануға қатысты деректермен жұмыс істей білу, оларды саралау, жинақтау және тарихи оқиғаларды бағалау мен осы саладағы білімін шығармашылықпен дамыту дағдысын;
      4) мемлекетшілдік ізденістерге, қайраткерлік еңбекке құрметпен қарайтын және елдік дәстүр құндылықтарын жете түсінетін саналылық келбетін;
      5) ғылыми ізденімпаздық қабілетін, қазіргі жаңа технологиялар негізінде ақпаратты жүйелеу, өңдей білу, сақтау және тарата білуді қолдана білуі тиіс.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет