Негізгі сұрақтар


Тайыр Жомартбаев (1884 – 1937)



Pdf көрінісі
бет25/30
Дата18.09.2024
өлшемі1,94 Mb.
#204557
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   30
Байланысты:
19-20

Тайыр Жомартбаев (1884 – 1937). 
Тайыр (азан шақырып қойған аты Тайлақбай) 
Жомартбайұлы 1884 жылы Семей губерниясы Шыңғыстау өңіріндегі Мұқыр болысында 
«Ақдала» деген жерде, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Көкбай ауылында 
дүниеге келген. Руы Тобықты ішінде Көкше, оның ішінде Боқай, яғни Абайдың досы, әрі 
шәкірті Көкбай ақынмен, әнші-ақын Ағашаяқпен (Берікбол) аталас, әрі ауылдас, ағайын 
адам. 
Жомартбай кедей болғанымен, көкірек-көзі ашық, ескіше сауатты, жайдары мінезді, тілге 
шешен, жұртқа қадірлі, абыройлы адам болған. 
Кедейліктің салдарынан Жомартбай балалары ауыл байларының малдарын бағып
жұмысын істеп күн көреді. Көп балалы жанұяда өскен Тайыр да өмір ауыртпалығын ерте 
арқалап, қиындықты көп кешеді, оқуды көп кейін бастайды. 12 жастан бастап ауыл 
молдаларынан ескіше сауат ашқан ол, 20 жас шамасында Абайдың замандасы Көкбай 
ақын ашқан Тақыр деген жердегі медреседе оқып білім алады. Медреседе бірнеше тіл 
үйреніп, ақынның тәлім-тәрбиесін көріп, үлгі-өнеге алған Тайырдың оқуын әрі қарай 


жалғастыруға, өнер-білімге деген құштарлығы онан сайын арта түседі. Көкбайдың 1901 
жылы Мұқыр болысына молда болып сайланғандығы, мұрағаттық деректерден белгілі. 
Тайыр медреседе алған білімді толықтыру мақсатында әрі қарай оқуды ойлайды. Оған 
кедейліктің салдары бөгей береді. Әйтсе де ағасы Хасен інісінің білім алуға деген талабын 
қайтарғысы келмей, Семей қаласына әкеледі. Қалада өздерінің аталас бір ағайындарының 
үйіне орналастырып, медресеге оқуға береді. Өзі Тайырға қаражат тауып көмектесу 
мақсатымен қаланың байы Зенковтың қолында 6 – 7 ай әр түрлі жұмыстар істеген. Тайыр 
да сабақтан бос уақыттарында үйдегі жеңгесі Рахияға, сонымен бірге қаланың ауқатты 
байлары Зұлқарнай, Жақия қажы сияқты адамдарға жалданып жұмыс істейді. 
Ауылда алған аздаған білімін дамыта жүріп, оқуға аса ынталы, зерек Тайыр медреседе 
үздік оқып, ұстаздарының көзіне түседі. Арасында орыс мектебіне де түсіп, орысша үш 
сыныптық білім алады. Семейде оқыған жылдары қалада тұратын Тобықты елінің ауқатты 
адамдарының үйіне барып тұрады. Сондай жиі баратын үйлері - Жақия қажы, Қаражан 
байдың үйлері. «Тайыр Семей медресесіндегі оқуын тамамдағаннан кейін, одан әрі оқуды 
ойлайды. Сол кездегі әйгілі оқу орны медресе «Ғалияға» түсіп оқуды армандайды. Ол 
арманына жаңағы Жақия бастаған байлардың қамқорлығының арқасында ғана қолы 
жетеді. Қолы ашық Жақия қажы сияқты мырза-жомарт байлар Тайырдың оқуына, 
тұрмысына жетерлік ақша жинап беріп, оны Уфа қаласына аттандырады». 
Тайыр 1908 жылдар шамасында Уфа қаласына барып «Ғалия» медресесіне түседі. 1911 
жылы «Ғалия» медресесіндегі оқуын аяқтаған Тайыр сол жылы қыздар гимназиясын 
бітірген татар қызы Адығия Фахрисламқызы Ормановаға үйленіп, Семейге қайтып келеді. 
Семейдің қазіргі Жаңа Семей бөлігі ол кезде Заречная слабодка деп аталатын. Сонда келіп 
Адығия екеуі де 1910 жылы ашылған Жақия қажы мектебіне орналасады. Тайыр сол 
мектепте ер балаларға, әйелі Адығия Фахрисламқызы қыз балаларға сабақ береді. 
1912 жылы Қазақстан территориясында тұңғыш Семей қаласында «Ярдам» баспаханасы 
ұйымдастырылған еді. Сол «Ярдам» баспасынан 1912 жылы шыққан тұңғыш кітап – 
Тайыр Жомартбаевтың «Балаларға жеміс» атты балаларға арналған кітабы. Екінші 
М.Малдыбаевтың балаларға арналған оқулығы «Оқу кітабы» болса, үшінші Тайырдың 
«Қыз көрелік» атты романы еді. Бір жылда екі кітабының шығуының өзі ағартушының бір 
жылдың өзінде қаншалықты еңбектенгендігін байқатады. 
Осы Семейде жүрген кезеңінде Т.Жомартбаев жаңашыл мұғалім ғана болып қойған жоқ, 
қаладағы мәдени– ағарту істеріне де қазақ зиялыларымен бірге белсене араласқан, 
солардың бел ортасында әдебиет, мәдениет қайраткерлерінің қатарында болған. Мұны сол 
кезде шығып тұрған «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналында жарияланған мақалалардан 
да білеміз. 
1915 жылы Тайыр Семейден Зайсанға қоныс аударады. Қоныс аударуының себептері 
Тайыр өмірбаянына қатысты деректерде былайша баяндалады. Мәселен, 
Қ.Мұхамедханов: «Жаңашыл педагогтың медреседе жаңа әдіс бойынша сабақ беруі 
ескішіл молдаларға ұнамайды. Ақынның өнер-білімді насихаттап, молдалардың өзімшіл 
мінез– құлықтарын әшкерелеп жазған өлеңдері олардың өшпенділігін онан сайын күшейте 
түседі. Ақыры олар Тайырды медреседен қуады. Бұл оқиға 1916 жылы болады. 
Тайырмен жақсы таныс және қазақ зиялыларын құрметтеп, сыйлай білетін, көңіл көзі 
ашық, Зайсан қаласының көпес байы, Бидахмет Бобкин деген абыройлы адам Тайырды 
Зайсанға шақырады. Сөйтіп, Тайыр 1916 жылы Зайсанға көшіп барып, Бидахмет 
мырзаның көмегімен, өзі де, әйелі де мұсылман медресесіне қызметке орналасады. Сабақ 
бере жүріп, жазу, мәдени ағарту жұмысын тоқтатпайды», – деп берілген. Бірақ, Қайым 
ағамыз Тайырдың Зайсанға ауысуын 1916 жыл десе, 1937 жылғы Семейден шыққан 
«Екпінді» газетінде жарияланған мақалада Тайырдың елден кетуін: «Содан 1914 жылы 


Зайсанның атақты саудагері Бидақмет Бобкиннің атап шақыруымен Зайсанға көшіп 
кетеді. Одан бір жағы молдалықпен, екінші жағынан сауда істеп қатарлы байдың бірі 
болады», - деп байдың да қатарына қосақтайды. Кейбір деректерде «Өскемен – Зайсанға 
жер аударылған» деулеріне де осы жайлар негіз болса керек. Шындығында Тайырдың 
Зайсанға кеткен мерзімі жоғарыда айтылғандай 1914, 1916 жылдар емес, 1915 жылдың 
аяғы екендігі құжаттарда көрсетілген. Тайыр 1915 жылы Зайсанға көшіп барып 1917 
жылға дейін өзі де, әйелі Адығия Орманова да мұғалімдік қызмет атқарады. Ал 1917 
жылдан 1919 жылдың 15 қарашасына дейін Зайсан уезінің Маңырақ болысында ауыл 
шаруашылығының әртүрлі саласында жұмыс істейді. Т.Жомартбаев Алашорда ұйымының 
Зайсан бөлімінде 1919 жылдың 15 қарашасынан желтоқсан айының аяғына дейін 45 күн 
полк молдасы болған. Оны басқарған адвокат, 1918 жылдары Семей облыстық Жер 
басқармасының төрағасы, Алаш қайраткері Райымжан Мәрсеков еді. 1920 жылдың 1 
қаңтарынан Зайсан қаласының жанындағы «Шилі» деген жерде қайтадан мұғалімдік 
қызметін жалғастырады. Мектеп жанынан интернат ұйымдастырады. 1921-24 жылдары 
елде болып, «Маян» деген жерде мектеп салып, бала оқытқандығын, күншілдердің 
көрсетуімен қайтадан Зайсан жаққа кеткендігін 1929 жылғы толтырған анкетасында сол 
кезеңнің ауыртпалығынан жасырып қалған деп білеміз. 1924-1928 жылдары Зайсан 
мектептерінде қазақ тілі мен әдебиеті және математикадан сабақ береді, Зайсан қалалық 1-
ші басқыш қазақ мектебінде меңгеруші болады. 
1928 жылы жазда Т.Жомартбаев өз өтінішімен Зайсандағы мектептен босанып, елге, 
Семейге қайтады. Тайырдың өтінішін қабыл алған Семей қалалық оқу басқармасы оны 
№14, 1-ші басқыш мектепке меңгеруші етіп ауыстырады. 1930 жылдың 1-ші қазанынан 
1931 жылдың 15-ші қыркүйегіне дейін Семей көлік жолдары техникумында негізгі және 
дайындық топтарында қазақ тілінен сабақ береді. 1937 жылға дейін Семей қазақ 
педагогикалық техникумінде қазақ тілі мен әдебиетінен және математика пәндерінен 
сабақ берген. Осы кезеңде қосымша ауылшаруашылық техникумында, мектептерде 
мұғалім болған.. 
1937 жылдың 15мамыр күнгі «Екпінді» газетінде бүркеншік «Ғ» деген атпен «Саяси 
бейқамдықтың салдары» атты үлкен мақала жарияланады. Сол мақаланың салдарынан 
Семейдегі педтехникумдағы жұмысынан қуылып, Ресейдің Сталинск-Кузнецк қаласына 
кетеді. Мұнда да көп сая таппай қайта қуғын-сүргінге түседі. Ақыры 1937 жылдың 23 
қыркүйегінде сол қалада тұтқынға алынады да, ОГПУ үштіктің қаулысымен 1937 жылдың 
1 желтоқсанында үкім шығарып, ол үкім 2 желтоқсан күні орындалған. 
Т.Жомартбаевтың шығармашылығы оның ағартушылық қызметінен бастау алған, сол 
бағытта дамыған деуімізге болады. Сондықтан да шығармаларында негізгі тақырыпты 
оқу-білімге, адамгершілікке, ізгілікке, еңбекшілдікке арнауы, сол тақырыптағы орыс 
классиктерінің шығармаларын ана тіліне аударуы, оқыту процесі, қоғамдағы 
шиеленістерге өз көзқарасын білдіріп мақалалар жазуы заңды да еді. Ақынның алғашқы 
шығармаларының бірі «Балаларға жеміс» атты кітабы «Жәрдем» баспасынан 1912 жылы 
Семейде жарық көрді. Араға жыл салмай, сол «Жәрдем» баспаханасынан 1912 жылы «Қыз 
көрелік» атты романын жарыққа шығарады. Әйтсе де ақын бұл екі кітаппен ғана шектеліп 
қалмай, сол кезеңдегі баспасөз беттерінде өз өлеңдерін, мақала, фельетондарын жариялап, 
ой-пікірлерін білдіріп тұрған. Мәселен, 1913 жылы «Айқап» журналында «Замандастарға 
қарап» деген өлеңі жарияланса, сол жылы «Қазақ» газетінің 27 нөмірінде «Басқармаға 
хат» деген мақаласын жариялайды. Қазан төңкерісінің алдында жазған фельетон, мақала 
өлеңдерінің бір тобы Ташкент қаласында 1916 жылы 26 қарашадан 1917 жылдың 25 
мамырына дейін 22 саны жарыққа шыққан «Алаш» газетінде басылған. Тайырдың газеттің 
жарыққа шығуына қуана жазған «Жасасын Алаш!» өлеңі, сондай-ақ 1917 жылғы № 4, 6, 8 
сандарына шыққан фельетоны жарық көрді. Фельетонның Ғылым Академиясының сирек 
кітаптар қорында №6 саны ғана сақталған. Негізгі тақырыбы - қазақ қызының бас 
бостандығы үшін, өз сүйгеніне қосылу жолындағы күресі. 


Қазан төңкерісінен кейін жарық көрген өлеңдерінен Тайырдың көзқарасының біраз 
өзгергендігін байқаймыз. Бұл жерде назар аударарлық мәселе - кезінде ауыл молдасынан, 
Көкбай ашқан медресе мен Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінен оқып білім алған, 
Азамат соғысы жылдары алашорда ұйымында молда болған Тайырдың ескі наным-
сенімге, дінге, араб жазуына деген көзқарасы. Әр заманның қалыптасқан көзқарасы, сенімі 
болады. Кеңестік дәуірге дейін халық санасында бас иіп келген дінге сенім, кеңес 
дәуірінде керексіз болып, келе-келе жұрт жақтырмай, қарсы шыға бастаған кезеңде 
Тайыр да сол заманның ыңғайына көшіп дінмен, құранмен қоштасуы, социалистік 
идеологияның көсемін дәріптеуі заңды да еді. 
Т.Жомартбаев шығармашылығының өзі өлгеннен кейінгі жариялану, зерттелу жайына 
келер болсақ, ол алпысыншы жылдардан кейін ғана қолға алынды. 
1961 жылғы «Оңтүстік Қазақстан» газетінің №61 санында Ө.Есназаров «Ыбырайдың 
ізбасары» деген мақаласында: «Тайыр Жомартбаев - негізінде оқу ағарту тақырыбын 
жырлаған ақын. Сондықтан біз оны қазақтың XX ғасыр басындағы әдебиет тарихында 
демократияшыл-ағартушылық бағыттың балалар әдебиетінде Ы.Алтынсариннен соң 
көрінген, соның ізбасары болған көрнекті өкілі деп қараймыз», - деп өзіндік баға береді. 
Бұл ойын кейінгі Б.Кенжебаевпен бірігіп жазған «XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті 
«еңбегінде де толықтыра жазғандығын көреміз. 
Келесі кезекте Т.Жомартбаев шығармашылығына өзіндік пікір білдіріп, үн қосқан ғалым 
Сейділ Талжанов: «Әдебиетіміздің үлкен саласы - романдар тарихын айтқанда, «тырнақ 
алдымыз», тұңғыш романымыз - «Қыз көрелік» - дей келіп, - әлбетте осы күнгі өскелең 
көркем ойымыздың биік талғамына бұл роман сай келе алмайды. «Қыз көрелік» - желегі 
жарасқан, жайнаған үлгі емес, көнерген ескерткіш, ескі мұра. Қазақ әдебиетінің жас 
жапырағының тұңғышы, бүгінгі шүйделі романдардың шүйкедей бастапқысы. Біз үшін 
де ұрпақтар үшін де оның мәңгі құндылығы осында», - деп атап өткен болатын. 
«Қыз көрелік» романы туралы зерттеуші ғалымдарымыз Ә.Жиреншин, Ә.Дербісәлин, 
А.Нұрқатов, Қ.Мұхамедханов, Ә.Сатыбалдиев, М.Қараев т.б. осындай ой пікірлерін 
білдіреді. Бұл роман жайлы кеңірек қарастырып, жан-жақты талдау жасаған ғалым 
З.Бисенғали болды. «Қыз көрелік» романына соңғы уақытта талдау жасап, жарияланған 
еңбек академик, ғалым Р.Нұрғали құрастырып, алғы сөзін жазған «Қазақтың 100 романы» 
атты жинақ. Жалпы, Т.Жомартбаев шығармаларының толығырақ жарық көруі – 1997 
жылы жарыққа шыққан Қ.Мұқамедхановтың «Абайдың ақын шәкірттері» атты 4-ші 
кітабы. Кітапқа Тайырдың «Балаларға жеміс» жинағында басылған барлық 16 өлеңі, 
сондай-ақ бұрын баспа бетінде жарияланбаған 14 өлеңі енгізілген. Әйтсе де Тайырдың 
кейбір өлеңдері мен мақалалары, фельетоны күні бүгінге дейін баспа бетін көрген жоқ. 
Сондай шығармаларының қатарында «Су болған жаңбыр жаумай», «Тілек», «Ербосынға», 
«Құранға арнадым», «Масғұтқа», «Сайпеңе», «Бибіжанға», «Қос қыз», «Күмісқасқа», 
«Оразғалиға», «Есешке» атты арнау өлеңдері мен мақалаларын, фелетонын 
мұрағаттардан, сол кезеңдегі баспасөз беттерінен жинастырып, оларға ғылыми талдау 
жасап, түсініктер беруге тырыстық. Әйтсе де Тайырдың шығармалары әлі де іздестіруді, 
жинастыруды қажетсінетіндігі даусыз. 
Жаңашыл ұстаз Тайыр Жомартбаев оқытудың жаңаша әдіс-тәсілдерін іздестіру 
мақсатында жазған бір мақаласы «Қазақ»газетінің 1913 жылғы №27 санында 
жарияланған. Бұл мақаласындағы ой-пікірі оқыту арқылы жастарды қараңғылық 
бұғауынан құтқару, білімді саналы азамат тәрбиелеу жолымен ұштасып жатады. Мақалада 
қазақ мектептеріндегі қазақша оқулықтардың аздығын, кейбір мұғалімдердің 
сауатсыздығын жаза келіп «Қазақ» газеті арқылы мұғалімдерден өзін мазалап жүрген 
бірнеше сұрақтар турасында ой бөлісуін сұрайды. 


«Қазақ» газетінің редакторы А.Байтұрсынов 1913 жылы №29 нөмірінде «Оқыту жайынан» 
атты мақаласында Тайырдың сұрақтарына жауап жазып, оқытуда болып отырған 
кемшіліктерді көрсетеді. Ахметтің ескертпелеріне орай, сол кезеңдегі оқытудағы 
қиындықтардан шығудың жолын қарастырып, газет – журналдарда мәселе көтерген М. 
Дулатов, С.Торайғыров, Т.Жомартбаев, Ж.Аймауытов т.б. болды. 
Тайырдың соңғы жылдарда табылған өлеңдерінің ішінде ақындық қабілетін оқыту 
әдістерін жетілдірумен ұштастыра пайдаланғандығын да көруге болады. Қазақ 
поэзиясымен қуаттанып, оны бойға сіңіріп өскен балаларға математикалық ережелерді 
өлең түрінде жаттатудың тиімді, әрі жеңіл екендігін, жаттаған дүниелер көпке дейін 
ұмытылмайтындығын сезген ақын осы әдісті таңдаған. Ақынның «Бөлшек сандар 
ережелері» атты 16 шумақ өлеңдері сақталған. Мәселен «Бөлшек санды қосу ережелерін» 
төрт шумақ өлеңмен түсіндіріп, әр амалдан кейін мысалдарын көрсеткен: 
Бөлшекті бүтін санға қосу реті: 
6 бүтін 8-ден болса жеті 
Алтыны өсір сегізбенен, 7 -ні қос 
8- ден 55 бөлшек шыққан беті. 
Мысалы: 
Бұдан Тайырдың көрнекті әдебиетші ғана емес, жақсы математик болғанын, оқу-білімге 
үндеп қана қоймай өзіндік әдістемелік әдіс – тәсілдерді де пайдаланғандығын көреміз. 
Математиканы поэзия арқылы түсіндіріп, балаға ұғындыруы бұрын-соңды болмаған, 
өзіндік өрнек, үлкен жетістік. 
Тайыр үнемі іздену, оқытудың түрлі әдіс-амалдарын, оқулықтарын жетілдіру үстінде 
болды. Өзінің мол тәжірибесін кеңес үкіметі орнағаннан кейінгі мезгілде де мектеп 
тәжірибесінде жандандырып, әдістемелік кеңестерде ұсынып отырған. 1920 жылдардан 
кейінгі уақыттарда оқулықтар, бағдарламалар шығару үшін өз үлесін қосып 
отырғандығын Қазақстан ұлттық энциклопедиясындағы мына деректер растайды: 
«1920 жылы қазанда Қазақ АКСР-інің ХАК-ы құрылып, А.Байтұрсынов халық комиссары 
болды. 1921 жылы ақпанның 18-інде Бүкілқазақстандық оқу-ағарту конференциясы 
шақырылды. Онда балаларды қорғау, бірыңғай мектеп жүйесін құру, кәсіптік-техникалық 
білім беру, саяси тәрбие ісі, оқу-тәрбие жұмысына байланысты т.б. мәселелер қаралды. 
1922-1923 жылдары ұлт мектептерін төл оқулықпен, бағдарламамен қамтамасыз етуде 
біраз шаралар іске асырылды, қазақ тілінде 14 оқулық шығарылды. Олардың ішінде 
«Физика», «Грамматика», «Педагогика», «Алгебра», «Мектеп гигиенасы» т.б. бар. Бұл 
оқулықтарды жазуға А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, 
С.Аспандияров, Т.Жомартбаев, Қ.Сәтбаев, Ә.Ермеков, Т.Жолдыбаев т.б. қатысты . 
«Айқап» пен «Қазақ» басылымдары өздері негізгі деп тапқан ішкі саясаттағы өткір де 
өзекті мәселелер төңірегінде тоқайласа бермей, кейде табан тіресе айтысып отырды. Екі 
басылым маңайындағылар пікір таластыра отырып, бір–бірлеріне деген қарама қайшы 
көзқарастарын танытып, ащы сындар да жазысып жатты. Т. Жомартбаев қазақ баспасөзі 
арасындағы осындай айтыс – тартыстың соңы олардың бірінің жабылуына әкеліп 
соқтырғанына өкініш білдіріп, жаңада ашылған «Алаш» газетіне өз қуанышын білдіре 
отырып, «Жасасын Алаш» атты өлеңін жолдаса, кейіннен осы газетке «Достыққа достық 
қарыз іс, дұшпаныңа әділ бол!»– деген мақала жазған. Тайыр «Достыққа достық қарыз іс, 


дұшпаныңа әділ бол» мақаласында газетті бұрынғы баспалар арасындағы алауыздықтан 
сақтандырады. Онда: «Адамды сүй, алланың хикметін сез» деп Абай марқұм айтқан 
секілді бәріміз бір ата, бір ананың баласы болған соң, бір–бірімізге жақсы мәміле, жылы 
жүз, жұмсақ сөзді болсақ дұшпан қайдан шығар еді», – дей отырып газеттің ешкімді де 
ащы тілмен жараламай, кекеп мінемей, барлық мәселені ақылмен шешуін ұсынады. 
Осы «Алаш» газетінің 1917 жылғы №14 санында «Мен де өз көңілімді көтерейінші?» атты 
мақала жариялайды. Автор мақалада қазақ елінің мәдениетке, өнер-білімге жетуі үшін 
алдыңғы қатардағы елдерден үлгі алуы керектігін, газет-журнал шығару ісін жөндеп, оқу-
ағарту жұмысын алға қоюы қажеттігін атап көрсеткен. Халықтың шаруашылығын түзеу 
үшін сауда өнерімен шұғылдануын айтқан. 
Осы газеттің 1917 жылғы № 4,6,8 сандарында Тайырдың фельетоны жарияланған. 
Фелетон деп аталғанымен бұл шығарманың сахнаға арналып жазылғандығын байқаймыз. 
1917 жылы Зайсан қаласында қойылған «Осы ма қазақ өмірің?» атты пьесасы осы болса 
керек. Өйткені бұл шығармада уақиға барысын, кейіпкерлердің іс-әрекетін, мінез-құлқын, 
жай-күйін тікелей баяндау жоқ. Диалогты түрде құрылған шығармада біз болып жатқан 
уақиға – жағдайларды кейіпкерлердің айтуынан біліп, солардың көзімен көріп, қайғыға 
беріліп, ойлау-сезінуін солардың сөзінен байқаймыз. Шығармадағы авторлық түсінік те 
жақшаға алынып берілген. 
Қаламгердің мақалалары мен фельетонында еліміздің ХХ ғасырдың бас кезіндегі күрделі 
мәселелерді терең толғағандығын, соның бәрінде ол биік тұрғыдан, аса жауапкершілікпен, 
өмір ағымына бейімділігімен көріне білді. Жарияланған мақалаларының көркемдік 
дәрежесі, ондағы көтерілген мәселелер өзектілігімен, тағылымдық, өнегелік жағынан 
құндылығымен ерекшеленеді. Бар өмірін, бар білімін, қажыр-қайратын бала тәрбиесіне, 
жастарға арнаған Тайырдың әр шығармасынан «халқым», «ұлтым» деп соққан жүрек 
жылуы, ілтипатты сезімі анық аңғарылады. 
Жалпы алғанда, қаламгердің қоғамдағы күрделі мәселелерді өз кезінде қозғап жазған 
мақалаларын, эстетикалық еңбектерін кең толғап түсіну, әдебиет кәдесіне жұмсап, 
шығармашылық мақсатқа пайдалану қажет. 
Дәріс №14 
Тақырыбы:Ұлт-азаттық көтеріліске байланысты туған жырлар: Жамбыл, Омар Шипин, 
Иса Дәукебаев шығармашылығы 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   30




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет