Қауіпсіздік техникасымен және қатерлі жағдайда көрсетілетін алғашқы көмекпен таныстыру.
Лабораториялық жұмыстарда еңбекті қорғау және техникалық қауіпсіздікті сақтау. Химиялық, медициналық, ветеринариялық, бактериологиялық және басқа да лабораторияларда жұмыс істеу ешқашан қауіпсіз болған емес. Ертеден қазіргі біздің уақытқа дейін жеткен историялық деректер нешетүрлі ауыр қайғылы жағдайлардың болғанына куә. Техниканың дамуы кезеңінде бұрын белгілі емес қауіпті факторлардың пайда болуы қауіпсіздікті ауырлатпаса жеңілдетпейді. Қазіргі ғылыми бағытта электроэнергиясыз, жоғарғы қысымсыз, терең вакуумсыз, жоғарғы және төменгі температурасыз, әртүрлі улы заттарды, қауіпті бактерияларды, вирустарды, риккетсийлерді қолдабайынша жұмыс жүргізу мүмкін емес. Олардың көбі жарылудың, өрттің, радиацияның және індетті таратудың негізгі себептері болуы мүмкін. Міне сондықтан да еңбекті қорғау жүйесін қамтамасыз ету өте қажет. Адамдар мен малдардың денсаулығын сақтау және қорғау өзара тығыз байланысты бөлімдерден тұрады:
еңбекті қорғаудың құқықтық және ұйымдастыру мәселелері;
өндірістегі санитарлық-гигиеналық сақтық;
өртке қарсы ұйымдастырылатын қауіпсіздік мәселелері;
қауіпсіздік техникасы.
Еңбекті қорғаудың құқықтық және ұйымдастыру мәселелері еңбекті қорғау заңдылықтарына; өндірістік жарақатты тексеру, есептеу және талдау іс-шараларына; еңбекті қорғау туралы стандарттар мен нұсқауларға; қызметтегі адамдарды қауіпсіз жұмыс істеу әдістерін оқыту жүйесіне; қауіпсіздік тезникасын ұйымдастыру және еңбекті қорғау шараларының іске асуын бақылауға алу шараларына сүйенеді.
Өндірістік санитария дегеніміз адамдар мен малдарды ауруға шалдықтыратын немесе жұмысқа қабілеттілігін төмендететін өндірістің зиянды факторларын қалыпты деңгейге дейін төмендетуге немесе жоюға бағытталған ұйымдастыру іс-шараларының және сол үшін техникалық мүмкіншіліктерді ұтымды пайдаланудың тиімді жүйесі.
Еңбек гигиенасы – медицина мен ветеринария саласындағы сақтандыру мәселесі. Ол – адамдар мен малдардың жұмысқа қабілеттілігін жоғарлатудың және кәсіптік аурулардан сақтандырудың ғылыми негізі және тәжірибе жүзінде іске асыру.
Өртке қарсы қауіпсіздік мәселесінде өртті болдырмау, бола қалған жағдайда оны өршітпеу және тез арада өшіруге барлық жағдайды жасау, өрт кезінде адамдардың қауіпсіздігін және мал басының сақталуын қамтамасыз ету туралы іс-шаралар қарастырылады.
Қауіпсіздік техникасы – жұмыстағы адамдардың жарақаттануына немесе кенеттен денсаулығының нашарлауына себеп болатын қауіпті факторларды жою үшін ұйымдастырылатын іс-шаралар мен техникалық мүмкіншіліктерді ұтымды пайдалану жүйесі. Ол жүйе еңбекті қорғаудың негізгі саласы бола отырып, келесі мәселелерді шешеді:
жұмыстағы адамдарға еңбек қауіпсіздігі туралы ережелерді және нұсқауларды оқытып, үйрету;
мекемені және соның маңайындағы құрылыстарды техникалық қауіпсіздік жағдайда ұстау;
жаңадан алынған немесе өндіріске жаңадан қосылған құрылыстарды қорғау және сақтандыру техникаларымен қамтамасыз ету;
жұмысшыларды өндірістік қауіпті және зиянды факторлардан қорғау туралы ұжымдық және жеке бастық мәселелерді шешу. Ондай нұсқаулармен әрбір жұмысшылармен, қызметкерлерді қамтамасыз ету.
Қауіпсіздік техникасы туралы іс-шаралар «Еңбек туралы заңның» тиісті баптарына негізделіп іске асырылады. Қалыптылық құжаттардың негізінде еңбектің қауіпсіздігін реттейтін мемлекеттік және салалық стандарт жүйелері жатыр.
Әрбір мекемелерде, ұжымдарда еңбек қауіпсіздігі туралы оқулар, нұсқаулар, аттестациялар, жеке кабинеттер ұйымдастырылады. Насихат жүргізуде плакаттар, радио, кинофильмдер, дәрістер және кеңестер кеңінен қолданылады.
Өндірістік құрал-саймандардың техникалық қауіпсіздігі оларды құрастыру кезінде және олармен жұмыс істеу барысында қамтамасыз етілуі қажет. Серия бойынша шығарылатын өндірістік құрал-жабдықтар еңбек қауіпсіздігі жөніндегі стандарттық жүйеге сай болуы керек. Жұмыс барысында қосымша техникалық қауіпсіздікті қажет етпейтін жабдықтардың маңызы өте зор.
Техникалық қауіпсіздікті сақтау іс-шараларының ішінде ұжымдық және жеке басты қорғау мәселелері негізгі роль атқарады. Ондай нұсқаулар өндірістік қауіпті және зиянды факторларға қарсы сенімді және тиімді болуы шарт. Әсіресе желдеткіш жүйесінің, радиациялық қорғаныстың тиімділігі; электр қондырғыларының, жұмыс орнының жарықтануының талапқа сай болуы; арнайы киімнің, қорғаныс көзілдірігінің сапалылығы үнемі қадағалауда болуы керек. Бұл талаптарды орындамау ешқандай ақталуға жатпайды. Тіпті кейбір жағдайда қауіпсіздік туындамаса да негізгі ережені бұзуға болмайды. Үйткені ондай дағды бара-бара әдетке айналып кетуі салдарынан кейіннен үлкен қатерге апарып соғуы мүмкін. Дағдыға айналған кішкентай кемшіліктің өзі өндірістік жарақатқа, кәсіптік ауруға және әртүрлі апаттық жағдайға ұшыратуы ықтимал. Өндірістік ситуацияда кездесетін барлық қауіпті жағдайдың алдын алу мүмкін емес. Сондықтан әрбір қызметкер жұмыс барысында кездесетін кез келген қауіпті жағдайға қарсы тұруға дайын болуы керек. Лабраторияда істелетін барлық жұмыстар нақтылы, ұқыпты, асығыссыз орындалуы шарт. Жұмыс орнында тек сол кезде ғана қажетті реактивтер, приборлар, құрал-саймандар рет-ретімен орналасуы керек. Жұмысқа тек орындалатын жұмыстың барлық барысы анықталғаннан кейін ғана кіріседі. Бактериологиялық зерттеулер жүргізгенде және улы заттармен жұмыс істегенде тамақ ішуге, темекі тартуға болмайды. Улы заттармен жұмыс істегенде резина қолғапты, қорғау көзәйнегін пайдаланады. Індетті жарақатты материалдарды пинцет, қысқыш, ине, тұзақ, ілгіш, корнцангтар арқылы алады. Сұйықты пипетка арқылы алғанда резина грушаны пайдаланады. Індетті материалға қатысты барлық ыдыстар, операторлардың қолдары, үстелдер залалсыздандыратын ертіндімен мұқият жуылады.
Өте қатерлі материалдармен жұмыс жеке бөлмелерде қосымша қорғау заттарын пайдалану арқылы жүргізіледі. Артық буды, газды, ұшқыш химиялық зататрды уақытында шығарып отыру үшін сорғыш шкафтар болуы қажет.
Реактивтер, химиялық заттар сақталатын ыдыстарда олардың аты, заты толық жазылған этикет болуы шарт. Оны түзетуге, ескісін алмай жаңасын жапсыруға тиым салынады. Этикетсіз реактивтерді, химиялық заттарды қолдануға болмайды.
Химиялық реактивтердің, органикалық ертінділердің, микробиологиялық зерттеудің қоректік заттарын, радиоактивті қалдықтарды раковинаға құюға тиым салынады. Оларды арнайы бөлінген орынға жинап, белгілі тәртіп бойынша жояды.
Жұмыс істеп тұрған аппараттарды, электр приборларын, газ жаққыштарды ешуақытта бақылаусыз қалтыруға болмайды. Толық жұмысқа қосылмаған, бірқалыпты жұмыс істемейтін, немесе көрсеткіштері дұрыс емес аппараттарды асығыстықта басқа біреуге тапсырып қалтырып кетуге болмайды. Жұмыс аяқталғанда, лабораторияны жабар алдында, барлық аппаратуралар мен приборлардың толық жұмыстан шығарылғанын тексеру қажет. Сулар мен газдар жабылып, электр жүйесі ажыратылуы керек.
Жеке басты, толық бір ұжымды қауіптен қорғайтын заттар мен нұсқауларға ерекше көңіл аударады.
Жеке басты қорғауға приборлар, арнайы киімдер және радиоактивті, улы, бактериалды заттардың зиянды әсерлеріне қарсы қолданылатын препараттар жатады. Әсер ететін заттардың ерекшеліктеріне байланысты жеке басты қорғау заттары механикалық, қызулық, жарықтық, дыбыстық, химиялық, биологиялық болып бөлінеді. Олардың ішінде көбірек тарағандары: противогаздар, респираторлар, дыбысқа қарсы қолданылатын приборлар, қорғаныш көзілдіріктер, арнайы киімдер, антидоттар, радиацияға қарсы қолданылатын препараттар, жеке бастың химиялық заттарға қарсы қолданылатын пакеттер, қорғайтын майлар, пленкалар және т.б. Жеке басты механикалық факторлардың зиянды әсерлерінен қорғайтын броножилеттер, каскалар, шлемдер, байлағыш ремендер кеңінен пайдаланылады. Сонымен қатар қолдан жасалатын мақта-марлі байлағышы, шаң-тозаңға қарсы тканьнан жасалатын маскалар, қара әйнекті көзілдіріктер, су өткізбейтін жамылғыштар, синтетикалық тәждебиктер және т.б. Мұндай қолдан жасалатын қорғау заттарының әсерлері уақытша екенін естен шығармау керек.
Арнайы киімдер – жеке адамның жұмыс істеуіне кедергі келтірмейтін, оны қауіпті және зиянды өндіріс факторларынан қорғайтын киімдер. Оларды арнайы белгілі бір профессияға арналған, немесе әр саладағы ұқсас профессияларға арналған деп бөледі. Арнайы курткалар, шалбарлар, комбинезондар, костюмдер, халаттар, тондар, плащтар, фартуктер, жилеттер, қолғаптар бір-бірімен қатарынан және қосымша аяқ киімдермен, бас киімдермен және басқа да қорғаныс заттарымен қатарынан қолданылады.
Жалпы 12.04.015-76 ГОСТ-ы бойынша арнайы киімдер қорғау қасиеттеріне байланысты 16 топқа және 36 топ ішіндегі бөліктерге жіктеледі. Әрбір топтағы киімдерге нақтылы талаптар қойылады.
Жоғарғы деңгейдегі улы және өте қауіпті заттарға арнайы киімдер пленкадан немесе арнайы заттармен қанықтырылған материалдардан тігіледі. Олар улы заттарды өз бойларына сіңірмеуі және тігістері арқылы улы заттар өтпейтіндей болулары қажет.
Қорғау және қауіпсіздік үшін:
радиоактивті заттардан – денені толық жабатын және жеңіл залалсыздандыруға болатын мақтақағаз және лавсан материалдарынан істелген киімдер;
органикалық ертінділерден, мұнай және оның өнімдерінен, майлардан – мақтақағаз және синтетикалық торшалармен өңделген, органикалық қосылыстарға тұрақты материалдардан істелген арнайы киімдер;
зиянды биологиялық факторлардан – денені толық жабатын мақтақағаздан жасалған киімдер және бетті шыбын-шіркейден қорғайтын торшалар қолданылады.
Арнайы киімдерге қойылатын талаптар – олар қорғау, жұмыс істегенге қолайлы болу, эстетикалық, гигиеналық талаптарға сай болуы.
Мәселен, обаға қарсы тігілген костюм арнайы киімдердің қатарына жатады. Ол киім тек обадан ғана сақтап қоймайды, басқа да індетті аурулардан сақтандырады. Ол пижамадан, комбинезоннан, обаға қарсы халаттан, бас киімнен, мақта-марлі маскасынан, респиратордан, противогаздан, қорғау көзілдірігінен, резина етіктен, резина қолғаптан және орамалдан тұрады. Оған қосымша резинкаланған полиэтилді фартук, жеңдік және екінші қос қолғап болады.
Комбинезон бір түсті тығыз материалдан тігіледі. Алдыңғы түймелері толық түймеленеді. Аяқ жағы, қолдардың ұшы байланады. Қыста оны қалың киімнің сыртынан киетін болғандықтан көлемі үлкен болады.
Обаға қарсы тігілетін халаттың көлемі үлкен, ұзын, етектері айқастырылып жабылатындай, алдыңғы жағынан байлап бекітетіндей болуы керек. Жеңдерінде байлайтын бау, бас киімі (капюшон), немесе оба байлауышы мойынды, иекті, ұртты, маңдайды толық жабатындай болады.
Мақта-марлі маскасы ұзындығы 125 см, көлденеңі 50 см марлінің орта тұсына ұзындығы 25 см, көлденеңі 17 см мақта салынып, оның қалыңдығы 1,5-2,0 см етіліп жасалады. Оның екі жақ шеттерінен мақтаға дейін қиық жасалады. Масканы қағазға орап залалсыздандыруға болады. Қорғау көзілдірігі ретінде жақсы герметикалық жағдай туғызатын кез келген көзілдірікті қолдануға болады.
Орындалатын жұмыстың түріне қарай қорғау костюмінің 4 негізгі түрлері бар:
бірінші түрі – толық обаға қарсы костюм. Оның құрамында пижама және комбинезон, копюшон немесе үлкен байлауыш, оба халаты, мақта-марлі маскасы, резина қолғап, көзілдірік, носки, етік және орамал болады;
екінші түрі – жеңілдетілген обаға қарсы костюм. Оның құрамында тек көзілдірік қана болмайды. Басқасы жоғарыда аталғандай;
үшінші түрі пижамадан, халаттан үлкен байлауыштан, резина қолғаптардан, носкилерден, галоштардан және орамалдан тұрады.;
төртінші түрі пижамадан, халаттан, медициналық қалпақшадан, кішкене байлауыштан, носкилер мен тапочкалардан тұрады.
Костюмдердің індет бар немесе қауіпті жерлерде қандай түрлерін қолданудың, оларды қалай киюдің арнайы нұсқаулары болады. Өлексені сойған кезде қосымша клеенкадан тігілген фартук, жеңдік пайдаланылады. Ал резина қолғаптар мен орамал фартуктың белдігіне қыстырылады. Костюмнің бірінші түрімен 3 сағат (ыстық уақытта 2 сағат) жұмыс істегеннен кейін бір сағат демалу керек.
Жұмыс аяқталғаннан кейін костюмді ақырын еппен, қатаң түрде нұсқауда көрсетілген ретімен шешеді. Костюмнің әрбір бөлігін шешкен сайын қолғапты қолды залалсыздандыратын ертіндіге жуып отырады. Етікті, фартукты залалсыздандыратын ертіндіге жақсы қанықтырылған тампонмен жақсылап сүртіп алады. Орамалды залалсыздандыратын ертіндіге, ал көзәйнекті 70 %-ды спиртке батырып қояды. Оператордың қолдарын 70 %-ды спиртпен тазалалап сүрткеннен кейін, сабынды сумен мұқият жуады. Оператор костюмді толық шешінгеннен кейін душ қабылдауы керек. Костюмді әрбір қолданғаннан кейін қайнату, автоклавқа салу арқылы, немесе залалсыздандыратын ертіндіні қолдану арқылы залалсыздандырады.
Ветеринариялық аппаратуралармен жұмыс істегендегі қауіпсіздік техникасы. Ветеринариялық аппаратуралармен жұмыс істегенде ол аппаратураның конструкциясына, орнатылған бөлмесіне, қолдану тәсіліне байланысты операторға әртүрлі зиянды әсерлерінің болуы мүмкін. Оған жататындар: электр тоғының соғуы; иондық, электромагниттік, ультракүлгін, инфрақызыл сәулелердің, ультрадыбыстың, лазер сәулесінің деңгейлерінің жоғарылауы; аппаратуралардың үстіңгі жағындағы төменгі немесе жоғарғы температура; жарылыс және өрт қауіптіліктері; жұмыс орнындағы қатты шуыл, тербеліс; механикалық жарақат; биологиялық және химиялық зиянды әсерлер.
Ветеринариялық аппаратуралармен жұмыс істегендегі техникалық қауіпсіздіктің негізі – аппаратураларды жұмыс жағдайында ұстау, оларды қолдану жөніндегі нұсқаулар мен ережелерді қатаң сақтау. Сондай-ақ приборлар мен аппаратураларды пайдаланудың жалпы және салалық ережелерін бұлжытпай орындауды қадағалау. Осыларды тиянақты орындау үшін уақытында нұсқау беріп отыру және электр жүйелі аппараттармен жұмыс істеуге тек 19-дан жасы асқан, денсаулықтары дұрыс адамдарды ғана жіберу керек. Ол үшін белгілі бір уақытта жұмысшыларды аттестациядан өткізіп отырады және аппараттар мен приборларды уақытында тексеруді ұйымдастырады.
Достарыңызбен бөлісу: |