118-2-бап. Республикалық деректер банкін қалыптастыру 1. Республикалық деректер банкін қалыптастыру және пайдалану тәртібін Қазақстан Республикасының баланың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы айқындайды.
2. Республикалық деректер банкін қалыптастыру үшін ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар туралы мәліметтерді міндетті тәртіппен ұсынатын, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдар осындай мәліметтерді пайдалануға өз құқықтарын жоғалтпайды.
Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар туралы мәліметтерді ұсыну қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдарды мұндай балаларды Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының отбасыларына тәрбиелеуге орналастыру немесе орналастыруды ұйымдастыру жөніндегі міндеттен босатпайды.
3. Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген адам жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың орналасқан жері бойынша аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдарына немесе кейіннен тіркеу үшін Республикалық деректер банкіне өзі туралы мәлімет береді.
Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген адам мұны олардың тұратын жеріне қарамастан, кез келген облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында жүзеге асыруға құқылы.
118-3-бап. Жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар туралы құпия ақпаратқа қол жеткізу 1. Балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген адамдардың жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар туралы құпия ақпаратқа қол жеткізуі олар Республикалық деректер банкінде тіркелген және Республикалық деректер банкінің мәліметтерін жария етпеу туралы міндеттемелерді қабылдаған жағдайда жүзеге асырылады.
2. Жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар туралы құпия ақпаратты жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұратын жері бойынша аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органы және Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар туралы туынды ақпаратты жасау үшін пайдалана алады.
Жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар туралы туынды ақпаратты коммерциялық мақсаттарда пайдалануға жол берілмейді.
Жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар туралы туынды ақпаратқа Республикалық деректер банкінде қамтылған, жынысы жөніндегі, жасы, денсаулық жағдайы, мінезінің ерекшеліктері, ата-ана қамқорлығының болмау себептері, аға-інілері мен апа-сіңлілерінің (қарындастарының), кәмелетке толған туыстарының бар-жоғы, сондай-ақ отбасыларға тәрбиелеуге орналастырудың ықтимал нысандары туралы ақпарат және балалардың фотосуреттері жатқызылады.
118-4-бап. Жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар және балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген адамдар туралы мәліметтерді Республикалық деректер банкінде есепке алуды тоқтату 1. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған бала туралы мәліметтерді Республикалық деректер банкінде есепке алуды тоқтатуға:
ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған баланы отбасына тәрбиелеуге орналастыру;
ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған баланы оның ата-аналарына немесе ата-анасына қайтару;
ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған баланың кәмелетке толуы немесе мұндай баланың өзі кәмелетке толғанға дейін толық әрекетке қабілеттілікке ие болуы;
ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған баланың қайтыс болуы;
баланың сот тәртібімен хабар-ошарсыз кеткен деп танылуы, қайтыс болған деп жариялануы негіздер болып табылады.
2. Баланы өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген адам туралы мәліметтерді Республикалық деректер банкінде есепке алуды тоқтатуға:
адамның баланы өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауы;
баланы өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген адамның ол туралы мәліметтерді Республикалық деректер банкінде есепке алуды тоқтату туралы жазбаша нысандағы өтініші;
адамға баланы өз отбасына тәрбиелеуге қабылдау мүмкіндігін берген мән-жайлардың өзгеруі;
баланы өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген адамның қайтыс болуы негіздер болып табылады.
118-5-бап. Республикалық деректер банкіне жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар туралы мәліметтерді ұсыну тәртібі мен мерзімдерін бұзғаны және оларды жария еткені үшін жауаптылық Республикалық деректер банкіне жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар туралы мәліметтерді ұсыну тәртібі мен мерзімдерін бұзғаны және оларды жария еткені үшін кінәлі адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
16-тарау. ҚОРҒАНШЫЛЫҚТЫ НЕМЕСЕ ҚАМҚОРШЫЛЫҚТЫ БЕЛГІЛЕУ ТӘРТІБІ