118-бап. Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастыру 1. Асырап алуға, қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа отбасына тәрбиелеуге немесе баланы қабылдайтын немесе қонақтайтын отбасына беру туралы шарт бойынша патронаттық тәрбиелеуге берілген, ал мұндай мүмкіндік болмаған кезде — барлық типтегі ұйымдарға (білім беру, медициналық және басқалар) берілген жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастырған кезде баланың мүддесінде оның ұлты, белгілі бір дінді және мәдениетті ұстанатыны, ана тілі, тәрбиелеу мен оқытуда сабақтастықты қамтамасыз ету мүмкіндігі ескерілуі мүмкін.
2. Жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар, отбасы тәрбиесіне немесе осы баптың 1-тармағында көрсетілген ұйымдарға орналастырылғанға дейін балаларға қорғаншылық немесе қамқоршылық міндеттерін атқару баланың тұрған жері бойынша уақытша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдарға жүктеледі.
Ескерту. 118-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 09.04.2016 № 501-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
15-1-тарау. Республикалық деректер банкі
Ескерту. 4-бөлім 15-1-тараумен толықтырылды - ҚР 09.04.2016 № 501-V Заңымен (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі).
118-1-бап. Республикалық деректер банкін қалыптастыруға және пайдалануға қойылатын талаптар 1. Жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың орналасқан жері бойынша аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдары және Қазақстан Республикасының баланың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы республикалық деректер банкін қалыптастырады.
2. Республикалық деректер банкінде қамтылатын мәліметтер мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстар болып табылады.
Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдары және Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қорғау жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.
Ескерту. 118-1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.