127-бап. Әрекетке қабілетті азаматтарды қамқоршылыққа алу 1. Денсаулық жағдайына байланысты өз құқығын жүзеге асыра алмайтын және қорғай алмайтын және мiндеттерiн орындай алмайтын әрекетке қабiлеттi кәмелетке толған адамның өтiнiшi бойынша оған қамқоршылық белгiленуi мүмкiн.
2. Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган әрекетке қабiлеттi кәмелетке толған адамның келiсiмiмен ғана оған қамқоршы тағайындауы мүмкiн.
3. Әрекетке қабiлеттi кәмелетке толған қамқорлыққа алынушыға тиесiлi мүлiкке билiк етудi қамқоршы қамқорлыққа алынушымен жасалған тапсырма шарты немесе мүлiктi сенiмгерлікпен басқару негiзiнде жүзеге асырады.
Қамқоршы қамқорлыққа алынушыны күтіп-бағуға және оның тұрмыстық қажеттерiн қанағаттандыруға бағытталған тұрмыстық және өзге де мәмiлелердi жасасуды қамқорлыққа алынушының келiсiмiмен жүзеге асырады.
4. Әрекетке қабiлеттi кәмелетке толған адамның талап етуі бойынша оны қамқоршылыққа алу тоқтатылуы мүмкiн.
Қамқоршылыққа алынған адамның қамқоршысы осы Кодекстің 129-бабында көзделген жағдайларда өзiне жүктелген мiндеттердi орындаудан босатылады.
128-бап. Қамқорлыққа алынушының мүлкіне билік ету 1. Қамқорлыққа алынушының өз бетінше билiк етуге құқығы бар табыстарын қоспағанда, қамқорлыққа алынған адамның табыстарын, оның iшiнде қамқорлыққа алынушының мүлкiн басқарудан түскен оған тиесілі табыстарды тек қана қамқорлыққа алынушының мүддесінде және қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның алдын ала рұқсатымен қорғаншы немесе қамқоршы жұмсайды.
Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның алдын ала рұқсатынсыз, қорғаншы немесе қамқоршы қамқорлыққа алынушының табысы ретiнде оған тиесiлi, қамқорлыққа алынушыны күтіп-бағу үшiн қажеттi сома есебiнен ең төмен күнкөріс шегінде шығыстар шығаруға құқылы.
Жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар ұйымдарының басшылары тәрбиеленушілердің алименттен, жәрдемақылардан түскен қаражаттарын және басқа да әлеуметтік төлемдерін банк шоттарынан алуға құқығы жоқ.
2. Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның алдын ала рұқсатынсыз қорғаншы қамқорлыққа алынушының мүлкін иеліктен шығару, оның ішінде айырбастау немесе сыйға тарту жөніндегі мәмілелерді жасасуға немесе оның атынан кепілгерлік, осы мүлікті жалға (жалдауға), өтеусіз пайдалануға беру немесе кепілге салу шартын, қамқорлыққа алынушының заң бойынша және өсиет бойынша мұрагерлікпен тиесілі құқықтарынан бас тартуына, оның мүлкін бөлуге немесе одан үлесті бөліп алуға әкеп соғатын мәмілелерді жасасуға, сондай-ақ қамқорлыққа алынушының мүлкін азайтуға әкеп соғатын кез келген мәмілелерді жасасуға, ал қамқоршы оларды жасасуға келісім беруге құқылы емес. Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган көрсетілген мәмiлелердің нәтижесiнде қорғаншы алған қаражаттың қалай жұмсалуға тиiс екенiн айқындайды.
Қамқорлыққа алынушының мүлкiн басқару тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
3. Мүлiктi қамқорлыққа алынушыға сый ретiнде немесе өтеусіз пайдалануға берудi қоспағанда, қорғаншының немесе қамқоршының, олардың жұбайлары мен жақын туыстарының қамқорлыққа алынушымен мәмiлелер жасасуға, сондай-ақ мәмiлелер жасасу немесе қамқорлыққа алынушы мен қорғаншы немесе қамқоршының жұбайы және олардың жақын туыстары арасында сот iстерiн жүргiзу кезінде қамқорлыққа алынушының атынан өкiлдiк етуге құқылы емес.
Қамқорлыққа алынушының қорғаншыға немесе қамқоршыға, оның жұбайына немесе туыстарына осы адам қорғаншы немесе қамқоршы болып тағайындалғанға дейін туындаған борыштары қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның рұқсатымен төленедi.