143-бап. Еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балалардың алимент алуға құқығы
1. Еңбекке жарамды ата-аналар өздерінің көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балаларын күтіп-бағуға міндетті.
2. Алимент төлеу туралы келісім болмаған кезде еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балаларға алимент мөлшерін сот алимент төлеу кезіндегі қолданылып жүрген айлық есептік көрсеткіштің еселенген қатынасында, тараптардың материалдық және отбасылық жағдайлары мен басқа да назар аударарлық мүдделерін негізге ала отырып, айқындайды.
144-бап. Ата-аналардың балаларды күтіп-бағуға арналған қосымша шығыстарға қатысуы
1. Алимент төлеу туралы келісім болмаған кезде және ерекше жағдайлар (кәмелетке толмаған балалардың немесе көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балалардың ауыр науқастануы, мертігуі, оларға бөгде адамның бағып-күтуіне ақы төлеу қажеттігі және басқа да мән-жайлар) болған кезде сот осы мән-жайлардан туындаған қосымша шығыстарды көтеруге қатысуға ата-аналардың әрқайсысын тартуы мүмкін.
2. Егер ата-аналардың қосымша шығыстарды көтеруге қатыстырылу тәртібі және осы шығыстардың мөлшері екіжақты келісім бойынша айқындалмаса, онда сот ата-аналардың, басқа да балалардың материалдық және отбасылық жағдайлары мен тараптардың назар аударарлық мүдделерін негізге ала отырып, ай сайын төленуге тиісті алиментті төлеу кезіндегі айлық есептік көрсеткіштің еселенген қатынасында белгілейді.
3. Сот ата-аналарды нақты шеккен қосымша шығыстарды өтеуге де, балаларды күтіп-бағуға болашақта жасалуға тиіс қосымша шығыстарды өтеуге де қатысуын міндеттеуге құқылы.
145-бап. Кәмелетке толған балалардың ата-аналарын күтіп-бағу жөніндегі міндеттері
1. Еңбекке жарамды кәмелетке толған балалар өздерінің көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз ата-аналарын күтіп-бағуға және оларға қамқорлық жасауға міндетті.
2. Алимент төлеу туралы келісім болмаған кезде көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз ата-аналарға алимент олардың еңбекке жарамды кәмелетке толған балаларынан сот тәртібімен өндіріп алынады.
3. Балалардың әрқайсысынан өндіріп алынатын алименттің мөлшерін сот ата-аналары мен балаларының материалдық және отбасылық жағдайлары мен тараптардың басқа да назар аударарлық мүдделерін негізге ала отырып, алимент төлеу кезіндегі айлық есептік көрсеткіштің еселенген қатынасында белгілейді.
4. Алимент мөлшерін айқындау кезінде сот балалардың бәріне, олардың біреуіне немесе бірнешеуіне талап қойылғанына қарамастан, осы ата-ананың еңбекке жарамды кәмелетке толған балаларының бәрін ескеруге құқылы.
5. Егер сот ата-аналардың осы балаларына қатысты ата-аналық міндеттерін орындаудан бұрын жалтарғанын анықтаса, балалар өздерінің көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз ата-аналарын күтіп-бағу жөніндегі міндеттерінен босатылуы мүмкін.
Балалары ата-ана құқықтарынан айырылған ата-аналарына алимент төлеуден босатылады.
6. Кәмелетке толған, асырап алынған балалардың асырап алушыларды күтіп-бағу жөніндегі міндеттері балалардың ата-аналары алдындағы міндеттері сияқты айқындалады.
Достарыңызбен бөлісу: |