146-бап. Кәмелетке толған балалардың ата-аналарына жасалған қосымша шығыстарға қатысуы 1. Кәмелетке толған балалар еңбекке жарамсыз ата-аналарына қамқорлық жасамаған кезде және ерекше мән-жайлар (ата-анасының ауыр науқастануы, мертігуі, оны бөгде адамның бағып-күткені үшін ақы төлеу қажеттігі, оны медициналық-әлеуметтік мекемеге орналастыру және басқалары) болған кезде сот кәмелетке толған балаларын осы мән-жайлардан туындаған қосымша шығыстарды көтеруге тартуы мүмкін.
2. Кәмелетке толған балалардың әрқайсысының қосымша шығыстарды көтеру тәртібі мен осы шығыстардың мөлшерін сот осы Кодекстің 145-бабының 3, 4 және 5-тармақтарында белгіленген талаптар сақталған кезде ата-аналар мен балаларының материалдық және отбасылық жағдайларын және тараптардың басқа да назар аударарлық мүдделерін ескере отырып айқындайды.
3. Қосымша шығыстарды көтеру тәртібі мен осы шығыстардың мөлшері тараптардың келісімімен айқындалуы мүмкін, мұндай келісім болмаған жағдайда дау сот тәртібімен шешіледі.
20-тарау. ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛАРДЫҢ ЖӘНЕ БҰРЫНҒЫ ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛАРДЫҢ АЛИМЕНТТІК МІНДЕТТЕМЕЛЕРІ 147-бап. Ерлі-зайыптылардың бірін-бірі күтіп-бағу жөніндегі міндеттері 1. Ерлі-зайыптылар бірін-бірі материалдық жағынан қолдауға міндетті.
2. Мұндай қолдаудан бас тартқан және ерлі-зайыптылардың арасында алимент төлеу туралы келісім болмаған жағдайда, алимент төлеуге қажетті қаражаты бар екінші жұбайдан:
1) еңбекке жарамсыз мұқтаж жұбайының;
2) жүктілігі кезеңінде және ортақ баласы туған күннен бастап үш жыл бойы зайыбының;
3) ортақ мүгедек баланы он сегіз жасқа толғанға дейін бағып-күтуді жүзеге асырып отырған, сондай-ақ он сегіз жасқа толған соң ортақ мүгедек балаға I-II топтағы мүгедектік белгіленген жағдайда көмекке мұқтаж жұбайының алимент төлеуді сот тәртібімен талап етуге құқығы бар.
148-бап. Бұрынғы жұбайдың неке (ерлі-зайыптылық)бұзылғаннан кейін алимент алуға құқығы 1. Алимент төлеуге қажетті қаражаты бар бұрынғы жұбайынан алимент төлеуді сот тәртібімен талап етуге:
1) жүктілігі кезеңінде және ортақ баласы үш жасқа толғанға дейін бұрынғы зайыбының;
2) ортақ мүгедек баланы он сегіз жасқа толғанға дейін бағып-күтуді жүзеге асырып отырған, сондай-ақ он сегіз жасқа толған соң ортақ мүгедек балаға I-II топтағы мүгедектік белгіленген жағдайда көмекке мұқтаж бұрынғы жұбайының;
3) неке (ерлі-зайыптылық) бұзылғанға дейін еңбекке жарамсыз болып қалған көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз бұрынғы жұбайының құқығы бар.
2. Алименттің мөлшері және оны неке (ерлі-зайыптылық) бұзылғаннан кейін бұрынғы жұбайына беру тәртібі бұрынғы ерлі-зайыптылардың арасындағы келісіммен айқындалуы не сот айқындауы мүмкін.