-бап. Бас бостандығынан айыру орындарында күзетпен қамауда отырған немесе жазасын өтеп жүрген адаммен неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу
233-бап. Бас бостандығынан айыру орындарында күзетпен қамауда отырған немесе жазасын өтеп жүрген адаммен неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу 1. Бас бостандығынан айыру орындарында күзетпен қамауда отырған немесе жазасын өтеп жүрген адаммен неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеуді тіркеуші органдар некеге тұратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың қатысуымен осы Кодексте көзделген неке қию (ерлі-зайыпты болу) шарттарын сақтай отырып, адамның күзетпен ұстау немесе жазасын өтеп жүрген орны бойынша, тиісті мекеменің әкімшілігі айқындаған үй-жайда жүргізеді.
2. Күзетпен қамауда отырған адаммен неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тiркеуді тіркеуші орган осы іс жүргізуінде жатқан адамды немесе органды хабардар еткеннен кейін жүргiзедi.
Ескерту. 233-бап жаңа редакцияда - ҚР 18.04.2017 № 58-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
234-бап. Неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы акт жазбасының мазмұны 1. Неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы акт жазбасына мынадай мәліметтер:
1) некеге отыратындардың (ерлі-зайыпты болатындардың) әрқайсысының тегі (неке қиылғанға (ерлі-зайыпты болғанға) дейінгі және одан кейінгі), аты, әкесінің аты (егер бар болса), туған күні, айы, жылы мен туған жері, жасы, азаматтығы, егер жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса, ұлты, табыс көзі немесе жұмыс орны, тұрғылықты жері және заңды мекенжайы, білімі, отбасылық жағдайы;
2) ортақ балалары туралы мәліметтер;
3) некеге отыратындардың (ерлі-зайыпты болатындардың) жеке басын куәландыратын құжаттардың деректемелері;
4) акт жазбасының жасалған күні және нөмірі;
5) неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы берілген куәліктің нөмірі енгізіледі.
2. Неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған немесе жарамсыз деп танылған жағдайда неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы акт жазбасына қажетті мәліметтер енгізіледі. Мұндай мәліметтерді енгізу некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу немесе жарамсыз деп тану туралы сот шешімінің не ерлі-зайыптылардың бірлескен өтініші бойынша тіркеуші органдарда некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы жазбаның негізінде жүргізіледі.